Бармасаң, келемесең жат боларсың немесе 100 жылдан кейінгі қауышу

Осыдан 94 жыл бұрын, яғни 1924 жылы анамның туған апасы Гауһар атты кісі жолдасы Жараспен бірге Торғай елінен жан сауғалап Ақмамық деген жерге көшіп кетеді. Естуімше Ақмамық — бұл құстардың көп қонатын жері болса керек, меніңше жыл құстарының тоқтайтын жері шығар, негізінде Сібірден жылы жаққа ұшатын құстар Торғай қақпасы арқылы өтеді ғой. Ақмамық деген шөп те бар айтқандай. Шешем: «Гауһар апамдар Ақмамық жаққа кетті, анығын білмеймін» дейді әлі күнге дейін. Ақмамық атты жер атын біз «мамық» сөзімен байланыстырып мақтамен, Мақтаралмен шатастыратын едік. Ақмамық атты жердің тағы бір аты Көкінің көңі деп те аталады. Бар білетінім Торғаймен ірлесес Ұлытаудың, бәлки Сырдың яки Ырғыз жағы, дерегін білмедім, бірақ дәл Торғайда мұндай жер аты жоқ.
Сонымен Жарастың әкесі Көкір, олардың үлкен әулеті заманның өзгерісін, келе жатқан кәмпескелеуді сезген болуы керек, енді елде тұра алмайтынын біліп оңтүстікке қарай жылжиды. Себебі Көкірдің әулеті заманында Торғай еліндегі үлкен байлардың бірі болса керек, тіпті байлығы бойынша атақты Бірәліден де асып түскен деседі.

Ал, Бірәлі байдың жылқысының негізінде Қостанай жылқысы сұрыпталып шығарылыпты, Бірәлінің өзі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтерілісшілерді жабдықтап тұрған екен. Біздің түсінігіміз бойынша «қазақ байы ол таптық жау, Амангелді, Кейкі батырлармен қандай байланысы болуы керек?» дегенді миымызға сіңіріп тастаған ғой, әйтпесе 50-60 мың сарбазды ұстап тұру, олардың ат-көлігі, қару-жарағы мен жабдығы елдің, әрине бірінші кезекте ел ішіндегі ауқаттылардың, яғни байлардың мойнында болған екен.

Сөйтіп, 1923 жылы шешемнің апасы Гауһар 13 жасында 30 жастағы Жарасқа тұрмысқа шыққан болатын. Мен туған бөлем Төлеуден (мен Ажардан тусам, ол кісі Гауһардан туады) естуімше олардың ата-тегі Көкір (оның әкесі Бектау, Бектаудың әкесі Төртбай), Шалабай (шала туылып Шалабай аты берілсе керек), Мырқы, Ғаппас (соғыстан қайтпаған, 1940 жылы үйленіп әскерге кетіп, кейін Сталинград түбіннен хабарсыз кеткен) деген кісілерден тұрады. Рулары Ұзын Қыпшақ тайпасының ішіндегі Сазан руы. Мен болсам Торы Қыпшақ тайпасының ішіндегі Қара-Қитаба руынан, ал шешем Торы Қыпшақ ішіндегі Түйішке деген рудың Қараман-Түменінен. Гауһардың және менің шешем Ажардың әкесі Смайылов Ысқақ, оның Ажар мен Гауһардан өзге Базар, Нұрбек, Дәрібала атты ұл-қыздары болыпты, одан елде тек Нұрбек, Ажар мен Базар ғана қалады. Ал, Дәрібала атты қызы қазақ қыздарының ішінен алғашқы болып трактор жүргізіп, жас кезінде «көз тиіп» қайтыс болған екен, тағы бір ер баласы кішкентай кезінде шетінеп кеткен (аты есімде жоқ), ал Айтқазы деген ұлы соғыстан оралмады, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Соңғы дерегі Сталинград түбінен үзіледі. Сонымен, Ысқақ атамыз 60 жасқа қараған шағында еркек кіндіксіз қалады. Ысқақтың өзі оқыған, көзі қарақты, кезінде Торғай шаһарында Ивановтың екі жылдық қолөнер мектебінде оқып, тігіншілік кәсібі де болған. Бертінге дейін біздің үйдің төрінде араб жазуымен жазылып, сақталып қалған бір жазбалар болушы еді, меніңше Қазаннан, Орынбордан шыққан қазақша төте жазумен жазылған кітап парақтары болса керек. Орысша-қазақша сауатты, Екінші дүние жүзілік соғыс жылдары почта тасыпты. Кісілердің намазын да шығарып отырған. Кейде біреулер Ысқақ аға: «газетте не деп жазылыпты, соғыс қалай жүріп жатыр» деп сұрайды екен, сонда ол кісі: «Совет әскерлері тағы бір елді мекенді тастап шықты» деп шындықты айтып, жазылғанды оқып береді екен. Бәз біреулер сыртынан «халық жауы» деп көрсетіп, Қостанайдың Ұзынкөліне жер аударып жіберген екен.

Ысқақ атамыздың руы Орта жүз ішіндегі Торы қыпшақ тайпасының Ыстыбай тармағының Қараман-Түмені, Қараманнан белгілі батыр Шәкір батыр тарайтын болса, Түменнен Ысқақ атамыз әулеті де тарайды.
Сөйтіп Қостанайға жер аударылған Ысқаққа туыстары Айтқазының атынан хат жазып, оның жоғалғанын білдірмеуге тырысады екен, бірақ әке жүрегі бәрін сезіп қойыпты. «Мына жазу оның қолына ұқсамайды» екен деп білген екен, құдайдан Нұрбек атты нағашымды сұрап алыпты. Нұрбек нағашымның құлағында нышаны бар еді.

Сонда Ұзынкөлдегі қарт кісі – Ысқақ нағашым тағдырға налып:

«Ұзынкөлдің арнасы,

Сарыкөлдің жағасы,

Нұрбегім туып сол жерде,

Шаттыққа кірген әкесі,

Сояйын десем қойым жоқ,

Жақын жерде елім жоқ,

Жер аударған ақымақтар,

Төбеңнен түссін жайдың оғы» деген екен.

Ал, енді елін тастап оңтүстікке кеткен қызы Гауһар болса, күйеуінің жұртымен әуелі Сыр бойына, кейін Мақтаралда тұрақтайды. Бұл 1932 жыл шамасы болса керек. Әрісі тіпті олардың Өзбекстан аумағына өтіп, қазіргі Сырдария облысы жағына жеткен кезі де болыпты. Мүмкін түпкі ойлары – Ауғанстанға өту ме екен? Менікі тек болжам ғана.

Қала десеке те Торғайдан ауып келген жұрт сол кездегі Мақтарал маңына барып тоқтап, сонда орналасыпты. Бұл енді 1937 жыл шамасы-ау?! Кейін дала қазақтары Киров каналын (Сым арық) қазуға қатысады, терім жұмысына тартылған. Сым арық дегені сым сияқты тіке қазылған арық екен, басы Бекабадтан басталса, соңы Шардара жаққа кетеді деседі.

Сонымен, біздің елден ауып барғандардан Өзбекстанда біраз жұрт қалған екен, жаңылмасам Бақты (бұрынғы аты басқа, орысша екен) деген жер болуы керек. Ағайындар бірнеше ауыл болып отырған екен. Әрине кейін біразы көшіп келген.

Менің бөлем — Мариям апай (Гауһардың қызы) былай деген еді: «Біз әрі Тәжікстанға да өттік, кейін отырған жерімізге келіп тұрақтадық (Өзбекстанды айтып отыр), мұнда қазақ мектебі болған жоқ, балаларымыз орысша оқыды, заман солай болды».

2007 жылдар шамасында Мариям апай (бөлеміз) Қазақстанға біржола оралады.
Жалпы, барша қазақтың басынан өткен қилы заман Торғай қазақтарын да айналып өтпеген ғой, ол туралы Ғабит Мүсіреповтың естелігінде халықтың Қостанайға, Шалқарға, Ресейге, Алатау мен Сырдарияға қарай бас сауғалағаны айтылады. Және бұлар тек тірі қалғандары ғана, қаншама жан далада көмусіз қалды екен?!

Қазірде Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында үлкен бейіт бар екен, сонда Торғайдан келген көптеген ағайындар жерленіпті.

1961 жылы Жарас Торғайға Мәлік Сапан нағашыммен (Көкалат ауылының тумасы, ол кісі кейін елде қайтты) еріп келген, солармен елге барып қайтқан, сонда: «көшеміз» депті, бірақ қандай да бір себептермен Мақтаралда отырып қалған екен. Сол 1960 жылдары Торғайға тағы да бір рет барған болуы керек, ол заманда шешем Ажар жас, балалы, туыс іздеуге мүмкіндігі болмаған әрі басқа жаққа көшіп (туған ауылынан өзге ауылға) кеткен болса керек. Ысқақ атамыздың әйелі Рабиға әжеміз онда тірі болатын. 1968 жылы қайтқан еді.
Ал, қазір бөлелеріміздің үлкені Төлеу тұратын ауыл – ол, бұрын Қазақстанның 30 жылдығы деп аталатын, қазір Өнімкер деп аталады.
Гауһардан туған Сәрсенбай деген бөлеміз кейін Жеқазғанға қоныстанды.
Жезқазғанға кейінненен біраз ағайындар көшіп барды.

Жалпы, біздің Мақтаралдағы бөлелерімізбен табысуымызға Айтпай деген кісі еңбек сіңіріпті, ол «Қазақстан әйелдері» журналына «Іздеу саламыз» айдары бойынша сұрау салыпты. Ол кісі арқылы кейін біз де байланыс орнаттық.
Тағы бір қызығы Гауһардан өзге Жекеғазы деген нағашымыз де Мақтаралға өтіп кетіпті (Өсер, Көшер, Өмірзақ аталарынан деп естідім) онда Гауһар балаларына: «Нағашыларың жеті қаз» деп күліп айтып отыратын еді, яғни, Ысқақтан бастап Жекеғазы, Мырзағазы, Мұсағазы, Айтқазы сияқты кіл «қаздар» екен. Мақтаралға кеткен Жекеғазыдан ұрпақ жоқ, тек бір қыз баласы тұрмысқа шығып кеткен.

Жалпы Торғайдан сыртқа кетіп орналасып қалған ағайындар жоғарыда айтқандай әр жерде де бар ғой, мысалы Меркі жерінде (Жамбыл облысында), Алматы облысында. Тіпті 1930 жылдардағы ашаршылық заманында Әліби Жангелдин Алматы түбінен тіпті бір-екі колхоз ұйымдастырыпты.
Бірді айтып бірге кеттім, сөйтіп 2009 жылы біз бен Мақтарал жаққа кеткен бөлелеріміз арасында қайтадан қарым-қатынас орнай бастайды. Тек ересектер ғана, бала-шағаның араласы болған жоқ. Өз басым тек сырттай еститінмін және әкем тірі кезінде бәлендей мән де берген жоқпын. Әрине, көбінесе олар келетін. Әуелі Қостанай облысының Амангелді ауданындағы өз руластары – Сазандарды тапты, кейін бізге шықты. Дегенмен, тойға бармасам да өлім-жігімнен қалмау керек деген ойға бекінген едім. Одан қалды Төлеу бөлеміздің жұбайы қайтып, қырқына анам мен апам барып келген болатын. Ендігі кезекте, алысты жақындатып, туысты табыстырып Оңтүстік Қазақстанның Мақтарал ауданына барып қайту міндеті тұр еді. Ол үшін 28 сәуір – 1 мамыр аралығына аталған өңірге сапар шегіп, 100 жыл бұрын елден кеткен Гауһар әжеміздің ұрпағы – бөлелерімізбен танысып-білісіп келген жайымыз бар. Халқымыз, расында «бармасаң, келмесең жат боларсың» деп бекер айтпаған-ау!

Осылай бұл оқиға дәл Ертөстіктің ертегісіндегідей болды!

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Тарихи 26 тамыз жайында

26 тамыз – кеңестік қазақ мемлекетінің туған күні. Қазақ Республикасының. Біздің советтік мемлекетіміздің. Біздің бүгінгі ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *