Қоғам және мемлекет қайраткеріне арналды

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғам және мемлекет қайраткері, ұлағатты ұстаз, өткен ғасырдың отра тұсында осы оқу ордасына басшылық жасаған математик-ғалым Асқар Закариннің туғанына 110 жыл толуына арналып «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген жинақтың тұсаукесері болып өтті.

Салтанатты жиынды ашқан  ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов Асқар Закариннің отандық жоғары білімді дамытуға қосқан зор үлесі жайлы сөз қозғады. А.Закариннің тікелей қатысуымен қалыптастырылған еліміздің білім беру жүйесі бүгінде өзінің өміршеңдігі айғақтап отыр. Қабырғалы қайраткер  ғылыми мектеп құрып, соңынан шәкірт ертті, оқу орнының  халықаралық ғылыми байланыстарын дамытты, студенттік қалашықтың негізін қалады,  механика-математика факультетінің жаңа ғимаратын тұрғызды. А.Закарин гидробиология, ихтиология, метеорология, жоғары математика, орыс филологиясы, қатты денелер физикасы және басқа жаңа кафедралардың, жоғары оқу орындары үшін біліктілікті арттыру факультеті мен философия-экономика факультетінің, студенттердің Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестігі мен «Жеті муза» қоғамының ашылуына мұрындық болды.

Асқар Закарияұлының ғалым, ұйымдастырушы және тұлға ретіндегі бейнесін оның бел баласы, Мемлекеттік сыйлық иегері, физик-ғалым Едіге Закарин тебірене еске алды. Профессор А.Закарин мемлекет қайраткері ретінде талай асудан өтіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Үкіметі төрағасының орынбасары, Оқу-ағарту министрі, Сыртқы істер министрі,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты қызметтерін абыроймен атқарғанын тілге тиек еткен Едіге Асқарұлы алқалы жиынды ұйымдастырған университет басшылығына алғысын білдірді.

Жинақтың Бас редакторы, академик Ғ.Мұтановтың алғысөзімен ашылған кітапқа Асқар Закариннің «О методе последовательных приближений в конформном отображений» атты іргелі ғылыми жұмысымен қатар оның қазақ тілінде талапкер жастарға арнап жазған  «Геометрияның алғашқы ұғымдары», «Теңдеулер мен топтар», «Афиндік геометрия» сияқты еңбектері,  Эварист Галуа, Нильс Генрик Абель, Альберт Эйнштейн сынды ұлы ғалымдар жайындағы жазбалары енген. Жинақта сондай-ақ академиктер Өмірзақ Сұлтанғазиннің, Иса Байтулиннің, Зұлқайыр Мансұровтың, Төлеген Қожамқұловтың қайраткер туралы мақалалары, белгілі жазушы-журналист Қайсар Әлімнің «Заңғар Закарин» атты көлемді очеркі, ақын Серік Тұрғынбековтің естелігі, университеттің кафедра меңгерушісі Жетпісбай Бекболатұлының «Парызға адалдық» атты ғұмырнамалық баяны берілген.

Қайыржан БЕРСҮГІРОВ,

Алматы

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *