Құтан әулиенің кереметі

КУТАН!

Арқалық қаласына алғаш көшіп келген кезде қала өміріне үйрене алмай, уақытты қалай өткізуді, не істеу керектігін білмей әрі ауылдағы туған жерге деген сағыныш қосылып, көніл құлазып жүрген кез еді. Бірде сағыныш сезімді басу үшін әрі ағамызға сәлем беру ниетімен өзімізбен қатар көшіп келген Зәкен ағайдың үйіне кемпіріміз екеуміз келдік.

Келсек, ағай жолға дайындалып жатыр екен. Бір ініміздің баласы екі-үш жыл бұрын жол-көлік апатына түсіп, содан ауырып жүрген көрінеді. Бір емшіге қаралып, емделіп болғаннан кейін әлгі емші: «Енді тәуір болдың. Тек Құтан әулиенің басына барып-қайтуың керек», –  депті. Зәкен ағайлар сол үшін жолға жиналып жатыр екен. Олардың жолын бөгемес үшін кідірмей үйге кетіп қалдық. Келесі күні таңертең ағай маған телефон шалды.

«Қуанышбай, кешегі жаққа бара алмадық, емшінің уақыты болмады, енді өздерің барып қайтыңдар деді, соған бірге барып қайтсақ қайтеді», – деді. Ағайынға қол ұшын беру парызым ғой, қалай бару тәртібін білмесем де, қазіргі діни оқығандардың аруаққа баруға қарсы екенін білсем де келісе кеттім. Сонымен, жаңағы ініміздің жолдасының жеңіл мәшинесімен баратын жерге жетіп бардық. Қорымға жетпей, беріректе басына барған адамдар қонып жататын үй бар екен. Үйдің жанына көлігімізді тастап, күннің ыстығына қарамай әрі қарай жаяу кеттік. Кішкене жүргеннен кейін ыстық өтіп, көлікті бекер тастаған екенбіз деген ой келді. Алайда, бұндай тілек, жәрдем тілеп келгеннен кейін өз еңбегімізбен жетейік деп жаяу жүре бердік.

Басына барғаннан кейін барлық дұғамызды оқып, тамның жан-жағын сипалап шыққан соң жаңағы ұлға:

«Мына бас жағыңдағы терезе орнынан ішіне түсіп, бас жағыңдағы топырақтан алып басыңды сипа», – дедім. Барлық рәсім болғаннан кейін тағы да бір дұға оқып кетейік деп орнымыздан тұрдық. Сол кезде әлгі ініміз:

«Аға, мына кісінің тамын суретке түсіріп алайын», –деді. «Түсірсең, түсір, егер суретті аяқасты ететін болсаң осы бастан жоламай-ақ қой», – дедім. «Ой, о не дегеніңіз, ол суретті шын құрметтегелі отырған жоқпын ба», – деді.

Ағай екеуміз ортада тұрып қалыппыз. Ініміздің суретке түсіргеніне қарап тұрдық. Жүргізуші жігіттің не істеп жатқанына мүлде көңіл қоймаппыз. Бір кезде жүргізуші жігіт: «Адам бар, адам бар!» – деді. Теріс қарап тұрған соң ол сөзге мән бермедік. Арт жағымыздан жаңағы жігіт келіп, ұялы телефонына түскен – жаңағы біз отырған жерде еңкейіп отырған адамның суретін көрсетті. Өз көзімізге өзіміз сенбей, «күннің ыстығынан бір жағдай болып тұрған шығар» деп кезек-кезек қарадық. Бәрі де рас, бәрі де анық!

Көлігіміз қалған үйдің жанына келіп, апарған шай-пайымызды ішіп, өзімізге-өзіміз келіп есімізді жиып, суретті қайтадан кезек-кезек көрдік. Сурет анық, еш күмән жоқ. Жаңағы жігітке: «Қалқам, қалаға барған соң суретті шығарып, бізге бір-бір данадан бер», – деп өтініш жасадық. Ол «жарайды» деп келісті. Дегенмен, елге келген соң суретті шығарайын деп барса, жоғалып кетіпті. Сөйтіп, сондай бір ғажап құбылыстың анығына жете алмай, қапы қалып, үлкен өкініште болдық…

Қуанышбай ЖҰМАБАЙҰЛЫ, зейнеткер,

Арқалық қаласы

 

 

 

 

 

Мынаны да қараңыз

ҰЛЫ ЖЫЛАНШЫҚ ГИДРОНИМІ

Торғай даласындағы белгілі ұзын өзендердің бірі – Ұлы Жыланшық. Өзеннің бастауы – Ұлытау сілемдері. Географиялық ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *