Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. Ахаң мен Жахаң салған азаттық жолы (соңы)

Сартүбекте. Ахаңның анасының қуанышы

1910 жылдың желтоқсаны. Торғайда қыстың аязды мезгілі басталған кез. Күн ашық, желсіз. Ақбоз ат мінген жолаушы Қызбел жақтан Аққұмды бет алып келе жатыр. Таң атқаннан бері орта жолға жетіп қалған сияқты. Көкалат тұсынан өтіп, Аққұмға қарай тура тартып келе жатыр. Жер бетінде қар жұқа, кей тұста ақ топырағы көрініп қалады, соған қарап, Аққұмның шетіне түскенін жолаушы сезді. Қар бетінде қоян мен түлкінің іздері көп, анық көрініп жатыр. Бір кезде алдынан бір топ киік топырлап өте шықты, шамасы, оңтүстікке, Ырғыз жаққа бет алған.
Шамалыдан соң, қасқа торы мінген кісі алдынан жолықты, ердің қасына ілген қақпанына қарап, «аңшы ау» деп ойына түйген.
— Сартүбек қай жақта болады? — деп сұрады аңшыдан Қызбелден келе жатқан. Ол:
— Осы бетіңізбен ет пісірім уақыт жүрсеңіз, алдыңыздан сол ауыл шығады, — деген.
Қызбелдік әрі қарай аяңға салып жүріп кетті. Түс ауа қыстаулардың да шеті көрінген. Әр үйдің мұржасынан шала қалқып түтін шығып жатыр. Бірер ит үріп, алдынан шықты. Ауылдың ортасына кіргенде тысқа шығып тұрған орта жастағы жігітті көріп:
— Қарағым, Байтұрсын аға мен Күніш апайдың үйін көрсетіп жіберші, — деді. Ол жігіт екі-үш үйдің тасасында тұрған жаппа үйге алып кірді. Пештің жанында жаңа сауып әкелген сүтін пісіріп Күніш отырған, ол үйге кісі ертіп кірген баласын көріп:
— Мәшен-ау, не боп қалды? — деп сұраған
— Қонақ келді, апа!
— Ә, құдайым!?
Мәшенге ере келген кісі үндемей төрге шығып (Мәшен көрпе төсеген), үй иесі Байтұрсын марқұмға құран бағыштауды бастаған. Құран оқылып болғасын бәрі қол жайып, «әмин» десті.
— Күніш апа! Ел ағасы болған Байтұрсын ағамыздың артының қайырын берсін! Жақсылығын артында қалған ұрпақтарына берсін! Кезінде жер шетінде болғасын ағамызды жоқтап келе алмадық. Мен Орынбордағы Ахметтің інісі болып қасында жүрген Міржақыптың ағасы Асқар деген боламын. Осы бетімде Сарықопа болысынан Байтұрсын ағамызға құран бағыштап, оқып қайтайын деп арнайы келдім, — дегенде, Күніш апа жоқтау айтып, зарлап қоя берген:

«Байтұрсынымдай Ер қайда?
Ерді жоқтар Ел қайда…?» деп солқылдай бастағанда, Асқар басу айтып, Күніш апайды әрең тоқтатқан. Құдай қосқан жары Байтұрсынды жоқтаған өксігі әлі басылмаған екен.
Сосын Күніш апасы баласы Мәшенге құлағына ақырын сыбырлап, Ақтас ағасына хабар беріп, қадірлі кісіге қонағасы беру жағын айтты. Мәшен шаруа жайымен сыртқа шығып бара жатқан, оған Асқар;
— Қалқам, аттың ерінде тұрған қоржын бар еді, соны кіргізіп тасташы, — деді де, Күнішке қарап:
— Апа, мен әнеукүндері Орынборда болып едім, сол кезде Ахметтің жаңа кітабы шығып еді, соны арнайы сізге беріп, сәлем айтып, сәлемдеме беріп жіберді, соларды әкелдім, — дегенде, Күніш апа тағы еңіреп жыласын. Сосын Асқар:
— Апа, «енді қуанышқа жылаңыз, Ахмет балаңыз ел сыйлаған азамат болды!» — дегенге Күніш апа жылауын тоқтатып:
— Рас, қалқам, рас. Біздің Байтұрсын Сібірге айдалып барып келгеннен бері не бір құқайды көрдік! Сол жаныма батады, қалқам! — деген.
Мәшенмен бірге Қали Кәкіш, Ақтас ағасы ере келген. Бүйірі толық қос қоржын да кіргізілген.
Асқар Ақтаспен орнынан тұрып, қол алысты.
Отырғаннан кейін Асқар Орынборда болған оқиғаларды айтты.
— Ахмет пен келіндеріңіз сау-сәлемәт, Ахмет қызметте. Мен барған кезде «Маса» деген кітабы шығып, қуанышына ортақ болдым, — деді. Оған жиналған жұрт қуанып, рахмет, алғыстарын қонаққа айтып жатты.
Асқар қоржынды өз алдына алып, Ахметтің бірнеше кітабын туыcтарының қолына табыс етті. Әсіресе, Ақтас ағасы кітапқа үңіліп қарап, беттерін ашып оқып, таңғалып отырған қалпын байқатты. Асқар сосын Ахаңның анасы Күнішке қарап:
— Мынау алтын жүзік пен сырға — келініңіздің Сізге деген сәлемдемесі. «Қолына тапсырыңыз» деп маған аманат етіп еді. Қоржынның қалған жағындағысы келініңіз салған кәмпит, шай, көйлек. Оны өзіңіз қарап аласыз, — деп қоржынды Күнішке тапсырған. Қонақтың сөзі Ахаңның туыстарына ғажап әсер сыйлады, бәрі таң-тамаша сезімге бөленген. Ақтас қана тіл қатып:
— Асқар інім, біздің үйде Сізге арналып мал сойылып, қонақасы әзірленіп жатыр еді, ендігі әңгімені біздің үйде жалғастырайық, — деген.
Сол күнгі кеште Ақтастың үлкен үйінде бүкіл Шошақ балалары, басқа да ағайындары жиналып, күлкілі, қуанышты, ерекше қонақасы болды. Сол күні таң атқанша ауылдың күйшілері, термеші -жыршылары құлақ құрышын қандырғандай дастандар орындап, таң атырған…

Бұл Шошақ ауылында көп жылдан бері болмаған естен кетпес әсерлі, қуанышты күн еді. Көп жылдан бері уез тарапынан қысым көріп келген Шошақ әулеті келешекке үміті сәулелене түскендей болды.

Ахметтің анасы Күніш Ақтастың үлкен үйіндегі қонақасыға бармай қалған. Енесі бармағасын, Мәшеннің үйіндегі келіні де апасының қасында қалған. Күніш көп жылдан бері көрмеген Ахметінің жаңа кітабын қайта-қайта сүйіп, қайта-қайта оқи беруден ( Күніш дәулетті отбасынан шыққан, бала кезінде молдадан оқыған) шаршамады. Әсіресе, «Анама хатын» бірнеше оқып, көз жасын бұладай ағызды-ай келіп. Келіні:

— Апа! Қойсаңызшы енді жылауыңызды, Ағамды «түрмеден шығып, қызметке орналасты» деп айтты ғой манағы кісі. Кітабы шығып жатыр екен. Үлкен қуаныш емес пе!

— Иә, қалқам, жөн айтасың. Сол, қуанғаннан жылап отырмын. Қуаныш пен қайғы бірдей екен ғой! Қуанып жылап отырмын.

— Сөйтіңізші! Мына келініңіздің сәлемдемесі қандай керемет! Алтын сақина мен сырға! Жіберген көйлегі қалай әсем! Қараса, көз тоймайды!  Күніш келінінің көйлектік матаға қызыға қарап отырғанына көріп:

— Мынаны сен ал, тіктіріп көйлек ки, — деген. Мәшеннің үйіндегі келіні апасының көйлек сыйлағанына разы болып, сәлемдемемен келген иісі бұрқыраған үнді шайін бабымен қайнатып,  енесімен бірге рахаттанып ішуге кіріскен.

«Оян, қазақтың» кәмпескеленуі

1910 жылдың қаңтары. А.Байтұрсыновтың «Маса» атты кітабы мен М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы өткен жылы баспадан шығып, қазақ елінің түкпір-түкпіріне дейін тарап, Ахаң мен Жахаңның даңқы жер жарған кез болатын. Ресейдің I және IІ Думасына депутат болған қазақтың атақты тұлғалары, Омбы, Орынбор губернияларының оқыған зиялылары, Семейдің белгілі болыс, билері, сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының «Өлеңдерін» жарыққа шығарған Тұрағұл мен Шәкәрім Құдайбердіұлынан, Омбыдағы Әлихан Бөкейхановтан құттықтау хаттар қардай жауып кеткен еді. Орынборда Ахаң мен Жахаңды танымайтын адам болмады. Ахаң мен Жахаң қара костюм мен бантик байлап, пәуескемен кетіп бара жатқанын көрген жұрт иіліп сәлемдесетін. Міржақып «Бақытсыз Жамал» романы кітап боп шыққанда бар болғаны 25 жаста еді. М.Дулатов алғашқы романының беташары өткеннен кейін, «Орынборға жақын» деп Қызылжар қаласындағы оқу ағарту саласына қызметке орналасқан. «Қуаныш пен күйік қатар жүреді» деген рас па, Міржақып Орынбор мен Омбы губерниясының жандармериясы «Оян, қазақ» кітабын кәмпескелеу туралы жарлық шығарыпты» дегенді осында жүріп құлағы шалған. М.Дулатов жас та болса ел келешегі үшін белін буып кіріскенін өзі жақсы сезінетін. «Не болса да, бір қауіп маған төнейін деген екен, барып көрейін» деп жиналып, Семейге жол жүріп кеткен. Тыңшылар қалаға келгенін хабарлаған болуы керек, сол жолдан түскен бетінде тұтқындап, Семей түрмесіне жапқан.
Түрмеде тергеу жүрізген Ерофеев деген жандармерия офицері қазақша біледі екен, сұрақтарды қазақша қойды:
— «Оян, қазақ» кітабыңыздың конфескеленгенін естідіңіз бе?
— Жоқ, естіген жоқпын.
— Бұрын Семейде пәтерде тұрған үйіңізден он кітабыңыз конфескеленді, қалғандары қайда?
— Кітап өткен жылы әр тарапқа тарап кеткен, менің өзімде де бір кітап жоқ.
— Цензура осы кітабыңыз «Өкіметке қарсы уағыз жүргізген» деген қорытынды шығарған!
— Біздің көп жұртымыздың сауатсыз екенін сіз жақсы білесіз. Мен бұл кітабымда елдің сауатын ашуға, оқуға шақырғанмын. Оның еш саяси астары жоқ.

— «Міржақып Дулатов 1905 жылы жазылған петицияны ұйымдастыруға қатысқан адамдардың бірі» деп Қоянды жәрмеңкесінің тұрғынының жазған арыз да бар.
— Мен ол жылдары Зайсанда мұғалім қызметінде жүргенмін. Қояндыда болған жоқпын…
— Так, так! Дулатов мырза, сіз өкіметке қарсы екеніңізді мойындамасаңыз да, сіздің кітабыңыз бен үстіңізден жазылған мына арыздар көп нәрсені аңғартады. Біз әлі бұл мәселені анықтай түсеміз! — деді де, тергеуші камерадан шығып кетті…

Ахаңның «Әліпбиі». М.Дулатұлының Түркістанға сапары 

1911 жылдың маусымы. Орынбор. А.Байтұрсынов інісі Міржақыптың Семей түрмесіне қамалғанына көңілі алаңдаулы. Қазақ даласында даңқты ақын-жазушыға айналған, жастығына қарамастан, ел жоқтаушысы болып, қайраткер тұлғаға айналған Міржақыптың қасында жоқтығын Ахаң терең сезінді. Газеттерге «Кінәсіз қамалған ақын» атты мақала да жазды. М.Дулатовты жақсы білетін, бұрын Ресей Думасының депутаты болған, Самарада жүрген Әлихан Бөкейхановқа, Жетісудан айдаудан оралған семейлік заңгер Жақып Ақбаевқа М.Дулатовқа көмек көрсетуді сұрап, бірнеше рет хат жазған.
Ахаң солардан жақсы хабар күтіп әлек (Өзінің Орынбор жандармериясының нұсқауы бойынша қаладан шығуға құқы жоқ).
Ахаңның қолы бос уақыттары жоқ десе де болады. Оны қатты алаңдататыны ҚАЗАҚ ЖАҒДАЙЫ. «Айқап» журналына «Тағы да халық соты туралы», «Земство жайында», «Қазақ жерін алу туралы низам» атты сол кездің күрделі мәселелерін сөз еткен мақалалары жарияланған.
Мақала жазудан басқа, ұлт келешегі үшін ең маңызды мәселе — қазақтың төл әліппесін жазып шығуды армандап келе жатқанына он жылдай уақыт болған.
А.Байтұрсынов қазақтың төл әліппесі болмай, сауатын ашуы екіталай болатынын жан-тәнімен түсінген. Өзінің мектептерде қызмет еткен көп жылдық ұстаздық тәжірибесі Ахаңды «Қазақтың төл әліпбиі» оқулығын жазуға жетеледі.
Ахаң оқулық жазуға кіріскеніне екі жылдай болған. Орыстың грамматикасын, парсы, араб сөздерінің жазылуы мен оқылу заңдылықтарын біраз зерттеді. Түркі тіліне лайықталған шағатай әліпбиінің ерекшеліктерін талдаған. Ең соңында қазақ сөздерінің дауысты және дауыссыз дыбысталуын зерттеп, соған лайықтап араб қаріптерін негізге алып, 28 қаріптен тұратын ҚАЗАҚТЫҢ ТӨТЕ ӘЛІПБИІНІҢ оқулығын түзіп шықты. А.Байтұрсынов өзі жазып шыққан жаңа «ТӨТЕ ӘЛІПБИІН» Орынбордағы медресеге оқуға түскен балаларға апарып, арап әліпбиін меңгеру мен жаңа әліпбиді оқып-үйренудің айырмашылығын тексеріп көрген. Жаңа «Төте әліпбиді» балалар бір айда үйреніп, толық оқи алатын дәрежеге жететінін Ахаң да, медресе ұстаздары да көрді.

1912 жыл. Орынбор, А.Байтұрсынов «Төте әліпби» оқулығын қаладағы Каримов типографиясына басып шығаруға берген. Жаң оқулық кітаптар қаңтар айында баспадан шыққан.
Ахаң ол жаңа оқулықтарды Қазан, Уфа, Орынбор қалаларындағы медреселерге, болыстықтардағы медресе, мешіттерге, бала оқытатын имамдарға таратты. Кітап таратылғаннан кейін екі-үш айдан кейін медресе, мешіттерден, жеке имамдардан «Төте әліпбиді» балаларға үйрету мен оқыту әлдеқайда жеңіл екенін жазған хаттар келіп, Ахмет Байтұрсыновты қуанышқа бөлеген. Көп жыл ойластырған арманы жүзеге асқанына ерекше қуанып, мойнынан бір ауыр жүк түскендей әсер алған.
Ахаң сол қуанышпен Бәдрисафаны шақырып алып, өз әліпбиін жарына үйретуге кіріскен. Бәдрисафа ынталы «оқушы» болып, күн сайын бес қаріп жаттап, әліпбиді меңгере бастаған еді.
Бір күні үйге төрт-бес жас жігіт келді.
«Уфа медресесіне қазақ ауылдарынан барып, оқуға түскендерін» айтты олар. Сосын Ахаңды шырамытып, иіліп, «Ассалаумағалейкүм» деп сәлемдесіп:
— Сіз «Әліпби оқулығын» жазған деп естіп, сол оқулықты қалай алуға болатынын білейік деп келіп едік, — деген олар. Ахаң балалардың сәлемін жылы қабылдап, медреседегі оқуларының жемісті болуына тілек білдіріп:
— Сіздер айтып отырған «Әліпби» қазір менде жоқ. Оны осы қаладағы Каримов деген кісінің типографиясынан таба алуларыңыз мүмкін, — деген.
Уфа медресесінің шәкірттері соған да ырзалықтарын білдіріп, Бәдрисафа апаларының қолынан шай ішкен…

Міржақыптың Омбыда қыз атастыруы

1912 жыл, тамыз айының аяғы. Міржақып бір жарым жыл Семей түрмесінде қамауда отырғаннан кейін сол мерзім жазаға есептеліп, сот шешімімен бостандыққа шыққан. Губерния жандармериясы «келесі шара қатаң болатынын» ескерткен. Содан алды-артын ойлаған Міржақып Семей уезінен тыс елге баруды ойластырып жүрген. Ертеректе Омбыға барып, бір гимназиядан қызмет іздеп кіргенде сонда оқитын бір әдемі қызды көріп, қатты ұнатып қалған. Ол оқыған, орта шаруасы бар, осы Омбы қаласының тұрғыны Баймұрат деген кісінің қызы болып шықты. Міржақып сол қыздың өзімен сөйлесіп көруді ойлап, Омбыға келген. Бұл Омбыда М.Дулатовтың есімі дүрілдеп тұрған кез. Қалада «Бақытсыз Жамалды» оқымаған қыз қалмаған. Қалада Жұмасын деген жақсы жолдасы бар еді, соны  Досымбектің Баймұратының қызына құда түсіп, атастырып қайтуға шақырды. Галстук тағып, орысша костюм киген кісілерді кез келген үй құрметпен қарсы алатын кез. Галстук таққан, сықиған жаңа костюм киген екі жігіт пен бір келіншекті Баймұраттың үйі жылы ілтипатпен қабылдады.
Бұл кісілердің неде болса, маңызды шаруамен келгендерін осындағы әйел адамдар түсінген. Үндемей, сыпайы дастархан жайып, шай әкелген.  Жай әңгімеден үй иесі Баймұраттың қайтыс болғанын, оның орнына үлкені Омар шаңырақты ұстап отырғанын, ол қарындасы Ғайнижамалдың жасы он жетіде, гимназияда оқып, бітіргелі жүргенін сөз ретінде айтып өткен. Міржақыптың жолдасы Жұмасын келген шаруасын айта бастады:
— Қасымда отырған жігіт қазақ әлеміне атағы шыққан ақын-жазушы Міржақып Дулатов деген азамат.
— Иә, естуіміз бар, — деді қыздың ағасы.
— Тегі арғын, Торғай дуанынан. Жақында естіген шығарсыздар, үкіметтің қыспағынан шыққан, елдің сөзін айтқаны үшін. Қырық ауыз сөздің түйіні, жаңа өзіңіз айтқан қарындасыңызға құда түсіп, атастыруға келдік, — деген. Дастархан үстіндегілер біраз үнсіз қалған. Сосын қыздың ағасы сөз жалғап:
— Мен шешетін мәселе емес екен, Ғайнижамалдың өзінің келісімін алмасақ, болмайды, — деді. Сосын үй іші біраз ақылдасып, Ғайнижамалдың өзін шақырған. Ол Міржақыпты гимназияда бір көргені бар, бүгін қонақтар пәуескеден түсіп жатқанда тағы көріп, сезімі оянғандай әсерде болып еді. Дастархан басына шақырғанда Ғайнижамал басына орамал жауып, төмен қарап тұрды. Ағасы:
— Қарағым, төрде отырған Міржақып деген жігіт сені атастыруға келіпті. Оған не айтасың? — деп сұрағанда, қыздың беті оттай қызарып, теріс бұрылып, келесі бөлмеге кетіп қалған. Сосын үй иесі Омар қонақтарға не айтарын білмей, жұбайына: «Ғайнижамалдың не ойы бар екенін барып біліп кел» деп жіберген. Ол көп ұзамай күлімдеп оралып:
— Қайынсіңлім келісімін берді, — деді. Содан кейін құдалықтың рәсімі басталып, су жаңа құда- құдағиға  арналған алтын  жүзік, білезік сыйға тартылып, Міржақыптың жолдасы Жұмасынның келіншегі келесі бөлмедегі Ғайнижамалға барып, құлағына күміс сырға салған.
Біраздан соң Міржақып Ғайнижамалды оңаша шақырып, оңтүстік елге сапар шегіп бара жатқанын айтып, оның маңдайынан, бетінен, ернінен ұзақ, қадала сүйген. Міржақыпқа қыздың сыпайы қалпы есінен кетпестей әсер қалдырған.
Келесі күні Міржақып пошта тарантасына отырып, ұзақ жолға сапарға шыққан. Бағыты — Түркістан.

Түркістаннан алған әсер

1912 жыл. Қыркүйек айы туып, күз басталғанымен, Түркістанда күн ыстығы әлі қайта қоймаған кез. Міржақып Дулатовтың Түркістанға алғаш жолы түсуі. 1906 жылы Міржақып Санкт-Петербор қаласында «Серке» шағын газетіне «Жастарға» атты мақаласы шыққан кезде түркістандық Садық Өтегенұлымен танысып, достасып кеткен. Семей түрмесінен шығып, осы Садық досына хабарласқанда, ол Түркістанға шақырған. Садық Міржақыпты Арыс стансасынан күтіп алып, Түркістандағы үй-жайына пәуескемен жеткізген.
Садық Түркістандағы дәулетті кісілердің қатарындағы жігіт. Екі қабатты ағаштан қиып салынған үлкен үй бар екен.
Шай мен дәм ішіліп, Міржақып алыс жолдан тыныстағаннан кейін Садық жарты гектардай жерді алып жатқан қора жайын, асыл тұқымды жылқыларын көрсетті. Төрт-бес түйе де байлаулы тұрды.
«Ертең атпен қала сыртына шығып серуендейміз» деген Садық досы Міржақыпқа.  Бесін кезінде екеуі қаланың базарын аралады Ол кездегі Түркістан базары Орта Азиядағы үлкен базарлардың бірі еді. Сонау Ираннан, Үндістаннан келген жеміс-жидектер базарда лық толы. Үнді маталары мен жібектері, Түркіменнің әсем кілемдері алыстан көзге түсіп, жарқ-жұрқ етеді. Саудагерлер де, сатып алушылар да ығы-жығы, сапырылысып жүр. Әр жерден тәжіктің, түркіменнің, өзбектің тілдері құлаққа шалынады. Міржақып Түркістан базарынан адам кез келген затын, тауарын, азық-түлігін, жеміс-жидегін таба алатынын көрді. Орынбор, Омбы, Семей, Қоянды базарлары Түркістан базарынан жұтаңдау екенін байқады. Омбы, Орынбордағыдай мұнда орыстар жоқ, мұндағы атмосфера да басқаша, жанға тыныш, әркім өз-өзімен жүреді екен. Міржақып «базардан құр шықпайын» деп сафиян былғары етік, бір пар жұп-жұқа теріден тігілген бес саусақты қолғап, бір қолшатыр сатып алды.
Міржақып Садықтың үйінде екі айдан астам уақыт тынығып жатты. Міржақыптың атағы Түркістанға да біршама жайылған екен. «Оян, қазақ» пен «Бақытсыз Жамалды» оқыған қазақтар мұнда да кездескен. Садық пен екеуін екі күннің бірінде қонаққа шақыратын болған. Қонаққа шақырғандардың ішінде ұйғыр, өзбек, қырғыздың ірі саудагерлері де болды. Олардағы қонақасы той сияқты өтіп, Міржақып небір әуезді, сазды өзбек, ұйғыр әндерін тыңдап, рахатқа бөленсе, ұршықтай айналған билеріне талай сүйсініп, қолын соқты. Ондай қонақасыларда Міржақып та қазақтың термелерін шебер орындап, тыңдаушыларының таңдайын біраз қақтырған. Сосын Міржақып сөзге шешен, әзіл-қалжыңдарымен де жұртты күлдіріп отырады. Міржақып сол жайсаң, сері мінезімен түрлі ұлттан құралған саудагерлерге жақты.
Түркістанда екі айдан астам уақыт қонақ болған Міржақып «елге қарай жол жүрем» деген жолы Садық досы үйіне Түркістанның белгілі зиялылары мен саудагерлерін шақырып, үлкен қонақасы берген. Дәм соңында Міржақып орнынан тұрып, қолындағы домбыраның сүйемелдеуімен дастархан басында отырған құрметті қонақтардың есімдерін атап, оларға алғысын айтып, ұзақ жыр арнаған. Құрметті қонақтар қазақ даласынан келген үлкен ақынның өлеңіне ырза болып, Міржақыптың алдына бума-бума ақша тастаған. Міржақып оған ыңғайсызданып, «ақша үшін айтқан жоқпын, алмаймын» дегеніне қарамай, қонақтар мен үй иесі Садық ақшаларды Міржақыптың қалтасына салған…

Орынборда. «Қазақ» газетінің жарық көруі 

1912 жылдың желтоқсан айы болатын. Міржақып Дулатов Тәшкен Орынбор пойызынан түскен кезде қалада қыс қақап тұрған. Солтүстіктен соққан аязды жел бетті шымшылап тұрғандай. Көшедегі жұрт жағаларын көтеріп, ықтап кетіп бара жатқан сияқты. Міржақып алыс жолдан келгесін пәтерде бір күн демалып, ертеңіне түс ауа Ахмет Байтұрсыновқа сәлем беруге келген. Үйдегілер Міржақыпты құшақтап, қуанышпен қарсы алды.
Дастарханға ыстық шай келіп қалған. Ахаң Міржақыпқа қарап:
— Семейден шыққаныңды хат жазып білдірдің де, одан кейін хабарсыз кеттің. Соған біраз алаңдаған едік…
— Иә, Аха, содан кейін өмірімде көп жаңалық болды. Семейден босағаннан кейін жандармерияның бақылауынан алыстау жүрейін деп оңтүстік облысқа сапарлап кеттім. Атақты, қасиетті Түркістан қаласында болдым. Сондағы Садық досымның үйінде жатып бірер ай тынықтым.
— Өте дұрыс жасағансың. Сенен көз жазып, жандармерия да тынышталған шығар. Түркістан қалай екен?
— Керемет! Ол жақтың тынысы мен бұл жақтың тынысы бөлек, онда өз еліңде жүргендей өзіңді еркін сезіне аласың!

Әңгімеге араласпай үнсіз отырған Бәдрисафа:
— Түркістанның қыздары сұлу ма екен? — деп сұраған.
— Иә, жеңеше, небір сұлу өзбек, ұйғыр, түркімен қыздарын көрдім, өздеріне ғана тән ұлттық көйлектерімен жүреді екен, ғажап әсер алдым. Айтпақшы, аға, Түркістанға жүрер алдында Омбы қаласында бұрыннан көзім түсіп жүрген сүйген қызыма құда түсіп, атастырып та қойғанмын! Бәдрисафа мен Ахаң оған таңғалып:
— Керемет жаңалық осы ғой! Қадамың құтты болсын!
— Рахмет! Келешектегі жарымның ата-бабасы осы Көкшетау жерінен екен.
— Бәрекелді, қуанышың ұзағынан болғай!
Шайдан кейін:
— Аха! Одан басқа да қуанышты жаңалығым бар! — деді Міржақып. Ахаң мен Жахаң оңашаланып, көптен жүзеге асыра алмай АРМАН болып жүрген мәселелерін талқылады. Ол қазақ елінің мұңын мұңдап, келешегін күйттейтін газет шығару болатын. Міржақып Түркістаннан сол газетті шығаруға жететін мол ақша әкелгенін айтып, Ахаңды сол жерде таңдандырған. Міржақып қара сөмкесінен алып, бірнеше бума ақшаны Ахаңның алдына қойды. Ахаң басын шайқап, ұзақ таңданды.

— Түркістанның саудагерлері мен байлары маған осылай сыйға тартты. Бұл қаржыны өзіміз ашатын газетке жұмсағанды жөн көрдім, — деді Міржақып үн қатпай отырған Ахаңа қарап.
— Егер өзің олай шешсең, қарсылығым жоқ. Жөн көрсең, ертеңнен бастап Губерния департаментіне барып, газетке рұқсат алайық, тіркетейік, — деген Ахаң.
Сол жерде Міржақып газеттің аты қалай болуы керек екенін, айына қанша рет шығу мүмкіндігі болатынын, қай баспаханада газетті бастыруға болатынын, газетті бастыратын қағазды қайдан алуға болатынын, яғни газет шығаруға байланысты барлық өзекті мәәселелерді екеуі түн ортасына дейін талдаған.
1913 жылдың қаңтары. Міржақып пен Ахаң уәделі күні таңертең газетті тіркету мәселесімен Орынбор губерниясының Ішкі істер департаментіне барған. Бөлім чиновнигіне 1905 жылы жарияланған Патша Декретінде айқындалған, Ресей Ішкі істер министрінің «Бұратана халықтардың  өз тілдерінде газет, журнал шығаруға құқығы берілгенін» анықтайтын шешімін Орынбор департаментінің чиновнигіне көрсетіп, А.Байтұрсынов 1908 жылы газет шығаруға рұқсат алған құжатын көрсеткен. Орынбор чиновнигі Міржақып пен Ахаңа «Газет шығару жөніндегі ӨТІНІШТІ қайта жазу керектігін, Ол газеттің атын көрсетіп, қай баспаханада басылатынын, айына қанша рет шығатынын, учредителі кім екенін, газеттің мазмұнына және оларды цензурадан кім өткізіп, жауапты болатынын айқындап жазып әкелу керектігін» айтқан.
Ахаң мен Жахаң Орынбордағы Каримовтың баспаханасымен айына төрт рет газет басып шығаруға келісім жасады. Одан кейін Ахаң мен Жахаң біраз ойласып, газеттің атын «ҚАЗАҚ» деп атауға келісті.
Ертеңіне Ахаң мен Жахаң газеттің аты «ҚАЗАҚ» деп аталатынын, оны Каримовтың баспаханасында бастыруға келісім жасалғанын, газеттің мақалалары цензурадан өткізіліп тұратынын, газеттің мазмұнына жауапты оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынов пен орынбасары Міржақып Дулатов  болатынын көрсетіп, «Қазақ» газетін шығару жөніндегі өтінішті Орынбор губерниясының департаментіне тапсырған.
Бір аптадан кейін Орынбор губернаторының газет шығаруға қол қойған шешімі Ахаң мен Жахаңның қолына тиді. Сол күнгі екеуінің қуанышында шек болған жоқ..

Міржақып Самарадағы Ә.Бөкейхановқа, Ресей Думасының бұрынғы депутаттарына, өзі білетін әр облыстағы қазақ зиялыларына «Таяу арада «Қазақ» газеті шығады!» деп телеграмма жіберген. Ахаң бір апта ішінде Уфа қаласына барып, типографияның қаріп тұратын ұясына лайықталған, өзі өткен жылы жазған «ТӨТЕ ӘЛІПБИІНДЕГІ» 28 қаріпті (әр түрлі кегльде) әр түрлі көлемде темірге құйдырды. Мысалға, газет төрт бет болып басылатын болса, бір бетте «Ә» қарпі жүз рет және әр түрлі кеглде қолданылуы мүмкін. Сондықтан Ахаң Уфадағы әріп құятын зауытта әрбір қаріпті жүз данадан жасатты. Ахаң Орынборға келгесін газеттің заставкасын жасады. «ҚАЗАҚ» деп жазып, оның жанына шаңырақтың суретін салып, оны тұрақты қолдану үшін темірден ойдырған. Одан кейін Ахаң мен Жахаң екеулеп газеттің алғашқы нөмірінің мақалаларын әзірледі. Ахаң Каримовтың баспаханасына келіп, қаріп терушілерге ТӨТЕ ҚАРІПТІҢ арап қаріптерінен айырмашылығын терушілерге екі-үш күн бойы түсіндірді, ақыры төртінші күні «ҚАЗАҚ» газетінің алғашқы нөмірі басылуға дайын болып, жинақталды. Алғашқы нөмірдің корректорлық қызметін Ахаң мен Жахаң кезектесіп атқарған.
Осындай үлкен күш-қайратпен «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ 1913 жылдың 2 ақпанында жарқ етіп жарық көрді!
Ұлттың тұңғыш кәсіби деңгейдегі «ҚАЗАҚ» газеті сол күннің өзінде жарнамашы сатушы балалар арқылы мың данасы қалаға тарап кеткен. Бұл — газеттің алғашқы қадамы сәтті болды деген сөз. Ахаң мен Жахаң енді газеттерді Омбы, Семей, Қостанай, Түркістан қалаларына және ауылдық болыстарға жібере бастаған. «Қазақ» газеті шыққаннан кейін бір аптадан кейін Каримов типографиясының кеңсесінде «Қазақ» газетінің екінші нөмірінің беташары болды. Оған арнайы шақырылған М.Сералин, енді таныла бастаған ақындар М.Жұмабаев, Б.Майлин және газеттің қаржысына мүмкіндіктерінше қаржы қосқан «Ғалия» медресесінің шәкірттері қатысып, ыстық тілектерін білдірген. Самарадағы Әлихан Бөкейхановтан, Оралдағы Домұхамедовтардан құттықтау телеграмма келген.»ҚАЗАҚ» газетінің келесі нөмірлерінде жоғарыда есімдері аталған жас ақындардың өлеңдері мен Алаш қайраткерлерінің ел мәселесін қозғаған келелі мақалалары жариялана бастаған. Ахаң мен Жахаң газетке келген әр түрлі тілде жазылған хаттарды  редакциялаудан, төте әліпбиге аударудан қолдары босамайтын кез болды. Ахаң қағаздан бас көтере алмай отырған Міржақыпқа қарап:
— «Оян, қазақ!» деп кітабыңмен бастап  едің, енді халқыңның көзін газетпен ашасың!» — деп әзілдеген. Міржақып алдындағы қағаздан басын көтермей: «Бізде Елге қызмет етуден басқа мұрат жоқ қой!» — деп шын жауап берген-ді. Және солай болды да! Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың қазақтың сауатын ашып, санасын жаңғырту үшін жазылған «Қырық мысал», «Маса», «Төте Әліппе» оқулығы, «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал», «Азамат» кітаптары қазақ жұртының сауатын ашуда жаңа биікке көтерсе, жазба әдебиетін жаңғыртып, ұлт мәдениетінің еңсесін көтерген. Ал «Қазақ» газеті  одан да биік мақсаттарды жалау етіп, қазақтың келешегі үшін қызмет ете бастады.

1914 жазы айы. «Қазақ» газеті өміршең болып, жеті мың данамен бүкіл қазақ даласына тарай бастаған кез. Келесі нөмірін асыға күтетіндер саны күн сайын өсе бастаған. Газет Омбыға да көп тарапты. Омбыда А.Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімін білмейтін қазақ, татар кемде- кем болды.

Міржақып Түркістанға жүрер алдында өзіне атастырылған Ғайнижамалмен қосылу тойын жасауға Омбыға келген. Жаздың басталған кезі. Ғайнижамалдың ағасының үйінде шағын үйлену тойы болды. Міржықыптың қасына еріп келген досы омбылық Жұмасын келіншегі екеуі  Ғайнижамалдың анасы Қанипаға алтын зерлі камзол, шапан жауып, алтын білезік таққан. Тойдың ең кереметі  —Міржақып пен Ғайнижамал Омбының ең ірі татар саудагерінің Германиядан алдырған жеңіл мәшинесін бір сағатқа жалға алып, мәшиненің үстінде тұрып Омбының бір көшесін айналып шыққан кез де болды. Қала жұртының бәрі шетелдік мәшиненің үстінде тұрған қара сюртук киген, бантик  таққан, қара мұртты әдемі жігітпен аппақ ұзын той көйлегін киген сұлу қызды көріп, ұзақ  тамашалаcты, таңғалысты. Олар мұндай тойды бұрын көрмеген екен… Тойдан кейін Міржақып пен Ғайнижамал Орынборға келіп, орналасқан… Міржақып «Қазақ» газетіндегі қызметін абыроймен әрі жалғастырды…  «Қазақ» газетінің ұраны мен асқақ рухы Алаш Орданың және Алаш партиясының құрылуына жалғасты… Бұл  жол — қазақ халқының азаттығының, тәуелсіздігі мен келешегінің АҚ ЖОЛЫ еді.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,

ақын, жазушы, ҚР Құрметті журналисі

Соңы

Басы 

Жалғасы

Жалғасы 

Мынаны да қараңыз

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. Қаратаудың қара бекетіндегі қыс

(әңгіме) Бұл – 1917 жылдан кейін болған оқиға. Қаратаудың солтүстігіндегі Бетпақдаланың арғы бетіндегі көтерілістің у-шуы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *