Обамамен «сырласқан» Айдос

«Мүсін жасау өнерімен айналыса бастағаныма көп бола қойған жоқ. Барак Обама АҚШ президенті атанып, Мадам Тюссо музейінде оның балауыздан жасалған мүсіні пайда болды. Сол кезде халқымыздың тарихи тұлғаларының мүсіндерін жасау туралы ойладым. Біздің Қазақстанда да мұндай өнер бар екенін көрсеткім келді…»

Бүгінде есімі көпшілікке танылып қалған жас суретші, мүсінші Айдос Ес­мағамбетов он шақты жыл бұрын рес­публикалық «Нұр Астана» жастар апталығының тілшісіне осылай деген еді.

Одан бері де он жылға жуық­тапты. Қазіргі күні Айдос Есмағам­бетов біраз шираған. Тәжірибе жи­нақ­­тай бастаған. Алғашқы жыл­дары Елбасы мен Абылай хан­ның мүсін­дерін жасаған оның бүгін­гі күні ше­берханасының төрі­нен даңқ­ты спортшы, боксшы Ген­на­­дий Головкиннің мүсіні орын ал­ған. Әзірге аяқтап үлгермепті.

Айт­­­пақ­­шы, елордадағы еліміздің Қару­лы Күштерінің Ұлттық әске­ри-пат­риоттық орталығында кейіп­керіміздің тағы бір жұмысы тұр. Балауыздан жасалған. Еліміздің тұңғыш Президенті мен Сағадат Нұ­рмағам­бетовтің мүсіндері Елба­сы­ның 1992 жылғы мамырда гене­рал-полков­никті Қорғаныс ми­нистрі ретінде тағайындау туралы Жар­лыққа қол қойған сәтін бейнелейді.

Күні кеше жас мүсіншімен тағы кездестік. Шеберханасында. «Astana musical» театрында жұмыс істейді. Актерлердің бет-әл­петіне грим жасап, сахнаға дайын­дай­ды. Сондай-ақ фото-видеоға түсі­ру ісімен де айналысады. Одан қолы қалт еткенде мүсін­дер сомдай­ды. Біз­ге атақты Гена мен Барак Оба­ма­­ның мү­сін­дерін көр­сетті. Әйтеуір тыным тап­пайды. Өз ісіне шын берілген жан.

– Менің жұмыстарымның Мадам Тюс­содағы фигуралардан өзіндік ере­к­шелігі бар. Олар бір команда болып жұмыс істейді. Сосын жос­парланған мүсіннің иесін арнайы шақыртады. Ал мен, өзіңіз көргендей, жалғыз өзім кірісемін. Сол сияқты кейіп­керімді тек фотосы арқылы ғана әзірлеп шығамын. Бір мүсінді толық аяқтау үшін шамамен 4-5 ай­дан бір жылға дейінгі уақытым кете­ді. Әр тал шашын жеке-жеке орна­лас­тырып шығамын. Төзімділікті талап ететін жұмыс бұл, – дейді Айдос.

Естеріңізде болса, былтыр күзде Гиннестің рекордтар кітабына енген әйгілі мюзикл «Notre Dame de Paris» Орталық Азияда тұңғыш рет қазақ сахнасында қойылғаны белгілі. Р.Коччанте мен Л.Пламондон сынды авторларының даңқын аспанға көтерген туынды Астанадағы Бей­біт­шілік және келісім сарайында сахналанған еді. Сонда атақты туынды кейіпкерлерінің бет әлпетін әсемдеп, грим арқылы образдарын жасаған Айдос Есмағамбетов екенін біреу білсе, біреу білмейді.

Аты-жөні «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген дарынды суретші бүгінде жі­герлене түскендей. Ойына алған бі­раз жобасы бар екенін айтты. Ги­пер­реализм өнерін зерттеп, осы жанр бойынша тер төге беретінін аңғартты.

– Негізі, жұртшылық менің өнер­ім­­ді әлі де болса дұрыс түсіне қой­­май­­тын шығар деп ойлаймын… – дейді ол.

– Неге?! – дейміз біз. Ол сәл ойланып:

– Әйтпесе елордамыздың төрінен бірегей музей ашылып, онда тарихи тұлғаларымыз, хандарымыз бен би­лері­міз, батыр бабаларымыздың алып тұлғалы шынайы мүсіндері қас­қиып тұрса, қандай керемет болар еді, ә? Бұл, меніңше, елімізге келе­­­тін шетелдік қонақтардың да зор қы­­зы­­ғу­­шылығын тудырар еді. Кім біл­­ген, бәлкім, бұл арманым да алдағы уақыттарда орындалатын шығар, – деді.

Бұдан кейін өзін биік шыңға жетелей бастаған өнерге қалай кел­генін әңгімеледі.

– Сурет салуға бала күнімнен ын­­тық болдым. Әкем де сурет салып, мүсіндер жасайды. Ал анам кесте тоқиды. Кестесі инемен емес, қылқаламмен салғандай әсер бе­реді. Арқалық қаласына қарас­­ты Ашутасты ауылының тумасы­­мын. Кәсіби білімімді Ы.Алтын­сарин атын­дағы Арқалық мемле­кет­тік педаго­гика­лық институында «Бейнелеу өнері мен сызу» маман­дығы бойынша алдым.

Шынымды айтсам, бұрын-соңды силиконнан мүсін жасау ойымда болған жоқ. Дегенмен, қолға алынған соң, орта жолдан тастап кетпей, әрі қарай ізденіп, осы өнерді дамыта берсем деген мақсатым бар. Шәкірттер тәрбиелеп, ерекше мүсін сомдау тек еуропалықтардың ғана емес, қазақтың да қолынан келетінін дәлелдегім келеді, – деді ол.

– «Кино саласына бет бұрып, қорқынышты фильм кейіпкерлеріне грим жасап, құбыжықтардың түр-түрін айнытпай жасап берер едім» деп айтып едің кезінде…

– Иә, есімде. Дәл солай жасадым да. Есіңде болса, 2013 жылы Астанада масалар жайында «Өлгендермен селфи» атты қорқынышты фильм түсі­ріл­ді. Сондағы кейіпкерлердің түр-тұл­ғаларын жасап шығардым. Кино­ны көргендер жылы пікірлерін ай­тып жүр. Мысалы, фильмде мен адамның үре­йін ұшыратын акри­л­ді тістер жасадым. Бүгінде көпте­ген тіс ем­ханасы қолданып жүрген мате­риалдар менде де бар. Жас адамды лезде «қартайтып» жібере аламын (күледі). Меніңше, отандық фильмдерімізге осы бағыт жетіспейтін секілді…

Айдос мүсінге қажетті материалдарды АҚШ-тан арнайы алдыртады. Оның құны да әжептәуір. Әзірше өз өнеріне өзі демеуші. Оған қажетті қаражатты салған картинасын сатып, алады. Ол үшін өкінбейді.

– Қазір екі бағыт бойынша жұмыс істеп жүрмін: өзім қызмет ететін театр әртістері мен кинофильм актерлеріне грим жасаймын. Сол секілді адамдарға протез жасаймын, ол бүгінде медицинада қолданылып жүр, – дейді Айдос.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сында «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы арқылы еліміздің әр өңірін­де тұратын түрлі жастағы азамат­тардың жетістіктеріне назар аударуды ұсын­ғаны белгілі. Талантты азаматтар­дың өмірбаянын үлгі ету арқылы жастарды тәрбиелеуде бұл жобаның маңызы ерекше екені де анық.

Же­тістік демекші, Айдос Есмағам­бетов көз майын тауысып істеген еңбектерін ешкімге бұлдамайды. Қайта еңбектенген сайын тынысы ашылып, шабыт пайда болатынын, жігерін жани түсетінін айтады.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

egemen.kz

Мынаны да қараңыз

Ы.Алтынсарин мен Н.Ильминский

Ильминский мен Ыбырай 1859 жылы Орынбор шекара комиссиясының сол тұстағы төрағасы В.В.Григорьевтің пә­терінде жолығысады. Ыбырай ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *