Санкциялар салқыны бізге де тиіп жатыр…

Санкция!!!

АҚШ бастап, Еуропа елдері қостап, әлемнің  40-қа  таяу елінің солтүстік көршімізге салған санкцияларына, міне, 2 жыл толды. Осыған орай «сол санкциялар бізге не берді, неден ұттық, қай жерден ұтылдық?» деген заңды сұрақтар туатыны белгілі…

Бәрін басынан бастасақ: 2014 жылы Қырымда «Зеленые человечки» немесе «Добрые люди» деген атауы бар белгілі Ресей құрылымдық күштерінің арнайы жасағы «бір кісілердің» тапсырмасы бойынша Қырымның ірі қалаларында бой көтерді. Батыстық БАҚ олардың кім екенін айғайлай жазып жатса да, әу баста ақ-қараны айырмаған жергілікті халық не болғанын түсініп те үлгермеді. Мемлекеттік маңызды стратегиялық нысандарды бақылауға алғаннан кейін барып басында белгісіз болған солдаттардың мақтауын Ресейлік БАҚ асыра түсті. Шынайы бетперде ашылып, Ресейдің Украинадан Қырым түбегін тартып алғаны белгілі болды.  Онсыз да өз ішінен бүлініп жатқан елге бұл ауыр соққы еді.

Аталарымыздың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма»  деген даналық сөзі «орекеңдерге» еш қатысы жоқ болса керек. Пайда көргені –  Бельгия мемлекетінің аумағындай жерді өздеріне қосып алды. Бұл іске Ресейдің ежелден келе жатқан «достары» – «батыстықтар» бейжай қарап жатпады. Алысқа ұзатпай-ақ, алғашқы санкцияларын салып жіберді. АҚШ, Еуропа, оған қоса Батыстың ежелгі жанашырлары – алыстағы Австралия мен жақындағы Жапония да санкцияның қатаюына өз үлестерін қосты. Үкіметтің,  Думаның депутаттары мен жеке тұлғалар да қара тізімге енді. Украинаның шығысындағы облыстарда Ресейдің «от көсеуімен» онсыз да тәлтіректеп тұрған  жағдайы қиындай түсті…

Әлем елдері келмеске кеткен КСРО-ны құлатудағы басты ойындардың бірі және бірегейі болған мұнай бағасын түсіруді қайта бастады. Ресей үшін экономиканың басты табыс көзі мұнай екені белгілі. Ел бюджетінің 80 пайызы мұнайдан құралатынын ескерсек, әлемдік нарықтағы қолдан жасалған жазалау өз нәтижесін бірден бере бастады. Рубльдің долларға шаққандағы құлдырауы әп-сәтте басталып кетті. Дәл осы кезде қазақстандықтардың Ресейге жаппай барып-келу науқаны басталған-тын. Теңге бағамының сол сәттегі қарқыны азаматтардың Ресейден арзан көлік, жиһаз, тіпті тамақ өнімдерін тонналап тасуға мүмкіндік берді. Сырт көзге жонын көрсеткен Ресей дым сезбегендей үнсіз отыра берді. Одақтастар Парсы шығанағындағы бауырларымен бірігіп мұнай бағасын одан әрі төмендетуге көшті. Тіпті, сол саясаттың жолында бірнеше жыл бұрын Иран Ислам Республикасына салған санкцияларды босатып, олардың мұнайын әлемдік нарыққа қайта шығарды. Ресей болса мұнай-газ өнімдерін Қытайға қарай бағыттауға көшті. Айта кетерлігі,  онсыз да Орталық Азия елдерінен арзан мұнай-газ алып отырған Кытай «екі жеп биге шықты». Яғни, Ресейдің бағасын мейлінше «сындырып», арзан өнімге қарық болып жатыр. Бұл өз кезегінде Батыстың қитығына тиетіні анық. Тарихи жағынан бітіспес жау саналатын Жапонияны экономикада басып озған «аспан асты елі» бүгінде АҚШ-қа «шаң қаптырып» кетуді ойластырып отыр. Ал АҚШ Қытайға Ресейден келетін арзан шикізатпен амалсыз көмектесіп, бір жағынан пұшайман күй кешуде.

Ресейдің әлемдік нарықтағы осы бір сәтсіздік кезеңін ұтымды пайдаланған біздің ел жарты жылдай Ресейден жөргем ілді. Алайда, №1 сауда-саттық одақтасымыз Ресей қыспаққа түскен сайын біздің де экономикамыз шатқаяқтай бастады. Экономикалык қарым-қатынаста басты  рөл атқаратын мемлекетпен сауда жасау мейлінше қиындай түсті. Соған байланысты ел Үкіметі амалсыздан теңгенің еркін айналымына жол берді. Біздің ел де көршіміз сияқты мұнайға тәуелді болғандықтан, қор биржаларындағы мұнайдың әр күнгі бағамына телміре қарауға тура келді. Қорыта айтқанда, алып кеме «саясат толқынында» суға кетсе, қасындағы шағын кеме де сол тербелістен аман қала ма?.. Әрине, Құдай ондай қатердің бетін әрі қылсын, әйтсе де, «жаман айтпай жақсы жоқ», бірақ, кез келген жағдайға іштей дайын болғанымыз ләзім. Ендеше, көршінің кесірінен амалсыз тығырыққа тірелген мемлекетімізге тіреу болып, тілегін тілегеннен басқа жол қайсы?

Сырттан «жау» келсе, «құйрығы қайқы» ауыл иттерінің өзі біріге кетпейтін бе еді?!

Бұл қыспақтан да шығармыз, ақылымыз бен қайратымыз һәм сабырымыз серік болса!

Жәнібек ӘМІРХАМЗИН

Фото newrbk.ru алынды   

Мынаны да қараңыз

Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр

Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры бастамашы болды. Әділеттілікті жақтаушылар қоғамның қоғамдық күн ...

5 пікір

  1. Сауатты сараптама!!

  2. Айдарбек

    Тірезби талдау десей бұларда бәрі т 😉

  3. еуропалық одақ тарапынан салынған шектеулер Ресей тарапына канша кушейген сайын биздин елге де Сибирдин салкынындай есер етпек. Ари Ресейдин ен сенимди одактасы ретинде алемге жаксы бир кырымыздан танылып калдык.

  4. Ұлтшыл Қара

    Мына орыстарға жасалып жатқан санкциялардың салқыны бізге тиюдей-ақ тиіп жатыр, дұрыс айтасың, Жәнібек балам. Осылай жазып тұрсаңдаршиш!

  5. jaksy jazylgan eken!! Bari kymbattap ketti/ sankcialardyng salkyny emei nemene?!

Айнаш жазбасы үшін пікір қалдыру Отменить ответ

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *