Жанармайдың қымбаттығынан астығымызды өткізе алмай жүрміз — қостанайлық шаруалар

Қостанайлық шаруалар жинаған астықтарын нарықтық бағамен өткізе алмауда. Бұған жанар-жағармай бағасының қымбаттап кеткені себеп деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Қазақстан фермерлер одағы» облыстық филиалының төрағасы Владимир Дранчукке сілтеме жасап.
Бүгінгі күні шаруалар үшін басты проблеманың бірі астықтың нарықтағы бағамен өтпей тұрғаны болып отыр. Тіпті, Қостанайдағы әлеуетті деген кәсіпорындар 3-санатты бидайдың тоннасын 35 мың теңгеге сата алар емес. «Қазақстан фермерлер одағы» облыстық филиалының төрағасы Владимир Дранчуктың айтуынша, бұған бірінші кезекте жанар-жағармай бағасының қымбаттауы әсер етеді.
«Бүгінде астықтың түсімі мен жұмсалған жанармай бағасына кеткен шығынды салыстыруға келмейді. Сұйық отын жыл сайын қымбаттауда. Алдағы егіс уақытында жанар-жағармай бағасы литріне 150 теңге болады деп күтілуде. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 100 теңгеге де жетпесе, былтыр 137 теңге болды. Міне, сол себепті шаруалар өздерінің кәсібін дөңгелете алмай отыр. Енді ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін жанар-жағармай бағасын төмендетуге барынша күш саламыз. 22 ақпанда Ауыл шаруашылығы министрлігінде өтетін жиында осы мәселені көтереміз. Ұсыныстарымызды жазып қойдық» деп түсіндірді В.Дранчук.

Жалпы, былтыр облыс бойынша 342 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 7%-ға артық. Еліміз бойынша барлығы 21 млн тонна астық жиналса, соның 5,2 млн тоннасы Тобыл өңірі шаруаларының үлесінде. Сонымен қатар, 125 егін оратын техника сатып алынған. Соңғы бес жыл ішінде барлығы 65 млрд теңгеге 5 мыңнан астам техника әкелінген.

inform.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысының 2019 жылғы бюджеті бекітілді

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен Қостанай облысы мәслихатының кезекті сессиясы өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат. ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *