Торғайдағы көтеріліске не себеп болды?

Фото1916
1916 жылы қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерiлiстерi­нен кеңестiк тарихта көбiрек жазылғаны –Торғай көтерiлiсi. Қазақ даласының кiндiгi, Алаш қайраткерлерiнiң туған жерi –Тор­ғайдағы көтерiлiстi кеңестiк тарих Амангелдi Иманұлы, iшiн­ара Әлiби Жангелдинмен байланыстырса да, мұның шындығы мүлде басқа.
1915 жылдан бастап елге әлеуметтiк қысым күшейдi. Сол кезде әр шаңырақтан жиналатын салық түрлерi: түтiн салығы – 4 сом 50 тиын, земство салығы –3 сом, болыс салығы –3 сом. Осы мiндеттi үш салықтың үстiне 1915 жылдан бастап әскерге бармауға кепiлдiк түрiнде арнайы әскери салық енгiзiлдi. Майдан­ға жәрдем ерiксiз жиналып, елдiң тұрмысы тым ауырлады. Әуелi соғысқа ат керек деп елдiң тәуiр жылқылары алынды. Сол кездегi жылқының құны – әр бас үшiн 60-120 рубль. Сатып аламыз деп жылқыларды алып кеткенi­мен, оның ақшасы жұрттың қолына тимеген. Артынан заттай дүниелер алына бастады, әсiре­се жүннен тоқылған қолғап-шұлықтар, терi-былғарыдан тiгiлген сырт киiмдер көп жиналды. Торғай болыстары диаметрi 3 аршын болатын, iшi түгел киiзбен қапталған 10 жаңа киiз үй тапсырды. Сол уақыттағы Тор­ғайдың 13 болысындағы әр шаңырақ 300-400 сомнан қаржы жинаған. 1916 жылдың мамырында торғайлықтардың сұрауына Орынбор генерал-губернаторы Эверсман әскерге шақыртуға жоғарыдан бұйрық жоқ, әскери салық төлегендер соғысқа алынбайды дейдi.
25 маусымда ел қатты толқиды. Торғай елiнiң бетке ұстарлары –Қорғанбек Бiрiмжанұлы, Зейнолла Құлжанұлы, Асқар Дәулетұлы, Қамбар Есiргенұлы, Сүйгiн Атабайұлы, Дастан Тоқтабайұлы, Айтқұл Түркебайұлы, Орынбек Шәукеұлы, Дәуренбек Жақыпұлы елмен бiрге болды. Жарлық болыстардың қолына тидi, ел үрейленiп, әуелгiде болыстардың қолындағы адам есебiн тартып алуға әрекеттер де жасалынды.
10 тамыз 1916 жылы Бәйтен молданың үйiндегi кеңесте торғайлық ақсақал-болыстары қазақтан солдат алдырмауды шешу үшiн Орынборға Смағұл Төкеұлын аттандырды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бө­кейхановтың берген жауабы: “Орысқа әлдерiң келмейдi, адам берiңдер!”. Төкеұлының хабарынан соң елдiң қарсылығы кү­шейдi. 1916 жылғы 1 қыркүйекте Орынбордан Эверсман келiп, Тор­ғайдың ақсақал, болыстарына солдатқа адам жинауды тез­детуiн талап етедi. Торғай уезiнiң бастығы – Карп. Ел iшi үнсiз, губернатор қатты ашуланып, күшпен алуды ұйғарып Орынборға қайтқан. Торғай Орынбор­ға Көтiбарұлы Тоймағамбеттi, Төкеұлы Смағұл, Жаманқұлұлы Әбдiрахман, Сүтемгенұлы Шә­кен, Қабақұлы Сәбиттi тағы да елшiлiкке жiбергенiмен, олар Орынборда Төкеұлын Мәскеуге қарай мiнгiзiп, өздерi керi қайтқан. Елшiлерден қайран болмаған соң адамдар елсiзге топ-топ болып кетiп, қамысты өзен­дердi паналап, жасақ құрды, ұстаханалар ашып, найза, айбалталарын даярлайды. Шұбалаң болысын Төкеұлы Смағұл, Тосын болысын Қалауұлы Оспан, Қарақоға болысын Сандыбайұлы Дәуренбек, Аққұмды Қабауұлы Кәрiбоз, Майқарауды Иманқұл­ұлы Әбдiрахман, Қайдауыл болысын Қарабайұлы Әлжан, Қаратоғай жасағын Мәкiмұлы Өмiр­бек, Көптоғайды Жанбосынұлы Әбдiғапар басқарды.
Тамыз айында Эверсман Орынбордан Ырғыз арқылы Торғайға Орынбор казактарының жүздiгiн, 24 қыркүйекте тағы да   Донский бастаған 80 адамдық атты казак жасағын жiбердi. Қостанайдан келе жатқан осы жасақты Торғайға таяу Татыр өзенiнiң жағасында Майқарау, Қарақоға, Шұбалаң, Аққұм болыс­тарының сарбаздары тоқтатып, 7 сағат бойы қоршайды. Солдаттар қазақтың қаруы жоқтығын бiлiп, алыстан үйiрiп тұрған сарбаздарға ат қойғанда, 4 қазақ оққа ұшады, 2 қа­зақты казактар шауып өлтiрген. Қашып бара жатқан сарбаздар 4 орыс солдатын өлтiрдi.
Бұл хабар Торғайдың күнбатысындағы Тосын елiне жеткен. Тосын құмы Ырғыз уезiмен шектес. “4 болыс елдiң адамы Қостанайдан келе жатқан 80 атты солдатты ұстап алыпты, Торғай қаласын өртеп жiберiптi” деген хабардан соң Тосын елi қазанның соңында Ырғыз бен Торғайдың арасындағы пошта стансаларын өртеп, станса қызметкер­лерiн тұтқындайды. Торғай қаласынан 4 шақырым Ақшығанақ стансасына шабуыл жасағандар осы жерден өтiп бара жатқан мұғалiм Ивановты әйелiмен, екi баласымен, мұғалiмдер Егоров пен Жұмарышовты да қоса тұтқындап, елсiзге алып кеткен. Оларды 3 апта жер кепеде тұт­қында ұстайды. Сол жерде   ұлы жазалаушы отрядтың қолынан өлген ашулы   Бенде Нарымбетов орыстарды өлтiремiз дегенде, Елеу ақсақал ара түскен.
Қарашада далалыққа жазалаушы отряд шықты. Әскер әлгi сарбаздар ауылын шауып, тұтқындарды босатқанда, казак офицерi күзетшiлердi өлтiрмек болды. Сол жерде Ақшығанақтың тұтқын мұғалiмдерi сарбаздардан еш жамандық көрген жоқпыз деп күзеткендердi ажалдан аман алып қалды. Жазалаушы отряд әр жерден   қолға түскендердi Торғай түрмесiне қамайды. Бұл жерде де жұрт қорлық пен зәбiрдi бастан кешiрдi. Бiр камерада 50-60 шаршы метр жерде ер-әйелi аралас 100 адам жатқан, тұтқындар жатқан жерлерiнде дәрет сындырды, аяқ басатын жер жоқ, оларға тамақ, су да берiл­медi. Күзетшiлер бiр стакан суды 3 сомнан сатқан. Осы жерде 7 тұтқын қазақ аштан өлген.
Қазанның соңғы күндерiнде Ақтөбе жағынан келе жатқан Әлiби Жангелдин Тосын болысының көтерiлiс басшысы Қалау­ұлы Оспанмен жолығып, одан әрi Көптоғай, Сарыторғай, Қаратор­ғай, Қайдауыл болыстарынан сарбаз жинап келе жат­қан Амангелдi Иманұлы, Әбдiғап­пар Жанбосынұлымен кездесiп, сарбаздармен бiрге жүредi.
2 қараша 1916 жылы Торғай уезiнiң 13 болыс елiнiң адамдары Торғай қаласынан 10 шақырымдағы Серке деген жерде хан сайлайды. Арғынның ханы – Шолақұлы Оспан, қыпшақтың ханы –Жанбосынұлы Әбдiғапар. Сардары – Амангелдi Иманұлы. Сол кездiң куәгерлерiнiң бiрi әйгiлi барымташы Амангелдi Үдербайұлының сол кезде Иманұлы деп тегiн өзгерткенiн, оның мергендiгiн және Торғай болыстарындағы қай барымта ұрлықтың да Амангелдiнiң қатысуынсыз болмайтындығын айтады. (Ақтөбе облыстық мұрағаты, 497 қор, 1жазба, 21 iс).
1916
(Торғай өзені маңындағы Амангелді мен Әбдіғапар бастаған көтерілісшілер штабы орналасқан Дүкенбай үйі. Үрпек қонысы, Қараторғай болысы)
6 тамыз 1916 жылы Әбдiғапар мен Оспанның 6 мың қолы таң бiлiне Торғай қаласын алуға аттанды. Қаланы қоршап, түрме­дегi сарбаздарды босатуды талап еткен. Көтерiлiсшiлер шабуылын күтiп отырған қала көшелерiне тақтайдан кедер­гiлер қадалған. Оқ жауып, бiр­сыпырасы ажал құшты. Көп­шiлiгi аттан түспей қаланың сыртында үйiрiлiп қалғанда, оларға оқ тие бастады. Аттарының көзiн түйiп тастаған Амангелдi бастаған 100 шақты сарбаз ғана қала iшiне кiрiп, қару iздейдi. Түс ауа қаланы ала алмаған көпшiлiгi сытылып шықты, сырттағылар қашқасын iшке кiргендер де қашты. Торғай қаласынан 70 үй өртендi, 3 патша солдатын сарбаздар атып өлтiрдi. Екеуiн Амангелдi Иманұлы, бiреуiн Кейкi Көсембайұлы атқан. Қазақтан 100-дей адам опат болды. Қарашаның ортасында Торғайда Орынбор казактарының полкi, 200 адамдық Дон казагi, 1 эскадрон гусарлар мен драгундар, ерекше отрядтың 8 ротасы тұрды. Қала коменданты – Загайнов.
Торғайды ала алмаған соң олар Ақмырзадағы қосқа кеткен сарбаздар 2 күн жатты. Сол жерде екi ханның жұрты төртке бөлiнiп, Оспан ханның Тосын жасағы Шошқакөлге, бiр бөлiгi Майқарауға кеттi.Әбдiғапар ханның жұрты Батпаққараның Соқ­пақ деген жерiне, бiр бөлiгi Доғалыға жөнелдi.
Куәгерлер сарбаздармен Торғайды бетке алған Әлiби Жангелдин туралы ендiгi жерде ештеңе жазбайды, бiрақ көтерi­лiс сәтсiздiкке ұшырап, қудалан­ған жағдайда ол Қытайға кетiп, Шығыс халықтарымен байланыспақ болған. Осы мақсатпен әрi қару табу үшiн 1917 жылдың қаңтарының соңында Түркияға өтпек болғанында, ақпан төң­керiсi болғасын   керi бұрылып, Петроградқа кетедi. Жоспары – даладағы жазалаушы отрядты керi қайтару.
Ырғыз уезi Аманкөл болысының көтерiлiсшiлерi де Ырғыздың шығысындағы пошта стансаларын өртедi. Генерал Лав­рентьевтiң 30 мың адамдық жазалаушы отряды қазан-қарашада, Ырғыз уезiндегi 5 көтерiлiс ошағы –Айжарқын, Әйiмбет, Өжiке, Жұмағазы, Тайшым сарбаздарының соңына түсiп, таба алмаған соң ауылдағы әйел, бала-шағаны қылышпен турап тастаған.
Ырғыздағы көтерiлiске бай-болыстардың өз балаларын әскерге жiбермей, кедей жұрт­тың балаларын ерiксiз   қара жұмысқа жiбере бастағаны халық наразылығына себеп болған. 1916 жылдың қыркүйек-қазанында майданға Ырғыз уезiнен 2 эшелон адам Шалқар стансасы арқылы аттандырылды. Халық қарсылығы: “Солтүстiкте жерiмiздi алды, ауыр алым-салықтан жағдайымыз ауырлады, ендi жанымызды алу­ға келдi. Бiрде-бiр адам майданға бармайды. Одан да қу сүйек болып далада жатайық!”.
Ырғыз уезi Аманкөл болысының сарбаздарын Өңге Қаражанов (ол қаза тапқан соң Бижан Даданұлы басқарды), Тәуiп болысын – Әлiмбет Шобанов, Қызылжар болысын –Тайшым Орысұлы, Кенжеғара болысын –Ақжарқан Қанайұлы басқарды. Аманкөл болысындағы жазалау­шы отряд пен көтерiлiсшiлер арасындағы бiрiншi қақтығыста 7 сарбаз өлдi.
Халық жасағы Аманкөл болысы Қайыр Мәмбетовтiң 300 жыл­қысын алып кеткен, Мәмбетовтiң өзi Ырғыз уезiнiң крестьянский начальнигi Гарфке барып тығыл­ған. Артынша Лаврентьев­тiң 30 мыңдық жазалаушы отряды далада көтерiлiсшiлердi iздеп шыққанда, Гарф Аманкөл болысының сарбаздарына тие­­сiлi далалықтағы 4 мың жылқыны айдатып алғызған. Ырғыздың сол­түстiк болыстары   ерекше ашулы едi. Себебi 1916 жылдың мамыр-маусымында   жасағымен ауылдарды аралаған Ырғыздың уезд бастығы Лекторский пара алып, жұрттың қолына әскери мiн­деттiлiктен босағанын айғақтайтын мөрi бар қағазды ұстатып кеткен. Жұрт осы үшiн соң­ғы тиынын санап берген, малдай, заттай тағы да алынды. Алданған жұрттың ашуы ақыры 6 байдың өлiмiне әкеп соқтырды. 1916 жылдың 20 қазанында Миялы деген жерде Гарфтың жiбер­ген 60 атқамiнерi жұртты жинап алып, жәбiрлеп, тiптi ұрып-соға бастайды. Сол жерде қаны қарайған жұрт Ырғыздың алты атқамiнерiн тiрiлей өртеп жi­берген. Мiне, осы жағдай көте­рiлiстiң тұтануына тiкелей себеп болды. Гарф жұмсаған 60 бай-болыстың алтауы ажал құшқан соң қалғаны қашып кеттi. Отқа өртенгендер: Ағымбай Беркiм­байұлы, Омар Құнарбайұлы, Қожақ Манатұлы, Сағындық Оспанбайұлы, Бержан Жақыпбайұлы, Қойшыбай Қосқұлақұлы. Бұлар бiрнеше штат би, ауылнай болғандар. Сол сияқты Бақса­йыс болысының басқарушысы Пiрәлi Жүсiпұлы мен писарь Лобов те көтерiлiсшiлер қолынан ажал құшқан.
1916 жылғы ұлт-азаттық кө­терiлiсiне әкеп соқтырған негiзгi себептер – әлеуметтiк теңсiздiк, уезд бастықтары мен жергiлiктi бай-болыстардың парақорлығы, қысымшылығы, халық тұрмысының нашарлауы, экономикалық-әлеуметтiк теңсiздiктен туған ашу-ыза (Ақтөбе облыстық мұрағатының деректерi: фонд 497, опись 1, дело 21, 54).
Баян СӘРСЕМБИНА

zhasalash.kz

 

 

Фото: azattyq.org

Мынаны да қараңыз

Аталар даңқы ұмытылмайды

«Мың өліп, мың тірілген қазақтың» бір баласының басынан кешкендері немесе майдангер, еңбек ардагері Жұмабай Нұрмағамбетұлы ...

2 пікір

  1. Әріп Қойшыбаев

    Баян! Қосқұлақұлы Қойшыбай менің бабам. Ол кісіні өлтірудің алдында туысы Кәрібайды өтіргісі келген.Сол жерде біреу ара түскен (Тайшымның бәйбішесі: кенжеме тиме деп үстіне құлаған дейді) жастау болса керек. Сонда менің атам Қойшыбай мен өлтіріңдер; алдымен дәрет аламын, иманымды үйіремін, сонан соң найза шаншып жанымды қинамаңыздар, атыңдар деген екен. Сол иманын үйіріп бола бергенде Тайшымның ортаншы баласы Жылқаман атқан. Аяғындағы көксауырлап тіккен былғары етігін шешіп алған (мародер секілді). Сонан соң барып өртеген. Тірілей өртеді дегеніңіз шындыққа келмейді. Барлығын да өлтірген. Соан соң барып өртеген. Ағымбай бай Шекібайдағы үйінде қалған. Өртелгендері: Қосқұлақұлы Қойшыбай, Шынарбайұлы Омар, Оспанбайұлы Сағындық, Манатұлы Қожақ (өтеп бақшақтар), Берден деген кісі (қият). Олардың жатқан жерін халық «Бес шейіт! деп атайды. Егер олар халыққа жайсыз адамдар болса, шейіт деп атамас еді. 1996 жылы біз де сол аталардың басына белгі қойдық. Сол көтерілісті басқан менің атам Қойшыбайдың үлкен ұлы Тілеужан. Бірақ сол көтерілісті басу кезінде қаза болды сенің атаң өлтірді деп менің әкеме немесе маған ешкім айтып көрген емес. Тілеужандай азаматы бар ел азбас деп кезінде Былшық би нағашым айтқан деген де бар. Сондықтан сулы-жабағылы тек сұлбасы бар мақаланы жазудың жөні жоқ. Жан-жаққа қарап алған жөн. байжан шамамен жазуға болмайды. ең болмаған да Сабыр Шәріпұлының осы аттас кітабына зер салғаныңыз жөн еді. Ол кітап кеңестік сарынмен жазылса да, адам аттары дұрыс жазылған. айтыс-тартыс болып жатқанда Омардың көзі шықты деген хабар тиген Тайшым ханға. Сонда ол кісі: Омардың жарақаты да бір, өлгені де бір бізді тірі қоймайды өлтіріңдер деген.

  2. Әріп Қойшыбаев

    Әжем марқұм жүз бір жасқа келіп қайтқан болатын. Сол кісінің әңгімесінде арғындардың көп қырылғандығын айтады. Бір сөзінде Аманкелді Иманов бау кеспе барымташы — ұры болғанын айтып отыратынды. Амакелдінің қол астына арғындармен бірге шөмекей рулары болған. Аманкелді ашуланғанын атып тастай берген. Әдемі жас қыздарды зорлауын қоймаған соң бақшақ пен аю аталықтары Аманкелдіден өз руластарын от басылармен алып шығып, бүгінгі Ақтөбе облысының Сарат елді мекеніне жол салған болып, кері бұрылып Аралға қарай ауысып кеткен. Себебі Аманкелді іздеп келіп қырып салатынын білген. Аманкелді іздеп келіп таба алмастан кеткен де артынан өзі де өлген. Аманкелдіге ерген арғындар көптеп қырылған.
    Оның бергі жағында ашаршылық кезінде арғындардың бір жартысы батысқа бір жартысы оңтүстікке қарай ауған. Сол кезде олар көптеп қырылған. Барған жердің басы бос балаларына қыздарын қосып, өздері күн көріс іздеп жолшыбай қырылған. Далалықты жерлеусіз көп қалды деп жылап айтып отыратынды. Әжемнің осы айтқандары денемізді түршіктіретінді. Шындықты жазып отырған тарихымыз жоқ. Мынау жазылған деректер жалған. Кеңес үкіметінің кезінде ойдан шығарып жазғандары иеология мақсатында. Солардың біреуі біздің ауылда болды, 105 асқа келіп қайтты ауылдағы жалғыз арғын қызы сол еді.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *