Айнажан БУРБАЕВА, «Үздік педагог – 2017» байқауының жеңімпазы: Жаңашыл мұғалім – өз тәжірибесіндегі қателерін түсініп, білімін жетілдіре алатын тұлға

Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздарды «Адамдық диқаншысы» деп бекерден-бекер атамаса керек. Шәкіртінің бойына білім нәрін сеуіп, адамгершілік дәнін егетін абзал жандарды қалай құрметтесек те артық емес.

Ұстаз бала жанының бағбаны әспетті. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балапандарды өзіне баурап алып, мейірімі мен шапағатын күн шуағындай төге жүріп, өз уақытын аямай, шәкіртін бақытқа жеткізеді. Ол тек шәкіртін ғана емес, ұлтын, күллі адамзат баласын бақытқа жеткізу үшін еңбектенеді.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» деп дана Абай айтқандай, жауапкершілігі мол мамандықты таңдап, сол жолда аянбай тер төгіп жүрген жандардың бірі Қостанай облысының Рудный қаласында тұрады. Аты-жөні –Айнажан Бурбаева. Рудный қаласындағы №10 мектеп-гимназияда балаларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жуырда ол республикалық «Үздік педагог – 2017» байқауында жеңіске жетіп, әріптестерін бір қуантты. Ұлағатты ұстаз, сондай-ақ, 2 млн теңгені қанжығасына байлады.

Айнажан Халиханқызы Қостанай облысы Денисов ауданы Лисаковск қаласында туып, балалық шағы Перелески ауылында өтті. Ауыл мектебінде оқып жүріп-ақ балаларға география пәнінен сабақ берген екен.

«Бұл іс мен үшін өте қызықты және қолымнан келетін іс сияқты болып көрінетін. Мұғалімдерім «болашақта балаларды оқытатын шығарсың» деп айтатын. Яғни, бүгінгі мұғалімдік жолымды ұстаздарым алдын ала болжағандай көрінеді» дейді Айнажан.

Жалпы білім саласында 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұстаз өзі қызмет ететін мектепте баланы жан-жақты дамытуға көп назар аударылатынын айтады. Яғни, пәндерге қоса қосымша білім беруге көп көңіл бөлінетінін, республика бойынша телестудиясы бар жалғыз  мектеп екенін, сондай-ақ, би, қолөнер, робототехника жақсы дамығанын мақтанышпен жеткізді.

– Бүгінгі жаңартылған білім беру бағдарламасы туралы жеке пікіріңіз қандай? Нендей артықшылығы бар? Бүгінгі балалардың бағдарламаны игерулері қай деңгейде? – деп сұрадық біз Айнажан Халиханқызынан.

– Әрине, еліміз дамыған елдер қатарына қосылсын деп армандаймыз, – деді ол. – Жаңартылған білім мазмұны, бұл – армандарды іске асырудың бірден бір жолы. Сондықтан бұл идеяны жүзеге асыру – біздің міндетіміз. Алайда,  қиындық жоқ емес. Ата-аналар мен балалардың ой санасының дайын болмауы, оқушылардың білімді саналы түрде игеруге мақсат қоймауы өз әсерін тигізбей қоймайды. Баға қойылмайтындықтан, балалар үй тапсырмаларын орындамайды. Бірақ, соған қарамастан, мұғалімдер қалыптастырушы бағалаудың бірқатар тәсілін іздестіріп, қолдануға тырысады.

– Сабақ түсіндіруде өзіндік әдіс-тәсілдеріңіз бар ма?  

– Әрине. Сабақ беруде басты нәрсе – оқушы алдына дұрыс талап пен мақсат қою. Бала 40 минуттік сабаққа не үшін келгенін түсінсе, сабақ іске асты деуге болады. Мен үшін сабақтағы әдіс-тәсілдерден гөрі оқушыға берілген тапсырманың мазмұны мен әсері маңыздырақ. Өйткені, балаға дұрыс мақсат айтылса, ол сол мақсатқа жету жолын өз мүмкіндігіне қарай табуға тырысады. Кейбір мұғалімдер өз сабағында неше түрлі әдістер мен формаларды ұйымдастырып, сабағын өткізеді, бірақ оқушы көп қимыл жасайды да, мазмұнын кейде түсінбей қалады. Немесе сабақта парталарды жылжытып, сабақты көрнекілік пен стикерлермен безендіреді, бірақ оқушының білік дағдысына әсер ететін тапсырмалар болмай қалады. Сондықтан сабақтың тиімділігі тапсырманың мазмұны мен формасында деп санаймын. Сонымен қатар баланың сұрағына тура жауап бермей, оны ойландыратындай жағдай жасау. Баланы әр нәрсеге сыни көзқараспен қарауға үйрету. Және сабақта әр баланың әр минутын жұмыспен толтыру, – деді Айнажан Бурбаева.

Шәкірттеріңіздің көркем әдебиетке деген қызығушылығы қандай?

Өкінішке қарай, орыстілді мектепте жұмыс істегендіктен, әдебиет сабақтарында бір шығармаға тек 1 сағат бөлінеді. Әрине, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінде оқу және түсіну үшін бұл уақыт тым аз. Сондықтан оқушылар қазақ әдебиетін тереңдетіп оқи алмайды. Дегенмен, Абайдың өлеңдерін, Қара сөздерін құлшынып жаттайды. Қазір орыстілді мектептердің жаңа бағдарламалары бойынша әдебиет жеке пән ретінде берілмейді. Оны қазақ тілі сабақтарында шолу ретінде өтеміз.

Өзіңіз білім беретін оқушыларыңыздың ізденуге, саналы түрде білім алуға ұмтылуы қай деңгейде? 

– Менің ойымша, баланың пәнге қызығушылығы мұғалім тұлғасына байланысты. Мұғалім қаншалықты беделді, өз ісінің шебері болса, балаларды да соншалықты қызықтыра алады. Сонымен қатар баланың саналы білім алуы отбасы берген тәрбиесінен басталады. Үйде ата-анасы дұрыс талап қойып, білімнің адам өміріндегі рөлін түсіндіре білсе, баласы мектепке білім үшін келеді. Менің оқушыларым қазақ тілінде сөйлеуге тырысады.

«Үздік педагог – 2017» атанғанға дейін қандай жетістіктерге жеттіңіз?

– Әр жылдары мамандығыма байланысты қалалық, облыстық байқауларда топ жарып, жүлделі орындардан көріндім. 2005 жылы қазақ тілі пәні бойынша мұғалімдерге арналған қашықтық республикалық олимпиадада 1-орынды жеңіп алсам, 2016 жылы да дәл осы олимпиададан 1-орынға көтерілдім. Сонымен қатар биыл өткен республикалық «Оқушыларға патриоттық тәрбие беру» байқауынан топ жардым.

Заманауи мұғалім белгілі талаптарға сай болуы тиіс деп есептейтін ұстаз  өзіне де осындай талаптарды қояды екен:

  • өз пәнінің қыр-сырын білу;
  • мұғалім мамандығын адамның болашақ өмірін қалыптастыратын мамандық ретінде қабылдау, оны сүю;
  • жаңалықты қабылдау, өзгерістерге бейімделу;
  • кез келген жағдайда баланы оқытуға дайын болу;
  • әр оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, оның нәтижелеріне жауапты болу;
  • оқушының өз бетімен білім алуына, пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақты қолайлы ұйымдастыру;
  • сабақты озық технологияларымен түрлендіру;
  • кез келген жағдайда әріптестерге көмек беру, тәжірибе тарату;
  • ақпараттық–коммуникациялық технологиялар арқылы оқушының сандық сауаттылығын дамыту;
  • үнемі ізденісте болу, өзімнің тәжірибемді жетілдіру;
  • еліміздің білім беру жүйесіне аз болса да, үлес қосу.
  • – Бұл талаптарды орындау барысында өзімнің бірқатар ұстанымым бар. Олардың біріншісі – мұғалімдік рөлді түсіну. Өзім жаңа технологияларды одан әрі дамыту жолындамын, сонымен қатар, уақыт пен ұрпақ арасында байланыс орнатып, өз тәжірибемдегі жаңалығымды әріптестеріммен бөлісемін. Педагогикалық жолымда қоғамдағы рөлімді түсіну – мен үшін маңызды. Өйткені, мұғалімнің әрбір сабағы мен баланың өмірге дайындығы өзара байланысты. Сабағымды  қалай дайындап, өткізсем, оның нәтижесі де табысты болмақ. Күнделікті сабақ – баланың даму ортасы. Биылғы жылдың балалары өткен жылғы балалардан ерекшеленеді, өйткені, олар қоғам дамуына сай өсіп, әлемде болып жатқан өзгерістерге бейімделеді. Сол себепті мұғалім де оқыту процесін жетілдіріп, өмірдің қажеттілігіне сай ұйымдастыруы қажет.

Айнажан Халиханқызы қазіргі уақыт ақпараттық қоғам кезеңі, технологиялық мәдениет дәуірі екенін, оқушылар сабақты өзі баяндайтын, тақта мен бормен шектелетін, сабақта тапсырманы оқушылардан жекелеп сұрайтын және өзі бағалайтын мұғалімді қабылдамайтынын айтады. Олар үшін өздеріне қажеттіні тауып беруге бағыт беретін, сабақта басқа оқушылармен қарым-қатынас арқылы жұмыс нәтижесінде білім алуға мүмкіндік беретін мұғалім керек дейді.

– Оқушыларды қызықтыратын түрлі гаджеттерді сабақта қолдануға мүмкіндік жасайтын мұғалім тартымды болады. Мұның бәрін түсініп, өзімнің жетілдіру тақырыбымды ұстаным ретінде «Оқушылардың сөйлесім әрекеттерін ақпараттық-коммуникациялық технология құралдары арқылы қалыптастыру және бағалау формалары» деп таңдадым. Бұл технологияны қолдануда негізге алатыным – тілді сандық сауаттылық арқылы дамыту. Өкінішке қарай, мұғалімдердің көбі ақпараттық-коммуникациялық технологияны интерактивті тақтада презентация формасында өздері демонстрация жасауды түсінеді. Бұл, әрине, қателік. Заманауи мұғалім оқушыны өз бетімен ақпаратты сандық формаға айналдыра алатын жағдайға жеткізуі тиіс. Өз сабағымда сөздік кітаптарының орнына google сөздікті, оқу процесін тездететін құралдарды қолдануға  үйреттім.  Оларға электрондық оқу құралдары, компьютерлiк тестiлеу жүйесi мен бiлiмдi бақылау бағдарламалары, электрондық анықтамалар мен энциклопедиялар, аудио, фильмдер, интернет желiсiндегi ақпараттық материалдарын жатқызамын. Сабағымда электрондық оқулықтарды және интерактивті тақтаны пайдаланғанда оқушылар лексиканы қолдануға үйренеді, сөйлеу ырғағын түсінеді, айтуға жаттығады, диалог, монолог және рөлдік ойындарды топ арқылы жүзеге асырады, хат жазуға үйренеді, грамматикалық құрылымдарды түсініп, естерінде сақтауға машықтанады.

Келесі заманауи ұстаздық ұстанымыма келетін болсақ, сабағымда болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір, көзқарасы дамыған, қазіргі сандық     технологияларды өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең  пайдалана білетін баланы қалыптастыру. Яғни оқытуымның басты      бағыттардың бірі – ойлауды дамыту. Оқушы өзінде бар білімді түрлі дерек  көздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдерімен      біріктіре отырып іске асыра алу қабілетін дамыту. Бұл бағытты жүзеге асырудың көзі – сыни тұрғыда ойлау технологиясы. Бұл технологияның мен үшін тиімділігі сынып оқушыларының барлығы деңгейлік тапсырманы тиянақты орындауында, яғни, білім көрсеткішінің нақты және сапалы болуы. Өз тәжірибемде «Топтау», «Түртіп алу», «Ойлану», «Жұпта талқылау», «Болжау», «Әлемді шарлау» «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Еркін жазу», «Семантикалық карта», «Т кестесі», «INSERT», «Домино», «Эссе», «Автор орындығы», «6 қалпақ», «Өрмекші», «Ақпараттық парақ», «Қиын және жеңіл сұрақтар», «Кідіріспен оқу», т.б. стратегиялар арқылы оқушы мен мұғалім арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты орнатамын. Сабақта оқушының өз білімін өзі бағалап, білім деңгейін дамыта алуы да көптеген шеберлікті талап етеді. Олай дейтінім, оқушылардың оқуға ынтасы мен пәнге қызығушылығының артуындағы себептерді туғызу. Одан әрі оқушының іздену дағдысының, ұстамдылығының қалыптасуына дәлелді нәтижелерге әкеледі. Сонымен бірге әрқашан оқушы іс-әрекеті белсенділігінің артуын қадағалай аламын. Осы дағдылардың арқасында бала жоспарлаған мақсатына жету жолында қиындықтарды жеңу, ойын іске асыруға ұмтылуы байқалады. Баланың өз бетімен жұмыс істеуі мен жауапкершілігінің барына көз тойдырмастай ететін көптеген жетістік деңгейінде оңай қол жеткізуіне себепкер боламын.

– Әрине, бүгінгі мұғалім әрдайым ізденісте болуы қажет. Сіз қандай да бір курстардан өттіңіз бе?

– Даму жолында жүрген мұғалімнің келесі ұстанымы – әрдайым ізденісте болу. Озық тәжірибе үйрену мақсатында деңгейлік бағдарламалар курсын оқып шықтым. Курстың мен үшін пайдасы – баланы диалог арқылы оқытудың маңыздылығын түсіну және бағалау формалары мен тәсілдерін қолдануды үйрену. Курстан келген мұғалімдер және бұл курстарды оқымаған әріптестер диалогтік оқытуды парталарды топтарға қойып, неше түрлі стикерлер мен суреттерді қолдану деп есептейтіні шындық. Бірақ мен үшін диалог арқылы оқыту – оқушыға сабақта еркіндік беру, жанындағы сыныптасынан әлденені сұрауына жағдай жасау, өз ойын еркін айтуына мән беру, мұғаліммен тең дәрежеде сөйлеуі, бірнеше оқушымен бірігіп бір істі орындауда нәтижеге жету, оқушылардың бір-бірін оқытуы. Парталарды топтарға қоймай-ақ диалог арқылы оқытуға болады деп есептеймін, өйткені, мақсатты түсінетін, оны іске асыруға талпынатын оқушы қалай отыратынын, кіммен ақылдасатынын өзі табады.

Елімізде білім берудің жаңартылған бағдарламасына көшу процесі басталды. Маған бұл жұмыс қиынға түспейтініне сенемін, өйткені, сабағымда қалыптастырушы бағалау мен нәтижені болжауды қолданамын. Сонымен қатар бар білімімді толықтыру үшін көптеген белгілі ұстаздың семинараларына қатысамын. Олардың ішінде жұмысыма көп көмек бергендері – Д.Шаматовтың, Р.Шәкіровтің семинарлары. Білім беруде болып жатқан реформаларын қабылдауға дайынмын.

– Ұстанымдарыңыздың тағы бірі – мұғалімнің көшбасшы болуы. Заманауи мұғалім өз ортасында, ата-аналар, оқушылар арасында беделді адам болуы шарт деп есептейсіз…

– Иә, олай дейтін себебім: ұстаз сөзі адамға өтеді, оның қылығы үлгі болады, оның кеңесі ұстаным болып кетеді. Мұғалім – көшбасшы, ол кез келген аудиторияны басқара алады, мәдениетті сөзімен адамға әсер етеді, жағдайсыз, құрал-жабдықсыз жерде күтпеген уақытта сабақ бере алады. Өкінішке қарай, әріптестерімнің көбі сабақтың дұрыс болмауына жабдық пен техникалық құралдың жоқтығын сылтау етеді. Меніңше, шынайы шебер қолына тиген нәрсені құралға айналдыра алады, қолында ештеңе болмаса да, сабағын нәтижелі өткізеді. Көшбасшы өзінің идеяларымен әріптестерін жаулап алады, жұмыстың қозғаушы рөлін атқарады.

Ойымды қорытындылай келе, жаңашыл мұғалім – өз тәжірибесіндегі қателерін түсініп, өз білімін жетілдіре алатын тұлға. Білім беру жүйесін нығайту жолдарын іздейтін, тәжірибесін басқаларға үйрететін мұғалім –заманауи мұғалім. Ол әр күнін ерекше сабақтарымен толтырады, баланың өмірде өз орнын табуына жетелейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты әзірлеген Айша БЕКҚЫЗЫ

 

 

Мынаны да қараңыз

Білім жүйесінде қандай маңызды жұмыстар атқарылуда?

Ерлан Сағадиевтің Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындалғанына 1 жыл толды. Осы бір ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *