Жәнібектің жеңісі

Баяғыда Торғай жерінде Бірәлі деген бай болған. Ол заманында мыңғырған мал өсіріп, тіпті Бірәлінің жылқысы атақты Қостанай жылқысының қалыптасуына әсер еткен деседі. Ал, уақыттың бір қиын кезеңінде бұл өлке халқы ауып, даламыз бос қалған еді. Дегенмен, дәл Бірәлі жерінде Бірәлінің ісін жалғастырушы азамат бар. Ол Жәнібек Кенжебаев деген ініміз, бір қызығы Тобыл-Торғай өңіріне де бөтен емес екен, Батпаққараның күйеу баласы.

Бастысы, ол дала төсін төрт түлік малға толтырып, ата кәсібіміздің берекесін көріп отыр. Төлдерін қоспағанның өзінде 8 мың мал басын, оның ішінде, 3,5 мың жылқы, 2,5 мың сиыр және 2 мың қой өсіріп отыр. Мал басын 20 мыңға жеткізуді жоспарлап тұр. Қазірдің өзінде өнімділік 20 процентке жетіп, 50 адам тұрақты жұмыспен, тағы 100 адам уақытша жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл Қостанай облысының Амангелді ауданы үшін өте жақсы көрсеткіш. Қызметкерлердің жалақысы 200 мыңнан 500 мыңға дейін.

 

Ал, жұмысшылардың тұрмысы үшін барлық жағдай жасалған. Қызметкерлерге арналған үй-жай, асхана, теннис залы, дене шынықтыру бөлмесі, кеңсе, МТС, мұнай базасы, автономды қазандық, күн батареялары, қора-қопсылар мен өзге де қажетті нысандар жұмыс істеп тұр. Айтқандай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де ұмытылмайды, жергілікті тұрғындарды, оның ішінде, іргелес ауыл халқын мал өсірудің қазіргі заманғы озық тәжірибесімен бөлісуге даяр. Олардың Амангелді кентінде қой жүнін кәдеге жарататын өндіріс ошағын ашу жоспары да бар екен. Айтқандай, «Өлі разы болмай, тірі байымас» дегендей Бірәлі қонысында (сол жердегі зиратта) жатқан өңірдің белгілі тұлғаларының бейіттеріне көк тас қойып, зиратты қоршатамын деп отыр. Тағы есіме түскені, жергілікті шаруалар үшін кооперавтив құрса деп ойлайды, өйткені тек өзіме ғана деген психология емес, өзгелерге де болса екен дейді.

Жәнібектің ұжымы бұған дейін арабтарға қой экспорттаса, енді, жапондар Торғай етінің дәмін көріп, өз елдеріне жылқы етін алдыртуға ынта білдіріп отыр! Билік басындағы бәз-біреулер Торғай жерінде түк жоқ, ештеңе өспейді, жері нашар, «ит байласа тұрғысыз» деп еді-ау, ал, қияндағы жапон мен араб 11-12 ай далада еркін жайылған қазақтың қойы мен жылқысының етінің дәмін көру үшін Торғай даласына келгендері біраз жайттан хабар берер! Ал, біз Жәнібекті жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледік. Айтқандай, біз барғанда Түркістан облысынан жылқы сатып алушылар келіп жатыр екен, біз оларға: «Торғай жылқысының басқа жылқыдан айырмашылығы неде?» дегенімізде, етінің дәмі өзгеше, сұраныс жоғары екенін жеткізді.

Мақала және фото авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында металл қабылдау пунктіне қарақшылық жасаған күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Қостанай облысында полиция қарақшылық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. 24 ақпанда күндіз күдікті Қостанай ...