Рудный-Қостанай тасжолындағы апат: айыпталушы тарап араша сұрайды

Қазір Қостанай облыстық сотында 2021 жылдың қарашасында Рудный-Қостанай тасжолында 3 адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатына қатысты аппеляциялық сот үдерісі өтіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Куәгерлердің айтуынша, Kia автокөлігі алдында келе жатқан lada priora-ны басып озғысы келгенде жанай соғып, қарсы бағыттағы басқа көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Kia-ға соғылған көліктегі 3 адам ауруханада көз жұмған болатын.

Содан кейін осы оқиғаға қатысты іс ұзақ қаралды. Тергеу амалдары да, сот үдерісі де бір жыл бойы жүргізілген. Нәтижесінде аталған екі көлікті соққан Kia автокөлігінің иесі емес, оның алдында өз жолымен жүріп бара жатқан lada priora-ның жүргізушісі – Рудный қаласындағы №15 мектептің мұғалімі кінәлі болып шыққан. Оған араша сұраған әріптестерінің айтуынша, 26 жастағы Қайыржан Әлімбай айыпты деп танылып, биыл қазандағы сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Алайда қорғаушы тарап бұл үкімді әділетсіз деп есептейді. Жәбірленушілердің де уәжі сондай. Көлігіндегі туыстары қаза тауып, өзі ғана тірі қалған Дастан Қасеновтің айтуынша, сот оларды соққан адамды жәбірленуші етіп қойған. Ол көз алдында болған осы жайтты қаз-қалпында алға тартса да шағымы ескерусіз қалған. Ендігі үміт – «жазықсыз жапа шегіп отыр» деп Қайыржан Әлімбайдың қорғаушылары аппеляцияға берген облыстық сотта.

Айыпталушы тараптың мәліметінше, жол-көлік оқиғасының сот-медициналық сараптамасы қорытындысын 2022 жылдың 26 желтоқсанында «Автоюрист.kst» жеке кәсіпкерлігі жасаған. Меншік иесі Анатолий Ли саналатын ол мекеменің өзі сол 2022 жылдың 5 наурызында ғана тіркелген. Бұл ретте «Автоюрист.kst» жеке кәсіпкерлігі сот-медициналық сараптама бағдарламасының жаңа нұсқасына сүйенген көрінеді. Ал «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Сот сараптамасы институтының Астана қаласындағы филиалы мен Қостанай облыстық сот сараптамасы институтының жетекші сарапшысы жасаған мемлекеттік сот-медициналық сараптамасының бағдарламасы ескі деген уәж айтылған. Бірақ Қайыржан Әлімбайдың қорғаушысы алдыңғы екеуінің сарапшылары жасаған қорытындыны дұрыс деп есептейді.

Тағы бір күмән тудыратын мәселе, «Автоюрист.kst» сарапшысы сот-медициналық сараптамасының қорытындысын тек сот қаулысы бойынша ғана шығарғанын, жол-көлік оқиғасының себеп-салдарын апатқа ұшыраған көліктерден өзі барып көрмегенін айтқан. Тіпті, оларды айыппұл тұрағынан да қарамапты. Ал құзырлы орган сот-медициналық сараптамасын жасау үшін осы жеке кәсіпкерліктің құзыретіне екі мәрте жүгінген. Алғашқы сот боларда сараптаманың ақшасын Kia автокөлігінің жүргізушісі төлепті. Ал екіншісін, яғни қалған 155 мың теңгені төлеуді айыпталушы Қайыржан Әлімбайға міндеттеп отыр.

Айыпталушы тарап қорғаушысының айтуынша, осылайша бастапқы тергеу мен сот үдерісінің өзінде заңсыздыққа жол берілген. Бар айыптау дәйектері жеке сарапшының сараптама қорытындысына сүйеніп қана жасалып отыр. Ол сараптаманың күмәнді тұстарын көрсетіп берсе де сот назарға алмай қойған. Енді бүгінгі аппеляциялық сот үдерісінің нәтижесі қалай болары әзірге белгісіз.

Еске сала кетсек, бұған дейін Рудный қаласында Міржақып Дулатұлы атындағы №15 мектеп мұғалімдерінің әріптестеріне араша сұрағанын жазған болатынбыз. Арнайы жасаған бейнеүндеуде олар 26 жастағы Қайыржан Әлімбайдың жазықсыз 5 жылға сотталғанын айтып, соттан оның босатылуын талап еткен болатын.

Фото: kstnews.kz

Мынаны да қараңыз

Маркетплейстер контрафактінің таралу орнына айналып барады

Әділет органдарының қызметіндегі бағыттардың бірі – зияткерлік меншік құқығын сақтау мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты ...