Ахмет Байтұрсынұлы һәм тіл

Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек.

Ахмет Байтұрсынұлы  

Жалпы, ес біліп, қара танығаннан Ахмет Байтұрсынұлының есімін естіп өстік. Биыл 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқан алашшыл қайраткерді тек торғайлық жерлесіміз деп емес, ұлтымыздың шын жанашыр тұлғасы ретінде танимыз. Кейін білім ала бастаған соң реформатор-ғалымның еңбектерімен таныса бастадық. Қазақ «Ахаң» деп еркелететін Ахмет Байтұрсынұлы қазақ сөзінің қасиетін, табиғатын жете түсінген жан. Сол себепті деұлы ұстазды қазақ тіл білімінің атасы деп айтамыз. Жалпы, Ахмет бабамыз тіл үшін ғана емес, ұлт үшін маңызды кез келген салаға зор үлес қосқан ұлы тұлға екені айдан анық. Оның қазақтың болашағы үшін атқарған қыруар еңбегін алақандай мақалада қамтып шығу мүмкін емес. Сондықтан да біз Ахаңның тіліміздің биік тұғырына қонуы жолындағы қызметіне аздаған шолу жасап отырмыз.

Ағартушының тіл, жалпы білім-ғылым саласындағы үлкен ізденістерінің басы – 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралы» болғаны анық. Бұл – 1912-25 жылдары аралығында жеті рет баспажүзін көрген оқулық. Ал бұдан соң жарыққа шыққан «Тіл құралдары» – қазақ мәдениетінде бұрын-соңды болмаған үлкен еңбек екені даусыз. Сондай-ақ бұл кітаптар қазақ балаларының бірнеше буынын тәрбиелеген, ана тілінің табиғатын жете түсіндірген оқулық болды. Ахмет Байтұрсынұлыбұл еңбектерінде тіліміздің бұған дейін зерттелмеген, жүйеленбеген тұстарын ашып көрсетіп, оның фонетикалық, грамматикалық, стилистикалық жүйесі мен құрылымын дәйектеп шыққан. Тіліміздің дыбыстық жүйесін, лексикалық байлығын, сөз таптары мен сөз тұлғаларын, сөз қолдану мен сөйлем құраудың ерекшеліктерін танытқан. Қысқаша айтқанда, ана тіліміздің барлық негізгі заңдылықтарын қалыптастырып, ана тіліміздің терминологиялық жүйесін жасаған.

Ахаң тұңғыш қазақ әліпбиінің атасы, ол қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Сондай-ақ Жүсіпбек, Мағжан,Сұлтанмахмұт, Бейімбет, Сәкен, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, т.б. бастаған қаламгерлердің шығармалары Ахаң әліпбиінде жазылды.Кезінде қазақ халқын сауатсыздықтан арылтқан «Жаңа Емле» төте жазуын бүгінде Қытай, Ауғанстан, Иран елдерінде тұратын қандастарымыз әлі де пайдаланады.

Осы орайда ұлы ғалым жүйелеген қазақ тіліндегі атау-ұғымдар өзінің дәлдігі мен даралығын сақтап қалған. Қазақ даласында қазақ мектебінің негізін салған тұңғыш ағартушы Ыбрай Алтынсарин орыс тіліндегі «Имя существительное» дегенді «Нәрселердің атауы»десе (227-б.), А.Байтұрсынұлы оны «Зат есім» деп атайды (160-б.). Ал «Имя прилагательное», «Имя числительное» деген сөз таптарына ағартушы «Зат-мақұлықтың қасиеттерінің аттары», «Есеп аттары»деп балама берсе (Б. 238, 243), кейінгі оқытушы «Сын есім», «Сан есім» деген атау-ұғым берді (162-б.). «Местоимение» деген орыс терминіне алғашқы ұстаз «Ақыры өзгерілмейтін сөздер» деп аударса (248-б.), кейінгі әдіскер «Үстеу», «Демеу» дейді (Б. 165-166). Бүгінде бұлар қазақ тілінде қалыптасып кеткен атау-ұғымдарды білдіретін пән сөздер. Бұл қазақ тілінде қисындардың қалыптасуы үшін, алдыңғы буын өкілдерінің жіберген кемшіліктерін түзеп-түрлеу арқылы ХХ ғасырдың басында қазақ тіл білімі мен әдебиеттану оқулықтарының заңдылықтарын жасаушы Ахмет Байтұрсынұлы болғанын айғақтаса керек.

Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылық жолын мысал жазудан бастағаны белгілі. Оның өлеңдері қазақ халқының мүддесі мен үмітінен сыр шертіп, білім мен мәдениетті насихаттады. «Қырық мысал» (1909), «Маса» (1911) шығармаларында қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. 1913 жылы Байтұрсынұлы Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, қалың қазақ зиялыларының қолдауымен Орынборда тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды. Бұл басылым қазақ халқын өнер мен білімді меңгеруге үндеді.

1918 жылдың күзіне дейін шығарылғанның өзінде «Қазақ» газеті ұлттық қоғамдық-саяси және ғылыми-әдеби басылымдардың негізгі газетіне айналды. 1917 жылғы төңкерістен кейін, «Алаш» партиясының мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды.

1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922-1925 жылдары Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы қызметтерін атқарды.

1921-1925 жылдары Орынбордағы, ал 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді.

1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеу абақтысына жөнелтілді.

КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылғы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес, Байтұрсынұлы «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді…

1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлы ақталды.

Гүлім ЫСМАҒҰЛ,

Жангелдин ауданы 

Мынаны да қараңыз

«Елбасы және Ұлттық ұлан» кітабының тұсауы кесілді

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Орталық музейінде «Елбасы және Ұлттық ұлан» кітабының онлайн тұсаукесері өтті. ...