«Демократия дерті»

Арғы атамыз Ебелек батыр батырлығымен қоса аңқаулау кісі болыпты. Марқұмның сөзге ергіштігі жанда жоқ екен. «Аттан» десе арқасы қозып, айқұлақтанып шыға келетін ақкөз батыр — ажалды да албырт мінезінен тауыпты. Жаздың қоңыр кешінде жайлауға жыршылар келіп, «Қобыланды батырды» тыңдап отырмай ма, жыр айтушы Қобыландының «қырық үш күндік» кемшілігіне қарамай тайбурылды мініп, Қараманды қуатын жеріне келгенде, жарықтық аруағы қозып, орнынан «Аттан!» деп атып тұрыпты. Атып тұрған қалпында (жасының жетпістен асқанына қарамай) желі маңында үйездеп тұрған жылқының ішінен бір бурылдау тайға қарғып мініп, құбылаға қарай шаба жөнелсе керек. Онымен қоймай, «сеңгір таудан секіртемін» деп алдында кездескен тік жарға турасынан қойып кетіп, ат-матымен қоса «ана дүниеден» бір-ақ шығыпты.

«Текте бар нәрсе теппей тұрмайды» деген ып-ырас қой, бабамыздың осы мінезі атамызға дарыпты. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген ұранды естіп, жалғыз ұлына сауын қылып отырған соңғы сиырын «мойынсерікке» өткізгенін ауылдың шалдары аңыз қылып айтатын. Ұлы Отан соғысында, қанды бір майданда «Сталин үшін!» деп ұшып тұрып, фашистің шебін шолақ мылтықпен бұзып кіргені жайлы жазған жергілікті ақынның ұзақ дастаны да бар.
«Қасқа айғырдан құрығанда төбел құлын туады» деген, мұндай аңғал мінезден әкем де құр емес. Өткен жолы ауылға келе жатып бір бума газет сатып ала салдым. Газет оқитын ғұламалық менің қанымда жоқ қасиет, әйтсе де, әкем бір мезгіл баспасөзге көз жүгіртпесе ішкен асы бойына тарамайтын. Газет сатушының «нағыз қаны сорғалаған шындықты жазатын, шенеунік біткеннің ішек-қарнын ақтаратын басылым» деген соң бір бумасын бір-ақ алдым. Қайдан білейін, соңынан «сойқан» болатынын.
Шал-кемпірдің амандығын біліп, сәлем-сауқат, базарлығымды үлестіріп, қайтадан қалаға кеттім. Әкем, әсіресе, мен әкелген пәшкі-пәшкі «поштаға» айрықша разы болды.
Арада апта өтпей шешемнің «әкең жынданып кетті, тез жет» деген суыт хабарын естіп, сол сәтімде ауылға қарай құстай ұштым. «Құс келіп, құс кететін» мезгіл емес, не болды екен деп ішімнен алаңдай бердім. Сексенге аяқ басты демесең, шалым тың еді. Санасы да сергек, шаруаға мығым болатын. Аяқ астынан қандай албасты басты екен?..
Есікті аша бергенімде ас үй жақтан екілене шыққан әкемнің ашулы даусын естіп, жүрегім солқ етті.
«Осы уақытқа дейін бар байлығымызды сорып, қамсыздығымызды пайдаланып, қанап, қандаладай қанымызды сорып келгені аздай, енді қару қолданып, қыра бастады ма?! Шейіт болған жастардан менің жаным ардақты емес, ал, Отан үшін кеудесін оққа тосқан ардагердің ұлы, соғыс жылдары масақ теріп, колхоздың тесік өкпе өгізі боп еңбек еткен, қырық жыл сапқозда қой баққан менен оның жаны қымбатты емес, білдің бе?! О дүниенің барын ұмытқан екенсің, көзіңе шел бітіп. «Елу млнға жеткіземіз» деп елеуреген қойдан тігерге тұяқ та қалмады. Тоз-тоз болған далаң анау, Батыстың қоқыс тастайтын туалеті болған қалаң анау, сол қалада алпауыттардың құлы болған балаң анау!!! Немене, менің балаларым қайыр сұрауға шақ жүргенде, шетелде, хан сарайында, алтыны азған айдаһардай ерігіп жататын оның балалары кімнің шікәрасы, — деп әлдекімді жерден алып, жерге салып жатыр. «Сорлы-ау, қойсаңшы енді» деген шешемнің шарасыз даусын тыңдайтын түрі жоқ, қайта: «Сайтанымды ұстатпа менің. Үйін билей алмаған елді билеп жарыта ала ма, «қарамасаң қатын кетеді» деген, «баланы жастан…», ісім сендермен болсын», — деп үні тіптен үдеп бара жатқасын шыдай алмадым. Қанша қорықсам да тәуекел етіп асүйге кірдім.
Әкемнің жынданғаны рас екен…
Қуықтай ғана «кухняның» тап ортасында, үстелге шығып алыпты. Басында кепкісі (есі дұрыс адам үй ішінде кепкі кие ме), сақалы шошаң-шошаң етеді. Қолында өзім әкеп берген газеттердің бірін бүктеп алған. Қазан-ошақтың қасындағы шүйкедей ғана шешемді бір уыс қылып, «митингі» өткізіп жатыр. Басқа бала-шаға безіп кеткен шамасы… «Мас» дейін десең, әкемнің арақ деген пәлеге қаны қас. Мысықтабандап кірген мені шал аңғарған жоқ.
«Отбасы — шағын мемлекет… Бүгіннен бастап бәрің тек қазақша сөйлейсіңдер, балаң бар, келінің бар, немерең бар, никакой орысша. Хуатить, осы шыдағаным. Енді ешкімнін қас-қабағына қарай алмаймын.
Ей, Құдай мен Қытайдың арасына делдал болған байғұстарды көрсетші көзіме, — деп шешеме төне бергенде, «сабап тастай ма» деп арашаға ұмтылдым.
— Сабыр, әке, сабыр. Тыныштық сақтап, сәл төзім етіңізші енді, — деп білегіне жармасқан мені көрген әкемнің «жыны» одан сайын қозып кетсін: — Ей, мен немене деп сабыр сақтаймын. Ұлтымды ұлтарақ еткен бүйткен тыныштығыңның енесін ұрайын. Төрімнен көрім жуық қалғанда көрем дегенім осы ма?! Өй, онбағандар, тілім анау босағада бейшара болған. Дінім мынау — қырық пышақ, дүдамал. Дәстүр-салтың — ол да оңып тұрған жоқ. Перғауынның мазарын салатындай пері дуалап кетті ме бастарыңды?.. Осының бәрін сезіп-біліп жүріп, осы уақытқа дейін айтпаған сен сорлысың, — деп «сойыл-газетті» маған қарай сілтегенде, қанша жерден «батырдың ұрпағы» болсам да, жан тәтті ғой, есіктен атып шықтым. Менен қалмай шешем, шешемнің соңын ала асүйдегі ыдыс-аяқтар атқып-атқып шыға бастады.
Бас амандық керек – көшеге қаштық. Соңымыздан әкемнің «Білім мен денсаулықты бизнес қылған бездім бұл қоғамнан» деген даусы дүңкілдеп біразға дейін естіліп жатты. Әкем қоғамнан безді екен деп, шешем шалынан, мен әкемнен безе алмаймыз ғой. Етпісірім көшеде сенделіп жүріп, ақыры ауданнан «жәдел жәрдем» шақырттық. Қазбалап сұраған дәрігер-диспечерге «әкемнің диогнозы – ес ауысқан» деген өз болжамымды айттым. Медбике бір мыңболғыр екен, қасына психологты ертіп әкеліпті.
Біз кірсек, шал шалжиып ұйықтап жатыр екен. Дәрігерім білдіртпей «демидрол» салып тастап, қызуын өлшеді — қалыпты. Қан қысымын тексерді — бәрі дұрыс. Денсаулығынан ақау таба алмай аң-таң болған олар шешемді сұрақтың астына алды. Шешем байғұс қалбалақтап бар білгенін айтып жатыр. «Бұрын мұндайы жоқ еді, өткен жолы мынау ұлым мына газеттерді әкеп беріп еді, соны оқығалы бері осындай елерме күйге түсті», — деп мен әкелген газеттері дудыратып ортаға тастай салды. Оларды шетінен асықпай қарап шыққан психолог: «Түсінікті, — деді. — Диагнозы — «демократия дерті». Ақсақал білуге болмайтын ақпараттарды шектен тыс қабылдап қойған. Ол жүйке жүйесіне әсер етіп, сіздер куә болған оқиға орын алған. Осы бастан ем қабылдамаса, асүйді қойып, көшеге шығып кетуі мүмкін. Байқамаса бұл ауру өте жұқпалы…
— Тек, — деп шошып кетті шешем, — енді қайттім?
— Жылдам мына жердің ауасын тазартып, аурасын өзгерту қажет. Кәне, «фортечканы» ашыңыз. Және мына газеттердің көзін құртып, орнына облыстық газеттерді, өнер жұлдыздары жайлы журналдарды қойыңдар. Тек мемлекеттік телеарналар ғана қосылып тұрсын. Сосын «нөмірі бірінші партияның» адамдарымен ғана пікірлессін. Қашан өз-өзіне келгенше тұрмыстық мәселемен миын ашытпаңдар. Сондай-ақ жылдам сауықсын десеңдер, өз ақшаларыңнан қоссаңдар да зейнетақысын молырақ беріңдер, — деген кеңесін айтып дәрігерлер тайып тұрды.
Дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындадық. Шал келесі аптада «тәубә, әйтеуір бас аман, заман тыныш. Амандыққа не жетсін» деп насыбайын шырт түкіріп отыратын болды.
Есесіне, көрші үйдің кемпірі (өткендегі газеттерді өртеуге қимай көршіге бере салып едім) есіріктенетін «ауруға» ұшырапты. Оның да сөзі біздің шалдың сөзінен аумайтын көрінеді. Байғұс, оған да «демократия дерті» жұқты ма екен…
Масқара-ай!..

Абылай МАУДАНОВ

Мынаны да қараңыз

Сейіт Кенжеахметұлының қалжыңдары

Дүниеге кедей болсаң Әкем Сейіт дүние-мүлік жинамайтын, кітап жинаған адам болатын. Біздің үйге келген бір ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *