«Қостанайда Бейімбеттің музейі болуы тиіс!..»

Қазақ әдебиетінің Би-ағасы – Бейімбет Майлиннің кіндік қаны тамған жер Әйет өзені бойында жатыр. Тобылдың арналы саласы толықсып ағады. Қазақ даласының тастақты, қыратты келетін бір сұлу өңірі бұл. Жылдың төрт мезгілінде асыл тастың қырындай құлпыратын, көкмайса жазы, сарыала тон кигендей күзінің көркемдігі көрген жанның есінен кетпейді. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің: «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ, Сары жайлау, сабатына бие байлап, Отырып уық тастам көшпелі елдер, Ететін ала шаңдық үнемі ойнақ, Тірілген шыбын-шіркей шілде шалып, Көк майса құлпырған кез жер жасарып» деп жырлайтын өңірде бала Бейімбеттің шыбық мініп, шапқылап жүгіргені, ат жалын тартып, жігіт болғаны аян. Туған жерде сауатын ашып, қызметін бастады. Ғасырдан астам уақытта туған жердің ақын жырындағы бедері түгел, өзі дауылы мен жауынын көрген, құрбаны болған құрсауы мықты заман да әлдеқашан өзгерді. Бүгін Әйет бойы да Бейімбет пен оның аталары аңсаған Тәуелсіз қазақ елімен бірге тыныстап жатыр.

Бір анық бар, қазақ даласында көп тарихты кейінгі ұрпаққа зердесі терең құймақұлақтар жеткізіп отырды. Осы дәстүр Кеңес заманы кезінде бұзылды, бұзылғаны – құймақұлақтардан емес, естір құлақтың болмағанында еді. Көп сыр солардың ішінде кетті. Сондай құймақұлақтың бірі Қапыш Наурызбаев ақсақалдың осыдан тура 25 жыл бұрын Бейімбет туралы әңгімелер айтып отырғанын байқа­ғанбыз. Сол кісінің сілтеуімен сұрай-сұрай Би-ағаның туған інісі Биғон­дының әйелі Құлпы әжейді 85 жасқа келіп отырғанында бұрынғы Таран ауданының Красносельск селосынан тауып алып, қайнағасы туралы айтқан әңгімелерін облыстық «Қостанай таңы» газетінің оқырмандарына жеткізген едік. Енді міне, биыл 93 жасқа келген Қапыш атамыз Лисаков қаласы түбіндегі кеншілердің Октябрь ауылында тұрады екен. Көненің көзіндей ақсақалдың әңгі­месін естуге деген ынтызарлық қам­шылап, жолға шығарған. Лисаков қала­сының төңірегі Қапыш атамыздың ата­жұрты екен. Туды-бітті осы жерде тұрады.

– Есім дұрыс, тамағым сау, қызым. Жұмысты өткен жылы ғана тастадым. Есіктің алдында ағаш жонып, жұртқа қораның есік-терезесі, балтаның сабы секілді керек-жарақ жасап беретін едім. Көзім көрмей қалған соң, қойдым. Енді үйде қарап отыру қиын екен, көзімді Жданов әдісі арқылы өзім емдеп, табан жолымды көретін етіп алдым. Бұл ісімді «пышақ тигізбей-ақ қояйық» деп, көз дәрігері мақтады ғой. Соңғы кездері құлағым шыңылдап, басым ауы­ратын болып жүр. Әйтпесе бала ке­зімдегі естіген әңгімелерімді сол қал­­пы­нда айтатын жады мықтының бірі едім, Бейімбеттің өлеңдерін жатқа соға­тынмын, әлі де айтамын, – дейді ақсақал. Қапыш атамыздың жүрісі сәл шабандағанмен, таяқ ұстамайды, еңсесі тіп-тік, қарттықпен әлі итжығыс түсер қауқары бар.

– Бейімбеттің руы Қарта Қыпшақ, оның ішінде Ақжігіт қой. Олардың жері Жалшы болған. Ал анасының төркіні осы жақтан, мына Перелески стансасының арғы бетінде Жалбыр дейтін кісі тұрған. Ол Құба Қыпшақтардың жайлаған жері. Сол Жалбырдың қарындасы ма, апасы ма, анығын біліңкіремеймін, өтірік айта алмаймын, әйтеуір етжақыны бол­ған. Бейімбет бала кезінде сол нағашы­ларының ауылында, Жалбырдың үйінде жүреді екен, – деп бастады Қапыш ата әңгімесін. – Өткен ғасырдың ба­сын­да пат­шалық Ресейдің отарлық саясаты күшейіп, қазақтардың мал жайылы­мын тарылтуы, бокситті соғыс қаже­тіне өндіруі, салықты өсіруімен қатар, соғыстың тыл жұмыстарына қазақтарды күштеп айдауы халықтың жағдайын ушықтырып жібереді. Бұл 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысына әкеледі. Бейімбет Майлин пьесаларында осы отарлық саясатты Қостанай өңіріндегі шынайы оқиғалар арқылы көрсетеді. Ол кейін, 1935 жылы Евгений Брусиловскийдің «Жалбыр» операсы либрет­тосының сүйегін құрайды. Сон­да­ғы басты кейіпкер, Амангелді сар­базы болған Жалбыр – Бейімбеттің өз наға­шысы болуы әбден ықтимал деп ойлаймыз.

– «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген бар ғой. Би-ағаның аналары мықты болған. Осыған орай ел аузындағы, өзім бала кезде шалдардан естіген бір әңгімені айтайын. Осы айналада бұрын Қызылжар деген ауыл болды. Ол бұрын Байқан деген байдың ауылы екен. Кеңес өкіметі құрылған соң, байдың атында ауыл болмауы керек деп, оны Қызылжар атандырған. Бірақ Қызылжар қаланың саяжайына айналып, құрып кеткелі қашан. Әлгі Байқан бай 500 жылқы айдаған адам. Бейімбеттің атасы Майлы сол байдың жылқысын бағады. Жігіт кезі, бай ауылының қызы­мен екеуі бірін-бірі ұнатып қалады. Әке­сі қызын жылқышыға бере салмасы анық, мұның қалыңмал беретін шамасы жоқ. Қыз Майлыға: «қыздармен сейілге шығамын, сен жылқы іздеген болып кел де, құрықпен маған бұғалық салып, тоғайдың ішіне әкетіп қал, ар жағын өзім білемін», — дейді. Қыздар шыққан кезде Майлы оның айтқанын істейді де, ағаш арасына әкетіп қалады. Жанындағы қыздар ойбайлап, ауылға тұра қашады. Қыз Майлыға: «Енді сен ауылыңа кете бер, мен ауылға барып, жауабын өзім беремін», — дейді. Қыздардың айтуымен ауылдың бас білерлері төбенің басына шығып, ақылдасуға жиналып отырады. Қызды шақырып алып сұрайды. Сонда қыздың айтатыны бар:

«Тоғай жақта жүр едім,

Құрбылармен қыдырып.

Жылқы іздеген бір жігіт,

Жетіп келді қасыма,

Бұғалық салды мойныма…

…Айналайын ағалар,

Шешіңіздер өздерің,

Жақсы құрып кеңесті» дейді.

Ауыл үлкендері «өзіміздің жылқышы екен, болары болып қалыпты, екеуін қосайық» деп шешеді. Содан ұнатысқан екі жас қосылып, өсіп-өніп кеткен екен. Бейімбеттің өз жұрты да осал болмаған. Белгілі ақын Ақылбек Шаяхметтің жазғанындай, сөз зергері Би-аға Жабағы батырмен аталас. Қартаның ішіндегі Ақжігіттің Түгел деген баласынан Жаба­ғының аталары тараса, Би-аға Атан деген баласының ұрпағы болса керек.

Бейімбет сауатын ауыл молдасы­нан ашып, одан кейін Арғынбай қажының медресе-мектебінде оқыған. 1913-1915 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресе­сінде білім алғаны көпшілікке аян. Ол кезде бүгінгідей құрдай қатынап жатқан көліктің түр-түрі қайда? Ауылға жиі келе алмайды ғой. Бейімбет Уфадан келгенде сағыныштан айтқан бір-екі ауыз өлеңі де елге тарап кетеді.

– «Көрікті ауыл, көрінді ауыл жұмақтай,

Ішсең тоймас қымызы кәусар бұлақтай.

Орыс, ноғай қаласынан бездіріп,

Тартушы еді магнитімен шыдатпай, — деп көк майсада жатады екен. Ауылдың үлкендері айтып отыратын осы шумақ есімде бек қалып қойыпты. Би-ағаң ауыл­ды қалай жақсы көрген десейші, сағынуының өзі ғажап емес пе?! – дейді Қапыш атай.

Бұрын да, осы жолы да Қапыш атайдың аузынан Аққұлы Көмеков деген кісінің есімін естідік. Көмек Бейім­беттерге рулас туыс, білімді молда болған көрінеді. Шақыртумен ел аралап, айлап жүріп діни өсиет, шариғат ай­татын болған. Сол кісінің Аққұлы деген ұлы ауылда Бейімбетпен бірге жүр­ген. Қарапайым адам болса керек. Аққұлының Дәулет деген ұлының атын 1994 жылы Қапыш атайдан естіп, сол ар­қылы Бейімбеттің келіні Құлпы әжейді тапқанымызды жоғарыда айттық.

– Сол Аққұлы ағамызбен екі жылдай көрші тұрдым. Ол кісі де ептеп өлең жазатын, әңгімешіл еді, Бейімбетті айтып отыратын. Мен Би-ағаның атына сол кісі арқылы да қана түстім. Бірде екеуі Қостанайда келе жатады. Ол кезде қала­ның бірнеше ғана көшесі бар, шағын кезі ғой. Алдарында біреу көшемен саталаған арық сиырды айдап бара жатыр екен. Бейімбет дереу сөмкесінен қалам, блокнотын алып, жаза бастайды. «Оны қайтесің жазып, саталаған сиыр көрмеп пе ең?» дейді Аққұлы. «Сонда Бейімбет: «Тоқта, керегі болады, кейде осын­дайды таппай қаламын ғой, кедей туралы жазсам, мына сиырды соныкі деп тіркеп жіберемін де», — деп еді» деп күлдірген еді Аққұлы ағамыз, – дейді Қапыш атай. Аққұлы Бейімбетпен бірге Қар­талыға барғандағы Жағалбайлының бір қы­зымен болған айтысты айтып берген екен.

– Аққұлы мен Бейімбет рулас ағайын адамдар дедім ғой. Қай жылы екенін Аққұлы айтты ма, айтпады ма, есімде жоқ. Қартаның бір жігіті жоғалып кетеді. «Қарталы жақта жүр» деген хабар келіп, Бейімбет пен Аққұлы артынан Қарталыға іздеп барады. Бұлар бір ауылға келгенде үйдің қасындағы құдықтан су тартып жатқан қызды көреді. Бейімбет дереу ат айдаушы жігітке «ана қызға айт» деп өлең үйретеді.

«Құдаша, Алтын деген ел боламыз,

Саудамен Тройцкіге біз барамыз.

Меймандос ауылыңызда қандай жан бар?

Бүгінше сіздің елге біз қонамыз» дейді.

Сонда зерек қыз алдында өлеңді айтып барған жігітке емес, бұрылып, арбада отырған екеуге қарапты. Кідіртпей ол да жауап қатып:

«Егер де қонар болсаң, ауыл анау,

Қиын ғой меймандос деп үйді санау.

Біздің ел алтын, жез деп таңдамайды,

Айта бар мырзаларға, жалпақ танау», — депті.

«Жалпақ танау» деп қыз Бейімбетті меңзесе керек. Қыз жауабынан кейін Бейімбет өлеңді өзі жалғастырады:

«Құдаша, айтар сөзге ұста екенсіз,

Үйде емес, мырзалыққа тыста екенсіз.

Адамға көрген жерден мін тағатын,

Әдепке жөн-жосықсыз қысқа екен­сіз», — дейді. Қыздың аты Шолпан екен. Екеуі сол жерде біраз айтысады. Ай­ты­ста тек әзіл-қалжың ғана емес, жастардың, қыздардың білім алуы тура­лы әлеуметтік мәселе де қамтылады. Қыздың да мықты ақын екені сөз саптасынан байқалады. Ол жігіттерді шайға шақырады. «Қыздың арбалы жігіттермен айтысып тұрғанын көріп, үйден шыққан адамдар: «бері келіп, арбадан түсіп айтысыңдар», — дегенді айтып еді, біз отырмадық, Троицкіге жүріп кеттік» деген еді Аққұлы, – дейді Қапыш ата. Өзі айтыстың біразын жатқа айтты. Бұл айтыс кейіннен облыстық «Қостанай таңы» газетіне де шыққан екен, оның көшірмесі де Қапыш атаның жинаған сарғайған қағаздарының арасынан шықты. Айтысты жітіқаралық айтыс ақы­ны, марқұм Шаймағамбет Торышев ақсақал редакцияға ұсынған екен.

Қапыш атайдан «Бейімбет Шолпан қызға неге «алтын деген елден едік» деп айтты?» деп сұрадық күмәніміз сейілмей.

– Бұрын елде солай, руын, атын жасырып айтысу болған. Оның барлығы да қалжың әрі қарсыласын сынау үшін жасалады. Айтысатын қыздың да, жігіттің де даңқы ел арасына кетіп жатады, олар іздеп барып та сөз қағыстырады екен. Осы айтыста қыз аты-жөнін сұрағанда да Бейімбет айтпай кетеді ғой, – деп Қапыш ата айтысқа куәгер Аққұлының сөзіне сенетіндігін білдірді. Аққұлы дім­кәс адам екен, Бейімбет ақталмастан бұрын 50-жылдардың ішінде қайтыс болыпты.

Біздің осы Аққұлының ұлы Дәулет арқылы тапқан Құлпы әжей Бейімбеттің інісі Биғондымен екі жылға жетпейтін уақыт қана отасады. Биғондыдан тапқан ұлы шетінеп кетеді. Ал күйеуі ауырып, Құлпы оны көрші Владимиров село­сындағы Николай деген фельдшерге апарып келе жатқанда жолда, арбаның үстінде үзіледі.

«Жалшыда ақ кебінге орап жерленген соңғы адам Биғонды болып еді. Одан кейін алапат аштық басталды, өлгендердің барлығын жарға апарып итеріп тастай берді. Көктемде ауыл сасып бара жатқан соң, үстін топырақпен жапты» деп әңгімелеген еді Құлпы әжей. Бейімбет інісінің жаназасына келе алмайды. Абысындар кейін Би-аға ақталып, Күнжамал Карлагтан босанып шыққаннан кейін кездеседі. Сонда Құлпыға Күнжамал: «Бейімбет қайнымның өлгенін менен жасырып, өзі босап жылай берді. Сұрасам, ауылдағы бір құрдастарының қайтыс болғанын айтты» депті. Би-аға ауылына інісі өлген соң, бір-екі жылдан кейін, 1933 жылы келеді.

«Жалшы ауылы аштық жылы тарауға айналған еді. Ауылдастардың аштан өлгені өлді, тірі қалғандары малдың соңынан басқа ауылдарға босып кетті. Қайнаға келіп, солардың басын қайта жинап, барлығына мал алып берді. Ол кезде атақ-даңқы дүрілдеп тұр еді ғой, менің қорама да бір қашар айдап әкеп кіргізді» деп әңгімелепті Құлпы әжей 1994 жылы біз жазған мақалада. Би-аға одан кейін туған жерге қайтып оралмайды.

«Аштық, қуғын-сүргіннен есімізді жинай алмай жатқанда соғыс келді ғой. Сонымен, қайнағадан да, абысыннан да хабарсыз кеттік, тіпті қайнағаның атылғанын, Күнжамалдың қамауда бол­ғанын біраз жылдардан кейін естідім. «Көзі қиып, кім атты екен, ә?» деп ойладым» деген марқұм Құлпы әжей. 1935 жылы Бейімбеттің рулас ағайыны Бейсек деген кісімен қайтадан шаңырақ көтереді.

Бейімбет ауылына соңғы рет 1933 жылы келгенде жанында Елубай Өмір­зақов болады. Онымен бірге ауылы­нан әрі қарай Жітіқара, Денисов жағын аралайды. «Социалды Қазақстан» газетіне сол сапарынан «Жітіқара» ат­ты мақаласын жариялайды. Онда Би-аға қазақ тілі мәселесін қозғайды. «Ме­ке­мелерді аралап жүрмін. Кеңсе орыс тілінде. Қазақ қызметкерлері едәуір секілді, қай бөлмеден болса да көзге ша­лынады. Бірақ солардың өздері де орысшаға тым бейім екен. Қазақ қызметкерлері бір-біріне хат жазса да, орысша сүйкейтін тәрізді… «Қайтейік, біз өндіріс орнымыз ғой?» дейді. Жұмыс­шыларының 70-80 проценті жергілікті халықтан болып отырғанда, өндіріс орны жергілікті тілге көшпесін деп партия қашан айтып еді?» деп ашына жазады. Аруағыңнан айналайын Би-аға осы сөзді 1933 жылғы қыркүйекте емес, 2019 жылғы қыркүйекте жазып отырған сияқты. Бүгінгі Жітіқарада Тәуелсіз ел­дің мемлекеттік тілі қадамының Бейім­­­бет Майлин жазған көріністен аса өзге­­ріп кеткен ештеңесі жоқ…

Бейімбет Майлин Қостанайда қызмет істегенде де, Алматыға кеткенде де ауы­лы, туған жері оның жүрегінің бір түк­пірінде мейіздей қатып жатқан сағы­нышы болғаны аян. Қостанайда жүргенде көп адамдарға көмегі, шарапаты тиді. Әртіс Елубай Өмірзақов пен ақын Мәриям Хакімжанованы «сүйегін танып», Алматыға алып кеткен де, бұлақ көзін ашқан да Бейімбет екенін жұрт біледі. Көбіне ауылдың жырын жырлайтын шығармаларындағы кейіпкерлердің прототипі де негізінен өз ауылдастары еді. «Ұлы адамдар халқына мәңгі қызмет етеді» деген сөз рас болар, сірә. 1994 жылы Бейімбет Майлиннің туғанына 100 жыл толу тойы қарсаңында оның туған ауылы Жалшыға сол кездегі облыс басшылығы 20 үй, мешіт салдырды, жолдарын дұрыстады. Әттең, сол Жалшыда қазір 15 түтін ғана қалды, мешіт есігінің аузында құлып ілулі тұрады.

Қызыл империя қуғын-сүргінінің құрбаны болғанда Би-ағаның кәусардай таза болмысын, оның әр оқырман миықтан күліп отырып оқитын, қазақ әдебиетін жаңа жанрлармен толықтырған шығармаларын білетін жұрттың іші удай ашыған. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің жүрегі «Бейімбет жау болса – мен де жаумын!» деп қан жылады. Сөйткен Бейімбет 1957 жылы ақталып, орта толды. Бірақ өзін «магниттей тартатын» ауылында, туған жерінде Бейімбет Майлиннің есімі қызыл комиссар Таран құрлы болмады. Ескерткіш те, ауданның аты да, Қостанайдың ең ұзын орталық көшесі де Таранның атына берілді. Би-ағаға орталықтағы қисық-қыңыр қысқа көше мен бір кеңшар «жеткілікті» болды. Тәуелсіздік алған соң, сана сілкінген тұстарда облыс орталығына жазушының ескерткіш-мүсіні қойылды. Ал «Әйет бойынан шыққан асыл перзенттің есімі туған жерінде неге асқақтамайды?» деген сауалдар аға буын өкілдеріне, қалам ұстаған және зиялы қауымға маза бермей, ауық-ауық айтылып қойып жүрді. Расында, бар қазақтың Бейімбеті болғанымен, Би-аға үшін туған жердің орны бөлек емес пе еді? Бұл сұраққа ел газеті «Егемен» де араласты. 2017 жы­­­лы газетте қостанайлық Қасымбек Кеңес­баев бастаған бір топ ардагер ағалардың «Тарихи әділеттілік қалпына келсе дейміз» деген мақаласы басылды. Онда ақсақалдар қазақ халқы үшін Бейімбет кім, Таран кім екенін тәптіштеп тұрып айтады. «Қап түбінде біз жатпас» деген ғой. Шаңына көмуге уақыттың да шамасы жетпейтін, тот баспайтын асылдар болады. Ол – әділеттілік, ол –  аруананың сүтіндей қасиетті адалдық, тазалық шығар, бәлкім. Бұл әділдік – Би-ағаны қадірлеген халқының талабы болса, аруананың сүтіндей адалдық пен тазалықты – Бейімбеттің өзі десек қай құлаққа жақпайды? Биыл халық қалаған сол тарихи әділет орнады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында Қостанай облысындағы Таран ауданының атын Бейімбет Майлин атына өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

Әттең-ай, Би-ағаның туған топыра­ғында тағы бір кем дүние бар. Осы кезге дейін Қостанайда Бейімбет Майлиннің музейі бар деп айтуға ауыз бармайды. Мұны көзінің тірісінде жазушы Герольд Бельгер осыдан 15 жыл бұрын ренжи жазған екен. «Астанада Сәкен Сейфуллиннің, Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтің музейі бар. Бейімбет Майлиннің туған жері Қостанайда оның музейі жоқ. Ал менің Таран ауданында көрген музейімді музей деп атауға келмейді. Кеш болмай тұрып әділдікті қалпына келтірген ләзім. Бейімбеттің музейі Қостанайда болуы тиіс!» депті Гер-аға. Имандай шындық. Аудан орталығындағы музей Бейімбет Майлин атымен аталғанымен, онда бір-екі сурет пен 2-3 кітап қойылған бұрыш қана бар. Жасы да, таланты да, тағдыры да бірдей үш алыпты кейінгі ұрпаққа жеткізуде де алшақтық болмаса құба-құп еді. Музей Бейімбеттің өзіне емес, кейінгі ұрпаққа керектігін де ұмытпаған жөн.

Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов: «…өмір шындығын, адамдардың типтік бейнесін жасауда Бейімбеттей ешбір жазушы шынайы суреттей алған емес», — деген екен. Би-ағаның осыдан бір ғасыр бұрын көтерген мәселелерінің барлығы да дәл бүгін де өзектілігін жойған жоқ.

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деген ұлағатты сөзі бүгінгі күннің де ұра­ны болып тұр, күйіп тұрған мәселе. Кемеңгер жазушының туғанына 125 жыл толуына орай туған жерінде өтетін тойды жазда облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Өзіміздің Би-аға!» атты республикалық жыр мүшәйрасы бастап берген еді. Бұл да жақсы ырым болды.

Қазақ топы­рағының құнары аман болса, Би-ағаның шапанынан әлі талай тұлғалар шығады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

ҚОСТАНАЙ

egemen.kz

Түпнұсқадағы тақырып: «Би-аға және туған жер»

 

Мынаны да қараңыз

Қостанайдағы ет комбинаты ісі бойынша 49 адам күдікке ілінді

Қаржы мониторингі агенттігі Қостанай облысындағы департамент «BEEF EXPORT GROUP» компаниясының ет өңдеу кәсіпорны директорының басшылығымен ұйымдасқан ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *