Бір жыл бұрын Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің бесінші орынбасары етіп Мейіржан Мырзалиевті тағайындағаны белгілі.
Аймаққа инвестиция тартып, экспорттық әлеуетті арттыру һәм кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарына тікелей жауапты Мейіржан Иябайұлы «Қостанай таңы» газетінің сауалдарына жауап берген екен. Соны «Тобыл-Торғай.кз» сайтының оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
— Мейіржан Иябайұлы, сізге дейін бұл бағытқа жауапты жеке адам болмады, жаңадан ашылған лауазым. Демек, тыңнан түрен салуға мүмкіндік болған арттағы бір жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылып, нендей нәтижелерге қол жетті?
— Қостанай облысында жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап, әуелі ішкі нарық қандай деңгейде, қай кәсіп ыңғайлы, қандай өнім сұранысқа ие деген сұрақтарға жауап іздеп, мүмкіндіктерді саралап шығуға тура келді. Алдымен өзім тікелей жауапты саланың бірі инвестиция мәселесіне тоқталсақ, оған төте жол ашатын халықаралық экономикалық байланыстардың аясын кеңейту жөніндегі шараларды ерекше айтар едім. Мәселен, биылғы ақпан айында қаламызда ірі халықаралық ұйымдардың қатысуымен жиын ұйымдастырудың сәті түсті. Оған Дүниежүзілік банкпен қоса, Азиялық және Еуропалық Даму банкін, еліміздегі даму институттары мен «Бәйтерек» ҰБХ, Қазқстанның ивестициялық қоры және бизнесте жүрген азаматтарды шақырып, бір үстел басына жинадық. Мақсат – ашық әңгіме алаңын құру. Қазақстан мен түрлі халықаралық ұйымдар бір-біріне қандай көмек көрсетіп, әріптестік орната алатындығын анықтадық. Ал сәуір айында арнайы Астанаға барып, еліміздегі барлық дипломатиялық корпус өкілдеріне Қостанай өңірін таныстырып қайттық. ҚР Сыртқы істер және Инвестициялар және даму министрлері қатысқан маңызды басқосуға 70 елден жиналған 200-ге жуық адам қатысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастап барған топ мүшелері Қостанай өлкесінің инвестициялық әлеуетімен жан-жақты таныстырып шықты. Мысалы, мен тек ағылшын тілінде Тобыл-Торғай жайында баяндап, барлық мүмкіндігімізді жеткіздім. Шынын айту керек, сол елшілердің басым көпшілігі біздің аймақты біле бермейді. Қостанай қай жерде орналасқан, не шығарады, қандай өндіріс орындары барынан бейхабар. Демек, солардың тілінде, өздерінің тәсілі бойынша түсіндіре отырып, кез келген инвестициялық жобаны қабылдауға әзір екендігімізді жеткіздік. Бұдан бөлек, ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасымен шет елдердегі біздің барлық елшіліктеріміз Қостанай облысы туралы мол мағлұмат таратып, инвесторлар назарын аударуға күш салды. Инвестициялық әріптестікке ерекше екпін берген «Kostanay Invest2017» халықаралық форумын да жеке-дара айтуымыз керек. Қыркүйекте өткен бұл басқосуға шетелден 100-ге тарта инвестор қатысты. Олармен сыртқы капитал тарту, жергілікті бизнеске жаңа трендтерді енгізу сияқты мәселелердің көкжиегін кеңейттік. Егер нақты нәтижелерге тоқталсақ, қолға алынған шаралардың арқасында аймақ экономикасна ағылған шетелдік инвестициялардың анағұрлым өсімін байқауға болады. Биылғы 11 айдың ішінде облысқа 179,7 млрд теңгенің инвестициясы тартылды, яғни бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,4 млрд. теңгеге артық деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын шетелдік тікелей инвестициялардың көлемі небәрі 14,4 млн АҚШ долларын құраса, биылғы жарты жылдықтың қорытындысына сәйкес ол 123,5 млн долларды көрсетіп отыр. Яғни, арадағы өсім 8,5 есеге ұлғайған. Осылайша, алдағы он жылдың төңірегінде өңірге шамамен 1 млрд 200 млн АҚШ долларының инвестициясы құйылмақ. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысы айқындаған мақсат-міндеттерді нақтылы орындау жолында Үкімет, облыс тарапынан жасалған үлкен жұмыстардың жемісі деп білемін. Тағы бір айта кетерлігі, облыс экономикасындағы жекелеген инвестицияның үлесі жалпы инвестиция көлемінің 70 пайызын құрап отыр. Инвесторлар үшін бұл да өте тамаша көрсеткіш. Ұлттық инвестициялық стратегияны жүзеге асыру барысында Қостанай облысы елдегі жалғыз пилоттық аймақ ретінде айқындалғаны белгілі. Осы мақсатта Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірге шетелдік инвестицияны тарту және ұстап қалу бойынша Жол картасы әзірленді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелдік инвестиция тарту жолында ұсынылатын жобалар, еркін алаңқайлар және жер учаскелері жөніндегі ақпараттарға инвесторлар үшін ашық мүмкіндік сыйлайтын Қостанай облысының инвестициялық картасын дайындадық. Онда инвесторлар назарына жол, инженерлік инфрақұрылым немесе энергетикалық қуат көздері қарастырылған бос алаңқайлар, жер уаскелері, алаңдар туралы нақты мәліметтер ұсынылған. Мұндай бірегей интерактивті карта үш тілде қызмет көрсетеді. Инвестициялық жобалар мен жер учаскелері жөніндегі ақпараттар өз кезегінде тек жергілікті мемлекеттік органдар арқылы ғана емес, екінші деңгейлі банктер тарапынан да ұсынылатын болады. Картамен ғаламтордағы http://map.investinkostanay.kz/ сайты арқылы әлемнің кез келген түкпірінен танысуға мүмкіндік бар.
— Бір сөзбен айтқанда, қолдағы бардың қадірін ұғынып, сырттан қомақты қаржы тарту ең әуелі өзгеге өзің жайлы таныстыра білумен тікелей тәуелді дейсіз ғой… Нақты қол жеткізіп үлгерген қандай келіссөздерді атап айтар едіңіз?
— Әрине, үйде жатып ырыздық күтуге болмайды. Егер өзіміз іздеп сұрамасақ, ешкім өздігінен келіп қаржы бермейді. Қазіргі нарық солай, бизнесте бәсеке өте жоғары. Екіншіден, өзге елдің азаматтары Қазақстанды тек Астана мен Алматы арқылы ғана біледі. Ішінара Шымкент пен Ақтөбе, Қарағанды қалалары жайлы естуі мүмкін, ал Қостанай туралы мүлдем хабары жоқ. Сондықтан, біз облыс басшысының бастамасымен алыс-жақын шетелге шығып, әріптестік байланыс орнатуды бастап кеттік. Мәселен, мамыр айында Өзбекстанға жол түсті. Қос мемлекетті көп нәрсе байланыстырады, соның бірі – көлік шығару және құрастыру ісі. Қазір екі елде де бұл өндірістің аясы кеңейіп келеді. Сапар барысында Самарқан мен Ташкенттегі зауыттарды аралап, басшыларымен кездестік. Ортақ келісімдерге қол қою нәтижесінде «Ravon» маркалы автокөлік түрін Қостанайда құрастыру мүмкіндігіне ие болдық. Айта кету керек, Елбасы биыл жерігілікті әкімдіктерге электромобильдерді жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өнімдеріміз біртіндеп сұранысқа ие бола бастады, бірақ бұл біз көздеген меже емес. Өнім пайда әкелу үшін әуелі инфрақұрылымды дамыту керек, келешегін ойластырған жөн. Айталық, көлік нарыққа жол тартқан соң оған қуаттау бекеттері қажет болады. Сондықтан, осы мәселені түбегейлі шешуге білек сыбана кірісіп кеттік. Жыл аяғына дейін Алматы мен Астана қалаларында әрқайсысы 50 электр станциядан салынбақшы. Ал екі шаһардың арасында 20 қуат бекеті орнатылмақ. Келер жылы оның саны арта түспек. Сәйкесінше, Қостанай қаласы мен басқа да облыс орталықтарында электр станциялары қойылады. Осылайша, инфрақұрылым бір арнаға келтіріліп, аталған автомобильді сатып алушылар саны молая түсетініне бек сенімдіміз.
Келіссөздер жөнінен Қытайға жасаған сапарымыз да өнімді болды. Наньнин қаласында өткен форумға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған делегация қатысып қайтты. Сапартоп құрамында облыс әкімі Архимед Бегежанұлымен бірге Қостанай өңірі жайында таныстырып өттік. Нәтисжесінде, биыл қараша айында ірі қытайлық CMC Трансұлттық компаниясының басшылары Қостанайға келіп, екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сөйтіп, «AllurGroup» компаниясының 51 пайыз акцияларын сатып алды. Бүгінгі таңда әріптесімізбен жол картасына қосатын жобалар жайында келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
— Қостанай жері құнарлы аграрлық аймақ бола тұра, жағрафиялық орналасуы жағынан да бизнеске өте қолайлы. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жатырмыз ба?
— Дұрыс айтасыз. Елдегі бірнеше өңір және Ресейдің үш бірдей облысымен шектесіп жатқан бұл аумақта шамамен 25 млн адам тұрады. Биыл іргеміздегі Челябі, Свердлов өлкелерімен бірігіп қыруар жұмыс атқардық. Қараша айында өткен Ресей-Қазақстан XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумы кезінде Челябі облысының губернаторы мен Архимед Бегежанұлы бірнеше саланы қамтитын өзара меморандумға қол жеткізді. Бұл тек қағаз жүзінде ғана емес, нақты іске бағытталған келіссөздер. Қос тарап бірігіп экономика, инвестиция, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша уағдаласқан шарттарға қол қойды. Мысалы, Елбасы айтқандай біз тек астық орып, ұн шығарумен шектелмей, соған қосымша табыс әкелетін тауарларды, яғни макорон өнімдерін қолға алуымыз керек. Міне, кәсіпті түрлендіру, әртараптандыруда көршіміздің берері көп. Жақында ғана Қостанайда индустриялық аймақ ашылды. Ол екі бағытта жұмыс істейтін болады. Біріншісі – ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, екіншісі – көлікқұрастыру. Негізгі мақсат та осы салаларды дамыту еді. Облысқа келген инвестор ауыл шаруашылығына қызықса, біз оған жер беруге, тиісті мемлекеттік көмекті көрсетуге әрқашан әзірміз. Сондай-ақ, индустриялық аймақты еркін экономикалық аймаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені, қазір жергілікті билік көп жағдайда инвесторға жер мен қажетті инфрақұрылым ғана береді. Егер еркін индустриалды алаң пайда болса, тиісінше онда бүкіл салық преференциясы қарастырылған. Яғни, инвестор он жылға дейін корпоративтік кіріс салығы, жер салығы, қосымша құн салығы, мүлік салығы, кедендік баж салығынан түгелдей босатылады. Дәл мұндай жоба бүгінгі күні еліміздің 11 облысында бар. Бұл – мемлекет заңды түрде ұсынған ерекше жеңілдік. Кез келген инвестор бұдан артық тиімді ұсыныс таппайды. Қазірдің өзінде көршілес Челябі, Қорған және Орынбор облыстарындағы инвесторлар аталған аймаққа айрықша қызығушылық танытып отыр. Осы орайда инвесторларға ұсынар тағы бір ерекше мүмкіндігіміз туралы тоқтала кетпеске болмас. Өздеріңізге белгілі, жақында ғана Үкімет «Сандық Қазақтан-2020» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Соның аясында біздің аймақ пилоттық үлгіде ауылшаруашылығы өндірістік кешенін сандық жүйеге көшіруді бастамақ. Қостанай облысы еліміздің ауылшаруашылығы саласында жетекші аймақ саналады. Елде өндірілетін астық көлемінің 25 пайызы, тамақ өнімдері экспортының 27 пайызы біздің өңірдің еншісінде. Сондықтан, негізгі сала ретінде ауылшаруашылығы кешенін сандық жүйеге көшіру сандық экономика өту жолындағы маңызды қадам деп білеміз. Өз кезегінде сандық технологияларды қолдану көп уақыт бойы инвесторлардың көңілін аудара алмай келе жатқан ауылшаруашылығы саласында өндіріс өсімін арттырып, шығынды азайтуға бағытталған сапалы бизнес жүргізуге жол ашпақ. Әрі аграрлық кешеннің еңбек өнімділігі еселеніп, саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі ұлғаймақ, ауылшаруашылығы өнімдерінің шетелдік нарықтардағы экспорттық әлеуеті артпақ.
— Өзге жұртқа өлкеміздің экономикалық мүмкіндіктерінен бөлек туристік тартымдылығын дәлелдейтін де кез келген сияқты. Туризмді дамыту жайы «Kostanay Invest 2017» форумында егжей-тегжейлі баяндалғаны мәлім. Осы туралы кеңінен айта өтсеңіз. Бұл іске қаншалықты қауқарылымыз? Қандай нақты жобалар бар?
— Сөзіңіздің жаны бар. Қыркүйекте өткен инвестфорум аясында біз тұңғыш рет туристік көрме ұйымдастырып, шетелдік қонақтардың назарына мол мүмкіндіктерімізді паш еттік. Соның арқасында 7 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, күні кеше ғана мен Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен туризмді дамыту мәселелері жөніндегі жылдық қорытынды жиынға қатысып қайттым. Жалпы Үкіметтің бастамасымен биыл туристік саланы дамыту тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Қостанай өңірі оған қанатқақты жоба ретінде еніп отыр. Яғни, аңшылық және трофейлі турзимнің жай-жапсары жіті қарастырылмақшы. Өйткені, бұл жердің табиғатынан жабайы түз тағысының түр-түрі кездесетін ну орманды да, алаңқай жазықты да табасыз. Осынау байлығымызды ұтымды пайдалана білсек, өңірдің өсіп-өркендеуіне қыруар пайда әкелуге болады. Сонымен қатар, облыс сауықтыру орталықтарына да кенде емес. Мысалы Қостанайдың іргесіндегі «Сосновый бор» шипажайы демалуға таптырмас орын. Осы кешенді әрі қарай дамыта түссек, әлбетте, келушілер саны арта түсері хақ. Бұдан бөлек, Тобыл-Торғай төсі тарихқа тұнып тұрған өлке. Қойнауы шежіреге толы ежелгі мекендер мен көне кесенелерді көргісі келетіндер қатары жетіп артылады. Соларға қызмет көрсету сапасын арттырып, тиісті инфрақұрылымды жақсарта білуіміз қажет. Егер биылғы 9 айды қорытындыласақ, облысқа 145 мың жиһанкез келген екен. Оның 130 мыңға жуығын отандастарымыз құраса, қалғаны шетелдіктер. Яғни бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға өскен. Ал қонақтарға құны 1 млрд 105 млн теңгенің қызметі көрсетіліпті. Өз кезегінде бұл былтырғыдан 30 пайыға жоғары. Демек, нәтиже көңіл қуантады. Ендігі мақсат – осы қарқынды одан сайын еселей түсу. Біз жақында ғана туризмді дамыту бойынша 2017-2022 жылдарға арналған шеберлік жоспарын қабылдадық. Ол бойынша болашақта 73 іс-шара жүзеге аспақ. Түйінін айтқанда, туризмнің облыс экономикасына оң септігін тигізе отырып, 2025 жылға дейін жалпы аймақтық өнім деңгейі 1-ден 8 пайызға артады деген үміттеміз. Ол үшін барлық аудандар туристік саланы жіті назарда ұстап, тынбай жұмыс істеуі керек.
— Инвестиция, туризм болсын, туған өлкеге табан тірейтін қонақтар үшін ең қажеттісі – әуе қатынасы. Бұл мәселе қаншалықты шешімін тауып жатыр?
— Өте орынды сұрақ. Осында алғаш келгеннен күннен бастап бұл жайтты басты назарда ұстап, зерттеп көрдім. Себебі, инвесторламен кездескенде ең алдымен Қостанайға жету мәселесі айтылады. Тас жолмен қатынау қиын. Әсіресе, қыс мезгілінде күн райына байланысты жолдар жабылып қалуы әбден мүмкін. Ал іскерлік кезесулер үзілмеуі тиіс. Сондықтан, әуе қатынасы әрқашан қолайлы. Бұрын қаламыздан тек екі бағытта – Астана мен Алматыға ғана ұшақ қатынайтын. Біреуі күн сайын болса, екіншісі күнара дегендей. Және Ресей арқылы келетін әуе рейстері көбірек болды. Сондықтан, еліміздің Авиация комитетімен ұдайы байланысқа шығып, жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде, Мәскеуге тікелей әуе рейсі ашылды және Алматыға күн сайын ұшу мүмкіндігіне ие болдық. Астана бағытында қосымша «QazaqAir» компаниясының ұшақтары қатарға қосылды. Сонымен қатар, Қостанайдан енді Еуропаға, Германияға да еркін жетуге болады. Облыс әкімінің басшылығымен алдағы уақытта Қостанайды Ақтөбе, Шымкент, Ақтау сияқты ірі қалалармен қосуды қарастырып жатырмыз. Сәтін салса, бұл бағыттағы әуе рейстері келесі жылдың ішінде жүзеге аспақшы.
— Сөз соңында жергілікті шағын және орта бизнестің жай-күйі және ондағы кәсіпкерлерге қажетті шаралар туралы да білгіміз келеді. Мәселен, жуырда Арқалық қаласы мен Науырзым, Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы жоба қабылданбақшы. Ондағы ерекшеліктер қандай болмақ?
— Негізінен облыстағы көптеген кәсіп иелері күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің біразын білмейді. Сондықтан, бизнестен қандай да бір нәтиже күтпес бұрын, оған әуелі өзіміз тиімді мүмкіндіктер жайлы түсіндіріп, аяқ алысына жағдай жасай білу керек. Осы желтоқсан айының басында Архимед Бегежанұлының бастамасымен Арқалық қаласында облысымыздың оңтүстік аумағы – Наурызым, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының активтерін жинай отырып, үлкен басқосу өткіздік. Оған Астанадан бірқатар мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары, түрлі даму институттры мен халықаралық ұйым өкілдері де қатысты. Мәжілісте аталған аудандардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы әрі сол жерлердегі шағын және орта кәсіпкерліктің аяқ алысы барынша талқыланды. Анығын айтсақ, бүгінгі таңда Арқалықта ғана екінші деңгейлі екі-ақ банк бар. Ал қалған үш ауданда ол мүлдем жоқ. Халық төлем жасау үшін «Қазпоштаға» барады я болмаса ат арытып облыс орталығына аттанады. Жергілікті жұртқа Қостанайға барып-келудің өзі шамамен 25-45 мың теңгеге дейін шығын әкеледі. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу өте қиын. Осының бәрін саралап, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірге арнайы жоба әзірлеп жатырмыз. Келер жылы іске қосылуы тиіс. Соның нәтижесінде шағын кәсіпті өркендетуге жылдық мөлшерлемесі 1-2 пайыздық несиелер беріледі. Бұл мақсатқа арнап 1 млрд теңге қаржы бөлінбек. Жеңілдік тек жоғарыда аталған төрт ауданға ғана қатысты. Осылайша, Торғай өңірін біртіндеп дамытуды көздеп отырмыз. Бірақ алда әлі де қыруар жұмыс күтіп тұр. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, аймақтың гүлденуі жолында әрдайым батыл қадамдар жасауға дайынбыз.
Әңгімелескен Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
Түпнұсқадағы тақырып: «Үйде жатып ырыздық күтуге болмайды»
kostanaytany.kz