Біз білетін Мырзағали

1

Мен журналистік қадамымды бір кезде әйгілі Көкше өңірінің облыстық газеті болған «Көкшетау правдасынан» бастаған едім. ҚазМУ-дің филология факультетінде оқып жүргенде осы газеттің редакциясында екі айлық тәжірибеден өтіп, журналист болудың қыры мен сырын үйрендім. Оқуды бітірген соң да біраз уақыт осы босағада қызмет істеп, біліктілік жетілдірдім. Сол тұста «Көкшетау правдасының» редакциясында екі Мусин қызмет істеді. Олардың біріншісі Мусин Жанайдар деген жігіт еді. Журналистігінің үстіне жазушылығы да бар талантты тұлға болатын.  Кейін сол «Көкшетау правдасы» газетінің бас редакторлығына дейін көтеріліп, одан соң Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы да болды. Екінші Мусиннің есімі Жағыпар еді. Ол да журналистік мектептен осы газет арқылы өтті. Газетте қызмет істеуді «Көкшетау правдасының» редакциясында қатар бастадық. Бірақ өзі ұнатып, іш тартатын негізгі мамандығы ұстаздық етіп, ғылыммен айналысу болса керек, 1962 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институты ашылғанда соған ауысып, оқытушылар санатына қосылғанын білемін. Кейінірек   ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысып жүрді.

1972 жылы жаңадан Торғай облысы ашылып, мен 1974 жылы «Торғай таңы» газетіне редактордың орынбасары болып ауыстым. Танымайтын жерге қоныс аударған кісі ол жақта өзіне таныс кім болуы мүмкін?  — деген сұраққа жауап іздейді ғой. Мен де Торғай жақта мен білетін кім бар екенін сұрастыра бастадым. Сөйтсем, менің ескі досым Жағыпар Мусиннің Мырзағали Төлегенов деген жерлесі бар екен. Ол да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан. Торғай облысы құрылғанда шаңырақ көтерген жоғары оқу орны – Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының іргесін қалап, оның тұңғыш ректоры болыпты. «Мен хат жазып берейін, сол кісімен таныс-біліс бол,  – деп кеңес берді. – Кісілік парасаты биік, азаматтығы асқар тұлға. Ондай жанмен жақын жүрудің өзі үлкен мәртебе».

Ғалым-физик – техника ғылымдарының докторы, професссор, Жоғары оқу орнының үздігі, Қазақ КССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Мырзағали Отарұлы Төлегеновпен әдейілеп барып танысуыма Жағыпар досымның осы сөзі қамшы болды. Ол кезде М.О. Төлегенов Арқалық педагогикалық институтын басқаратын. Екеуміз қалтқысыз шүйіркелесіп, тез табысып кеттік. Ақ-жарқын әңгімелесіп, бүкпесіз сөйлейтін, ашыла күліп, аңқылдап тұратын, қазақтың ауызын ашса, бүкіл ішкі сарайы көрініп тұрады дейтін кәдуелгі ашық аспан мінезді азаматы екен. Жалпылап айтсақ мұндай адамдар көптің қамын ойлаудан рақат тауып, көптің қамын ойлаумен ғұмыр кешеді.

Мырзағали Отарұлы менің білуімше көпке үлгі көрсетіп, тәрбие беру үшін жаратылған адам деуге тұратын ерекше тұлға еді. Оның бүкіл болмысы – тұрған тұрысы да, жүрген жүрісі де, сөйлеген сөзі мен істеген ісі де тұнып тұрған өнеге, үйренерлік үлгі еді. Онымен жақын жүріп араласқан кісі одан өзін мәдениетті ұстауды, асқақтамай сөйлеп, өзгенің айтқанымен санаса білуді, өзінің асып кетіп, ағаттық жасаған кезі болса, кішірейе қалуды үйренер еді.

Мырзағали Отарұлының өмір жолына бағамдай зер салып отырсаң, осынау дарынды тұлғаға тек алда болу  ғана, үздік атану ғана жарасатын сияқты әсерде боласың. Ол 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін үздік бітіріпті. Қазақстан ғалымдары арасында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Сергей Константинович Персидскийді білмейтін кісі жоқ шығар. Бір кезде ол кісінің алдынан сабақ алып, дәріс тыңдаудың өзі үлкен мәртебе болыпты деп естуші едік. Ал Мырзағали Отарұлы сол С.К. Персидскийдің сүйікті шәкірті атанып, кандидаттық диссертациясын атақты ғалымның жетекшілігімен қорғапты.

Қазақта ғылым қуып, ғалым болуды «инемен құдық қазғандай» деп бағалаған ғой. Ғалым болып, еңбегіңнің игілігін көрсең, одан асқан бақыт та, одан асқан абырой да болмақ емес. Біздің кейіпкеріміз Мырзаекең өзі үзбей айналысып,  биігіне көтерілген ғылымның игілігін бір кісідей көріп, қуанышына бөленсе, оның қиындығын да жан-жүрегімен сезіне біліпті. 1979 жылы денсаулығы сыр беріп, өзінің өтініші бойынша ректорлықтан сол Арқалық институтындағы алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушілігіне ауысады. Бірақ біраз уақыттан бері айналысып жүрген «Орнықтылық теориясы» деп аталатын докторлық диссертациясын жазуды одан әрі жалғастырып, оны 1981 жылы Украина ССР-ының Харьков қаласында қорғап шығады. Көп ұзамай алгебра және геометрия кафедрасының профессоры атанады. Ал 1986 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына шақырылып, қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі болып сайланады. Бұл қызметтердің бәрі де туа бітті ұйымдастырушылық талант пен алғырлықты, алыстан көре білетін байқампаздықты талап ететін еді.

сканирование0008 (копия)

Мырзағали Төлегенов асқақ адамгершілігінің, үлкен ғалымдығаның үстіне қарапайым өмірде өте көңілді, ойыншы адам еді. Тауып сөйлейтін тура тілділігі жағынан да ешкімнен кем түспеген көрінеді. Бұл күнде қазақтың ақын халық екенін бүкіл әлем біледі. Текті адам тегіне тартпай тұра ма. Өлең қуып, жүрек тербейтін сөз тудырмаса да Мырзаекең ақындықтың ауылынан алыс болмапты. 2013 жылы Алматыдағы «Арыс» баспасы «Торғай елі»  деп аталатын энциклопедия басып шығарды. Арқалық қаласының сол кездегі әкімі, саяси ғылымдар кандидаты Берік Әбдіғалиұлы аса кұнды осы кітапқа алғысөз жазып, оны «Байтақ өңір жылнамасы» деп атапты. Шынында да солай. Энциклопедия тектілерге мекен болған қарт Торғайдың қатпарлы тарихының қилы оқиғалары туралы таусылмастай сыр шертеді. Аталған энциклопедияның 406-бетінде Төлегенов Мырзағали Отарұлына арналған өмірбаяндық мақала бар. Онда Мырзағали Отарұлының ғалым, қоғам қайраткері ретіндегі қызметі туралы айта келіп: «Мемлекет қайраткері М. Сағдиевке, ақын Т. Молдағалиевке, Н. Исламиевке, С. Кенжеахметовке, Жадыра ақынға, т.б. арнау өлеңдері бар» — деген деректер келтіріліпті. Соған қарағанда Мырзағали Отарұлы Төлегеновтың аса дарынды әрі сан қырлы тұлға болғанына көз жеткізіп, бойыңды мақтаныш сезімі билейді.

Мырзағали Отарұлы Төлегенов өмірде өзін асқақтатпай қарапайым ғұмыр кешті. Ғылым докторы деген дардай атағы бола тұра ол өзін емес, өзіне жақын жүргендерді, өзімен істес болып жақсы жағынан көріне білгендерді әспеттеп, көтермелейтін, сондай жандардың мерейі үстем болуын ойлайтын. Күнделікті тұрмыста жиі айтатын нақыл сөзі «Обал болады» деген сөз еді. Мырзаекеңе байланысты мынадай бір оқиға еске түседі. Бұл әңгімені мен Сейіт Кенжеахметовтың өз ауызынан естіп едім.

Сейіт жас жағынан бірер жыл кішілігі болса да Мырзаекеңмен құрдас адамдарша  әзілдесіп ойнай береді екен. Сейіт Торғай елі өз алдына облыс аталып тұрған кезде «Торғай таңы» газетінде қызмет істеді. Журналистігінің үстіне оның талантты сатирик жазушы, ақын екенін де оқырман қауым жақсы білетін. Бертін келе Ыбырай Алтынсарин  атындағы Арқалық педагогиқалық институтында әдебиет теориясынан дәріс оқып, доцент атағын да алды. Сол тұста болса керек, Мырзаекеңмен бір кездескенде Сейіт:

– Ассалаумағалайкүм, профессор! – депті.

–Уағалайкүмәссәләм, доцент! – депті Мырзағали.

– Сіз мені неге доцент дейсіз, мен ақын емеспін бе? – депті Сейіт шамданған кісіше шамырқана сөйлеп.

– Оның мәнісі бар, – депті Мырзағали өзінің жайшылықтағы жайдары қалпынан ауытқымай сөйлеп. – Сіздің ақын екеніңізді бұл өңірде білмейтін кісі жоқ. Ал доцент екеніңізді екінің бірі біле бермейді. Ғалым екеніңізді және анау-мынау емес, доцент деген атағы бар ғалым екеніңізді қалың ел ести берсін, біле берсін деп айтып отырмын. Менің мұным теріс пе! Оны айтпасам, обал болады.

Бұл жауапқа көңілі тояттаған Сейіт Мырзағалидың қолын құшырлана қысып:

– Теріс емес, теріс емес,  – дей беріпті.  – Бұл ниетіңізге көп рахмет. Өзгенің абыройын ойлап қам жегеннің өз абыройы да асқақтай берсін!

Төлегенов Мырзағали Отарұлының кейбір қысқа мерзімді үзілістерін есептемегенде саналы өмірінің жиырма  жылға жуығы Торғай жерінде өтті. Ыбырай Алтынсарин атындағы  Арқалық педагогика институтын өзі құрып, оған екі мәрте ректор болды. Осы оқу орнының қабырғасында жүріп ғылым қайраткері ретінде өзі де биікке көтеріліп толысты, өзгелердің де қияға қанат қағуына көмектесті. Жеті бірдей жас талапкердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Торғай жерінде, әсіресе, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында көрнекті ғалым, сүйікті ұстаз, жайсаң жан Төлегенов Мырзағали Отарұлының жарқын іздері сайрап  жатыр.

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *