Торғай халқы Орталық-Батыс күре жолының бағытын өзгертуге қарсы!

Орталық-Батыс күре жолының бағытын өзгертуге Торғай өңірінің халқы түбегейлі қарсы. Қазақстандағы Биоалуандықты сақтау қауымдастығы автомагистраль Торғай даласы арқылы өтсе, киіктердің өсімі күрт төмендейді деп мәлімдеген болатын. Алайда осы жолдың салынуын ондаған жыл бойы күткен жергілікті жұрт мұндай уәж мүлде қисынсыз деп есептейді.  

Борпылдаған топырақ, бұрқыраған шаң. Аманкелді, Жанкелдин ауылдарына баратын жолдардың бәрі осындай. Бетіне асфальт төселмеген, қар еріп, жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады. Кейбір елді мекендерде мүлде мұндай көтерме жол да жоқ.

Кезінде 40 мыңға жуық адам мекен еткен Жанкелдин ауданында қазір 15 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Бұл өлкеден елдің үдере көшуіне бірінші себеп — жердің шалғайлығы, сапалы жолдың жоқтығы. Сондықтан Орталық-Батыс дәлізі осы өңір арқылы өтеді дегенде жергілікті жұрт бөркін аспанға атып қуанған. Алайда Биоалуандықты сақтау ұйымы көліктердің толассыз ағыны киіктердің миграциясына кері әсер етіп, өсімін азайтады деп отыр.

— Егер Арқалық – Жантеке, Торғай – Ырғыз бағыттарын алсақ, бұл жерлерде тек даланың жолы ғана болды. Сондықтан жүретін көлік те аз. Ал магистраль салынса күніне 2 мың машинаға дейін жүреді. Ылғи көлік мінген браконьерлерден қашып шошып қалған киік, бұл жолдарға мүлде жоламайтын болады, —  дейді Биоалуандықты сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова.

Кезінде мыңғырған малмен далада бірге өрген киік жол салынса құриды деу ақылға сыймайды дейді жергілікті жұрт. Олардың айтуынша, ақбөкенге қамқорлық «Алтын дала» резерватына зымыран қалдықтарын құлатуды тоқатудан басталуы тиіс.

— Бар бәле сол гептилден, соның ауаға жайылған уынан қырылып жатыр. Егер жол салынса, киікті қорғауға мүмкіншілік екі есе көбейеді, — дейді Амантоғай ауылының тұрғыны Жоламан Тапаев.

Мұхтар Қоденовтің де пікірі ауылдасыныкімен үндеседі.

— Салынған жолдан киік өтпейді, киікке зиян деген жалған сөз! Олар шын табиғатты қорғайтын болса, 81-жылы млн-ға жуық киік өлді, кейінгі кездерде де солай болды. Соның себебін анықтасын. Ол киіктер анық жолдан өлген жоқ, — дейді ол.

Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері жобаны бекіту барысында табиғат қорғаушылармен қатар жергілікті жұрттың да пікірі ескерілгенін айтады. Яғни, әзірге жолдың бастапқы бағыты өзгермеген. Магистральдің жалпы ұзындығы 1 300 шақырымға жуық. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылы Торғай мен Ырғыздың арасын жалғаудан бастап, 2025 жылы толық аяқтау жоспарланған.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

qazaqstan.tv

Түпнұсқадағы тақырып: «Орталық — Батыс күре жолының бағыты өзгере ме?»

Мынаны да қараңыз

Қазыналы Құсмұрын құпиясы

Құсмұрын – сулы, нулы, көрікті тарихи мекен. Оның атауы көлемі жағынан Қазақстандағы ірі су бассейініне ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *