Ауылдағы алты әңгіме

I әңгіме

«Арсыз жеңдім дейді, бейбақ көндім дейді» — қазақ мақалы!
Сонымен, 5 қазан күні Астана-Арқалық бағытына жүретін поезға отырып, елге тарттым. Әуелі көлікпен шығатын болып едім, 6 күні сағат 15.00 өтетін қоғамдық тыңдаулардан қалып қоярмын деген қауіппен ол ойдан бас тарттым. Себебі көлік сынуы мүмкін, ауа-райының қолайсыздығы тағы бар және жолда бензиннің өзі қат деген ақпарат жеткен болатын. Және селкілдеп 700-800 шақырым жүргенше поезға отырған дұрыс-ау деген ұйғарымға келдім. Келесі күнгі таңғы 6.27 уақытында Арқалық вокзалына келген соң Арқалық-Торғай бағытындағы таксилерге барсам екі көлік те толық екен. Енді не істеймін деп тұрғанда, көрші ауылдағы бір кісіні жолықтырып, Торғайға қарай бірге жолға тарттық. Арқалықтағы «Қазмұнайгаздың» жанар-жағар май құю станцияларына келсек, әр адамға 10 литр бензин беріледі екен әрі ұзақ-сонар кезек. Бір жүз қаралы машина бар-ау шамасы.
Барымен базар деп тоқтамастан Арқалықтан 150 шақырым қашықтықтағы Амангелді кентіне келдік, мұнда әйтеуір бір қолға 20 литр беріледі екен және кезек бәлендей көп емес. Сол бетімізбен тоқтаусыз жүріп отырып, тағы да осындай қашықтықтағы Торғайға сағат 11.00-ден кейін жеттік-ау. Ал, бұл кезде қоғамдық тыңдауларды өткізушілершілер жиналысты 15.00 сағаттан 11.00 сағатқа ауыстырып жіберіпті. Қызық, мысалы, Сіз елді кеші 20.00 уақытында тойға шақырып, сағат 16.00 кезінде өткізіп жіберген сияқты ғой. Әрине, тойға шақырылғандар таң қалуы бек мүмкін. Сонда жиналысты өткізушілер өз сөздерінде тұрмай ма, әлде халық оларға ойыншық па?!
Жарайды, әйтеуір үлгердім-ау.
Енді қоғамдық тыңдауға алыстан ат артып келгендер туралы. Торғайдың ақсақалдарына «келемін» деп уәдесін берген Атамқұлов мырза, Торғай жұртына аңда-саңда қарасын көрсетіп кететін облыс әкімі Мұхамбетов мырза, ғарышкер Айдын Айымбетов, «Бәйтерек» БК, «Ғарыш-экология», «Роскосмос» корпорациясының, сондай-ақ, тиісті министрліктердің өкілдері бар, арасында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Цойды таныдым. Жалпы, Атамқұлов Торғай тарихында тәуелсіздік алғаннан бері алғаш келіп тұрған министр екен. Басқасы қарасын көрсетпетті де, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің келуінің өзі мәселенің маңыздылығына байланысты емес пе? «Торғай халқы қалай қарсы алады» деген қаупі болса керек, облыс әкімі Мұхамбетов мырзаны ала келген сыңайлы.
Жиналыс басталды, Атамқұлов «тікұшақпен ұшып келдім, Торғай жері ұланғайыр екен, небір батырлар мен ақындар шыққан мекен, Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан күн — бұл керемет күн» деген сарындағы «әңгімесін» айтты. Өзінде бір сенімсіздік бар, қанша дегенмен бір жерден «шу шығып кетеді» деген ойы бар секілді.
Алайда, жиналыс әміршіл-әкімшіл жүйенің сценарийімен өтті. Тіпті баяғы Коммунистік партияның жиналысы ма деп қаласың.
Қоғамдық тыңдауларды облыс әкімі жүргізіп отырды, ал Айдын Айымбетов сол отырғаннан тапжылмай 3 сағат отырды, тіпті ләм-мим деген жоқ. Ең болмаса, «құрметті Торғай халқы, біз Сіздерге ризамыз» деп айта салса да жетеді ғой.
Жарайды, сөйтіп, алдын ала дайындалған сценарийді байқадым, мен 24 тармақтан тұратын тезис дайындап алып келген болатынмын, ашық пікір алысу болады деп сенгем ғой.
Сөйтсем, «арсыз жеңдімнің, бейбақ көндімнің» кебі екен!

ІІ әңгіме

Ақшығанақты алғаны, Ақкөлге қолды салғаны!
Атамқұлов мырзадан кейін «Байтерек» бірлескен кәсіпорны өкілі Жұматай Қазниязов, «Роскосмос» корпорациясының өкілі Вадим Митин, «Ғарыш-экология» өкілі Жайлаубай сияқты спикерлер баяндамаларын жасады. Арасында сұрақтар да қойылды. Шынын айту керек, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов мырза өз деңгейінде: «облысқа қатысты сұрақтарды маған қойыңыздар», ал ғарыш саласы қонақтардың еншісінде» деп бірден бөліп берді.
Сәйкесінше сұрақтар екі бағытта өрбіді. Рахым деген ағамыз «зымырандардың құлау тракториясын өзгертуге болмас па?» екен деп айтты, ал басқа кісілердің облысқа қатысты сұрақтары: «Торғайға қашан жол түседі» деген сарында болды.
Енді кішкене шегініс жасасам, Қостанай облысы Жанкелдин ауданының Ақшығанақ ауылдық округінің жері бұрыннан зымыран қалдықтарының құлауына берілген болатын. Былтырғы жылы деседі. Бір айта кетерлігі, біздің екі-үш ауданымыз (Жанкелдин, Амангелді ауданы, бұрынғы Арқалық ауданының жерімен қоса Арқалық қаласы) Қостанай облысының жартысын құрайтынын ескерсек, Ақшығанақ ауылдық округінің жері көлемді, шаруашылыққа да қолайлы. Серік Тұрғынбеков пен Кеңшілік Мырзабековтың туған ауылдары. Ол ауылдың жерін алар кезде халықтың пікірін сұраған да жоқ, айтуларынша мемлекеттің жері екен.
Сөйтіп, зымыран қалдықтары құлап жатты, ал халықтың мүддесі мен жағдайы ескерілген жоқ. Былтырғы жылы «Байтерек» БК жаңылмасам 350 әлде 360 мың доллар қаражат бөліп, оның 50 мың доллары Жанкелдин ауданының бюджетіне, қалғаны облыс бюджетіне аударылғанға ұқсайды. Халықтың да ренжитін жөні бар.
Ешкім үндемейді, төбемізді шұрқ тесіп жатыр, зымыран қалдықтары боса болмаса құлауда, экология туралы айту қиын.
Зымыран ұшырғыштардың көзі енді Збан мен Қарасу жағындағы, дұрысы Шөптікөл маңындағы Ақкөл жұртына түсті.
Сөйтіп, дегендеріне де жетіп, Ашқығанақты алғаны, Ақкөлге қолды салғаны болып тұр!

ІІІ әңгіме

Цифрлар не дейді?!
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке қойылған сұрақтар бойынша мынадай жауаптар алдық:
1. Арқалық-Торғай трассасын қайта жөндеуге 2,5 млрд. теңге бөлінеді.
2. Алайда көбінесе жамаулы жөндеу көрмек екен.
3. Бұрын жылына 6-10 шақырым жөнделетін болса, енді жылына 18-20 шақырым дұрысталатын болды. Сонда Торғайға дейінгі жол қай жылы түсетінін есептей беріңіз!
4. Арқалық-Жарқайың және Торғай-Ырғыз жолының жөнделуі әзір белгісіз, алайды 2020 жылы Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз жолы түсуі мүмкін, бірақ аталған жолды Дүниежүзілік банк қаржыландырады.
5. Биыл Әулиекөл мен Амантоғай арасының 64 шақырымы жөндеуден өтті.
6. Ұялы байланыс бойынша Билайн қызметіне қарыз 26 000 млн. теңге, оңтүстік аудандар бойынша байланысты күшейту үшін олармен келіссөз жүргіземіз. Ресей байланыс операторы құлақ асар ма екен?
7. Көмір мәселесі де қозғалды, қазір ауылдарда тоннасы 17-18 мың теңгеден, алайда ол көмір де жоқ, білгіштердің айтуынша Шұбаркөл көмір разрезін Ресей сатып алған-мыс, көмірге барғандар 5-6 күн қарайлап қалады-мыс. Анық-қанығым білмедім, бірақ көмір жоқ.
8. Бензин мәселесі бойынша Министрлікпен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
9. Ақкөл ауылына барып, Ахмет Байтұрсыновтың туған үйін өз көзімен көрмекші.
10. Бір ауылға (Қарасу ма әлде Збан ба, аңғармай қалдым) 5 млн. теңгенің жедел жәрдем көлігін облыс басшысы өзі бөлдірді.
Тағы да қосымша сұрақтар болды, бірақ бастылары осындай мәселелер!

 

IV әңгіме

«Бешбармақ» жегіш Атамқұлов!
Мен де өз тарапымнан сұрақтар қойдым, бірақ жалпы жағдай толық айтуға мүмкіндік бермеді, бірақ қысқаша ғана айтып үлгердім.
Әуелі Атамқұлов мырзаға: «Ресейдің зымыран технологиялары ескі екенін, олардың пайдаланып жүргендері 50-60 жылдардағы технология негізінде жасалғанын және Байқоңырдан ұшып шыққан зымырандар Қызылорда облысының аумағынан басталып Қарағанды облысының Ұлытау, Ақтөбе облысының Ырғыз, Қостанай облысының Аманкелді және Жанкелдин аудандарынан өзге тағы 7 ауданының үстінен өтетінін және табиғатқа, флора мен фаунаға теріс әсері туралы, Торғай қолаты арқылы Сібірден жылы жақтарға құстардың басым бөлігі өтетінін, зымырандардың құлау аумағы киіктердің төлдеу мекені екенін, былтырғы жылы Көкалат ауылында болған дала өртінен қойшы мен 1500 қойдың жанып кеткенін, дала зымырандардың құлауынан дала өрттерінің болуы мүмкіндігі туралы, былтырғы Жезқазған жақтағы екі адамның жанып кетіп, ол кезде зымыран қалдықтарының құлауынан иістің салдарынан адамдардың басы айналғаны, құсқысы келгені, көз жанарлары біртүрлі болғаны, «Алтын Дала» резерватының, «Ырғыз-Торғай» қорығының, Науырзым қорығының зымыран қалдықтарын тастау аумағына жақын және траектория жерінде орналасқанын айттым». Әрине, сұрақтарым ұнамай қалды, сөз ауанын «қандай зымырандар туралы» деп айтты. Әрине, «Союз-2» зымыран ұшырғыштары мен олардың бөлшектерінің құлауы туралы екенін тағы бір нақтыладым. Өз сөзінде Министр Қазақстанда жалпы, ғарыш зымырандарының 2000 рет ұшырылғаны, штатты жағдайдың өте сирек болғаны туралы айтты. 2025 жылға дейін гептилмен ұшырылатын зымырандардан толық құтылатындығымызды және жыл сайын оларды азайтып отырғандарын жеткізді.
Ауған соғысына қатысқан бір жерлесіміз Атамқұлов мырзаны Ақкөл жаққа қонаққа келуге шақырды. Министр мырза зымырандардың алғашқы құлауына өзі тағы келетінін және Торғайдың «бешбармағын» жеп қайтатын айтты.

V әңгіме

Кім дұрыс, кім бұрыс айтты?
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Бәкірұлымен қатар Қостанай облысының басшысы Архимед Бегежанұлына да сұрақтар қойдым.
1. Әрине, жол мәселесі туралы, ол туралы жоғарыда айтылды.
2. Ауыз су мәселесі жөнінде, Қостанай облысы Жанкелдин ауданының мынадай елді мекені ауыз су тапшылығын көріп отыр. олар: Милісай, Шилі, Түйемойнақ, Шеген, Сарысу, Қарғалы, Тентексай, Қанай, Бидайық, Қалам-Қарасу, Шұбалаң, Ошағанды.
3. Медицина саласының нашарлығы, ауру-сырқаудың көп екендігі, тек аудандық ауруханада ғана білікті мамандардың бар екендігі, дәрігерлердің жетіспеуі Жанкелдин ауданы бойынша 51 процент екенін, ауылдық жерлерде дәрігерлердің
көбіне орта білімді мамандар екені туралы.
4. Қостанай облысы бойынша ең жоғары жалақы 110 000 теңгеден ең төменгі жалақы 12 000 теңге екенін, сәйкесінше аудан бойынша орташа жалақы 25 000 — 35 000 теңге екенін айттым.
5. Қысқаша айтқанда тек Жанкелдин ауданы ғана емес, Торғай өңіріне жіті көңіл бөлінуі керектігін білдірдім.
Тағы да қосымша сұрақтар болды.
Алғашқы реакциясы қызық екен. Бірден қаламын алып, мен жұмыс істейтін «Тобыл-Торғай.кз» сайтын жазып алды, яғни қызығушылығын көрсетті.
Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов аудан бойынша орташа жалақының 69 000 төңірегінде екенін айтты, ал менің дерегім олардың «Қазғарыш-экология» берген мәліметтері негізінде жасалған талдау негізінде еді. Негізінде Шота Сәбитбекұлымен жеке таныстығым жоқ, орынбасарларын және аппарат басшысын білемін, әрине. Аудан әкімін іскер басшы ретінде танимын, барлық іс-әрекеттерін қарап, зерттеп отырамын.
Жаңағы жоғарыда аты аталған ауылдардың екеуіне таза су тартылатын болды, қалғандарына болашақта қарастырады.
Медицина саласы бойынша тұшымды жауап алмадым, ол бойынша қосымша жазамын.
Жалақы туралы айттым. Айтқандай, әкім жылуы мазутпен жағылып отырған Арқалық қаласы туралы да айтып берді
Ең бастысы, әкім назарын Торғай өңіріне аударса екен тілек.

VI әңгіме

Зымыран қалдықтары 3 жылда 8 рет түсе ме, әлде 20 рет құлай ма?
Облыс әкімінің айтуынша, Ақкөл аймағындағы жерлерге 3 жылда 8 рет зымыран қалдықтары тасталады екен. Министр мырза 20 деген санды айтып қалды, ол әлде жалпы құлауларды айтты ма, сол жағы түсініксіздеу болып қалды. Дұрысы, «Байтерек» бірлескен кәсіпорны өкілінің маған бұрын айтқанындай, жылына 4-5 рет құлайды деген ақпараты шындыққа келетін сиықты.
Өтемақы ретінде жылына 152 000 млн теңге бөлінетін болды.

Амандық ӘМІРХАМЗИН

(Фотолар ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Ғарыш-экология» ҒЗО РМК сайттарынан алынды)

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы сапасыз азық тұтыну бойынша көш бастап тұр

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ұйымдастырған сауалнаманың қорытындысы бойынша елімізде қызмет ...

7 пікір

  1. Мәрзия

    Біз бейбақ емеспіз, біз көнбіс емеспіз! Көтерейікші басты!

    • Автор, сіз неге бұл мәселеге біржақты қарайсыз? Жангелдин ауданында ешқандай ірі өндірістер жоқ, осыған тиісті салық түсімдері де жоқ. Жангелдин ауданы басқа аудандарға қарағанда, мысалы Денисов, Амангелді аудандарын алғанда, 80% Қостанай облысының бюджетінен дотация алып отыр. Сіз ауданның экономикасын арттыру жолдарының мәселесін неге көтермейсіз? Осындай мүмкіндік туып отырғанда, халқымыздың жағдайын жақсартпаймыз ба?

  2. Мейрамбек

    Зымыранның бірінші бөлігі Торғай ауданына кұласа, екіншісі Ресейдын жеріне құлап жатыр. Менің білуімше Союз зымраны керосин мен оттегі қосылған кампоненттерімен ұшады. Сондықтан зымраннын құлаған бірінші бөлігі Торғайдын жеріне ешкандай зақым тегізбеуі керек. Ол зымыранның пайдасы зор деп ойлаймын. Мысалы Байқоңыр кешенінде біздін азаматтарымыз жұмыс жасап жатыр, олар отбастарын сол зымранды ұшырып отбастарын асырап отыр, екіншіден ол осы кездегі заманауи иновациялық технологияларға пайдасы бар.

  3. Студент бала

    Ол іс-шара букил казакстанга керек шаруа емеспа? Жаксы жедел интернет болса Сапалы байланыс болса

  4. Сулейменов Кайрат

    Айтылғаңжоқпа. жылына 2-3 рет ушырады деп, сол айтыпқалғаңдары шың шығар. Айтпесе, 3 рет деп айтып алып, одаң артық жерді пайдалануға қалай сұрайды? Эпизодтап жерді алмақшы меспа? Дұрыс түсіңбедім ба?

  5. ӘлМуса

    Зымыраннан коркудын кажеті жок. Керемет инженерлер тиісті расчеттарын жасаған шыгар. Ажалын жетсе төсегінде жатып кете берерсін.

  6. Ер Қыпшақтың ұрпағы

    Ей-й, ЖЕРЛЕСТЕРІМ-ай! «ИТ ҮРДІ — КЕРУЕН КӨШЕДІ-нің» кері болады ғой?!…

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *