Ахмет Байтұрсынұлы ауылының туризм мүмкіншілігі

Биыл ЮНЕСКО деңгейінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы аталып өтпекші, ал, Ахаң ауылы қай-жағынан болса да туризмді дамытуға сұранып тұр.

Статистика бойынша әлемде туризмнен түсетін кіріс экспорттың 10%-ын құрайды екен. Көш басындағы елдер сол үшін де туризм саласын дамытуға бар күшін салады. Біздің елімізде бұл сала кенжелеп тұрғандықтан, мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп келеді. Себебі Қазақстанның далалы аймағы климаттық және географиялық жағдайы туризмді дамытуға өте қолайлы. Қазіргі кезде бұл сала тек қана көркем табиғатымен шектеліп қоймай, тарихи-археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, ел мен  жердің, ондағы табиғаттың тылсым күшімен жаратылған яғни, рекреациялық нысандарды пайдалануымен жүреді.

Туған өлкеміз Торғай өңіріндегі Ахмет Байтұрсынұлы ауылын алайық. Біздің ауыл Қостанай облысының ең шеткі оңтүстік нүктесі. Біздің аймағымыз      оңтүстігінде Қызылорда облысымен, шығысында Қарағанды облысымен, батысысында Ақтөбе облысымен шектеседі.

1-сурет. Жер асты ыстық суы

 

Аймақта Ақкөл көлі, Ұлы Жыланшық өзендері бар. Осы Ұлы Жыланшық өзені бойын талай тарихтың қойнауы десе де болады.

Өңір тарихи-мәдени нысандарымен табиғатымен, зиялы тұлғаларымен кез келген туристі қызықтыра алады. Үнемі көркем табиғат пен дәмді тағамдарды жарнамалап оларды үздіксіз тарту мүмкін емес. Басқа жақтан келген адам ең алдымен табиғатымызға, тарихымызға қызығатыны сөзсіз. Сондықтан да шәкіртім Қуандық Айкүміспен бірге «Өлкеміздегі туризм мүмкіншілігі» атты ғылыми жобаны қорғап, туған жеріміздің ғажайып тарихын тереңнен қозғауға тырыстық.

Біз туристік-өлкетану әлеуетін қозғай отырып, тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын, халықтық дәстүрлерді зерттедік. Нәтижесінде жүлделі орындарға ие болдық. Бізді алыс-жақын елдер тарихымыз тереңде болса да, егемен ел ретінде жас мемлекет деп таниды. Жергілікті жердің туризмін дамыту тарихи нысандарды насихаттап, рухани дәстүрімізді жаңғыртып, өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен азаматтық санасын оятуға зор ықпалы етеді.

Егер, Ұлы Жыланшық өзені, Ақкөл, Қаратұз көлдері көктемде құс базарына айналса, ал, жер асты қабаты минералдарға бай. Антропогендік өзгеріске ұшырамай, қалпын сақтап қалған Атанбасы ақирек шыңына, жануарлар дүниесіне  кез келген турист қызығады. «Қызыл кітап» тізіміндегі құлан, қоқиқаз, ақбас тырна, ақбас үйрек, аса қорғауды қажет ететін дуадақ, эндемик тышқан —  жалман, қабан, көкқарға, түлкі, қоян, елік, қасқыр, әрине, Бетпақдала көркі — ақбөкен және т.б. аң-құс кездеседі.

Өлкемізде көнеден қалған теңіз қалдықтары тарихымыздың әлдеқайда тереңде жатқандығын дәлелдейді.

2-сурет. Сарытүбектегі Ахмет Байтұрсынұлының туған үйдің макеті

 

Өлкеміздегі зерттеуді қажет ететін нысанның бірі – ол Кәдір пеші. Ауылдан оңтүстік батысқа қарай, 28 шақырым қашықтықта орналасқан Кәдір пеші деп аталатын пештің қай жылы салынып, қай уақытта, қандай мақсатта пайдаланғаны  жөнінде мәлімет жоқ.

3-сурет. Ахмет Байтұрсынұлының туған үйдегі жазба

 

Шыңғыс хан тұсынан бастап, «Ақтабан шұбырынды» заманынан қалған нысандарды біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Саяхатшылар бұндай тарихқа толы жерлерді міндетті түрде келіп көреді. Ал, өзге түгілі, өз ұлтымызды қызықтыратын ең үлкен нысан – Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі, мұражайы. Біздің ауылдан  солтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым қашықтықтағы Сартыбүкте орналасқан Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі. Ауылымыздың мектебі сол кісінің атына берілген. Мектепте А.Байтұрсынұлының музейі бар. Музейге  келген туристер Ахмет Байтұрсынұлы жайлы көп мәлімет біліп кетеді.

4-сурет. Қаратұз

 

Қазақтың тұңғыш әліпбиі авторы, әр қазақ баласын білім алуға, ғылымды сүюге шақырдыған, білімге жол салған Ахмет ұстаздың алдында күллі қазақ жұрты қарыздар. Егер өңірімізді туристік аймақ ретінде дамытатын болсақ, бір ғана Ахмет атамыз үшін мыңдаған саяхатшы келетініне сенемін. Өйткені қаны да, жаны да қазақ, Отанына қызмет етіп жүрген әрбір азамат ұлт ұстазының үйі мен мұражайын өз көзімен көргісі келетіні анық.

География картаны ғана үйрететін пән емес. Оны қоғам да, ұстаздар қауымы да түсінуі қажет. Мәселен, әдебиет пен тарих тақырыптары географиямен үндес, ол сонысымен маңызды. Халықтың санасын көтеруге білім қажет болса, аймақ мен ондағы байлықты игеру үшін география қажет. Өзекті мәселені қазір қолға алмасақ, озық елдердің қатарына санаулы уақытта енбейміз. Еліміздің әр азаматы өз кәсібін адал атқарып, бұл менің мемлекет алдындағы борышым десе, қазақ елі дамиды, өркендейді. Біздің ауылда оқушылар арасында экологиялық туризмді дамыту шағын болса да, қолға алынып жатыр.

А.Байтұрсынұлы ауылының  туристік-экскурсиялық мақсатта пайдаланатын табиғи, тарихи және әлеуметтік-экономикалық рекреациялық ресурстары баршылық. Туристердің қызығушылығы мен мамандықтарына қарай ауыл аумағында тарихи бағыттағы, мәдени-өнер бағытында, экотуризмді және оқушылар туризмін ұйымдастыруға мүмкіншілік мол.
Тек қолда бар байлығымызды, мүмкіндігімізді елдің пайдасына тигізе білу.

5-сурет. Ауылдағы Ахаң ескерткіші

 

Қысқаша айтқанда, кішкене ғана ауылымыз сырттан келетін туристерге мына нысандарды ұсына алар еді:

— Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған Сарытүбек осында орналасқан;

— Ахаң талай шомылған, аумағы 60 шақырымдық Ақкөл көлі Торғай қазақтарының балықшылық кәсібінің бір көрінісі десе болғандай, әсіресе көктемгі-жаз мезгілдерінде балықшылардың уақытша жатақтарда тұруы, этнографтар үшін қызық болар деп оайлаймын;

— ауыл халқы әсіресе қыс мезгілінде балық шаруашылығының арқасында күн көреді, бірақ, мал шаруашылығы негізгі табыс көзі, ауыл жылқылары мысалы жыл 12 ай тебіндеп шығады, Торғай қымызының дәмі де ерекше;

— ұлттық тағамдар, әсіресе, балықтан жасалған, асатын, қуыратын, кептіретін тағамдар өзге өңір халықтарына қызық болар деп санаймын;

— Ахаң ауылы маңындағы Қаратұз (ауылдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан) Қазақстанның Өлі теңізі десек те болар, жол жоқтығына қарамастан тек осы көлді көру үшін жылына 5000 адам келеді (Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Кәсіпкерлік бөлімінің деректері), туризмге сұранып тұрған нысандардың бірі, дәл осында өндірілген тұз кезінде патша заманында олардың дастархан мәзірінде болған деген дерек бар, жалпы, тұз өндіру ол басқа мәселе;

— ауылдан шамамен 12 шақырым қашықтықта жер астынан ыстық су шығып жатыр, өкінішке орай, онда ешқандай кешен жоқ, кісілер өз бетімен келіп, суын пайдаланып жатыр;

— ауыл аумағында Оғыз-Дәшті Қыпшақ заманының ескерткіші Сырлытам орналасқан, кезінде Әлкей Марғұлан зерттеп кеткен, тек оның астындағы құнды заттарды алып кеткенін ауылдың көне көз қариялары айтып отырады;

— ауыл «Алтын дала» резерватының «Ұлы Жалыншық» учаскесіне тақау орналасқан, жақын болашақта мұнда даланың еркін аң-құсын көру үшін сафари ұйымдастыруға болар еді.

 

Мақала авторы Күлмаш Молдахмет 

 

Мынаны да қараңыз

Ресейлікке жалдамалы пәтер тауып беремін деген ер адам одан 450 мың теңгесін қағып алған

Ресейдегі мобилизация кезінде Қостанайға қашып келген ресейлік жас жігіт алданып қалды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz облыстық ...