Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Торғайдағы келелі істер!
2018 жылы Торғай шаһарында білім нәрін себетін көпсалалы колледж ашылады
Қазақстанда бір ғана шағын қалада 6 музей жұмыс істеп тұрған шаһар кемде кем шығар. Расында бұл өте сирек құбылыс. Оның өзіндік себебі де бар. Дәл осы аталған музейлер кешені – Торғай музейлер кешені деген жалпы атаумен белгілі, онда Торғай өңірінен шыққан, барша қазаққа ортақ 158 тұлғаның аты-жөні жазылған. Оның бірі, әрине, Ыбырай Алтынсарин.

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық ,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры
Бастасаңыз аллалап.
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз , балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы,
Күннен- күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.
Өнер- білім бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Надандықтын белгісі —
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай
Ақ, қараны танымас.
Аяңшыл ат арымас,
Білім деген қарымас.
Жөн білмеген наданға
Қыдыр ата дарымас.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқу деген шыны – ды,
Тұрған сайын шыныққан.
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан.
Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Әлпештеген ата – ана
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата – енең картайса —
Тіреу болар бұл оқу,
Қартайғанда мал тайса
Сүйеу болар бұл оқу.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды,
Танымаған құдайды
Не ғылғанда ұнайды?
Шырағым абай болғай деп,
Ата – енең жылайды,
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды.

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Бұл бүкіл қазақ баласын оқу-білімге, ілімді үйренуге шақырып, соған өзі ұйытқы болып, қазақ даласында бірнеше мектептер ашқан, дүниедегі байлық та мал да, бақыт та – тек оқу екенін өсиет еткен, ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың балаларға арнаған өлеңі.
Осы жерден шамалы шегініс жасайық.

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісшілері бір уақыт дәл Торғай жерінде тоқтап, батысы Кіші жүзге таман, мына жағы Сырға жақын, шығысы Ұлытау, солтүстігі Қостанай, әрісі тікесінен Атбасар, Көкшетау, Ақмола кетуге мүмкіндігі бар, көтерілісшілер үшін қолайлы орын болған Торғай жерінде бір жыл қыстайды. Қазақ жерінің жүрегі – дәл қазіргі Торғай қаласының орнынан 1845 жылы Ресей империясы Оренбургское деген қамал салды. Бұл даламызға ішкерелей енген империяның мықтап түрен салуы болатұғын.

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Ендігі кезекте күрес жеңіліс тапса да, халықтың болашағы ілім-білімде қалған еді. Осыны жақсы түсінген қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин тура 153 жыл бұрын қазақ даласында алғашқы мектепті ашқан еді. Көптеген қиыншылықтарға қарамастан халықтың дем беруімен және нағашылары атақты Шақшақ Жәнібектің тұқымы Шеген бидің қамқорлығы мен қолдауының арқасында 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай шаһарында қазақ балаларына арналған алғашқы қазақ мектебі ашылған болатын. Оған 16 бала қабылданды.
Ыбырай Алтынсарин саналы ғұмырының 26 жылын Торғай қаласында өткізіп, сол кездегі патшалық Ресей құрамындағы Торғай облысының Елек, Ырғыз, Қостанай мен Торғай қалаларында бірнеше мектептер салдырады. Еңбегі зая кеткен соң, 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасыр басында дәл осы мектептердің түліктері — қазақ зиялыларының қаулап шығуына алып келді, Қостанай мен Торғай өңірлері қазақ халқына көптеген ұлы тұлғаларды берді. Бұл үрдіс әлі де жалғасуда. 49 жасында қайтыс болған Ыбырай атамыз бастысы қазақ жеріне білім нәрін сеуіп кетті.

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Енді, міне, бір жарым ғасырдан кейін дәл осы жерде тағы бір білім ошағы есігін айқара ашайын деп отыр.
Бұл – Қостанай облысының Жанкелдин ауданында 2018 жылы ашылуы жоспарланып отырған көпсалалы колледж. Аталған колледж облыс орталығы Қостанай мен өңірдің оңтүстік аудандарының орталығы іспеттес Арқалық қаласынан тисініше 550 және 300 шақырым қашықтықтағы аймақ үшін өте қажетті оқу ордасы. Ендігі жерде, пайдалануға берілетін жаңа оқу орны тұрғындарға кәсіптік білім алу үшін алысқа бармай-ақ, тиісті мамандықты тұрғылықты жерден игеріп шығуына мүмкіндік беріп қана қоймай, шәкірттердің колледж жанындағы жатақханада тұруына да мүмкіндік жасайды. Колледж орналасатын екі қабатты ғимарат құрылысы толық аяқталды, тек үлкен спорт ғимаратының жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол да жақын арада аяқталып қалар деп сенемін. Колледж аумағы қоршалған. Бұл атқарылып жатқан шаралардың бәрі Елбасының «Туған жерге туың тік» деп «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ойларымен де үндес. Жалпы, бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жүзеге асырылып отыр.
Спабековтер әулеті әуелден-ақ еш ойланбастан «Торғай көпсалалы колледжінің» жобасын ұсынып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен еді. 2 қабатты нысан 1987 жылы аз қамтылған отбасылар мен жас отбасыларға арналған ескі жатақхана болып салынған. Ғимараттың тек қаңқасы болғаны болмаса, шындығында бұл көп жұмыс пен ресурсты қажет етті. Бүгінде қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған соң, қыркүйек айында оқу үрдісі басталуы тиіс еді, алайда кейбір техникалық жағдайларға байланысты оқу Жаңа жылдан кейін басталады деп жоспарланып отыр.
Өңір үшін өте қажетті мамандарды даярлауға арналған Торғай көпсалалы колледжінде ауыл шаруашылығы, орман шарушалығы, биотехнология, дәнекерлеу ісі, механизаторлық, көлік жөндеу, құрылыс салаларымен қатар өнер, педагогика, аспазшылық мамандықтарын игеріп шығуға болады. Бір сөзбен айтқанда бәрі де жұмыс берушілердің сұранысына сай, ауылдық жерге қажетті мамандықтар. Қазір оқу орны кадрлармен қамтылып, іс-қағаздары мен құжаттары реттелді.

Фото Amandiq Amirkhamzin.
Жобаны жүзеге асырып отырған Спабековтер әулеті ғимаратқа жылу да тартып қойды, спорт алаңының құрылысы да аяқталуға тақау. Сонымен қатар, шаһар сыртындағы тағы екі ескі ғимаратта жөндеуден өтпек, онда қосымша объектілер пайда болады.
Айтқандай колледж ауласына Қазақстанның өзге өңірлерінде өсетін ағаш-бұталар жерсіндірілді, гүлдер отырғызылды.
Қазіргі таңда оқуға қажетті барлық құрал-жабдықтар сатып алынып, өрт қауіпсіздік дабылдары, бейнекамералар орнатылды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша оқитын студенттер тізімі де жасалып жатыр.
Көптің игілігі үшін ашылғалы отырған колледжің ең басым тұсы – барлық оқу да жатақхана да тегін. Бүгінде лицензиялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Лизенция дайын болған сәттен бастап, мемлекеттік гранттар бөлініп, оқу үрдісі басталады.
Міне, біздің Торғайда да осындай келелі істеп атқарылып жатыр. Иә, кезіндегі Ыбырай Алтынсарин сияқты Спабектовтер әулеті де білім нәрін себуге осылай мұрындық болуда.

Фото Amandiq Amirkhamzin.

Сөзіміздің соңын Ыбырай Алтынсариннің мынадай өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр:
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан салай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар
Бәрі-дағы анықтай,
Білмегенде танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды!
Суреттерде Торғай көпсалалы колледжі ғимаратының және оның бөлмелері мен спорт алаңының құрылысы!

Амандық ӘМІРХАМЗИН

Фотоларды түсірген Ербол Спабек

Мынаны да қараңыз

«Мен өлгеннен кейін күтіңдер, балалар…»

  (Әліби Жангелдин туралы естелік) Атақты Қобланды батырдың Тоқтар атты баласынан туған бестаңбалы Қыпшақ – ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *