АЛАШ АРДАҚТЫСЫНЫҢ ҰРПАҒЫ

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді атам қазақ. Бұған қоса жақсы адамның артында қалған жал­ғыз ілік ұрпақтың өзін де халқымыз «Тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы» немесе «Асылдың сынығы, бастаудың тұнығы» деп дәріптеп жататыны және бар. Мұны айтып отырғаным, менің осындай текті тұқымның ұрпағы – Гүлнар апай Міржақыпқызымен танысуым ойда-жоқта болды. Бұл 1989 жылдың жаз айының соңғы күндерінің бірі еді.
Сол жылы мамырда «Қазақ әде­биеті» газетінде Американың Нью-Йорк университетінен әкелінген Ахмет Байтұрсынұлының өз қолтаңбасы бар «Тіл-құрал» оқулығы жайлы жазылған «Асылдың сынығы» атты мақалам, одан соң арабтың төте жазуымен шығатын шетелдік отандастарға арналған «Шалқар» газетінде Алаш қайраткерлерінің 1920 жылдардың басындағы Ташкенттегі қызметі туралы көлемді жазбаларым «Өмір сабақтары» деген тақырыппен жарық көрген болатын. Тамыз айының басында осы Ташкент әңгімелерінің жалғасын «Ахмет және Міржақып» деген тақырыппен Қазақ радиосы арнайы хабар етіп берді. Онда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының Түркістан Республикасының Ташкенттегі өкілдері Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқаев, Сұлтанбек Қожанов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Иса Тоқтыбаев, Сегізбай Айзұнов, Қошке Кемеңгеров, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев (Міржақып Дулатовтың шешесі жағынан туысы екен), Ыбырайым Көтібаров, Смайыл Сәдірмеков сынды Алаш ардақтыларымен араласып-құраласуы, Міржақыптың Иса Қашқынбаевқа ол Орынбордан Алашорда үкіметі мүшелерін қудалағанда, алғаш қашып келген кезінде шығарған өлеңі, Жүсіпбек Аймауытовтың сол кездегі 3-4 жастар шамасындағы үйелмелі-сүйелмелі Бектұр, Жанақ атты ұлдары мен олардың қолтығының астында үнемі аты-жөні мен мекен-жайы «ул.Карла Маркса, 49» деп жазылған бойтұмарлары жүретіні туралы сыр шертілген еді.
Осы радиохабар Қазақ радиосынан берілген күннің ертеңіне жұмысқа келсем, қызмет телефоным шырылдады. Тұтқаны көтердім. Үлкен кісінің дауысы, байқаймын, менің аналарым қатарлы әйел адам. Аты-жөнімді дәл атап: «Cіз боласыз ба?» деп сұрады.
– «Иә», – деймін мен.
– Сіз керек едіңіз… Жасыңыз нешеде, танысайын деп едім, – дейді бейтаныс апай.
– Ойбай, апа, мен сіздің балаңыз қа­тар­лы болсам керек. Өзіңіз кім боласыз?… Жайша ма еді?… – деймін тағы да.
– Ә-ә, онда айналайын, мен Мір­жақып Дулатовтың қызы – Гүлнар Ду­латова апаң боламын. Кеше Қа­зақ ра­диосынан сенің «Ахмет пен Мір­жақып» деген радиоәңгімеңді тыңдап, Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан апайға хабарлап, ол кісі де естіп, бала кезіміз есімізге түсіп, әбден ағыл-тегіл жыладық. Ташкенттегі сол замандағы үйлердің адрестерін, адамдардың аттарын, Сегізбай Айзұновтың үйін, Жүсіпбек Аймауытовтың ұлдарын, олардың бойтұмарларын, Иса Қашқынбаев туралы менің әкемнің ешкім біле бермейтін өлеңін – бәрі-бәрін рет-ретімен дәл сол оқи­ғалардың ішінде жүргендей, оларды өзің көзіңмен көргендей етіп жазыпсың. Соған қарағанда, үлкен кісі болса керек деп ойладық қой. Оның үстіне, хабар авторы – Білім министрінің кеңесшісі дегенге жасы үлкен адам шығар, танысайық, дәм таттырайық деген де ой болды. Сонан, радиохабар аяқталысымен, біздің елдің жігіті ғой деп Шайсұлтанмен хабарласып, телефон нөміріңді содан алдым, – деді де, ертеңіне түскі асқа үйіне шақырып, Шолпан апай екеуі күтетінін айтты.
«Міржақып Дулатовтың қызымын» дейді. Таң қалдым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық, ерекше қуанышты оқиға болды. М.Дулатов – университеттегі қадірменді ұстазым, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, әйгілі қайраткер-ғалым болған профессор Бейсембай Кенже­баевтың аузынан талай естіген адамым. Өйткені, Бейсембай ағамен жақсы араласып, Қарғалыдағы саяжайында бірнеше рет болғанмын, әңгімесін тыңдағанмын. Әйгілі Алашорда арысының туған қызы, өзі телефон соғады деп үш ұйықтасам түсіме де кірмеген. Содан, Гүлнар апайдың ұсынысын бірден қабыл алып, келістім. Ал, біздің министріміз Шаяхметов Шайсұлтан ағамыз Қостанай, Торғай өңірінің азаматы болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына Ахаң мен Жахаң туып-өскен аймақтан баламалы түрде сайланғанына өзім де куә болғанмын. Сол өңірдің сайлаушыларымен кездесулерде Шәкеңнің жанында ілесіп бірге жүргенмін.
…Айтылған уақытта Мұқан Төлебаев көшесіндегі Гүлнар апайдың үйіне бардым. Мен барғанда міржақыптанушы-ғалым Марат Әбсеметов көне құжаттардың, кейбір деректердің көшірмелерін алып шығып бара жатты. Апай оның М.Дулатов шығармашылығынан кандидаттық қорғауға дайындалып жүргенін айтты. Кейіннен ол ғылыми жұмысын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атанды.
Үйге кіріп, Гүлнар апаймен амандасып болған соң, ол кісі маған Шолпан Ахметқызын таныстырды. Гүлнар апай «Жалын» баспасында қызмет істейтін мен құралпылас Ерлан атты ұлы бар екенін айтып, «онымен танысып ал» деді. Отбасы жайлы, өзінің жолдасы Әбен аға Сатыбалдиев туралы да айтып өтті. Мен де өз кезегімде Әбен ағаны көргенімді, ол кісіні білетінімді, 1974 жылдары университеттен соң Алматыға ауылдан бір келгенімде профессор Сағындық Байсалов ағам (заң ғылымдарының докторы, заңгерлер арасынан тұңғыш Қазақ ССР- нің еңбегі сіңген заңгері атағын алған атақты ғалым, Қазақстан су заңдарының ал­ғашқы авторы) «Қазақ кеңес энциклопе­диясына» жұмысқа орналастыруға Әбен ағаға алып барғанын, сол тұста ол кісі энци­клопедияның Бас редакторы, академик Мұхаметжан Қаратаевтың бірінші орынбасары қызметін атқаратынын, барлық ұйымдастыру шаруаларының тізгіні сол кісінің қолында болғанын айттым. Гүлнар апай да Сағындық көкемді жақсы білетінін, ол кісімен жақсы араласқанын тілге тиек етті.
Әдеттегіше, дастарханға буы бұрқырап апамның маған арнайы асқан еті жал-жаясымен, қазы-қартасымен үйіліп-жиы­лып келді.

Гүлнар апай өмірден көргені мен білгені, көкейге түйгені мол адам екен. Зиялылар қауымымен көп араласқаны, өзі мамандығы дәрігер бола тұра әдебиетіміз бен мәдениетімізді, оның өткен-кеткен тарихын жетік білетіні, өзінің бүкіл ғұмыры мен бастан өткен оқиғаларын қағазға түсіріп жүретіні байқалды. Апай жазған-сыз­ғандарын, көне құжаттар мен олардың көшірмелерін, өткен ғасырдың басындағы тарихи фотосуреттерді әрқайсысын бөлек-бөлек етіп, жеке-жеке қаттап жи­нақ­таған екен. Текті адамның тұқымы екені қағаздарына ұқыптылығынан, сабыр­лылығы мен салмақты сөзінен, бойындағы бекзаттық болмысынан көрініп тұрғандай.
Ол кісі менің жоғарыда аталған өз әкесі Жахаң, атасы Ахаң (Байтұр­сынов) жай­лы «Қазақ әдебиеті», «Шал­қар» га­зет­терінде жарық көрген мақа­лала­рым­нан хабардар екенін айтып шықты да:
– Сен бұл жағдайларды қайдан білесің? Баяғы замандағы фото­сурет­терді кімнен, қайдан алып жүрсің?., – деп сұрады.
Менің бірінші дереккөзім – әкем Өрісбай Сманов болатын. Ол кісі 1920-1925 жылдары алдымен Таш­кент­тегі Карл Маркс атындағы Қаз­пед­тех­никумда, сосын, Орта Азия мем­лекеттік университетінде оқығанын айттым. Содан соң, екінші дереккөз – әкемнің досы КСРО Жазушылар одағының мүшесі, 1930 жылдары Шамғали Сарыбаевпен бірге «Ана тілі» оқулығын жазған Қалмақан Оспанов екенін, екі дос алаш зиялылары туралы кезектесе отырып еске алатынына ауылда жүргенде талай куә болғанымды есіме түсірдім (Бұл оқулықты Шамғали атамыздың тілші-ғалым ұлы, академик Шора Сарыбаев ағамыздың үйіндегі жеке мұрағатынан көрген едім. – Б.С.).
Қалмақан Оспанов әңгімесінде Сегізбай ағайдың туған інісі Әдішпен (Әділ Айзұнов) Қазақ оқу-ағарту институтының үлгі-тәжірибе мектебінде 6-7 сыныптарда бірге оқығанын, бір партада отырып жақын дос болғанын, институт директоры Сегізбай ағайдың үйіне жора-жолдастары, Алаш қайраткерлері қонаққа келгенде самауырға шай қою, қонақтардың қолына су құю, шешінгенде киімдерін ілу сынды жұмыстар сыныптас екі оқушының міндеті болғанын айтатын. Сондай-ақ атағы елге мәлім үлкен кісілердің, бүкіл Түркістан жұртына танымал ерекше тұлғалардың әрбір іс-қимылы, жүріс-тұрысы, сөз сөйлеу мәнері, жарасымды әзіл-қалжыңдары биік мәдениеттілікті танытатынын, оған бұлар әуестене, қызыға қарайтынын, соның бәрі бұларға үлкен өмір сабақтарындай, бейне-бір өнеге үлгілеріндей ұмытылмас әсер қалдырғанын еске алатынын жеткіздім. Ол кісі Ташкенттегі К.Маркс атындағы Қазақ педагогика техникумы оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен он жылға Магаданға айдалғанын, онда Амур өзенінің Охот теңізіне құятын сағасындағы Декастри деген жерде саяси тұтқындар лагерінде болғанын, содан Ұлы Отан соғысына сұранып, қан майданға аттанғанын, содан сұрапыл соғыс біткеннен кейін Ташкент түбіндегі Бостандық ауданына оралып, әкем екеуі ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде қатардағы мұғалім болғанын атап өтуді де ұмытпадым. Осыларға қоса, Мұхтар Мұр­зиннің және Жүсіпбек Аймауытовтың Шымкенттегі педагогикалық училище директоры қызметінде жүргенде, 1928 жылы мұғалімдер білімін жетілдіру курстарын ұйымдастырып, курс тыңдаушыларымен түскен түпнұсқа суретін Ы.Алтынсарин атындағы Республикалық педагогикалық мұражайға тапсырғанымды, ол суретте Қал­мақан ағай да, менің әкем де бар екенін айтып өттім.
Дастархан басында көбіне Гүлнар апай әңгіме айтып отырды. Ал, Шолпан апай оқта-текте ғана сөзге араласты. Қоңыр күрең шай үстінде апай көне суреттерді, әкесінің жеке заттарын, былғары күртешесін, әкесінің сотталардағы құжаттарын көрсетіп, кейбір суреттерді маған да берді. Оларды мен жазған мақалаларымда Гүлнар апайдан алғанымды ескертіп, жариялап жүргенімді оқырман қауым білетін шығар деп ойлаймын.
Гүлнар апайдан кейін сенбі күнгі түскі мезгілге Шолпан апай Байтұрсынова үйіне қонаққа шақырды. Оған Гүлнар апай екеуміз бірге бардық. Ол кісі қазіргі А.Байтұрсынов пен М.Мақатаев (бұрынғы Космонавтар мен Пастер) көшелерінің қиылысындағы үйлердің бірінде тұратын. Шолпан апайдың үйінде біздер шамалас қызы бар екен, ол дастархан мәзіріне көмектесіп жүрді. Мұнда да сол баяғы өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алашорда көсемдерінің, қала берді бүкіл түркі жұрты зиялыларының Ташкенттегі өмірлері жайлы терең мазмұнды әңгіме одан әрі жалғасын тапты. Осылайша, Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының қыздары Шолпан, Гүлнар апайларыммен жақын танысып, етене араласып кеттім. Кейіннен, 1991 жылы, Торғай елінен түлеп ұшқан қос Алаш қайраткеріне туған жерінде ас беріліп, еңселі ескерткіш-монумент орнатылғандағы салтанатты жиынға министр Шайсұлтан Шаяхметұлы екеуміз бірге бардық. Ол кезде Торғай облысының әкімі Кенжебек Укин болатын. Бұл жиынға сол кездегі астанамыз Алматының зиялы қауымы тайлы-тұяғымен көшіп барғандай болып көрінді маған. Ал, республика көлеміндегі әйгілі шараға Торғай, Қостанай аймағының азаматтары бәрі жиылғаны белгілі. Сонда Гүлнар, Шолпан апайлармен сәлемдесіп тұрғанымды көріп министр Шайсұлтан ағам: «Ташкенттік жерлес апаларыңды тауып алдың ба?» – деп қалжыңдағаны бар. Шәкең үнемі әзіл-қалжың айтып, іс-сапарларында көңілді жүретін, ақындығы да бар абзал жан болатын марқұм.
…Бүгінде біз айтып отырған Алаш ардақтыларының ұрпақтары арамызда жоқ. Гүлнар апамыздың да өмірден озғанына біраз жылдың жүзі болды. Алайда, арамыздан апайдың өзі кеткенмен, көзі кеткен жоқ. Ол кісінің ұрпақтары жасаған ұлан-ғайыр еңбектері, өзі, әкесі, тағы басқа Алаш қайраткерлері жайлы жазған тың тарихи дерекке толы кітаптары бізбен бірге өмір сүріп келеді.
Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде көрнекті қаламгер, әдебиетші-ғалым Мұхтар Мағауин ағамыз Гүлнар Міржақыпқызының туғанына 101 жыл толуы қарсаңында жазған «Алаш арыстарының ақырғы куәгері» атты естелік мақаласында: «…Ақылды, ізгі, мейірбан жан. Батагөй, білімдар, парасатты, тарихи тұлға. Бұл – осы Гүлнар апа Міржақыпқызы Дулатованың өзі. Ескінің сарқыты, темір өзек, алас-күлес, қанды, қапасты ХХ ғасырда жасаған өресі биік қауымның бізге жеткен соңғы жаңғырығы. Ендігі жұртымыз үшін өнегелі дәріс қалдырған тәлімгер», – деп жазған еді. Рас сөз. Біз де осы пікірге қосыламыз. Гүлнар апай шындығында да ел-жұртымыз үшін өнегелі тәлімгер болатын.
P.S. Гүлнар Міржақыпқызының алғаш кездесуде айтатын мен құралпылас ұлы «Ерланмен танысып ал» деген тапсырмасын да орындадым.

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының
академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор

akikat.kazgazeta.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *