Жастар неге «жұмақты» жат жұрттан іздейді?

Қазіргі таңда шетел асып, білім алу, жұмыс істеу қиын емес. Сон­дықтан шығар, кейінгі жылдары сыртқы көші-қон толастамай тұр. Әсі­ресе, жайлы өмір іздеген жастар жат жұрттан «жұмақ» іздеп, мұхит асып жата­­ды. Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын 14-28 жас ара­­лығындағы 8 мыңға жуық жас шетел асады екен. Сарапшылардың ай­туын­­ша, мұның бірнеше себебі бар. Тұрақты жұмыстың болмауы, болған күннің өзінде жалақысының мардымсыздығы, ең өзектісі – бас­пана мәселесі жастардың «жайлы өмір» іздеп шетел асуына өз «септігін» тигізіп отырған.

 Басты проблема – баспана 

Жайлы өмір демекші, рас, кім бол­сын, өз елінен пана тауып, отбасын асы­рап, үлкен өмірге қанат қаққысы келеді. Ешқандай да кедергілерге тап болмай, тұрақты жұмысын істеп, еңбегіне сай жалақысы мен сыйақысын алып отырса, әсіресе, баспанасы болса – бұдан өзгені сұрап отырған жастар өкілдерін көрмедік. Қасым ақын айтқандай, «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» деп жүргендер де аз емес.

Бүгінде еліміздегі 20 мен 35-ке дейін­­гі жас отбасылардың басым көп­шілігі айлығын шайлығына жеткізе ал­май, ілдәлдалап күн көріп жүр… Жалақы­сының тең жартысын жалдап тұрып жатқан пәтеріне төлейді. Ал азық-түлік, жанармай, жолақы, сондай-ақ, тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының шарықтап тұрғаны – өз алдына бөлек әңгіме.

Баспана демекші, Елбасы өзі бастамашы болған «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асырушылар көп нәрсені ескермеген секілді. Өйткені пәтерсіз жүрген жастар үшін банк тарапы қойған талап оңайға соқпай тұр.

Мәселен, пәтер 20 млн теңге тұратын болса, оның 20%-ы – 4 млн теңге. Сонда қалған 16 млн теңгені 25 жылға бөліп төлеу керек. Оған 7 пайыздық үстемені қосқанда ай сайын 113 000 теңгеден шығады. Сонда ең төменгі айлық жалақы осы ай сайынғы төлейтін соманың 2 есесіне тең болуы керек, яғни, 226 000 (113 000 х 2) теңге.

Осы үйді алу үшін жоғарыда мысал келтірген кәмелетке толмаған 3 баласы бар отбасының ең төменгі орташа табысын есептесек: отбасының айлық ең төменгі ықтимал шығыны – 129 500 теңге; айлық қосымша ықтимал шығын – 100 000 теңге; үйдің бағасына байланысты белгіленген ең төменгі жалақы – 226 000 теңге. Жалпы: 129 500 + 100 000 + 226 000 = 455 500 теңге.

455 500 теңге – осы отбасы үшін 20 мил­­лион теңгенің үйін алуға мүм­кін­дік беретін ең төменгі айлық кі­ріс­тің мөлшері, деп түсіндіреді банк қызметкерлері.

Елбасының өзі де жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астана, Алматы және Шымкент­те жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет екенін қадап айтты. Сондай-ақ бұл пәтерлер жалдамалы баспана санатына жатқызылуы тиіс екенін еске салып, осы мәселені шешуге, сондай-ақ бүгінде жүзеге асырылып жатқан «7-20-25» бағдарламасы барын да айтты.

Мемлекет басшысының дәл осы сөзі де ел жастарына зор үміт сыйлап, болашағына алаңдап жүргендердің көңілін бір көтеріп тастағаны анық. Осы орайда, жүзеге асырушылар «7-20-25» бағдарламасын қайта пысықтап, әсіресе жас, сондай-ақ көп балалы отбасыларға бірінші кезекте көңіл бөліп, несиені аз пайызбен берген дұрыс болар еді.

«Шетелде нең бар еді, құлыным?..»

Білімімді жетілдіремін дегендерді қоспағанда, жоғарыда аталған дәл осы проблемаларға шыдамаған кей жастар, осылайша, шетел асуға мәжбүр. Ол жақта да шекесі шылқымайтыны белгілі. Дегенмен, елімізге қарағанда, қара жұмыс істесе де біршама жақсы жалақы алып, еркін өмір сүруге бейім­деліп қалғандары да жоқ емес. Тіпті кейбірі өздері білім алып не еңбек етіп жатқан елдерде біржола қалудың қамында жүр.

Әрине, бұл – әр адамның өз құқы, жеке өмірі десек те, жастардың мұхит асып, «қағанағы қарық» болып жатқаны шамалы. Әйтпесе, «Бәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқ» дегеннің күйін кешіп, отанымызға аш-жалаңаш оралып жатқан замандастарымыз көптеп саналады.

Шетелге жайлы жұмыс іздеп барып, құлдықтың құрбанына айналғандар туралы осы күнге дейін аз естіген жоқпыз. Work&Travel бойынша АҚШ-қа жұмыс іздеп барып қаза тапқан Айнұр Ахметованың жағдайы әлі есімізде. 2011 жылы Аустралияға аттанған Сағынай Батырханованың қайтыс болуы да қоғамда қызу талқыға түсті. Санамалай берсең, мұндай тізім бітпейді. Ауыр жұмыстарға, жыныстық қызметке жегіліп, отанына әрең оралған қаракөздеріміздің тағдыры да ешкімді бейжай қалдырмаса керек.

Еліміздегі әлеуметтанушылар қазақ жастары негізінен дамыған Канада, АҚШ, Германия, Түркия секілді мемлекеттерге қоныс аударуға құштар екенін айтады. Әлеуметтік зерттеу жүргізген сарап­шылар қазақ жастарының өз ота­ны­нан алыстауға итермелейтін негізгі жағдай кірістің төмен деңгейінен деп түсіндіреді.

Статистика комитетінің дерегіне жүгінсек, 29 жасқа дейінгі қазақ жастарының 32 пайызы, яғни әрбір үшінші жас шетелге кетуге бейіл екен. Бір өкініштісі, жат жерден «жұмақ» іздеген жастардың басым бөлігінің жасы 19 бен 23 аралығында. Мәселен, 2018 жылы еліміздің әр өңірінен 7838 жас әр мемлекетке «жұмақ іздеп» кеткен көрінеді. Бір айта кетерлігі, олардың көбі, әсіресе, негізінен өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған облыс­тардан болып отыр. Мәселен, Қарағанды облысынан – 1061, Қостанай облысынан – 1167, Пав­лодар өңірінен – 838, Солтүстік Қазақ­станнан – 828 адам сыртқа кетсе, шығыс­қазақстандық жастар көш бастап тұр. Бұл өңірден 1288 жас шетел асыпты. Ал өзге аймақтарда бұл көрсеткіш төмен деңгейде.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жоғары білімді мамандарымыздың көшіп кету құбылысы бар. Мұнда да әртүрлі себептер байқалады. Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы  да осы мәселеге қатысты айтқан бір пікірінде жастардың шетелдерге ағылуына негізгі себеп – еліміздегі жалақының төмендігі екенін атап өткен болатын.

«Қынжылтатыны, елімізден көшіп кететіндердің арасында қазақтар да бар. Әсіресе, мектеп бітірген соң балалары ҰБТ тапсырмай, Ресеймен шекаралас Омбы, Орынбор, Том қалаларына көшіп, сол жерде жоғары оқу орындарында білім алып жатады. Өкініштісі сол, көпшілігі қайтып келмейді. Мемлекет орта білім беруде әр балаға 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін орта есеппен бірнеше миллион теңгеге жуық қаражат бөледі. Сол азаматтар кейін басқа мемлекетке кетіп қалады. Мұны заңмен шешу мүмкін емес. Мәселені шешудің бір жолы – жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын көтеру, жалақыны жоғарылату, жұмыс орындарын көбейту. Еліміздің азаматтары да жалақыға наразы болып, шетелге көшіп кетеді. Бұған мемлекеттік тұрғыда қарау керек» дейді сенатор.

Тағы бір замандасымыз – заңгер Айнұр Көкетаева бүгінде АҚШ-та қызмет етеді. Ол Америкаға технология саласында қызмет көрсететін компанияның шақыртуы бойынша барыпты. Қазіргі уақытта АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі төмен, сондықтан көптеген адам жұмыс таба алады. Алайда бұл елде интеллектуал мамандықтар жоғары сұранысқа ие. Сондықтан шетелден келгендердің жалақысы жоғары жерде жұмыс істеп кетуі сирек».

Шетел асқан жастардың әңгімелерінен ұққанымыз, олардың Қазақстанға қол бұлғауының басты себебі тек білім алу ғана емес, жалақысы жоғары жұмыс табу, қаржылық мәселелерді шешу екен. Ендеше, Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауын нағыз дер кезінде жасалған қадам деп ұққанымыз жөн. Енді осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзіміз жиі айтатын «болашағымыз­дың» әлеуметтік жағдайына зер салып, оның шешу жолдарын тездетіп жүзеге асырғанымыз абзал.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» газеті

 Коллаж: «Egemen Qazaqstan»

Түпнұсқадағы тақырып: «Шетелге кетудің негізгі себептері неде?»

Мынаны да қараңыз

Жаңажылдық дастарқанға не қоюға болмайды?

Жаңа жылда тағамға мойонезді аз қосып, ақ тауық етінен жасалған салаттарды көп жеу керек және ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *