Асыл қазына жер астында жатпайды

01

«Жол қуған қазынаға жолығады» деп дана халық тегін айтпаған. Бұл тек қазына, байлық, олжа табу деген сөз емес, мағынасы терең, ғибратты қағида. Таратып айтар болсақ, ел, жер көресің, жақсы адамдармен танысасың, түрлі оқиғаларға жолығасың деген ұғымды біліреді. Мен де қаламгер әрі зерттеуші этнограф ретінде үлкен жолдарға жиі шығуды бұрыннан әдетке айналдырған адамдардың бірімін. Және осы жолдар мені тарихи, рухани оқиғалар мен қазыналарға жолықтырды. Бұлардың бәрі халқымыздың тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысты.

Мен кітапхана ішінде туып, кітап арасында өскен адаммын. Анам Сәлима алдымен медреседе діни әрі рухани білім алып, кейін Торғай қаласындағы қолөнер училищесіне орыс тілінде бітіріп, оюшы, тігінші, тоқымашылық өнерді толық меңгерген зиялы адам. Мені өнерге, білімге, әдепке, ұлт-мәдениетіне тәрбиелеген де осы кісі болатын. Мен туғанда ауылдың кітапханашысы әрі бастауыш мектеп  мұғалімі болып істеген. Ес білгеннен бері көргенім үй толған кітап еді. Оның ішінде көпшілігі латын жазуымен болатын. Анам латын, араб жазуын өзім мектепке барғанға дейін үйретті. Өсе келе мұның пайдасы зор болды. Кейін анам ауылдық Кеңес төрайымы, колхоз басқармасының орынбасары, кайтадан кітапханашы болып жұмыс істеді. Маған әдебиет әлеміне жол көрсеткен анам болды. Өзі де өлең жазатын, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін керемет білетін.

1949 жылы 3 сыныпта оқимын. Қазіргі Жанкелдин ауданындағы Шеген ауылында Бұхарадан оқыған дәмолла Кәтен әулиенің үлкен үйі мектебіміз еді. Осы үйдің бір бөлмесі біздің үй әрі кітапхана еді. Бір күні кітапхананы көруге (әлде бақылауға) бір кісі келді. Кітаптарды бір шолып өтіп, оның бір шетінде тұрған «Құран кәрімді» және бірнеше араб жазуындағы (ішінде Ахмет кітабы бар еді) кітаптарды көріп, анама  қатты-қатты сөздер айтты. «Мүмкін бұл халық жауларының немесе осы Кәтен молданың кітабы шығар, акт жасаймын» деді. Заңның қатты кезі апам (анамды апа дейтінмін) қорықты. Райкомда нұсқаушы болып істейтін  Хамит Уәлиев деген інісін айтқаннан кейін жұмсарды. Бірақ біраз кітаптарды «кейін берем» деп алып кетті. Анам кейін де қатты қорқып жүрді. Бірақ артынша Құранды алып келді. Сол кұран менде әлі сақтаулы тұр. Апамның көзі ғой.

Сөйтіп, менің алғаш көрген қызығым да, мүлкім де осы кітаптан басталған еді. Кейін өзім де кітап жинаумен айналыстым. Әсіресе көне кітаптар мен қолжазбаларды, ескі тарихи суреттерді көп жинадым. 1960 жылдар ішінде Торғайдағы А. Имановтың музейінде директор болып істегенім мен үшін үлкен әдеби, ғылыми табыстардың басы болды. Мұнда Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың басқа да тарихи тұлғалардың, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісіне қатысқан сарбаздардың суреттері мен естеліктері, басқа да тарихи құжаттар, кітаптар көп болатын. Ең өкініштісі құнды қазыналар 1963 жылы музей жабылғанда «қажетсіз» деп танылып, құртылды. Соның ішінен мен 1947 жылы Ә. Қастеев салған Амангелді батырдың суретін ғана тығып қалдым. Бұл аса құнды сурет Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі» музейінің төрінде тұр. Мұны мен белгілі ұлт жанашыры, сол кездегі Торғай обкомының хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтың өтініші бойынша тапсырғанмын. Бұл туралы кезінде баспасөздерде жазғанмын. Сол музейден аман сақтап қалған «Тап соғысына қатысқан азаматтары» деген кітап пен (Қызылорда – 1927 ж) өзіміз көзіміз көрген, сөзін тыңдаған «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз халық ақыны Н. Ахметбековтың «Амангелді дастаны» (Алматы 1951 ж. редактор Қ. Аманжолов, алғысөзді жазған Қ. Жармағанбетов) жинағы әлі қолымда тұр. Бірсыпыра естеліктер мен халық ақындарының өлеңдерінің 2003-2009 жылдары өзім қызмет істеген «Отырар кітапханасына» тапсырдым.

Осы жерде айта кететін бір жай ежелгі Торғай қаласында, ондағы Торғай, Жыланшық өзендері бойындағы бұдан бірнеше ғасыр бұрын салынған мешіттер мен медреселердің, үйлердің ішінде, қабырғаларында көптеген қымбатты кітаптар болған. Олардың көпшілігі кейін табылмай кетті. 1928 жылы дүниеден өткен әулие Оспан қожаның мешітіндегі кітаптар 1920-1954 жылдарға дейін сақталған. Ол қазыналарды алуға ешкімнің батылы бармады. Тек ұзақ жыл айдаудан, неміс тұтқынынан аман қайтып оралған Қапыш молда бірсыпыра жарамдыларын алып, тозған, тышқан жеген дегендей пайдалануға келмей қалған көп кітапты мешіттің михрабына көмдірген. Сол сияқты қазіргі Жанкелден ауданындағы Көкалат, Қызыләскер ауылының ортасындағы үлкен қорымда 1950 жылдар шамасында бұрынғы молдалардан қалған екі арба кітап көмілген. Осы кітап жөнінде ойласқанымызда Торғайдың аты көпке белгілі азаматы, әулие Оспан қожа немересі Ғазиз хажы біріншіден ол кітаптарды қайта қазып алуға рұқсат болмайтынын, екіншіден бұл қазыналардың көп жыл жатқандықтан мүлде бүлініп кетуі әбден ықтимал екенін айтты.

Қыпшақ елінің белгілі молдасы Жүзбай хажы Ғалия медресесін 1876 жылы бітіріп келіп, 1894 жылы Жыланшық өзені бойында мешіт салдырған. Мешіт көлемі ұзындығы 32 м, ені 18 м болған. Сырты кесек дуалмен қоршалған. Зұлмат заман кезінде сол дуалдың бұрышына көп кітап көмілген. Кейін қанша іздестірсе де сол кітаптар табылмады.

1960 жылдар басында жоғарыда айтылған дәмолла Кәтен үйін жөндеу кезінде көлемі өте үлкен бірнеше кітаптар табылған және олар өте жақсы сақталған. Бірақ жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан шешен азаматтары сол кітаптарды алып, бір түнде жоқ болған. Әрине, олар кітап бағасын білген адамдар ғой. Айта берсек мұндай жайлар көп қой қазақ даласында. Осыдан кейін менің назарым осындай кітаптарды іздестіруге ауды.

Алдымен 2003-2004 жылдардағы жер астынан табылған құнды кітаптар туралы айта кетейін.

1980 жылдардан бастап, Жазушылар Одағына және Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында қызмет істеуіме және ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналасуыма байланысты жол сапарларына шығуым азайған еді. 2003 жылы Астана қаласына ауысып «Отырар кітапханасындағы» ғылыми жұмыстар тағы да дала жолдарына алып шықты.  Алғашқы сапарым табыспен басталды. Соның ішінде көп кітап ұстаған осы елдің белгілі молдасы Арыстанбек Тілесбайұлының қазыналары мені қатты қызықтыратын. Бұл кісінің сол кітаптары 1982 жылы өзі қайтыс болғанда өзімен бірге жерленген. Осы дүниелерді қазып алуға сұрап, 1987 жылы да, 1995 жылы да барған едім, алайда рұқсат ала алмадым. 2003 жылдың маусым айында Жанкелдин ауданына бардым. Ондағы мақсатым, XIX ғасырда Торғай уезінде Оспан қожа, Сатыбалды ишан, дәмолла Кәтен мен Ханапия және басқа да білімді адамдар болған еді. Ханапия кезінде Меккеде оқып, Торғайға келіп 10 жыл ислам жолымен елді оқытып, Меккеге қайта аттанып, сонда қайтыс болған. Кәтен Қожаұлы Бұхара медресесін бітіріп, 1931 жылы Торғайда қайтыс болған. Қазір осында Кәтен атында көше бар. Алаш қайраткерлері М.Дулатов сүйсіне жазған Байту молда, Бейіс хазреттер де осы жерде мектеп, медресе ашып, орыс патшасы әкімдерінен қуғын көрген. Негізгі ойым осы кісілер ұстаған, пайдаланған сирек кітаптарды іздеу, табу болатын. Байту молданың немересі дәрігер болып істейді екен. Ол атасының кітаптарын Әбжамал деген кісінің алғанын айтты. Әбжамалдан соң оны Арыстанбек молдаға берілгендігі анықталды. Осы жерде Арыстанбек молданың рухани қазыналары туралы сөз болды. Бұл кісінің сол кітаптарына сұрау салғанымда туысы Әбжамалов Төлеухан басы – қасында болған еді. Әңгіме үстінде бұл кісі менің бірнеше рет келгенімді және алуға реті болмағанын айтты да, туысқаны әрі сол ауылдың үлкені ретінде Арыстанбек молданың кітаптарын қазып алуға уәде берді. Сәтіне орай молданың қызы Рабиға да Торғайда екен. Ол кісі де ризалығын беріпті. Сөйтіп жұма күні діни рәсімдер жасап, Төлеухан ақсақалдың қатысумен молданың бас жағында көмілген кітаптарды 21 жылдан кейін қазып алдық. Бұл жерден 50-ден астам бағалы кітаптар шықты. Мысырда, Бағдатта, Қазан, Уфада басылған бұл дүниелер негізінен ислам философиясы мен тағылымдары, араб мәдениеті мен тілі туралы, Мұхаммед пайғамбар және оны тану, Құранның түрлі басылымдары мен хадистер, молданың өз қолжазбалары, тіпті өзі пайдаланған, жазған қарандашы да кітаптар арасынан шықты. Әрине, 21 жыл жер астында жатқн кітаптардың көпшілігі қатты бүлінген, бірсыпырасының алғашқы және соңғы беттері оқуға келмеді. Солай бола тұрса да, осы кітаптар арасынан өте бағалы басылымдар табылды. Бұл дүниелер «Отырар кітапханасының» және Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығының сирек кітаптар қорында сақтаулы тұр.

Осындай ғажайып олжаның табылғандығы туралы газеттер мен теледидар хабарлары жариялағаннан кейін маған әр жерден хабар жете бастады. Солардың алдыңғы қатарындағылардың бірі болып Жанкелдиндік (Қостанай облысы) Амандық Ілиясов келді. Ол Торғай қаласының шығыс жағындағы 13 шақырым жердегі құлаған үйлердің арасынан көп кітап көргенін айтты. Дереу Амандыққа жолығып, өзі бара алмайтын болған соң кітап тұрған жердің картасын сыздық. Өйткені 1949-50 жылдары екеуміз де осы жердегі «Тамқамыс» бастауыш мектебінде бірге оқыған едік. Кітап осы мектептен 2-3 шақырым жердегі «Сырға» деп аталатын ертедегі қоныс орнында екен. Алайда соңғы 70 жылдан бері бұл жерді ешкім мекендемеген. Білгеніміз үй иелері 1928, 1931-33 зобалаңында жер ауып кеткен және ашаршылықта көз жұмған. Іздеген жерді де, кітаптарды да тез тауып алдық. Соның ішінде ең құнды дүние рухани көсеміміз Ахаңның — Ахмет Байтұрсынұлының 1915 жылы Орынборда басылған «Тіл құрал» кітабы болды. Кітаптың 51-107 беттері толық сақталған. 70 жылдан астам жер астында жатқанына қарамастан кітап жазулары өте анық, әрі беттері оңай ашылады. Басқа да 6-7 кітап шықты. Олар өте қатты бүлінген, бірспырасы шымтезекке айналып, бірігіп қалған. Негізінен діни кітаптар, құран, хадис парақтары. Құлаған үйдің көлемінен және табылған кітаптардан үй иелерінің ауқатты, әрі білімді адамдар екенін аңғару қиын емес. Бұл жер белгілі қоғам ұқайраткері, тұңғыш қазақ зиялы қыздардың бірі Нәзипа Құлжанованың атамекені. «Бесқопа» деп аталатын осы ауылдан Торғай қаласы да, белгілі қоғам қайраткері Кәрім Тоқтабаев ауылы да жақын.

Ахаң кітабын ақ орамалға орап, Торғайдағы Сәмкен Омаров деген азаматтың үйіне келіп түстік. Сөз аталған кітаптан бастап, тарихи оқиғаларға ауысты. Осы жерде біреу қаладағы орыс моласынан белгілі бір адамның құлпытасы жер астынан табылғанын айтты. «Яковлев емес пе екен?» деген ой сап ете қалды. Дереу қала ішіндегі орыс зиратына жеттік. Міне ғажап! Алдымызда Яковлевтің және оның анасы Надежданың құлпытасы қатар жатыр. Жазуда тайға таңба басқандай «Торғай уезінің негізін салушы, уезд бастығы, полковник Яков Петрович Яковлев» (1890 жылы 70 жасында өлген) деп анық жазылған. Торғайдағы орыс орта мектебінің директоры Болат Шегеновтің басшылығымен оқушылар осы зиратты тазалау үстінде шеті көрініп жатқан үлкен тасқа жолыққан. Оны тереңдетіп жағалай қазғанда аталған құлыптас шыққан. Жанында оның анасының да құлыптасы да жатыр екен. Алайда ұстаз да, оқушылар да жаңалық аштық деп ойламаған және ешқайда хабарламаған.

Я. Яковлев кім? Ол 1861 жылы Орынбордан Торғай бекінісіне бастық болып келген, әскери бекініс салған, кейін 1868 жылы Торғай уезі құрылғанда оған бастық болып сайланған патша қолшоқпары еді. Оның жақсы ісі Ы.Алтынсаринге мектеп ашуға көмек бергені болса, жағымсыз ісі Ахметтің әкесі Байтұрсын мен Ақтасты 15 жылға Итжеккенге айдатып, бүкіл әулетті торғайдай тоздырғаны. Ахаңның «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам» дейтіні міне осы тұс болатын. Міне, бір күндегі екі оқиғаға бір сәт ой жіберейікші. Ахаңның кітабы және оның жас жүрегіне жара салған Яковлевтің  құлыптасының бір күнде табылуы қалай? Әлде қиын тағдырдың қайта тоғысуы ма? Қалай десек те осында бір құпия байланыс бар сияқты…

Қазақта «Жүрген аяққа жөргем ілігеді» деген бар. 2008 жылы жазда Қостанай, Ақмола облыстарында болып бірталай қолжазбалар таптым. Оның ішінде діни шығармалар да, ел аузындағы тарихи әңгімелер де бар. Мысалы: қарт журналист ақмолалық М. Мәжікеев жинаған өткен ғасырлардағы ақын, жыраулар Қарсақтың, Қуанышбай ақынның, қостанайлық Сәт ақынның 200 беттік тарихи өлең-дастандары бар. Әулиекөлдік ақын, журналист марқұм А. Атымтаевтың бірнеше жүз беттік машинкамен басылған өлеңдері мен очерктері, торғайлық еңбек ардагері, бұрын «халық жауы» атанып, жазасын өтеп келген С. Ысқақовтың 48 беттік естелігі тарихи құндылығымен назар аударады.

Әңгіме кітап жайында болғандықтан тағы бір жұрт есінде жүретін жайлар бар. Қазақ халқы XVIII-XIX ғасырларда қанша сауатсыз десек те кітапты жоғары бағалаған, тіпті қасиет тұтқан. Оны жыртпаған, далаға тастамаған, керісінше ең қымбат мүлік есебінде жоғалмайтын жерге сандық түбіне сақтаған. Атадан балаға мұра етіп те қалдырған. Алайда өткен ғасырдың ойрандары халыққа сол кітаптарды да ұстатпай, оның иелерін жазаға тартқан. Көптеген құнды дүниелер осындай себептермен жойылып, құрып кетті.

Егер ел арасында шығып ыждағатпен қарап іздестірсе әлі де мол дүние табылады. Өткен жылы Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты жанынан Ыбырайтану ғылыми орталығы ашылған еді. Мұнда Ы. Алтынсарин өмірі мен қызметін зерттеумен бірге елдің тарихы мен мәдениетін, әдебиетіне байланысты деректер, өлеңдер, хиссалар, ауыз әдебиеті үлгілері жиналуда. Бір жыл ішінде осы орталыққа Аманкелді сарбаздары-ақындар Жолдыбайұлының өлең, дастандары, Сәт Есенбай ұлының өз қолымен араб жазуымен жинақтап кітапша етіп түптеп кеткен қолжазбаларды келіп түсті. Сол сияқты бірнеше жыл қуғын-сүргінде де жасымаған Шіменбай Әлшораұлының өлеңдері мен естеліктері, Қажен Имекенов ақсақалдың 1941-45 жылдың қанды шайқасында жүргенде жазған күнделігі мен хаттары, Орта жүзге жомарттығымен аты жайылған Әбдірахман қажының кейінгі ауыр хал-жағдайын баяндайтын өлең-жырлары табылып, жинақталды. Бұл орталық жұмысының басы ғана, әлі де іздестіру жұмысы жалғастыруда. Өткен жылдың басында Ақтөбе облысында тұратын бір кісіден екі кітап сатып алдым. Бұл Ақылбек Сабалұлының «Қырық уәзір хиссасы» мен «Кесікбас» атты кітап. Екеуінің де басылып шыққанына бір ғасырдан асып тұр.

Демек, асыл қазына жер астында қалмайды. Сөз асылы қайнарының  көзі әлі де ашыла түседі.

Сейіт Кенжеахметұлы,

жазушы, этнограф.

Баспасөзде жарияланбаған мақаласы

Мынаны да қараңыз

Ұлы Абай – би әрі дала заңгері

Кез келген халықта рухани және өнегелік ұстындары болады. Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы қазақ халқының ой-санасындағы ...

2 пікір

  1. Сейіт аға тұнып тұрған этно-энциклопедия ғой

  2. Махсут Жақанқызы

    Сейіт аға сізді сағынып, әрқашан еске алып отырамыз. Орныңыз мен үшін дара тұлға. Осындай асыл
    қазыналы тақырыптарыңыз «Тобыл-Торғай» сайтынан өз орынын ала берсін. «Тобыл -Торғай» сайтына алғысымды білдіремін. Жобаларыңыз ұзағынан болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *