Қостанай облысында дәрілерді қымбатқа сатқандар жазаланды

Қостанай облысында дәрілерді қымбатқа сатқан дәріханаларға 3 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департамент мамандары прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп облыс дәріханаларына мониторинг жүргізуде. Басты мақсат – дәрі-дәрмек бағасының өсуіне жол бермеу. Бүгін облыс орталығындағы 115 дәріхана тексеріліп, 24 түрлі сипаттағы заңбұзушылық анықталды.

«Облыс орталығында бағаны белгіленген нормадан жоғары көтеретін дәріханалар анықталды. Атап айтқанда, «Лен Фарм» ЖШС «Фильтрум» дәрісін 1300 теңгеге сатқан, осы препараттың шекті бағасы – 1036 теңге, «Қожахметова» жеке кәсіпкерлігі 583 теңге тұратын «Новиган» дәрісін 780 теңгеге сатқан. Сонымен қатар «Жусупова» кәсіпкерлігі де белгіленген ережені бұзды. «Ингавирин» дәрісін 6000 теңгеге сатқан, алайда препараттың шекті бағасы – 5640 теңге. Осындай заңбұзушылықтар Арқалық, Рудный, Денисов, Ұзынкөл, Б. Майлин, Әулиекөл аудандарының дәріханаларында анықталды», — дейді департамент директорының орынбасары Сауле Ержанова.

Қазіргі уақытта өндіріске әкімшілік құқық бұзушылық туралы 24 материал түскен. Олардың 20-сы қаралып, дәріханаларға айыппұл салынды. Бүгінгі жағдай бойынша айыппұл сомасы 3201645 теңгені құрайды. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.

 

Мынаны да қараңыз

Қостанайда қылмыстық топ құрықталды

Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Қостанайда бір тұлғаның заңға ...