Иттермен «дос» болған студент

1

Егер ресейлік танымал жоғары оқу орны экономист мамандығын оқуға тегін грант беріп тұрса, сіз одан бас тартып, аудандық ауыл шаруашылығы колледжінің ветеринария бөліміне студент болуды таңдар ма едіңіз? Көбіміздің алғашқысына бүйрегіміз бұрары анық. Ал біздің кейіпкеріміз Әлішер Сапашов университеттен түбегейлі бас тартып, мал дәрігері болуды мақсат тұтты. Қазақ «жеті қазынаның» біріне балайтын итке деген қызығушылық Әлішерге осындай таңдау жасатты.

4

Әлішердің ит асырауға әуестігі 13 жасында ояныпты. Ең алғаш әкесі «күндіз-түні компьютерде отырғанша, көше кезгенше, ит асыра, үйрен»  деп бір күшік әкеліп берген екен. Күшікпен «достасудың» кереметін сезінген ол келе-келе түрлі елдің таңдаулы деген ит тұқымдарын жинай бастайды. Мысалы, хаски, неміс овчаркаларын Ресейден алдыртқан. Қазір Әлішердің ауласында он шақты ит тұқымы бар. Солардың ең кішкентайы 1 келіге жетер-жетпес болса, алабайы 75 келі тартады. Студент жануарларының санын айтудан бас тартты. Әйтсе де, төрт аяқты «достарына» күніне 40 келі күріш пісіріп береді екен. Оның сыртында әр итке 1,5 келіден ет керек. Етсіз иттің күні қараң. Ауырып қалған жағдайда ем-домы да арзан емес. Бірақ Әлішер тәуекелге барып, бәрін асырап отыр. Азайту ойында жоқ. «Мен ит сатумен айналыспаймын. Жарнама да берген емеспін. Әйтсе де, білетін жандар күшіктерімді аттай қалап әкетеді. Содан түскен табыс шығындарымды жабады», – дейді студент.

Бозбала иттерінің бәрін жақсы көреді, алаламайды. Десек те, «Томпақ» атты алабай тұқымды күшігі мен қазақы тазы «ұшарының» орны бөлек екенін жасырмады.

«Әр қазақ ауласында тазы ұстауға тиіс. Бұл – біздің мақтанышымыз. Оны өзіміз дәріптемесек, кімге керек? Тазы – аң аулауға таптырмас серік. «Ұшармен»  алған қоян, түлкімнің есебі жоқ. Борсық та ұстаған кезім болды,дейді Әлішер. Ол қансонарда ит жүгіртіп, баба дәстүрімен аңға да шығып тұрады екен.

5

Әлішердің тағы бір ермегі – жылқы. Бала күнінде талай бәйгеге шапқан. Көкпарда да жаттығыпты. Аударыспаққа түсіп жүр. Бүгінде Заречный кентінде ашылып жатқан «Шеген ойындары клубының» (поло) мүшесі. Жақында «Сандра» есімді байтал сатып алыпты. Енді оны бәйгеге жаратпақ. Қызық үшін қорасында есек те асырайды.

Ғажабы, 11-сыныпта оқып жүргенде ол иппотерапея тақырыбында ғылыми жұмыс жазып, бизнес жоспар жасапты. Бұл еңбегіне қызыққан Челябі мемлекеттік университеті экономика факультетіне арнайы грант ұсыныпты. Алайда, жан-жануар, иттерін қимаған талапкер іргедегі колледжді – мал дәрігері мамандығын қалады.

Әлішер Сапашов қазір облыс орталығының іргесіндегі Затобол кентінде тұрады. Қостанай аудандық ауыл шаруашылығы колледжінің 4-курс студенті. «Медицина адамды емдеуді үйретеді. Ал ветеринария адамгершілікке үйретеді» деген қанатты сөз бар. Қазір аймақта жаңа фермалар ашылып жатыр. Оларға мал дәрігерлері керек. Бұл мамандық қайтадан сұраныста болып келеді. Оны таңдағандар үй жануарларын көріп өсіп, аялай білуі керек. Сонда сабақты тез игереді», – дейді оқытушылардың бірі Баймұқан Темірбек.

Әлішер қазір бір жарым жасар алабайын спорттық жарыстарға дайындап жүр. Бұйыртса, төбелеске салмақ. «Ветеринария – менің өмірім. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Маған шікірейіп кеңседе отырғаннан гөрі ашық дала, таза ауада, жан-жануарлармен бірге жүрген ұнайды. Иттерім ауырса өзім емдеп аламын», – дейді болашақ мал дәрігері.

Жиырма бір жасқа аяқ басқан студенттің арманы – диплом алып, өңірде ұлттық спорт түрлерін дамыту. Бұл мақсатта оның нақты жоспарлары да дайын.

Абылай МАУДАНОВ

Мынаны да қараңыз

Астанада «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр

Дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры бастамашы болды. Әділеттілікті жақтаушылар қоғамның қоғамдық күн ...