Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)

     Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқып шықтым. Солардың ішінен бір әңгіме ерекше әсер етіп, балалық көңілімде айрықша ізін қалдырып кетті. Әңгіменің аты «Оң қол», авторы – Төлен Әбдіков еді.

Оймақтай ғана әңгіме мені түпсіз терең ойдың шыңырауына батырып жіберіп, жүрегімнің қақпасын қайта-қайта қаққан бір мазасыз сезім ұзақ уақыт көңілімді алаңдатып, жаныма тыныштық бермей қойды. Жатсам да, тұрсам да көз алдымнан, жауыздықтың жазықсыз құрбаны болған Алманың аянышты тағдыры кетпей тұрып алды.

Әңгімеде кәмілет жасынан енді ғана асқан Алма есімді қыздың бұрын-соңды ел естімеген жаман дертке шалдығып, психиатриялық ауруханаға түсіп, қалай қаза табатыны жас дәрігердің аузымен баяндалады.  Науқасты  жеке бақылауына алған дәрігер жігіттің айтуынша, қалың ұйқының құшағына батқан шақта оны қылқындырып өлтірмек болып, қыздың оң қолы ақылға сыймайтын қастандық әрекет жасап, Құдай сақтап, байғұс бала маңындағылардың араласуымен талай рет ажал аузынан аман қалған. Қыздың өзі болса бұл оқиғаны мүлде басқаша түсіндіреді. Алма: «Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр»,  деп өзінің оң қолын көрсетеді. Мұны медицинада ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды. Яғни, бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесі» кезектесіп, не қатар өмір сүреді.

Қанша түсініксіз көрінгенімен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар болғанға ұқсайды. Шамасы, бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген қара ниет. Алманың шешесі, ия әкесі, немесе аталарының бірі өзін-өзі өлтіруге әрекет еткен.  Енді сол әрекет беймәлім заңдылықпен қыздың миына  ұялап алып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті.

Тосын оқиғаны баяндауымен үйіріп әкететін шығарманың қызығына шырмала бастағаннан-ақ көңілің қобалжып, әңгіме аяқталғанша бұйралау кекілі бар сұлу қыздың тезірек сауығып, бақытты өмірге оралуын бар ықыласыңмен тілеп отырасың.  Басынан қайғының тұманы тарқамай қойған  Алманы жақынырақ таныған сайын, қызға деген аяушылығың арта түседі.  Дәрігер жігіт екеуінің арасында махаббатқа ұқсайтын беймәлім сезімнің ұшқыны тұтанғанда,  сол ұлы құдіреттің бейкүнә қызды ажалдан аман алып қаларына  сенгің келіп, үмітің арта түседі.  Бірақ оқиға  басқаша аяқталып,  үмітіміз талқандалып, қыздың санасына індеп алған зұлымдық ақыры көздеген мақсатына жетіп тынды, оң қол қалың ұйқының құшағында жатқан Алманы қылқындырып өлтірді. Шығарманың кульминациясында дәрігердің айтып берген қайғылы оқиғасын тыңдаушы кейіпкер, тамақтану үшін пышақ ұстаған оң қолына үрейлене қарап, жазушы қызды өлтірген зұлымдықтың біздің де cанамызға үстемдік етіп жүргенін емеурінмен білдіре кетеді.

Әжемнің әдемі ертегілеріндей соңы жақсы аяқталатын хикаяларды ұйып тыңдайтын сәбилік көңілім әңгіме авторынан басқаша мағынадағы шындықты сағына күткен еді. Ал ол болса, балалық көңілімді мертіктіріп, әлі де біраз толғанта түсу үшін, ой орманның ішіне мені жападан-жалғыз тастап кетті. Енді ойланғанмен не пайда? Тазалық пен сұлулықтың символы Алма бәрібір өлді, зұлымдық жеңді. Ал өмір жалғасып жатыр…

Қазақ прозасында құбылыс болған Төленнің осы бір шығармасы туралы әдебиетімізде аз пікір айтылған жоқ. Әңгіменің көркемдік табиғатын қазақ сыншылары бізге дейін де талай мәрте талдап, түрлі пікірлер айтты. Соған қарамастан, автордың ұлы ойын, (великая мысль) шығарманың көркемдік шындығын жете түсінбегендіктен, оны толыққанды тануға әлі күнге дейін дұрыс қадам жасалған жоқ. Әдеби ортада көп сөз болып, жиі талқыланғанымен «Оң қолды» талдаған сыншылардың барлығы да сол жылдардағы қазақ әдебиеті үшін тосын тақырып болған қостұлғалыққа ғана баса назар аударып, шығарма авторының айтқысы келген негізгі ойының  түйінін тарқатып бере алмады. Тіпті әңгімедегі идеяның басқа біреуден алынғанын айтып, жазушыға мін таққысы келгендер де аяқ астынан табылды.

Мен суреткердің мұндай тамаша туындыны өмірге әкелуіне Стивенсонның «Доктор Джекил мен мистер Хайдтың таңғажайып оқиғалары» шығармасының, Чеховтың «Қара монах» әңгімесінің  немесе Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар», Д.Киздің «Билл Миллиганның құпия тарихы» романдарының әсер етуі ықтималдығын жоққа шығармаймын. Бірақ суреткер шығармасындағы жанымызды дірілдетіп, көңілімізді толқытып, баршамызды баурап алатын сиқырлы құдіретті, тек оның идеяларымен ғана байланыстыру  өнердің ұлылығын түсінбеу деген сөз. Өнерді шабыттандыратын идеялардың ауқымы өте шектеулі. Оның күші тек сонда ғана емес, суреткердің сол идеяны оқырманға қалай жеткізіп, жалғыз өзіне ғана тән таңбасымен айшықтай алатын шеберлігінде.

Біздің бәріміз де Сервантес пен Рабле, Гюго мен Бальзак, Диккенс пен Теккерей,  Толстой мен Достоевский, Мұхтар мен Бейімбет,  Ремарк пен Распутин сияқты өнер аспанындағы жарқыраған жұлдыздардың сәулесінен  ерекше қуат алмаймыз ба?  Ендеше, олардың өнерді арайландырған ғажайып шуағының біздің бойымызда өз ізін қалдырмауы қалайша мүмкін болмақ.

Шындығында «Оң қол» әңгімесінің жұмбағын, сыншылар айтып жүргеннен мүлде басқа жақта жатқан кеңістіктен іздеу қажет. Хикаяда   біздің сыншылық жанарымыз қадалғаннан да тереңге жіберілген  шындықтың тамыры қопарылып, әлемдегі сорақы қылмыстардың барлығының да ең алдымен адам санасында жасалатыны әшкереленіп,  жазушы Әбдікұлы қазақ әдебиеті үшін тосын жаңалық ашты. Және ол зұлымдық пенде баласының жан дүниесін күйретіп, өлтірмейінше тыным таппайды екен. Қайтпек керек?

Астарлы ойдың шыңырауына жасырынғанымен, әңгімені оқу барысында біз нағыз зұлымдықты туғызушы кейіпкерді ішкі түйсікпен сезгендей боламыз. Ол  әзәзіл.  Әңгіменің табиғатына одан әрі үңіле түссеңіз, тек тәтті ұйқының құшағына кеткенде ғана Алманы өлтіруге әрекет жасайтын сол әзәзілдің, қыздың санасына ғана емес, бірте-бірте дәрігердің сезіміне де үстемдік ете бастағанын анық байқайсыз. Сайтанның сыбайласына айналған әзізіл ақыр соңында дәрігердің ақыл-парасатын билеп алып, оған ауыр қылмыс жасатты.  Алманы ұнатқан жас жігіт, әзәзілдің торына түсіп,  қыздың талап-тілектерінің бәрін орындап, кешірілмес күнәға батты. Дәрігерлік антын бұзып, сорақы қылмыс жасады. Егер жігіт Алманың ішіне жасырынған  әзізілдің сөзін тыңдап демалуға кетіп қалмағанда, мүмкін бәрі басқаша болар ма еді? Кім білсін?

Шын мәнісінде әңгімедегі оң қол да, бір адамның бойында өмір сүретін қостұлғалық та зұлымдықтың сыртқы сипатын көрсету үшін таңдап алынған символдық белгілер ғана. Бірақ әңгімедегі нағыз қылмыскер олар емес. Нағыз қылмыскер ақылға бағынғысы, ештеңені тыңдағысы келмейтін  адамның санасы. Қылмыскерді жазаға тартуға болады, ал адамның санасында жасалып жатқан зұлымдықты ауыздықтайтын амал бар ма?

Әдебиет әлемінің есігін аттауға куәлік алған алғашқы шығармасымен-ақ  жазушы Төлен Әбдікұлы жұрт күтпеген күрделі сауал қойып, халықты алаңдатып, оқырманды ойландырып тастады. Отыз жыл өткен соң осы әңгімені қайта оқып шығып, ой талқысына тағы бір салып көргенімде, жазушы шығармасында көтерілген мәселенің әлі күнге дейін өзекті болып тұрғанын аңғардым.

Әлемді зар еңіреткен зұлымдықтың ініне су құю мүмкін емес болып шықты. Ол заманнан-заманға аман-есен өтіп, қоғамға үстемдігін жүргізіп, діңкемізді құртып, уы адамдық болмысымызға жайылып барады. Жеңілуді айтасыз-ау! Еркімізді билеп, бәрімізді маймыл патшалығындағы мұнарасынан бақылап, кекірейіп тұр. Қабылдан қалған пышағын жалаңдатып, көздері қанталап, сұстанып қояды. Бәрібір оған әліміз жетпейтін мына біздерді мазақтап, миығынан мырс-мырс күледі.

Жеңілмек түгіл, қайта заманмен бірге кемелденіп, қоғамға тізесін батырған өктемдігі бұрынғыдан бетер күшейе түсіпті. Бойымызға сор болып жабысқан ол пәлекеттен қалай құтыламыз? Не істейміз? Дүниедегі ғаламаттың бәрін ойлап тауып, әлемге қожалық еткен жер патшасы адамның  өз бойындағы зұлымдықтың көзін жоя алмай сорлап, құлақкесті құлы болып бара жатқанының себебі, сыры неде?

Қарап отырсам, «Оң қол» әңгімесі жазылғаннан бері құстай зымырап қырық жылдай уақыт өтіпті. Адам танымастай болып, қоғам да өзгеріпті. Дүниедегі өзгеріспен бірге санамыз да жаңарыпты. Бірақ адаммен бірге өмір сүріп келе жатқан зұлымдық, әлі күнге дейін сол баяғы патшалық тағында шіреніп, қоғамды билеп-төстеп барады.

Еліміз тәуелсіздік алды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізу үшін, қазақтың қаны талай рет суша төгілді. 1986 жылғы желтоқсанда әділеттілікті аңсап, алаңға шыққан қаншама жазықсыз боздақтың өмірі қыршыннан қиылды. Міне, осындай ұлы қасіреттен соң да санамыздың бір түкпіріне ұясын салған зұлымдық, ақылынан адасқанын мойындап, райынан қайтудың орнына, қайта күшейіп, бізді өлтірудің тағы бір айла-әрекетін жасауға қамданып, өрмегін тоқып жатыр.

Жүрегімізде үміт шырағын жаққандай болған тәуелсіздік те бізді зұлымдықтың құлдығынан құтқарып қала алмапты. Отыз жыл бойы бір жауызға Құдайдай табынып, аузынан шыққан сандырақтарының бәрін пайғамбардың хадистеріндей жаттап, әділетсіздіктерді қолпаштап, өтірікті жақтап өмір сүріппіз. Әділеттілік үшін күресіп, шыбын жаны шырқыраған  азаматтарымызды қудалап, түрмеге қамап, билікке бағынғысы келмегендерін атып өлтіріппіз. Шындықты айтпаудың ақыры қаңтар қырғынына ұласып, еш жазығы жоқ халықтың қаны суша төгілді.

Ойпырмай, сонда бүкіл әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында құрдай жорғалатып, үстемдігін жүргізген сұмырайды сабасына түсіретін амал мен айланың табылмағаны ма, мына опасыз жалғанда? Өткен ғасырдағы жүзжылдықтың қапырық ымыртында адамзат баласы зұлымдықтың кесапатынан қайта-қайта қанға боялып, қасіретке тұншығып, жан төзгісіз азап шекті. Сталинизм, фашизм, қолдан жасалған ашаршылық, жаппай репрессия, тоталитарлық билік, авторитарлық билік, жеке басқа табынушылық, т.с.с  зұлматтың қармағына түскен әлем құрып кетуге шақ қалды. Көзімізге көк шыбын үймелете жаздаған сол азап пен қорлықтан алған сабағымыз бен түйген қорытындымыз қайсы? Зұлымдықтың оң қолымен жабайы тәртіпті қайта орнатқысы келіп арпалысып, әдемі идеалдардың бәрін қиратып, таптап, күлін көкке ұшырып жатқан құдайсыздарға не уәж, қандай ақыл айтуға болады? Сонда немене, адамзаттың ұлы ойшылдарының жан азабы мен тән азабын тарта отырып, қасірет шегіп, сиямен емес, дәлелдеп, қанымен жазған қағидалары түкке жарамай қалып, күресінге лақтырылмақ па? Шынымен де жүрегіміздегі асыл мұраттардың шырағы сөніп, надан тобырға айналғанымыз ба қайтадан?   Ендігі қалған ғұмырымызда адами қағидаларды аяққа басып, хайуани заңдылықтарды идеал тұтып өтпекпіз бе, жалған тіршіліктен? Жиіркенудің орнына, жан төзгісіз былғаныш қоғамнан ырыздығын теріп тауып жеп, әділетсіздіктерді құптап, адамға қарсы үсті-үстіне жасалған жауыздықтарды  сабырмен «түсінуге» тырысып, тіпті оны заңдастырғысы келіп жанталасып жатқандарға не ақыл, қандай уәж айтуға болады? Ақыл-парасатынан айырылып, улап-шулап, миғұла-мәңгүрттіктің мекеніне біржола көшіп алған қалың тобырды қалай тоқтатпақ керек? Тоқтату мүмкін бе, оларды?

Қаламгер Т.Әбдікұлы оқырман көңілінің тұңғиығында жасырынған сауалдардың жауабын іздейді. Суреткердің өмірдің өзіндей қарапайым, өмірдің өзіндей терең туындыларында адамның шынайы болмыстағы әрекеті мен ой-сана қозғалысы, құбылуы қатар жүріп отырады. Кейде ауызша айтылмаған сөз кейіпкердің әрекеті «сана ағыны» арқылы жетеді. Қаламгердің кейіпкерінде ой көп. Ол сол ойын көбіне сөз емес, ішкі толғанысы арқылы беруге бейім. Сондықтан да жазушы кейіпкерінің өз әлемі, оқшау кеңістігі бар. Автор шығармасында адамзат әлемінің әлі жете ашыла қоймаған құпиясы өріліп отырады. Құпиялылық – бұл тереңге жасырынған, шешуі оңайлықпен ашыла қоймайтын жабық әлем. Философ Хайдеггердің айтуынша «ақиқат – ашық әлем мен жабық дүние аралығындағы құпиялылық». Оның шешуін тауып, соңына дейін ашқанда ғана ар жағынан ақиқат дүние шығады.

«Оң қол»  адамзат әлеміне тән болып отырған көптеген жұмбақ құбылыстардың бір парасы. Өзіңдікі дей де алмайсың, бөтен деп тағы да біржолата жойып жібере алмайсың. Бір жанның ішіндегі екіге жарылу, екі дай тірлік, екі дай жан иесінің тайталасы. Біздің санамызда тайталасып жатқан ізгілік пен зұлымдықтың мәңгі толастамайтын күресі. Адамзатқа өз үстемдігін жүргізуге келген ақыл-ойдың екі түрлі көрінісі.

Жазушы Т.Әбдікұлының қай шығармасы да өмір жайлы, адамның ізгілікті ой-танымы туралы толғаныстар мен дәйектерден тұрады. Сондықтан да суреткер шығармасынан қайшылықты, тартысты өмір құбылыстарының жанды бейнесін қиналмай табасыз. Ол тартыс әдеттегідей ашық, көзге көрінетін тұрпатта емес, ішкі тартыс, санадағы қайшылықтар арқылы беріліп, шығарма көркін ажарландыра түседі. Жауабын бермей, оқырманды ойландырып тастаған жазушы кейде бұрынғы тақырыбына қайта оралып, қоғамды толғандырған тағы бір шындықтың жауабын іздеп, қайтадан оны ой көрігінде қыздырып жатады. Осы тұрғыдан алғанда отыз жыл өткеннен кейін жазылғанына қарамастан «Парасат майданы» повесі – «Оң қолда» айтылған өзекті әңгіменің нүктесін қойып берген – кемел туынды.       

Романның жүгін көтеріп тұрған бұл повесінде жазушы Әбдікұлы баяғыда көтерген тақырыбына қайта оралып, кезінде аяқталмай қалған ойының түйінін тарқатып, бала күнімде тастап кеткен ой орманының ішінен мені адастырмай алып шыққандай болды. Өйткені «Оң қол» әңгімесін оқыған кездегі сәбилік санамды сансыратқан сан-алуан сауалдың жауабын мен отыз жыл өткен соң осы шығармадан таптым. Және сол ұстара сұрақтардың жауабын табу үшін, жазушының ұзақ жылдар бойы шығармашылық ізденістің қасіретіне тұншығып, қалай қиналғанын, туындының тереңіне бойлай отырып, жүрегіммен шын сездім.

«Парасат майданы» көркем шығарма ғана емес  жазушының адамзат баласына айтқан ескерту-аманаты. Философиялық туынды. Бұл повесінде басқа шығармаларымен салыстырғанда жазушының жанын кемірген ой-толғаныстары, үміті мен күдігі, ар азабын кешкен шақтағы уайымы, қоғамның келешегін ойлаған мазасыз қайғысы, жүрегін жаншыған ауыр сезімі бояуы қанық, айшығы анағұрлым анық етіп суреттелген.

Жазушы парасат майданы үшін болған ұрыста неге үнемі жауыздықтың  жалы күдірейіп, жеңіске жете беретінінің себебін іздейді. Ізгілік пен зұлымдықтың күрделі табиғатына ақындық жанарымен қадалып, ақыл-ойға бағынбайтын қағидалардың кісенін үзіп, құпиясын табуға әрекет жасайды.

Повесте жан азабына душар болған шығарманың бас кейіпкері (жазушы кейіпкерінің есімін құпияда ұстауды жөн көріпті) ауруханада жатып адамгершілік, тазалық, имандылық, махаббат, бақыт туралы көңіліне ұялаған мөлдір сезімін қағазға түсіріп, күнделік жүргізе бастайды. Бір күні жан дертіне шалдыққан ғаріптің өмірінде күтпеген оқиға болады. Ол күнделіктерін оқып шығып, оған жауап жазған бейтаныс адамнан хат алады.  Бейтаныс кейіпкер оған жазған хатында, өмірден рухани тірек іздеген ғаріптің имандай сенетін әдемі идеалдарын жоққа шығарып, қайта-қайта оны тығырыққа әкеліп тірейді. Міне, осылайша шығармада ізгілік пен зұлымдықтың, адам санасының сарайын жаулап алу үшін соғысқан  парасат майданы басталады.

Ең қорқыныштысы бейтаныс хатты жазушының келтірген қисындары мен дәлелдерінде ақиқат жоқ емес еді. Бірте-бірте ол ізгілікке ғана емес, зұлымдыққа да сену қажет екенін дәлелдеуге құлшына кірісіп, қарсыласының санасында оны заңдастырып беруге тырысады.  Қарсыласы парасат тауының асқарына көтерілген биік рухтың адамы болғандықтан, бейтаныс хатты жазушының айтқанына көнгісі келмей, көр азабына түскендей қиналады.  Ізгіліктің ғана әлемді құтқарып қалатынына кәміл сенетін ол байғұс,  зұлымдықтың жамылғысын жұлып тастау үшін, бейтаныс хатты жазушымен қайта-қайта айтыс-тартысқа түседі. Онымен жүзбе-жүз кездесіп, райынан қайтармақ болғанымен, ол әрекетінен түк нәтиже шықпайды. Бейтаныс хат жазушы кездесуге келмей қояды.

Өкініштісі әдемі қағидалармен жан-жақты қаруланып алған зұлымдықпен тіресіп, оны жығу оңай іс болмай тұр. Өйткені бүкіл әлемнің жаны көкпарға түскен, адамды Алланың түзу жолына салғысы келген парасат майданында ізгіліктің нұрлы таңындай дүниеге шуағын шашқан  адамгершілік, имандылық, мейірімділік, тазалық пен махаббат қана емес, ақыл-ойымыздың егістігіне түсіп, оны шегірткедей жалмаған  зұлымдықтың залым нөкерлері  арсыздық, опасыздық, сатқындық, жауыздық, екіжүзділік пен жағымпаздық та өз айтқандарының дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, бар арамдығын іске қосып жатыр. Және осынау парасат майданындағы қиянкескі шайқаста бірте-бірте барлық уақытта да залымдығын асыра білген зұлымдықтың күші басым түсіп, ізгіліктің жаны тұншығып барады. Себебі зұлымдықтың табиғаты адам танымастай болып өзгеріп, баяғыдан мың есе күрделене түскен. Ол біз ойлағандай бағзы замандардағы Люцифердің кейпіндегі қорқынышты құбыжық емес, жұртты алдап  Данте, Шекспир, Достоевский мен Абай болып ойнап, том-том кітап жазып, үнемі ізденістің үстінде жүрген, сайтанға жанын сатқан – Фауст, Алпамыстың жоғын пайдаланып, қоғамға үстемдігін жүргізіп келе жатқан  – Ұлтан, біресе Адам Құдай, біресе Құдай Адам болып халықты ақымақ қылып, өзіне дейінгі дүниедегі шындықтың барлығын жоққа шығарып, зұлымдықтың тағында патшалық құрған – адам бейнесіндегі  Алланың маймылы. Патшалық тағында отырып алып ол, біздің адамдық асыл қасиеттеріміздің барлығын аяққа таптап, ойына келген ойранын істейді. Көңілі көтерілсе тозақтан қайтып оралған Мефистофельге ұқсап, бізге қарап  сақ-сақ күледі, ашуланса жұмақтан қуылған Қабылдай, бір орнында тұрмай, алақ-жұлақ еткен ала көздерімен атып қарайды. Тәуелсіздік дегеніміз  құр бос сандырақ қана. Ақылынан адасқан қоғам тек оның қас-қабағына ғана қарап өмір сүріп келеді. Оның ұғымында шындықты айтушылардың бәрі  қоғамның азғындары да, өтірік айтушылардың бәрі  қоғамның жарылқаушылары. Шындықты айтушылардың бәрі шетінен қолына кісен салынып, түрмеге қамалады. Көнбесе – өлтіріледі. Өтірік айтушылардың барлығы шетінен биліктің майлы жілігін мүжіп, шен-шекпен алады.

Қоғамды ұлы қасіреттің дауылына ұрындыратын үлкен трагедиялар Құдайдың қарапайым қағидаларын бұзғаннан немесе пенде баласының,  жексұрын мақсатына жету үшін, оны өзінің ыңғайына қаратып бұрмалауынан басталады. «Парасат майданы» повесіндегі бейтаныс хат жазушы – қорқынышты құбылыс. Өйткені ол жауыздықтың да өмір сүруге құқылы екенін дәлелдеп, сұлу сөздерімен оның жалаңаш тәнін жасырып, зұлымдықты мәңгілік патшалығына отырғызып, заңдастырып алмақшы. Тапқан қисындары мен дәлелдері де ұстарадай өткірлігімен жаныңның осал тұстарын тіліп-тіліп жібереді. – Сіз ізгілікке сенесіз де, зұлымдыққа сенбейді екенсіз, – дейді  ол. – Меніңше екеуіне де сену керек.  Дүниені ұстап тұрған осы екі күш қой. Өмір атты арбаның екі жетегі болса, біреуі – зұлымдық. Бірақ ол, сіз ойлағандай адамға тек жамандық әкелетін зиянды нәрсе емес…

Ал керек болса? Зұлымдықтың сайқал табиғатын ақтап алу үшін бейтаныс хат жазушының келтірген дәлелдері ойлы оқырманды одан сайын үрейлендіре түседі. Шошытады. Төбе шашын тік тұрғызады. Масқара!  Парасат аспанында шарықтаған ақыл-ойдың да оны тоқтатуға шамасы келмей қалыпты. Сабасына түсіріп, кім енді оны тоқтата алады? Кім?  Зұлымдықтың шырқау шыңын бағындырған оның, ақыл-парасатқа көнбейтін ақиқат  туралы өз қисыны мен тұжырымы көп. – Өтірікті жек көреміз. Ал сол өтірік адамдармен айтысатын болса: – Ау, ағайын! – дер еді. – Бәріңнің күн көріп отырғандарың менің арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып, құрып кететін едіңдер. Менің арқамда қанша рет жан сақтап жүрсіңдер…

Енді бұған не дейсіз? Зұлымдықтың аузымен сөйлеген өтіріктің айтып отырғандары расында да шындық емес пе осы? Қалай мойындамауға болады, оның мірдің оғындай дәлелдерін. Бірақ оны мойындасақ, күндердің-күнінде біздің бәріміз сол зұлымдықтың апанына түсіп, оның жемтігіне айналатынымыз да айдай ақиқат қой. Міне, осындай зұлматтан шошып, жер бетіндегі жауыздыққа қарсы парасат майданын бастап, жан азабына түскен ғаріп жан тозақтың отына күйгендей қиналып, жүрегінің алтын сарайының қоймасын ашып, зұлымдықтың келтірген дәлелдеріне қарсы жауап іздейді.

– Өмір күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді қатері одан кем емес ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуірі басталады – дейді ол шарасыздықтан қамығып.

Мойындағымыз келмегенмен, сол рухани күйреу дәуірі басталып кеткен жоқ па, осы бізде?  Неге адамзат баласы дүниедегі әділеттілікті әлемдегі бір-екі күшті мемлекеттің ұғымымен өлшеп, әлсіздердің ініне су құюмен келеді. Әлемде тек мықтылар ғана өмір сүріп, аяғынан тік тұра алмай жатқан сәби мемлекеттер жойылуы керек пе сонда, жер бетінен? Мыңдаған мешіт салсақ  та, неге адамның бойындағы имандылық жоғалып барады, жылдан-жылға? Неге біздің ақындарымыз билікті мақтап жыр жазғандарын немесе аяғына жығылып, сөзін сөйлеп, сойылын соғып, нәпақа тапқандарын соншалықты ұлы мәртебе санайды? Гомер, Данте, Шекспир, Гете, Пушкин, Абай мен Жұмекендердің адамдық санасы көтерілген ұлы биікке шығуға талпынудың  орнына, неге ақыл-парасатымыздың көшін тоқтатып, рухымыз құлдырап, өлі жандарға айналып барамыз күннен-күнге? Рухани күйреуге ұшырағанымыз рас болмаса, халық үшін жазықсыз атылып кеткен Алаш қайраткерлерінің жанын беріп көксеген, өмірін қиып қорғаған ұлы мұраттары қайда қалды? Қайда?..

«Парасат майданы» повесін оқып отырғаныңда осындай бір шамырқанған мазасыз ойдың тиегі босап, көңіл кеңістігіңнің бір түкпірінде үнсіз жылап қоя береді. Күресінге лақтырылған рухыңмен табысып, жүрегіңді езіп, жаныңды қинаған сұрақтардың жауабын тапқандай боласың.  Рас, өтірікпен күн көрген заман көп болды. Қазір де онымен күн көріп жүргендер аз емес шығар. Бірақ ол өтіріктің өз басының жақсылығынан емес, өтірікке негізделген қоғамның кінасынан ғой. Егер оның орнында шындыққа негізделген әділ қоғам болса, өтірік сол сәтте әшкере болып, сіз айтқандай, бізге кекірейіп, жоғарыдан қарап сөйлей алмас еді…

Шығарманы оқи бастағаннан-ақ суреткер Әбдікұлының талай кітаптың шаңын жұтып, өз ақиқатын дәлелдеу үшін айтысатын ізгілік пен зұлымдықтың қисындарын бақайшағына дейін зерттегенін аңғарасың. Зұлымдықты жақтаған бейтаныс кейіпкердің хатын оқып, келтірген дәлелдерімен таныса бастағаныңда, кейде тіпті пенделік түйсігіңнің оның алдында жығыла жаздайтыны да рас. Біраз уақыт өткеннен кейін оған беретін ізгіліктің жауабын оқығаныңда, райыңнан қайтып, сол пенделік түйсігіңнің солқылдақтығынан үрейлене бастайсың.

Қаламгер Т.Әбдіктің шығармасындағы кейіпкерлер тұлғалық болмысы айқындалған бейнелер. Олар өмірдің, қоғамның тартысы мен қайшылығын бірден танып, біледі деуге болмайды. Алайда, олар өздерінің ғана бастарын күйттейтін жандар емес. Бұл кейіпкерлер өмір ағысы, қоғам жағдайы туралы толғанады, қарама-қайшылықты пікірлерге беріледі.

«Парасат майданы»  философиялық проза. Мұнда адамның болмысы қажет ететін екі түрлі дүниені алдыңызға жайып салады: бірі – пенделік, күнделікті өмір ағынымен жүру; екіншісі – рухани қанағаттанбау, өмірдің ақиқатына, парасат пен ақыл-ойдың жетегіне ілесу. Осы екінші дүниенің берері мол. Бұл бір кездері Абай толғаған әлем, ақын шақырған асыл іс. Адам жан дүниесіндегі ойларды тікелей жайып сала бермейді. Осы ретте, автор хат пен күнделік жанрын таңдаған.

Хат – екеуара адам арасындағы хабар, ақпарат алмасу болса, күнделік  адамның өзімен-өзі оңаша, еркін отырып жазатын дүниесі. Екеуі де шынайы дүниелер. Сондықтан да күнделік иесі өзін мазалаған ойларды күнделігіне түсіріп отырады. Сол арқылы өзімен өзі сырласады, кейбір көзі жетпеген, беймәлім мәселелер жайлы толғанады. Күнделік иесі бұрын бейтаныс құрбыдан келетін хаттарды үрейлене оқыса, біраз уақыттан соң, еркін оқи бастайтын болды. Енді уақыт өте екеуінің ойы, әрекеті тым ұқсап бара жатқанын аңғарады.

Күнделік иесінің ауруханадағы күндері өң мен түстің аралығындағы оқиғаларға толы. Оның осы жағдайын дәрігер де жақсы білетін сияқты: «Адам психикасы медицина әлеміндегі айрықша жұмбағы терең сала. Сол себепті бұл салада ғылымнан гөрі мистика басым деуге болады. Мәселен, адам тұлғасының екіге бөлінуі деген құбылыс бар. Мен өткенде де бір рет шет жағасын айтқан болатынмын. Бұл әлі де толық ғылыми анықтамасын ала қойған жоқ. Бір адамның бойында кезектесіп бір-біріне ұқсамайтын екі тұлға пайда болады. Бұл ешқандай ертегі емес, психологияда кездесетін құбылыс» Сонда барып күнделік иесі мен бейтаныс құрбының бір адам екенін, олардың жан дүниесінде бірде қайшыласып, бірде ымыраласып жататын құбылыстың сыры хикаят сюжетінде ашылып отыратынын аңғарасыз. Адам баласы өмір бойы күресіп өтеді. Сондағысы – өзінің орнын табу, тіршілік ету. Т.Әбдік шығармалары кейде тосыннан аяқталады да оның жалғасын оқығыңыз келіп тұрады. Мұның өзі қаламгер ойының бір парасы іштегі толғанысты оятуға, пікір алысуға шақырғаны.

Жазушы Т.Әбдіктің «Парасат майданы» хикаяты – адам мен жаратылыстың жұмбақ құбылыстарын білуге асық адамның жан дүниесін ақтарады. Өмірде адам ғұмырын айналып өтпейтін бір-біріне қарама-қарсы ұғымдардың қатарлас жүретіні белгілі. Әрине, өмірдің жақсысы мен жаманы қатар жүріп, бірі жеңіп, бірі жеңіліп жатады. Адам баласы өмірін осы екі тартыстың ортасында күреспен өткізеді. Бұл адамның бәріне тән жағдай. Алайда оны шешу жолы әр қилы. Осы жағдайды кейіпкер күнделікке түсіреді. Бұл тәсілдің ұтымды жағы бар. Егер оны қоғамда, көпшілік алдында ашық айтса, оның тартысы, дау-дамайы көбейіп кетер еді. Сондықтан кейіпкер ой-пайымын күнделікке түсіріп, өзді-өзімен сұхбаттасады. Бұған ең маңызды, таза ойлар жинақталады. Осы күнделік бейтаныс адамның қолына түсіп, ол енді кейіпкерге өзінің пайым деңгейінде жауап қайтара бастайды. Осыдан туған кереғарлық санадағы майданға жол ашады.

Әдебиет әлемінде көркем туындының болмысы сандаған қырларымен ашылады. Оқырман кейде шығарманың толыққанды аяқталғанына сенер-сенбес күйде қалады. Бұл туындының аяқталмай қалуы мен оқырманның сол шығарманы оқуға деген дайындығының жетімсіздігі қатар келіп жатады. Себебі, шығарманың көп қырлы сипаты оқыған сайын жаңа бір қырынан ашылып, жалғасып отырады. Әдебиеттанушы М.Бахтин мұны ондағы кейіпкерлер мен олардың әрекеті үздіксіз жалғасып отыратындығы деп санайды. Кейде автор ұсынған монолог, диалог тәсілдері де ойдың әрі қарайғы жалғасуын көздеп тұрады. Кейде автор немесе кейіпкер аузымен айтылған әңгімеге, толғанысқа оқырман да қосылып кеткісі келетін ой сабақтастығы байқалады. Адам өзінің еркінен тыс әрекеттерге барады, өзінің көргені мен жасаған әрекеттеріне сенбейді, тіпті осы алмағайып тіршіліктің ішінен өзін жоғалтып та алады. Бұл әлемде орын алған құбылыс. Адам баласы жақсылықты күтуден, арман-аңсардан үміт үзе бастайды. Осыдан келіп адам мен болмыс, адам мен жаратылыс арасында кереғар қайшылық орын алады. Т.Әбдік көтерген проблемалар барша адам баласына ортақ. Адам санасындағы кейбір ұғымсыз, еріксіз жайттар адамның күш-қайратын азайтып барады. Адам өзінің кішірейіп, дәрменсіз күйге түсіп бара жатқанын сезіп отырады. Ал оның себебі адамның өзінде емес пе?

Мынаны да қараңыз

Төлен ӘБДІК. Қонақтар

Әңгіме Курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларын күтіп, Ерғабыл шал түн ...