Өр Торғай – ерлік мекені

немесе тарихқа тағзым сапары

%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%b8%d0%bd-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0

Әлемдік қауымдастықтың Қазақстан атты мемлекеттің егемендігін мойындағанына ширек ғасыр. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз, тарих орнатқан әділеттілік, біздерге берілген зор мүмкіндік әрі әрқайсымыздың мойнымызға артылған үлкен жауапкершілік. Екі тізгін, бір шылбырын қолына алып, дербес саясатын жүргізген азат Қазақ мемлекеті Ұлы Дала төсінде заманға лайық, зайырлы, тұтастықты ту еткен Мәңгілік Елдің іргетасын қалады. Алайда, бұл бір күнде орнай салған игілік емес. Тәуелсіздік жолында бірнеше буын өмірін күреспен өткізді, талай ерлердің тағдыры тайталасқа түсті, мыңдаған жанның қаны төгілді…

Азаттық үшін арпалыстардың ішінде 1916 жылғы ақ патшаның «Июнь жарлығынан» кейін бұрқ еткен Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің орны ерекше. Арадаға бір ғасыр уақыт өтсе де, оның әділ бағасы берілді деу қиын. Кеңестік саясат қазақ халқының әділетсіздікке қарсы бұлқынысын барынша бұрмалап, «саясиландырып» көрсетті. Ерлердің еңбегі бірдей бағаланбады, көтеріліске үлес қосқан көсемдер қызыл саясаттың салдарынан «алалауға» ұшырады, майданның рухани әрі қаржылай демеушісі болған дін өкілдері мен дәулетті адамдар жайлы мүлдем айтылмады. Соның салдарынан халық жадында теріс түсінік қалыптасты. Өкініштісі, Кеңес дейтін үкімет атымен жоқ уақытта Ұлы Даланың ұландарын бастап, «не өмір, не өлім» деп тәуекелге бас тіккен Амангелді батырды «большевиктік идея үшін қан төгіп, қызыл ту көтеріп, соғысты» деп ойлайтын адамдар әлі де жеткілікті. Ал көтеріс жылдары халық ақ киізге көтерген Әбдіғапар мен Оспан хандар, Қасымхан сардар, Кейкі батырлар, Бектастың Бірәлісі сынды байлардың есімдері лайықты бағасын алды деуге де әлі ерте. Кеңестік тарихтан қиянат шеккен тұлғалардың рухына тағзым жасау – солар аңсаған азаттықтың жемісін көріп отырған буынның парызы. Осы мақсатта құрылған «torgay expedition» тобы үлкен істі қолға алды. Топ ынталыларының бастамасымен «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы жасақталды. Әрине, мұндай ауқымды істің зор қажыр-қайрат, мол қаражатсыз бітпесі белгілі. Осы  орайда тарихқа тағзым сапарына Жомарт Түбекбаев пен Мейрам Айдаболов сынды азаматтардың ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Экспедицияның мінсіз жасақталуына Нұрдәулет Әкімжанов, Нұрлан Сапаров, Мирас Тәжитдинов, Сәбит Шакаев, Біржан Мешелов, Мирдос Әлімжанов, Абылай Медеубаевтар да өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, торғайлық ғалым Құрманғали Дәркенов, белгілі оюшы, өлкетанушы, «Бүкіләлемдік Шыңғысхан  академиясының» құрметті академигі Шөптібай Байділдин, Құлсейіт Туғанбай, дәрігер маман, «ТұранТВ» арнасының бағдарлама директоры Алтын Мейрамғалиева, операторы Жасұлан Үмбетбаев, «Қазақпарат» агенттігінің тілшісі Бақытжол Кәкеш және осы жолдардың авторы топ құрамына кірді.

10-17 қыркүйек күндері Ақмола-Қарағанды-Қостанай облыстары аумағында 2500 шақырым жолды жүріп өткен экспедиция барысында көрген-түйгенімді ойлы оқырманмен бөлісуді жөн санадым. Сонымен…

Елордадан  – елдік мекеніне

Экспедиция 10 қыркүйек күні таң алдында Ел жүрегі – Астана қаласынан, «Бәйтерек» монументінің түбінен аттанды. Кейкі батырдың туған жеріне бет алған топ жайлы сол сәтте-ақ күллі әлемге ақпарат тарап жатты. Сол күні кеште Арқалықтағы облыстық Дала өлкесі тарихы музейінде қала тұрғындарымен кездесу өтті. Көзіқарақты, жады мықты, шежіреші қарттармен тағылымды, мағлұматы мол сұхбат өрбіді.

%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b0

Арқалық халқының сәт-сапар тілегін алып, 11 қыркүйек күні таңғы  сағат 8-де жолға шықтық. Нөсер жаңбыр селдетіп, қара бұлт түнеріп, ызғырық жел өңмеңнен өтеді. Алайда, елдік пен ерлік жолында толарсақтан қан кешкен бабалардың рухына деген құрмет, тағзым қиындықтан сескендіре қойған жоқ. 200 шақырымды артқа тастаған соң, аспан шайдай ашылып сала берді. Бағыт – Дулығалы мешіті…

%d0%b4%d1%83%d0%bb%d1%8b%d0%b3%d0%b0%d0%bb%d1%8b-%d0%bc%d0%b5%d1%88%d0%b8%d1%82%d0%b8-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0-2

Біз Амангелді ауданы Үрпек ауылдық округіне қарасты аумақта орналасқан Обалы қопасындағы Балықұлы Көшімбек бидің кесенесіне аялдағанда, күн «шыбынсыз жаз» кейіпке еніп еді. Осы ретте Көшімбек би (1850-1925 ж.ж) жайлы тоқтала кетсек. Шежіре жөнімен таратсақ, Иманнан Балық пен Үдербай туса, Амангелді Үдербайдың, Көшімбек Балықтың баласы. Ұзақ жылдар бойы Қайдауыл, Жыланшық, Қараторғай болысының ресми биі болған ол әділдігімен, өжеттігімен танылған. Әкесінен ерте айырылған Амангелдіге қамқорлық жасап, азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен бірден бір кісі (Жазушы Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында ол жайлы жақсы жазылған). Жалпы биіктігі 5 метр, күмбезді, қызыл кірпіштен салынған Көшімбек бидің мазары 90 жылдан астам уақыт өтсе де жақсы сақталған. Экспедиция мүшелері өлке тарихында өзіндік орны бар тұлғаға дұға бағыштады. Көзін жұмғанша қоғам ісіне белсенді араласқан бидің өмірі мен қызметі жайлы сұхбат өрбіді.

Ал Бегімбет алакөліндегі қорымда Амангелді Иманов екінші рет жерленген. Батырдың бәйбішесі Рәштің де сүйегі осында жатыр. Зираттың шетінде белгі қойылған. Мұнда да аялдап, құран оқып, одан әрі Кейкі батыр шаһид кешкен Жалаулыға бет түзедік.

%d0%b1%d0%b5%d0%b3%d0%b8%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d1%82-%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%ba%d0%be%d0%bb%d0%b8

Кейкінің қалай көз жұмғаны жайлы өлкетанушы Шөптібай Байділдин мен Құлсейіт Туғанбай көнекөз қарттардан естігенін әсерлі етіп баяндап берді. Қанды оқиға 1923 жылдың сәуірінде, Сүтемгеннің Жәкенінің қыстауында болған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін сақталған бұл үйдің қазір іргетасының орны ғана қалыпты.

Кейкінің қазасы ауыр әңгіме, ол жайлы қазір көп жазылып жүр әрі мақала көлемі көтермегендіктен аз ғана ақпаратпен шектелуге тура келеді. «Бір анығы, Жалаулыдағы тас қойылған орында, оның жанындағы темірмен қоршалған тамда ешқандай сүйек жоқ. Кейкінің де, оның жұбайы Ақжан мен інісі Шұбардың да мәйіті қырдан өзенге құйылған жыраның бойына көмілген. Милициялардың ызғары марқұмдарды арулап жерлеуге де мүмкіндік бермеген» дейді өлкетанушылар. Алайда, Кеңес билігі қанша жерден жау көріп, есімін айтқызбауға тыйым салса да, Кейкі мерген халық жүрегінде мәңгілікке сақталды. Оның батырлығы, халқын жауға бермегені, сол үшін ақтармен арпалысып, қызылдармен қандасып өткен көкжал рухы күн өткен сайын биіктей бермек!

Иә, Кейкі қазақтың теңдессіз батыры, жүз жылда бір туатын ерек тұлғасы, құралайды көзге атар қасиетке ие мергені! Кешегі ұлт-азаттық көтерілістің ең қиын тұсында жүрген жанкешті жауынгер. Ұсынғаны қалт кетпеген сұрмергеннен қай жауы да сескенген, қорыққан. Сол үшін де тірісінде түк істей алмаған батырдың басын өлгесін Эрмитажға жөнелтті емес пе?!

%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d0%ba%d0%b8%d0%b3%d0%b5-%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%ba%d0%b8%d1%88-%d0%be%d1%80%d0%bd%d0%b0%d1%82%d0%ba%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d0%b0%d1%82

Дулығалы барар сапарда Тоқпан руынан шыққан әйгілі шүленгер Бектас байдың басына соға кеттік. Тоқпан Бектасты Торғай өңірінде білмейтін адам кемде-кем. Мыңды айдаған дәулет иесі, соған сай қайырымы мол, шапағаты көп тұлға ретінде еске алады. Бектастың асы қазақ даласындағы үлкен астардың бірі ретінде халық жадында сақталған.  Баласы Бірәлі де мырза, діндар, көпшіл адам болған. Озбырлығымен аты шыққан Шашамбайдың Рахметіне де бел бермеген Бірәлі – Әліби Жангелдин, Әбдіғапар хан, Амангелді Иманов, Кейкі батыр, ақын Мәтібай, Таңат Сейдахметпен және Дулығалы бойындағы ишандар әулетімен араласып тұрған. Аманкелді Иманов батырдың көтерілісін қолдап, қаржы, ат беріп көмек көрсеткен. «Қыран қазасы қиядадағы» Ералы бай осы Бірәлі деп топшылауға негіз бар. Ақыры атақты байдың өмірі аянышты аяқталған…

%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d0%ba%d0%b8%d0%bd%d0%b8%d0%bd-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0

Бірәлі байдың 13 баласының үлкені Сұлтан – орысша сауатты, кешегі Торғайдағы Совдеп мүшесі, соғыс комиссары, Амангелді батырдың жеке сенімді серігі болған.  Алайда, қатерлі сәтте Сардардың қасында жүрген, кейін төңкеріс ісіне белсене қатысқан тұлғаның есімін көпшілік біле бермейді. Тек Шөптібай Байділдин ғана мерзімді баспасөзде мақалалар жариялап жүр. Бұл деректер, кеңестік тарихта жазылғандай, 1916 жылғы көтерілістің кедей табының ғана дүрлігуі емес, жалпыұлттық дүмпу екенін көрсетеді. Әрине, ескі үкіметке үміт артып, сатқындық жасап, патша билігіне ақпарат беріп отырған жандардың да болғанын жоққа шығармаймыз. Бірақ ондай опасыздар қай заманда да кездеседі және бірен-саран болыстың теріс қылығы ұлт-азаттық көтерілістің жасампаз рухына көлеңке түсіре алмайды.

Хош, сапар әрі жалғасты. Жол талғамайтын көліктеріміз иен даланы көктей өтіп, қас қарая Дулығалы мешітіне де жақындадық.

%d0%ba%d0%b5%d0%b7%d0%b4%d0%b5%d1%81%d1%83

 Ұлыларға пана болған Ұлытау

Дулығалыда бізді Байқоңыр ауылы, Қарсақбай, Ақтас, Жезді, Жезқазған мен Қарағандыдан келген арнайы делегация қарсы алды. Қарағанды облысының аумағына қарайтын бұл орын қазір елсіз. Алайда, ғасыр жарым бұрын Қазақстандағы үлкен рухани орталықтардың бірі болған. Мұндағы мешітті жергілікті халық кейде Бердікей, Терісбұтақ, Дулығалы немесе Құлмұхаммед мешіті деп те атай береді. Орта Азия үлгісіндегі нысанның құрылысы 1906 жылы толық аяқталған. Оның іргетасын қалаған Қыпшақ ішіндегі Бердікей руынан шыққан Құлмұхаммед ишан Арыстанбайұлы. Ишандық мәртебе Құлмұхаммедтен бастап немересі Қазиға дейін жалғасқан. Жергілікті халық бұл тұқымды ишандар әулеті деп құрмет тұтады.

Өзен аңғарында орналасқан, тоғыз күмбезі бар еңселі ғимаратта оқылған азан табиғи аккустикамен Айырқұм бойына (Жангелдин ауданына қарасты қоныс) дейін жеткен екен. Ат жетер жердегі халық жұма намазын осы мешітте оқыған. Қазір қабырғалары мен бір мұнарасы сақталған. Қыр басына орналасқан, сырты қызыл кірпіштен өрілген еңселі ғимарат алыстан көзге шалынады. Қасында қорым жалғасып жатыр. Сәулет өнерінің ерекше туындысы бейне ертегідегі көне шаһардай, тау сілеміндей көлбеңдейді. Жақындаған сайын тіпті зорая түсті. Ашық аспан астында азан үні естілетіндей… Мешіт пен мазарлар тылсым тыныштық құшағында, мәңгілікпен тілдесіп тұрғандай әсер береді.

Дулығалы мешітінің 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісте алар маңызы зор. Халық атқа мініп, Амангелдіні сардар сайлаған уақытта ишандар әулеті де қостап, батырға бата беріпті. Бұл азаттық майданының қазақтан шыққан дін өкілдерінен қолдау тапқандығын көрсетеді (Қалың әскер Торғайды шабуға оқталғанда әйгілі Оспан қожа әулиенің бата бергенін еске алыңыз).

%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d2%9b%d1%82%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d1%82%d1%82%d0%b0%d0%bd%d1%83

Иман батыр ұрпағы мен Бердікейлердің тонның ішкі бауындай жақындасуына бірнеше жайт себеп. Батырдың анасы Қалампыр – ишандар әулетінен. Сардар бала күнінде осы жерде мұсылманша сауат ашқан екен. Мешіттің қасындағы 24 бөлмелі медресе болған. Бұл діни оқу орны жайлы 2013 жылы шыққан «Торғай Елі» энциклопедиясында кеңінен баяндалады.

Міне, осынау киелі жерде келелі кеңес өрбіді. Торғай мен Ұлытау өңірінің тамыры тереңге кеткен рухани байланысы сөз болды. Ұлы Жыланшық пен Ұлытау халқының ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған аралас-құраластығы айтылды. Мысалы, бәйбішесі Рәш дүние салғаннан кейін Амангелді батырдың қалауы Ұлытаудағы наймандардың қызы Балым анамызға түскені белгілі. Иман батыр мен аталары Уәйістің достығын ескерген ел ағалары қарсылық айтпай, сол уақытта (1918 жылы) 45-ке келген Амангелдіге отыз жастай кіші Балымды барша сән-салтанатымен ұзатады. Мәжіліске келген рулас, туыстары Балым анамыздың тағдыры, тараған ұрпақтары жайлы деректерімен бөлісті. Ишандардың қасиеті, елге тиген шапағаты, киелі мекеннің келешегі жайлы толғамдар айтылды.

Тағы бір дерек, Амангелді батырдың ағасы Бектепберген ұстадан бауырына салған қызы Мәкен жайлы. Мәкен Амангелдіқызы Иманова көтеріліске қатысқан сарбаз ретінде үкіметтен қашан өмірден өткенше зейнетақы алып тұрған адам. Тектінің тұяғын Қази ишан інісі Қырғызбайға алып береді. Олардың қызы Зүбайрадан тараған ұл-қыз бүгінде Ұлытау аумағында. Сондай-ақ Бектепбергенқызы Шәйгүлден туған Үржәмила, Базыл, Базыкеннің де ұрпақтары осы өңірде өмір сүріп жатыр.  Бұл жайлы М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінің директоры (белгілі қайраткер М.Төрегелдиннің жұбайы) Зейпін Зікірқызы Қазанбаева кеңінен баяндап берді.

Жүз жылдан соң шалынған құрбандық

12 қыркүйек күні қасиетті Дулығалы мешіті алдында айт намазы оқылды. Алпыстан астам адам сапқа тұрып, рәсімге қатысты. Елсіздегі мешіттің қасына кісі қарасы көп жиналмағалы қашан…

Осыдан жүз жыл бұрын елдікке, теңдікке ұмтылған бабаларымыз қасиетті қоныс деп Дулығалы мешітіне келіп бас қосып, «бозқасқа» шалған екен! Сонда сойылған қошқардың басы Құлмұхаммед пен Қази ишанның кесенесінде әлі сақтаулы. Мүйізі шабылмаған, шүйдесі ойылмаған. Ай мүйізі екі иірілген, кішігірім арқардан кем емес ірі малдың басы екен. Қасында одан сәл шағындау тағы бір бас тұр. «Бұл – жазалаушы әскерді кері шегіндіріп, рухы өскен сарбаздардың жеңіс тойына сойылған «бозқасқа» дейді Дулығалының байырғы тұрғындары.

Елдік пен Ерлік жолына шалынған құрбандық та қасиетті ғой. Әрі бұл тәуекелден басқа жолы қалмаған, жауынгерлік рухы жалындаған жанкешті сарбаздардың Аллаға атаған садақа-сыйы емес пе?! Қос бірдей ишан жерленген мазардағы киелі жәдігерге имене қол тигіздік. Көлеңке жерде сақталғандықтан да болар, салмақты!

Тәуба, ғасыр бұрын бабаларымыз бодандықта бұлқынып, жауға қарсы бірігіп «бозқасқа» атаса, біздер тәуелсіз елде, тойға деп төбе қосып тұрмыз! Дулығалыда түйіскен делегация құрбандыққа сойылған ірі қараның басын екі қошқардың қасына қоюға ұйғарым жасады.

Ишандар рухына тағзым жасап, жергілікті ақсақалдардың жол бастауымен Қойлыбай әулиенің басына қарай бағыт алдық. Атағы аңыз болған Қойлыбайдың басына тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көрнекті мазар салыныпты.

Құрбан айттың алғашқы күніндегі іс-шаралар легі мешіттің алдында шағын жиынмен жалғасын тапты. Жезқазған қалалық мемлекеттік мұрағатының басшысы, «Бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының» құрметті академигі, ақын Бағдат Байжантаев «Қасиеті биік қарт Ұлытау» атты өлеңін оқыса, «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясы атынан Шөптібай Байділдин амангелділік ақын Молдатай Жапаровтың рухты жырларын тарту етті. Ишандар әулетінің атынан Мәжит Бірмағанбетов (Қази ишанның немересі) сөз сөйлеп, Ұлытау аймағы мен Торғай халқының арасына алтын көпір болып жүрген Жомарт Түбекбайұлына алғыс білдірді. Тату көршілер бір-біріне тарту-таралғыларын ұсынды. Сөз арасында ұлытаулықтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай Амангелдіде өтетін тойға қатысатынын әрі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың құрметіне орай Ұлытау-Торғай-Тоқырауын бойымен «Қыр баласы жүрген жолдармен» атты 3,5 мың шақырымдық экспедиция жасақталып жатқанын тілге тиек етті. «Біздің ұстаным – «тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлихан атамыздың ұстанымы. Әлекеңнің қос қанаты болған Ахмет пен Міржақып туған Торғайға тағзым ету – азаматтық парызымыз. Осы мақсатта «достық альбомын» ала шықтық. 25 жылдықтың құрметіне оған 25 мың адамның қолын жинамақпыз» дейді Зейпін Зікірқызы. Бұл альбомға біздің де қолтаңбамыз түсті. Одан әрі музей қызметкерлері дайындаған көріністі тамашаладық.

Дулығалы мешітіне қабырғалас үлкен көрме жайылып, ұстахана орналастырылған. Ақпараттық стендтерге 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жайлы мәліметтер орналастырыпты.

«Жезқазған – кенді өлке. Бұл аймақта біздің заманымызға дейін де темір мен мыс өндірілген. Ол деректі қазақтың ертегілерінен де кездестіресіз. Өңірде мыңдаған далалық ұстахана болған. Оларда азаттық шайқасына арналып қару соғылған. Бұл жерде Бектепберген ұстаның да ізі қалған» деп асқақ рухпен баяндайды Бағдат ақын. «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясына ежелгі қарулардың қалай соғылғаны көрсетіліп, әсерлі болуы үшін жолбасшымыз Жомарт Түбекбайұлына естелік-рәсім ретінде қорытпаны қалыпқа құю құрметі ұсынылды. Қиын уақытта халыққа қат бұйымдар соғылған ескі көріктің де орнын көрдік.

«Киелі жер иесіз болмайды». Малға қолайлы, жері құнарлы Дулығалыға қайтадан ел қоныстанып, құт қонсын» деген ниетпен құрбандыққа шалынған малдың етінен дәм татып, Ұлытаудың ұлағатты ұл-қыздарымен қимай қоштасып, Рахмет даласына бет түзедік…

Құлағыма Бағдат Тілеуліұлының «Ұлан-ғайыр қазақ даласында екі-ақ жер «Ұлы» деген атауға ие. Оның бірі – Ұлытау, екіншісі – Ұлы Жыланшық» деген сөзі келеді. Алаша хан мен Едігенің бейіті жатқан, қазақ хандарының қазық қағар ордасы болған, адамзат баласын ең алғаш ғарышқа самғатқан қасиетті аймақта мың жарымға тарта тарихи жәдігер бар екен. Ал Ұлытаудан бастау алатын Ұлы Жыланшық бойында ше?.. Барымызды бағалап, есепке енгіздік пе?.. Мемлекеттің қарауына алынуы тиіс тарихи нысандар Торғай жерінде жеткілікті емес пе?!

Арқаның адырлы даласы, жусанды жондарында жүйткіп келеміз…

Бекзаттарға қойылған белгі

«Белгі бекзаттан қалады» дейді қазақ мақалы. Рас сөз. Бірақ «қарағай басын шортан шалған қилы күн» туса, неше бекзат тусаң да, белгі қалдырмайтын кезі болады екен. Арыстандай ақырып, айбарына жан шыдатпаған Кейкі мергеннің шала көміліп, жауынгерлерге де, жаңа үкіметке де жүздеп жылқысын тегін берген атақты мырза Бірәлі байдың ақыры бір үзім нанға күні қарап өлгеніне кім кінәлі?! Ең оңай да дұрыс жауап – «заманы кінәлі». Ал аталарымыз аңсаған азаттық орнағанда, солардың рухына лайықты құрмет көрсете алмасақ, кім жауапты?..

«Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясының негізгі діттеген мақсатының бірі – Кейкі батырдың туған жері мен Әбдіғапар ханның қаны төгілген орынға белгі қою еді.

13 қыркүйектегі сапарымыз Байтума мен Зәуре қопасына бағытталды. Жолай Рахмет болыстың қонысына табан тіредік. «Рахмет Шашамбайұлы қазақтағы үш правительдің бірі болған» дейді ел аузындағы аңыз. Бұл –ақиқатын індетуді қажет ететін дерек, әйтсе де, оның билік иесі, болыс болғаны ақиқат. Биліктің буымен маңайына тізесін батырған озбырлығы да жұрт жадында. Бірақ, қалай десек те, өлке тарихында аты қалған тұлға. 28 бөлмелі үлкен қызыл үйдің бұрыштары, бөлмелерінің орны әлі тұр. Күйдірілген жалпақ кесектерінің сыны кетпегендігі таңғалдырды. Бұл үйде өз заманының небір мықтылары, зиялылары түстеніп, мәжіліс құрғаны анық. 19 ғасырда мұндай материал дайындап, үй сала білуі – көшкінші халықтың төңкеріске киіз туырлықпен келмегенін көрсетсе керек. Ұлы Жыланшық бойын мекендеген қазақтар сәулет өнері мен құрылыстан хабардар болған. Оған Зілқара бай мен Қарабайдың бейітіне барғанда көзіміз анық жете түсті. Еңселі, сәулетті, биік, небір түрлі өрнекпен қаланған қос мазардың қасында кірпіш дайындаған «дала зауытының» орны жатыр. Қолымнан келгенше ұқсатып, қағазға түсіріп алдым. Жерден қазылып, арасына жалын шығатын қуыс тастай отырып қаланған пештің ұзындығы түрліше келетін көрінеді. «Осындай орындарда бір мезетте 20 мың кірпішке дейін күйдірілген. Бала күнімде әкемнен талай естідім» дейді сапарласымыз Шөптібай аға.

Кейкі батыр туған Байтума қонысына келгенде түс мезгілі еді. «Кейкі – қазір елдің қызығушылығын арттырып отырған тұлға. Батырға барша халықтың назары ауды. Торғай жеріне туристер келіп жатыр. Кейкінің көз жұмған жерін білеміз. Ал ертең сырттан келген қонақтар атақты мерген қай жерде туды десе, не айтамыз? Біздің міндет – бүгін белгі қою. Іздеушілер осы арқылы таба алады. Ал келер буын кесене тұрғыза ма, кешен орната ма, өз еркі. Біз лайықты парызымызды атқарып отырмыз» дейді белгілі кәсіпкер Мейрам Айдаболов.

Экспедиция мүшелерін таңғалдырғаны, белгі қоюға таңдалған жердің тастай қаттылығы еді. Қаттылығы сондай, күрек батпай, жуандығы білектей бұрғының өзін үзіп жіберді. Қазықты мықтап орнату үшін көп тер төгуге тура келді. «Кейкінің тағдыры мен мінезінің қаттылығы, бәлкім, осы туған топырағына тартқан ба екен» деген ой тұрды санамызда.

Ал Байтумадан бірер қыр ғана қашық орналасқан Зәуре қопасының жері жұмсақ болып шықты. Бұл жерде 1919 жылы 21 қарашада Әбдіғапар хан Жанбосынұлы атылған. «Әбдіғапарды өлтірген адамдардың аты мұрағат құжаттарында бар» дейді кәсіби тарихшы Құрманғали Дәркенов. Ел теңселіп, серкесін іздеген уақытта «ұстаса етегі, жексе жетегі» бар деп сеніп, хан сайлаған Әбдіғапардың кейін кімнің қолынан, неге өлгенін бұл жерде екшеп жату артық болар, ең бастысы, қаны төгілген орынға белгі қағылды. Зәуре қопасына жолы түскен жанның бұл белгіні айналып өтпесі анық. Одан әрі Көкөлеңдегі Жанбосын мешітіне соқтық. Бұл жер Әбдіғапардың қыстауы, ал негізгі мекені Арқалыққа қарасты Сарыторғай ауылындағы Көртоғай. Қарадан шығып хан болған Әбдіғапардың сүйегі сол Көртоғайда бірнеше адаммен бірге жерленген.

Екі бірдей асылға белгі қойып, көңіл жайлағасын Үрпекке бет түзедік.

Үрпек – кезіндегі Иманов совхозы. Батырдың туған мекені. Ауыл мектебінде тұрғындарға ой салатын кездесу өтті. Иман батырдың ұрпақтары да кездесуге қатысты. Ақын Серік Жұмабаев Кейкіге арнаған жырын оқыды. Осы тұста экспедициямызға ерейментаулық ақын Сайлау Жылқыбаевтың да ілескенін айта кетелік. Ерлердің мекені шабытын қозғаған ақын жол үстінде жыр жазған екен. Үрпек ауылында алғаш рет оқылған өлеңді сіздерге ұсынуды жөн көрдім:

 Ерлердің елі – Өр Торғай

Өр Торғай елі, білуші ем сені сыртыңнан,

Айналдым асқақ, өр мінез, текті жұртыңнан.

Жыланшық өзен, жайымен ғана ағасың,

Бойыңда ғажап шежіре, тарих, сыр тұнған.

 

Жаныма бермей мазасыз ой мен жол тыным,

Жыланшық өзен, жағаңа келіп толқыдым.

Жатырсың енді өткендеріңді еске алып,

Оралып сонау думан мен дүбір мол күнің.

 

Осында келіп сан қилы тағдыр тоғысқан,

Жаңғырық қалды кешегі қанды соғыстан.

Үнімен желдің беймәлім, тылсым сыр ұқтым,

Дулығалы мен Рахмет дейтін қоныстан.

 

Қиялай біткен өзеннің биік жарлары,

Аққуы қонып, әуелей ұшқан қаздары.

Әнеу бір төбе басында мәңгі жай тапқан

Амангелдідей қазақтың батыр сардары.

 

Тұрлаусыз, мәнсіз өтіп жатса да кей күнім,

Қарынның ғана қамы емес, бірақ, жейтінім.

Жүрекпен сезіп, келемін, міне, ізімен

Қайран ер, аңғал, киік мінезді Кейкінің.

 

Ұрыс даласында ерлігін оның көрген ел,

Бітімі бөлек, жаралған ерек, мерген, Ер.

Ұлтының ары, намысы үшін жан қиып,

Қапыда қалып,  Кейкідей асыл өлген ер.

 

Осынау өлке, Байтұма, Үрпек барлығы,

Осы бір жерде халқымның нала, бар мұңы.

Селеудің аппақ басына мәңгі байланып

Тұрған жоқ па, әне, Әбдіғаппардың тағдыры.

 

Киелі мекен, Байғабыл, Тасты, Бірәлі,

Осылар еді дәуірдің бітпес жыр-әні.

Осында кеше жаужүрек ерлер күн кешкен,

Киігі өріп, көгінде ойнап қыраны.

 

Жат билемесін деп кең дала,  байтақ жеріңді,

Өзгелер келіп таптамасын деп төріңді.

Ақ берен мылтық, шашақты найза қолға алған

Қаншама батыр, ерлердің қаны төгілді.

 

Кім тоқтатпақшы намысқой ұлды, өр ұлды,

Қандасым менің, қарашы, барлап көгіңді.

Алыстан маған көк кезген Дала қыраны

Кейкінің рухы секілді болып көрінді.

Сайлау ЖЫЛҚЫБАЕВ, Торғай даласы, 13.09. 2016 ж.

Тылсым тұнған Торғай

14 қыркүйек күні таң құланиектенісімен Үрпектегі Амангелді батырға қойылған ескерткіштің жанынан тағы жолға шықтық. Бізді қызықтырған бір нысан – Ағаштыкөл. Үрпек ауылынан үш шақырым қашықта орналасқан мекенде Амангелді сарбаздары полковник Тургеновтің жазалаушы жасағымен қару қақтығыстырған. Сондай-ақ бұл орында «Ағаштыкөл үш сәулесі» бар. Тек қана ғарыштан көрінетін өрнек тәріздес нысанға мамандар «үш сәуле» деп ат беріпті. Қызығы, оған тиіп тұрған жер атауы да Сәуле екен. 500 метр биіктікке «ұша» алатын жабдықтарымыз нысанды төбесінен түсіріп алды.

Бұл бедерлердің құпиясы әлі ашылған жоқ. Әйтсе де, Торғай геоглифтері мыңдаған жыл бұрынғы өркениеттің сарқыты екені даусыз. Өкініштісі, әлем назарын аударған нысан еш қоршаусыз, қараусыз, мал аяғына тапталып жатыр… Ескеретін мәселе.

«Қалауын тапса, қар жанады», ғаламның қызығушылығы ауған жерге инфрақұрылымын реттеп, қолайлы жағдай жасалса, түбі туристер ағылатын мекен болмасына кім кепіл?

Тағы да жол. Үрпек пен Қабырғаның арасында Қосжан батыр ауылы жатыр. Ұлт-азаттықтың белгісіз қалып бара жатқан тұлғаларының бірі – Қосжан Маңыбайұлы. Бай тұқымынан шыққан ол ақтық демі қалғанша жаумен арпалысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жан. Ол туралы деректі өлкетанушылар жазған кітаптардан кездестіруге болады.

Қосжан ауылына аялдап, құран оқығаннан кейінгі сәрсенбідегі сапарымыз Кенесары ханның сарбазы болған батырларға арналды. Қабырға ауылында Сары Қошқар батыр мен Көкалаттағы Шәкір батырдың жатқан жерлеріне соғып, дұға бағыштадық. Есімі ескерусіз қалғанымен, батырлар жайлы деректер, аңыз әңгімелер ел аузында да, тарихи құжаттарда да жетерлік. Шәкір батыр туралы М.Сералиннің, Нысанбай жыраудың, Нұрхан ақынның шығармаларында баяндалады. «Ал оның ажалы жайлы айтулы тұлғалар қалдырған қолжазбаларды өз көзіммен көрдім» дейді Құрманғали Дәркенов.

Қабырғадан Көкалатқа барар жолда Байқадам мешітіне аялдадық. Қазіргі Жартоғай қонысына қоңсы жер атауы Байқадам деп аталады. Осы жерде көне мешіттің қабырғалары әлі тұр. Торғайлықтар үшін көрнекті қайраткер Байқадам Қаралдиннің есімі (1877-1930) етене таныс. Туған халқына танытқан жанашырлығы үшін патша үкіметі оны 1916 жылдың 8 желтоқсанында дарға асу жазасына кескен. Ресейдегі ақпан төңкерісінің арқасында бұл бұйрық орындалмай қалған. Ал ұрпақтары Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Бақытжан Байқадамов пен қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш стенографистердің бірі, белгілі қаламгер Данабике Байқадамованы барша халық біледі.

«Ежелден еркіндік пен ерліктің бесігі болған өр Торғай қай заманда да азаттық үшін арпалыста бұғып қалмаған. Оған Кенесары көтерілісіне қатысқан Иман, Қошқар, Жәуке, Шәкір батырлардың есімі дәлел. Шәкір батырдың тұлпарымен аталатын Көкалат ауылында мектеп оқушыларымен, жергілікті тұрғындармен кездесу өтті.

«Біз тарихта тек Кеңес үкіметі жазып берген адамдарды ғана оқыдық. Ал шындығында көтеріліс бүкіл қазақ халқының арман-мүддесі еді. Оған сол кездегі барлық әлеуметтік топтар үлес қосты. Оның ішінде сіздердің аталарыңыз да бар. Реті келсе туған өлкенің тарихын қағазға түсіріңіздер. Торғайдың әр төбесі тұнған шежіре. Мүмкін сіздердің араларыңыздан тарихшы ғалымдар шығар» деп ой тастады оқушыларға өлкетанушы Құлсейіт Туғанбай. Шынында да, Көкалат аймағында ашылмай жатқан көмбелер жеткілікті. Мысалы, осы елде Нәрікбай атты азамат 1916 жылы Кейкімен бірге мергендер жасағын басқарған. Аштық жылдары қасқыр жүрегін жеп аман қалған сарбаздың бір немересі Көкалатта тұрып жатыр. Ұрпақтары жазып берген Нәрікбай ақсақалдың өмірбаяны біздің қолымызда.

Ал Шәкір тамы қорымындағы собық тастардың сыры да әлі күнге ашылған жоқ. Сырт пошымы ұзынша келген, ішкі бетінде жіптей қылып жазылған иректердің қандай жазу екенін, қашан, кімге қойылғанын ешкім тап басып айта алмайды. Қорымдағы мұндай көктастардың саны бесеу. «Реті келсе, оны оқитын маман тауып, заманауи тақтаға қазіргі әріппен көшіріп, түпнұсқаны музейге тапсырған дұрыс» дейді экспедиция жетекшілері. Өйткені, оқитын адам болмағандықтан көктас ешқандай қызмет атқарып тұрған жоқ. Басына барған адам дұға бағыштағысы келсе де, кім екенін білмейді. Көпшілік көретін орында тұрса, ғалымдардың назарын аударып, ғылыми қолданысқа енер еді. Сол арқылы марқұмның есімі танылар еді. Бәлкім, ол ерте замандағы тарихи тұлғалардың бірі шығар… Ойласатын жайт.

«Тірілген» тарих

%d1%82%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0

15 қыркүйек күні Тәуіш ауылына келіп жеттік. Жаркөлдің жағасын мекендеген ағайындар құрақ ұшып қарсы алды. Табан тіреген нүктеміз – даңқты Татыр көлі.

«Татыр тосқауылы» деп таспаға басылған майданда Кәрбоз Қабақұлы бастаған 1500-ға тарта қол 1916 жылдың 21 қазанында Ткаченконың жасағымен шайқасқанын тарихтан білеміз. Бұл соғыста жазалаушылар жарты күнге созылған қиян-кескі ұрыстан соң сарбаздардан сескеніп, түн жамылып Торғайға жылыстап кеткені белгілі. Көтерілісшілер 5 винтовка, бірнеше қылыш, екі жүк арбасын олжаға түсіреді. 3 солдат майдан даласында, тағы екеуі Торғай ауруханасында көз жұмады. Отыздан астам сарбаз шахид болған мекенге соқпай өту мүмкін емес еді!

«Татыр – ұлт намысын ту еткен батыр бабаларымыздың қару-жарағы мықты, бақайшағына дейін жасанған жаумен алғаш рет бетпе-бет келген, қаны  төгілген жері. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Өткен тарихты жаңғырту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие дарыту  «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясының басты мақсаты» деді Құрманғали Дәркенов Тәуіш халқымен өткен кездесуде. Танымал тарихшының жастық шағы осы ауылда өткенін айта кеткеннің артығы жоқ.

%d1%82%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80-2

Татыр шайқасына қойылған стелло қасында аз ғана танысу рәсімінен кейін тәуіштіктер дайындаған көріністі тамашаладық. Ауыл кітапханашысы  ұйымдастырып, еңбектеген баласынан 82-дегі қариясына дейін қатысқан  бұл көрініс шынымен әсерлі шықты.

Ерлік рухы ескен Татырдың жағасында ғасыр бұрын өткен оқиға көз алдымыздан кинодағыдай тізбектеліп өтіп жатты… Мамыражай қазақ ауылы, кенеттен күн тұтылғандай суық хабар, қайтерін білмей үдерген елдің көкейіне үміт отын жағып, тілегін қаймықпай айтқан Үдербайдың ұлы… «Азаттық! Патшаға бағынбаймыз! Әскерге адам бермейміз!» деп ұрандап, жоғала жаздаған өр рухын қайта тауып, атқа қонған Қазақ! Бәрі шынайы… Көріністі ұйымдастырушылар мен қатысушылар қандай марапат, алғысқа да лайықты!

Сол күні кеште Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы музейде жергілікті тұрғындармен дидарласудың сәті түсті. Ғасыр бұрынғы оқиғалар тізбегін еске алған тарихи өлкенің тұрғындары тың деректерімен бөлісті. Соның бірі – Оспан Шолақұлы (1857-1936 жылдары өмір сүрген) жайлы. Көтеріліс жылдары Торғайдағы алты болыс арғынның ханы сайланған тұлға бірде Әліби Жангелдинді індетіп қуып келген патша әскерінен жасырып, жанын шүберекке түйе жүріп, тәуекелмен аман алып қалған екен. Мұның өзі көтеріліс көсемдері руға, жерге бөлінбей, қазақ мүддесін биік қойғандығын көрсетеді. Алайда, Оспан хан Кеңес үкіметінен опа көрмей, 1936 жылы бай ретінде тұтқындалып, түрмеде атылған. Оның қайғылы қазасын кейін естіген Әліби Жангелдин өкініш білдірген екен. Осылай дейді Торғай тұрғындары.

Жиында Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекееваға экспедицияның картасы басылған тақта табысталды.

%d1%82%d0%be%d1%80%d0%b3%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d1%8b%d0%ba-%d0%b0%d0%ba%d1%81%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d0%b5%d0%b7%d0%b4%d0%b5%d1%81%d1%83

Шежірелі шаһар

16 қыркүйекте әдеттегідей ертемен жолға шықтық. Барар жеріміз – Дәуітбай сайы. Бұл «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясының жоспарына енген нысандардың ең шеткі нүктесі.

Дәуітбай – әйгілі Шақшақ Жәнібектің тархан атағын мұрагерлік жолмен иеленген үлкен ұлы. Өсіп-өніп, ру дәрежесіне жеткен, ұрпақтары арасынан ел билеген көсем, шешендер мен ғалым, қайраткерлер көптеп шыққан, есімі ұранға айналған тұлға. Жангелдин ауданына қарасты Шеген ауылының батыс жағындағы сай осы Дәуітбайдың атымен аталады. Шегеннен Ақшығанаққа бұрылар көтерме жолдың бойында, қыр басында Шақшақ Жәнібекке арналған биік белгі орнатылған. Алты Алаштың айбар-киесі, мәмілегер, би, шешен, заманында «өзіне тірі жанды тең көрмеген» (Мағжан) хас батыр Жәнібек Тарханның табанының табы қалған жерде қазақтың басына бұғалық түспеген, ойда орыспен, қырда қытаймен тең дәрежеде қарым-қатынас жасаған арда заманындағы рухы атойлап тұрғандай. Тархан тұғырының биігінен көне де жаңа Торғай шаһары көлбеңдейді! Ұлы баба рухына тағзым жасап, сәл аялдап, қайтадан Торғай қаласына бет алдық.

Кезіндегі дуан орталығы Торғайды «қала» деп әспеттесек, ол бекер мақтан емес. 1845 жылы іргетасы қаланған бекініс 1868 жылы ресми түрде «қала» атанды. Сол мәртебе әлі күнге алынған жоқ. «Ішіне оқиғаны сықап тиеп, тарихтың қойып кеткен арбасындай» деп Ғафу ақын жырлағандай, шынында да шағын шаһардың бай шежіресі кім-кімді де қызықтырғандай. Бір Торғайда бес музей қызмет істеп тұр. Ең ғажабы, олардың әрқайсысының өзіндік орны бар, бірін бірі қайталамайды.

Қазақ даласында жағылған алғашқы білім шырағы, 1864 жылы 8 қаңтарда Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің өзі неге тұрады?! Мектептің іргетасының орнына қаланған ғимарат қазір Ұлы ағартушы атындағы музей. Ондағы Ыбырай жазған тұңғыш әліппе, ұстаз ұстаған қоңырау сынды құнды мұраны көзбен көру де бір бақыт емес пе?!

Ахаң мен Жахаң атындағы әдеби музейдің әсері тіпті шексіз. Бұл нысан өзінің түпнұсқа жәдігерлерінің көптігімен ерекшеленеді. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының алақаны тиген әр бұйым – баға жеткісіз қазынамен тең. Сондай-ақ осы музейде өлкенің әдебиет, мәдениетінде өшпес ізі қалған тұлғалар жайлы мол мағлұмат алуға болады!

Торғайдағы Шақшақ Жәнібек, Әліби Жангелдин, Нұрхан Ахметбеков музейлеріндегі әсерді тілмен айтып жеткізу мүмкін де емес шығар. Ең дұрысы, оны арнайы барып, аралап көру. Экспедиция мүшелері тарихи Торғайдан рухани әсер құшағында аттандық. Алда бізді той көрігін қыздырған Амангелді кентінің тұрғындары асыға күтулі еді.

Амангелдіге барар жолда әйгілі Құмкешуге аялдап, естелік суреттерге түстік. Құмкешу – ежелгі мәдениет жұрнағы археологиялық жәдігерлер көптеп табылған мекен әрі «Құмкешу қырғыны» деп тарихқа енген жазалаушы әскер мен Торғай көтерілісшілерінің қақтығысы өткен өлке екені баршаға мәлім. Құмкешудің жал-жал болып көшіп жататын құмы бейне араб сахарасын еске салады! Табиғаттың ғажабы демеске лаж жоқ!

Арайлы Амангелді

%d1%83%d1%80%d0%bf%d0%b5%d0%ba

«Torgay expedition», «Өр Торғай – ерлік мекені» деп жазылған байрақтарды желбіреткен экспедиция – бұрынғы Батпаққара, бүгінгі батыр атындағы ауданға келіп кіргенде, мереке басталып, айтыс аламаны қызып жатқан шақ еді. Қазақ ежелден сөз өнерін құрметтеген халық қой, азаттық тойының шымылдығын ақындар ашқаны жарасымды-ақ!

Көрікті кентті көктей өткен көліктер «Шұғыла» жастар орталығының алдындағы батыр ескерткішіне бас тіреп, дұға бағыштады. Бұл орында Ұлы Даланың қайсар рухты қыраны, Ұлт-азаттық көтерілісінің сардары Амангелді Иманов жатыр!

Саясаттың бояуын сылып, тура көзбен қараған адамға Амангелді –азаттық символы. Кеңес дейтін құрылым атымен болмаған, большевиктік идеяның исі де жоқ заманда ақ патшаның шектен шыққан қорлығына шыдап отыра беруге болмайтынын сезініп, «Маусым жарлығының» сылтауымен барша ұлттың мүддесінен туындаған ұшқынды жалынға айналдыра білген Алаш намысының алдаспаны! Кеңестік тарих жазғандай, Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліспен аяқталған жоқ. Бәлкім, қару күші тең емес ұрыста шегінген шығар, бірақ, алдыға қойған мақсатынан бас тартпады. Ақыры ақ патша құлады, ал Амангелді, Әбдіғапарлар өздері туып-өскен мекенге ие болып қалды. «Әскерге адам бермейміз» деген сертінде тұрды.

1916-1917 жылдардағы төңкеріс жарты әлемді шарпыды, Ресей, Орта Азия, Қазақстанның түпкір-түпкірінде халық бас көтерді. Алайда, соның ішінде Торғай ұлт-азаттық көтерілісінің орны бөлек. Торғай толқуы көлемі жағынан зор аумақты қамтыды, мықты ұйымдастырушысы болды әрі уақыты жағынан ұзаққа созылды! 8 ай бойы сарбаздар анталаған жауға бел бермеді, алған бетінен қайтпады.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске Торғай даласында елу мың қол жиналған дейді кей дерек. Соның іріктелген 15 мыңы майданға қатысқан! Қазақ Елдік пен Ерлік жолында біріге алатынын осылай көрсеткен. Зіркілдеген зеңбірекке жалаң қылышымен қарсы шапқан аталарымыздың сондағы аңсағаны азаттық, қорғағаны Атамекені емес пе?!

%d1%82%d1%83-%d1%82%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bb5%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d3%99%d1%82

Ұлы бабалардың тұлпарлары дүбірлеткен Ұлы даланың рухы дарыған, Кейкінің туған жері мен Әбдіғапардың қаны төгілген қастерлі мекенде, қасиетті Ұлытау, Дулығалы мешітінде, Татыр мен Торғайда желбіреген «Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясының ақ байрағын жақында ғана жөндеуден өткен Амангелді музейіне табыстап, біз де сапарды аяқтадық.

Алла жазса, «torgay expedition» тобы тарихи өлкенің шежіресін хатқа түсіруге арнаған сапарын жалғастыра бермек!

Абылай МАУДАНОВ,

«Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясының мүшесі

 

Мынаны да қараңыз

ТАРИХҚА ҚИЯНАТ ЖАСАУҒА БОЛМАЙДЫ

1916 ЖЫЛҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ БАС САРДАРЫ, ҰЛТ БАТЫРЫ АМАНГЕЛДІ ИМАНОВТЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА. ҚОРҒАН ӘМІРХАМЗИН ТАРИХҚА ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *