ҚАРУЫН ТАСТАМАҒАН ҚАҺАРМАН

…Ел жадынан әлі өше қоймаған, құпиясы мен күмәні көп өткен ғасырдың маңызды оқиғаларының бірі – Торғай жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс пен Алаш қозғалысына қатысты мәселе. Әлі күнге дейін Торғай елінің халқы көтерілістің басталуы, патша әскерлерімен бірнеше рет жан алып, жан беріскен шайқастар ғана емес, Амангелдінің өлімі, Кейкінің шырғалаңға толы тағдыры мен қазасы, Әлібиге қатысты қайшылықты пікір, Әбдіғапардың өлімі, Торғайда он жеті азаматтың алашорда қолынан қаза болуына қатысты әңгімелерді бұрмалап, әр түрлі ракуста айтатындары да шындық.

Жалпы патша өкіметінің 1916 жылғы 19 бен 43 аралығындағы ер адамдарды тыл жұмыстарына алу туралы маусым жарлығы қазақ жерінде ұлт-азаттық көтерілістің тууына бірден-бір себеп болғаны белгілі.

…Көтеріліс басталғанда Аман­гелдінің қасынан табылған Кей­кі ел ішінде танымал тұлға болатын. Құралайды көзге атқан мергендігі, көзсіз батырлығы оны құрметке бөледі, беделін көтеріп, абыройын асқақтатты. Кейкі батырдың тапқырлығы, соғысу тәсілдерін меңгерген шеберлігі, нысанаға алғанын мүлт жібермейтіні, жауына жасындай тиген ерлігі ел аузына ілігіп, даңқы асты. Сол жылдағы шайқастардың куәгері, ақын Ф.Сатыбалдыұлының: «100 жігіт жетіп келді Қапар ханға, Мен мұндалап аттары аталғанда. Кейкі менен Өменді басшы қылып, елуден аттандырды Тышқантамға. Қолынан бір Кейкінің 40-ы өлген, Тұрған соң шама барма аруағы асып» деп батыр ерлігін жырға қосты (Ана тілі, 20.03.1997. 4 б.).
Кейкінің патша өкіметінің жазалаушы әскеріне қарсы ерлікпен күрес жүргізуі, кейін Амангелді өлтірілгеннен соң да қаруын тас­тамай алғашында ақтармен, одан кейін үздіксіз қызылдармен со­ғысуы, 1922 жылдың сәуірін­де Жалаулы қыстауында Сүте­м­­­геннің Жәкенінің үйінде қор­шауда қалып, қаза табуы батыр тұлғасының қайшылығын көрсетеді.

…Қандай да болмасын жүзеге асырылған рухани-әлеуметтік шара өзінің ізін қалдырады. Бірақ, ел басына күн туып, ат ауыздықпен су ішкен, ер етігімен қан кешкен замандағы оқиғалар Торғай елі тарихында әлі де толық ашылмаған секілді. Бұрынғы кеңес өкіметі жылдары ресми тарихта аты аталмай, аталса да «банды», «кеңес өкіметіне қарсы шығушы» деп жағымсыз түрде ғана сипатталған, есімі тәуелсіздіктен кейін ғана қайта оралған Кейкі Көкембайұлы ұзақ жылдар бойы қайшылықты тұлға ретінде сипатталып келді. 1976 жылы торғайлық жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романы жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдаған кітапта авторға бас кейіпкер Кейкінің есімін тікелей атау мүмкін болмады да, руының атымен Құлан деп алды. Бертінде Кейкі батырдың рулас туысы Әубәкір Қылышбайұлы 2007 жылы құлан руының мекені болған Тасты өзені бойында, Арқалық – Торғай тас жолынан қашық емес жерге «ерте ме ме, кеш пе Кейкінің бас сүйегі елге қайтар, денесімен қауышар» деген ниетпен күмбезді кесене тұрғызды.

Кейкіні жоқтап, есімін қайтару ғана емес, Санкт-Петербургтегі Петр атындағы антропология және этнография музейінен (кунсткамерадан) 3383 нөмірмен тұрған Кейкінің бас сүйегін қайтаруға әрекет жасағанымен, сол кезде әртүрлі себептермен мүмкін болмады. (Кунсткамерадағы құжатта «3383. Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период. От Д. Д. Букинича в дар в 1926 г. Документы: Записка Собирателя. 3/ХI-33» деп жазылған.).

Тағы бір айта кететін жай, кеңестік заманның қы­сы­мына қарамастан 1964 жылы жезқазғандық Кейкінің туыс­қаны Әбу Қарақожин батыр қаза болған Жалаулыға келіп батырдың аруағы риза болсын деген ниетпен, Сүтемгеннің Жәкенінің үйіне жақын жерге көктас қойып, басын көтеріп, қоршау тұрғызды. Бірақ ел үлкендерінің айтуы бойынша, көктас қойылған қоршау ішінде Кейкінің сүйегі жоқ. Көтеріліс тарихына қатысты оқиғаларды жетік білетін Бөгетбай Әлма­ғанбетовтің жазуынша, белгі қойғанда «Өкініштісі, Кейкі мәйіті жатқан жерді білетін Құсей де, Бижамал да болмай, бегімбет (руы) Шекер деген ақсақал Жәкен үйінің жанындағы бір төмпешік жерді көрсетіпті. Ал, олар (Кейкілер) жерленген жер Сейткерей сайының жанында, Жәкен үйімен шекарада. Қазір жер болып кеткен…».

Сталиндік зұлматтың салқы­ны әлі толық сейілмей тұрған уақытта Кейкіге қоршау тұрғы­зып, көктас қоюы, ер есімі ұмы­тылмасын, жоқтаусыз қал­масын дегені болуы керек. Әбу Қарақожиннің істеген ісі ауызды байқап ашатын, аяқты аңдап басатын сол кеңестік заманда Кейкінің атын айтқызбай, «қашқын», «банды», «кеңес өкіме­тіне қарсы шығушы» деген пікір үстем болып тұрғанда басын кө­те­ріп, белгі қоюы азаматтығы, ер­лігі десек, артық айтқанымыз емес.

Бірақ та, әлі де болса Кей­кіге қатысты мәліметтерді қарастырғанда тарихи дәлдік, нақтылық, хронологиялық айқындық жетіспей жатқандай. Нақтырақ айтсақ, Кейкінің туған жылы әртүрлі жазылып жүр. Бір деректерде 1871 жыл деп көрсетсе (http://www.inform.kz/kz/keyki-batyr_a2192469) (https://kk.wikipedia.org/wiki/), екінші бір деректе 1877 жыл деп, ал Кейкінің Арқалық қаласындағы ескерткішінде 1873 жыл делінген. Осы туған жылына қатысты үш түрлі жазылғанды бір ізге келтіру керек.

Сол секілді, қаза болған жылы да әртүрлі. Жалаулыда басына қойылған құлпытаста сәуір 1921 жыл деп жазылса, бірқатар адамдар 1923 жыл деп жазып жүр, Арқалық қаласында Кейкіге орнатылған ескерткіште 1923 жыл деп тұр, ал мұрағат құжаттарында 1922 жыл делін­г­ен. Біз бұл аталғандарды бір қалыпқа келтіріп, мұрағат құжаттары негізінде 1922 жыл деп алғанымыз дұрыс. Тіпті жылын ғана емес, айын, күнін де дұрыс жазу керек.

Оған дәлел, «29.03.22 г. бандит Кейка пойман отрядом под командированием отд. командиром тов. Дудина 200 верст от Тургая, растрелен на месте и с ним человек бандитов №5» деп жазылған №084 санды жеделхатты 1921 жылы 12 қазанда құрылған Торғай взводының командирі Стукан Қостанай губштабына жібергені архивте құжат ретінде тіркелген. «…в доказательство, что Кейка был убит, отрублена голова и доставлена в Тургай», «Кейкінің басын қанжығасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт көруге барады. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі Кеңес өкіметіне қарсы шыққандарды осындай өлім күтіп тұр деп айбар етілді» делінген құжат бар. (Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты, қ-811, т-6, іс-233, 27 б.).

Кейкіге қатысты тағы айтарымыз, кейбір жерлерде Кейкіні Желяев отряды өлтірді деп жазылып жүр. Бұл арада Кейкіні Желяев отряды өлтірді деу дұрыс емес. Әрине, Желяевтің Торғай тарихына қатысы бар. 1919 жылы 18 мамырда Амангелді Иманов, торғайлық 17 большевик Торғайда «Партизан сайында» атылғанда, ол өз отрядымен Торғайға кіреді. Міне, А.Желяевтің Торғай тарихына қатысты жері осы ғана. Кейкіні өлтірген Дудин отряды және Стукан басқарған Торғай взводы бұл операцияға тікелей қатысты. Кейкіні 1922 жылы 29 наурыз күні өлтіреді. Жоғарыда көрсетілгендей, батырдың басын шауып алып Торғайға апарып іліп қойған.

Оған дәлел, архивте бірнеше адамның – И.Деевтің, Торғай әскери взводы ЧОН (части особого назначения) жауынгері С.Искаковтың жазбалары сақталған. Көп дерек бар. Ә.Жан­гелдиннің атынан жазыл­ған хатты Ахмет ишанның тапсырғаны, осылай Кейкіні алғашында Н.Токаревтің қолға түсіргені, Кейкіні жолай Торғайға алып келе жатқанда Кейкінің Токаревті өлтіріп қашып кеткені, т.б. тәптіштеп жазылған.
Осы жолы қызылдардың ай күні жетіп отырған Кейкінің жары Ақжанды да өлтіріп, ішін жарып, дүние есігін аш­паған сәбиді де айуандықпен кескілеп өлтіргені белгілі.

Сонымен қатар, Кейкі батырмен бірге өлген інісі кім деген сұраққа да осы жайды білем дегендер де әртүрлі жазды.
Бірақ, бізге күмән тудырып отырған мәселе Кейкімен бірге өлтірілген інісі кім? Түскен бе, Шұбар ма, әлде Шәукен бе? Он алтыншы жылғы көтерілістің жай-жапсарын, Әбдіғапар, Амангелді, Кейкіге қатысты ел ішіндегі ауызша тарихты бір адамдай білетін Бөгетбай Әлмағанбетов Шәукен деп жазса, Шөптібай Байділдин Шұбар, ал Жалаулыдағы құлпытаста Түскен деп жазылған. Осы арада Жалаулыда Кейкімен бірге өлген кім деген сұрақ туады. Ашылғалы тұрған кесенеде жоғарыда көрсетілгендей, Шұбар деп жазылған. ҚР Орталық мемлекеттік архивінде және ҚР Президенті архивінде Түскен деген дерек бар. Енді қайтеміз? Күмән болса, Ресейдегі, Қазақстандағы архивтерді індете қарап, табылған деректерді бір-бірімен салыстыра отырып бұл сұраққа да нүкте қою қажет еді.

Сонымен қатар, кеше патша өкіметіне қарсы күресіп, көтеріліс басшыларының бірі болған Кейкі Амангелді Кеңес жағына шыққанда, неге жаңа өкімет жағына шықпады, неге қолынан қаруын тастамады деген сұрақ туады. Ол ақтарға ғана емес, қызылға да сенімсіздік білдіргені айқын. Кейін ел іші шамалы тынышталғанда бейқам тірлікке көшіп, бейтарап болғандығына қарамастан, батырдың әр қадамы аңдулы болды. Ал, Амангелді өлтірілгеннен кейін Кейкіге Кеңес өкіметіне қарсы қауіпті элемент ретінде ашық қысым жасала бас­тады.

Сонымен бірге, кеңес өкіме­тінің көтеріліс басшыла­рын шығу тегіне қарай шет­қақпайлап қуғындауы, жазалауы да әсер еткен болуы керек. Себебі, 1920 жылдың басында 1916 жылғы көтерілісте Торғай арғындарының ханы болып сайланған Оспан Шолақов және мыңбасы Қасымхан Алтынсаринді «…өкіметке қарсы әрекет етушілер» ретінде айып тағып, соттап, Семейге, кейін Сібірге жер аударды. Кеңес өкіметі, шамасы бұрын патша билігіне қарсы шыққандар, енді жаңа өкіметке де қарсы шығуы мүмкін деп қауіптенген болуы керек. Ал, ел ішінде абырой, беделі жоғары Кейкі ол да бірден бір қауіп көзі еді. Себебі, Кейкінің соңынан елдің еруі мүмкін болатын. Сондықтан, Кеңестің ісіне ашық наразылығын байқатып, большевиктерден тысқары жүрген Кейкінің көзін жоюдың қажеттілігі туған еді. Сондықтан да Кейкі қаруын тастамады.

Құрманғали ДӘРКЕНОВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің профессоры

astana-akshamy.kz

 

Мынаны да қараңыз

Төлен ӘБДІК: Тарих және тарихи тұлға

Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *