Таспа

Туған жер – тұғырың

Әркімнің туған жері — Мысыр шәрі
Туған жер – тұғырың! Сонымен, 2019 жылғы 6 шілде күні таңертең Арқалық қаласының вокзалынан таксиге отырып, Амангелді кентіне келген едік. А.Иманов атындағы мемориалдық музейді аралап болған соң, «Бистро» атты дәмханадан түскі асымызды ішіп, «Алтын Дала» резерватының офисіне бардық. Мұнда біз қорық басшылығымен жолығып, жеделдетіп аталған резерваттың «Ұлы Жыланшық» учаскесіне жол тарттық. Бұл түске таманғы уақыт еді.
Бізді тиісінше учаскеге кіре берісте резерват қызметкерлері күтіп алып, өздерімен бірге алып жүрді. Олардың бекеттеріне соқтық, тұрмыс жағдайларымен таныстық. Асқа шақырып еді, рахметімізді айтып, тек құдықтың тастай әрі дәмді суын ішіп (уақытымыз тығыз ғой) жылжи бердік. Алдымыздан әуелі киіктер шықты, бір емес, бірнеше рет көрінді.
Бір рет мынадай жағдайға куә болдық. Тура алдымыздағы киіктердің текесі бізді алдаусыратып, үйінінен бөлек әкетті. Ұрпағын сақтау жолындағы олардың жанқиярлығы керемет қой. Өз басын бәйгеге тігіп тұр. Киік екеш киіктің өзі ұрпағына қамқор, тастанды балаларды көрген кезде осы жайт есіме түсіп кетеді!
Резерваттың табиғаты, құсы мен аңы және өсімдіктер дүниесі туралы бұған дейін де жазған едім. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын. Бұрынғы жұрттың орнын да көрдік. Әдейі барып соқтық, одан әрі өзен жағалауына дейін жеттік. Былайша айтқанда бұрынғы Әліби бөлімшесіне дейін бардық, бірақ арғы бетке өтпедік, өйткені құландардың нақты қай жерде жатқанынан хабарымыз болмады әрі ауылға кету керек болды. Әрине, Бәймен және Тәйпен аталарымыздың бастарына да барып, құранымызды оқып, қас қарайғанша менің туған ауылым Көкалатқа да жеттік.
Жалпы, резерват аумағы болсын, Көкалат ауылына дейінгі жер де болсын, бір қызығы ландшафты өзгеріп отырады, тіпті, қара топырақты жер де кездеседі, сортаң да, тақыр да, шөл де шөлейт те бар. Ғажап!
Сапарға бірге шыққан кісілеріміз, фотографымыз – Данил Потапов-Поличинский және тревер-блогер Әлия Ахмалишева үшін бәрі таңсық. Егер, олар осыған дейін Жыланшықтың жері мен аң-құсына, ескерткіштеріне таң қалып келсе, енді Торғай жерінің қонақжайлығы мен салт-дәстүріне таңдай қақты. 1-2 түйір ұлымды да ертіп алғанмын ғой, баяғыда әкем солай алып жүретін, бұл салттан мен де жаңылған емеспін.
Сөйтіп, Көкалат ауылына да жеттік. Өзі аңшы әрі жердің ыңғайын жақсы білетін ағам – Құрманбек ағам дәм салдырып қойыпты. Талғат інім бір марқасын сойдыртып, әзіл әңгімелерімен қонақтармен емін-еркін сұхбаттасып кетті. Алтынай жеңгемізге рахмет, қашан бәрін үлгіртіп қояды өзі?! Ұл да келін де әке мен шешенің айтанынан шықпайды.
Әлқисса, сонымен ет желінді, қымыз ішілді, алдыға шай да келді. Сөйткенше болған жоқ, күн де батып кетті, енді ең болмаса ауылда салынып жатқан «Жастерек» саябағымен, ауылдағы кейбір ескерткіштермен танысуға (дұрысы, қонақтарды таныстыруға) шешім қабылдадық. Осы жерден шамалы шегініс жасайын.
Былтырғы жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданының құрылғанына 90 жыл толуы құрметіне орай тамаша шаралар өткен болатын. Оған өзім де қатысып келген едім. Сонда қолға алынған шаруалардың бірі аудан орталығындағы әр жылғы түлектер өздерінің шама шарқынша жаңадан әр объектіні жасатып не қаржылай көмек көрсеткен еді.
Жергілікті билік те қарап қалмады. Расында, аудан да жаңарды, адамдардың рухани жаңғыруы да болды. Елдің ертеңге деген сенімі пайда болды. Міне, осындай істің де менің туған ауылымда жалғасып жатқаны бар. Бәрі де идеяға байланысты, егер дұрыс болса, көпшілік қоштап, қостап кетеді.
Кезінде ауылымызда Мүттәл деген кісі болған еді, кеңшардың директоры болды. Шаруаға мығым, мықты кісі еді марқұм! Сол кісінің туған қызы – Гүлбану апайымыз мынадай бастама көтерген болатын: «Қай жерде жүрсек те ауылымызды ұмытпақ емеспіз, сондықтан туған ауылымызға мүмкіндігімізге қарай жәрдем жасайық». «Ауылдан көшсек те, адамның көңілінен ауыл кетпек емес» деуші еді ғой. Бір жақсы жері ел-жұрт қолдай кетті. Әркім шамасына қарай тіл көмегін, қол көмегін, ақшалай көмегін жасады дегендей.
Мәселен, біреу 10-15 мың теңгесін берді, мен, мысалы, соңғы 3-4 жылда тек туған ауылымды ғана емес, тұтастай алғанда Торғай жерін, облыс туралы жұршылыққа көп ақпарат беріп, жарияладым. Оған өздеріңіз де куә деп ойлаймын. Құдайға шүкір қазір ауылымыз, ауданымыз, өңіріміз танылып қалды. Бұл үшін біреуден барып ақша сұрап жатқанымыз жоқ, таза альтруистік іс!
Жігіттермен, бауырларыммен бірігіп өз қаражатымызға облыста алғаш рет, ана тілімізде, тәуелсіз http://tobyl-torgai.kz/ атты сайтты дүниеге әкелдік. Оны жүргізу, қаржыландыру да біраз шаруа, едәуір қаражатты талап етеді.
Кісіге міндетсініп жатқанымыз жоқ, әйтеуір елдің шаруасы ғой деп жүрміз. Елге — Торғай өңіріне, жалпы Қостанай облысы бойынша аймағымызға туристер апардық, «Тылсым Торғайға турды» дүниеге әкелдік (http://tourtorgai.plp7.ru/). Ол жоба туралы мына жерде жақсы жазылған: https://www.inform.kz/…/ne-nuzhen-nam-dubay-kogda-u-nas-est…
Әрине, оған тағы Ювижндағы блогым (https://yvision.kz/u/Fvfylsr) мен әлеуметтік желідегі (Фейбуктағы https://www.facebook.com/groups/801142396621075/) саны 4000 адамға тақау «Топжарған» тобын қосып қойыңыз. Айта берсек көп қой, мақсат — жалпы жұртшылық біле жүрсін деген ой еді. Парақшамда да аймақ, облыс туралы да көп материал беріп жүргенімді білесіздер! А
Айтқандай, 2019 жылғы 6-8 шілде аралығындағы біздің экспедицияны өзім қаржыландырдым, әрине, Қостанай облысы Жанкелдин ауданы әкімдігі мен «Алтын Дала» резерваты басшылығының жәрдемінсіз аталған сапардың жүзеге асуы мүмкін емес еді. Кісінің кісілігін айтуым керек әрине!
Одан қалды, Бәймен және Тәйпен аталарымызға да қаржылай қолдау жасадық. Аянбай түбегінде жатқан әруақтар үшін де азды-көпті қаржымызды бөлдік. Одан өзге, Талғат деген інім ауылдың жарығын тегін жүргізіп берді, мешітке де көмектесті. Бұл мақтан үшін емес, еліміз үшін, ауылымыз үшін әйтеуір қолымыздан келсе, болса екен деген тілек, жәрдем ғой.
Сонымен, мешітімізге, балалардың футбол алаңына соқтық. Расында ауылдағы ауызбіршілікке риза болдық. Таңертең ерте тұрып, ауыл іргесіндегі Шәкір там қорымына барып аруақтарға құран оқып, Көкалаттағы айдынды тағы да фото және бейнеге түсіріп Торғай шаһарына қарай бет алып кеттік.
Суреттерді түсірген мен, яғни Амандық Қорғанұлы және Данил Потапов-Поличинский!

Мынаны да қараңыз

Ахмет Байтұрсынұлы ауылының туризм мүмкіншілігі

Биыл ЮНЕСКО деңгейінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы аталып өтпекші, ал, Ахаң ауылы қай-жағынан болса да туризмді ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *