«Тәтем-ай» немесе қайран әкем!

Әкем Қорған Әмірхамзаұлының рухына бағыштаймын!

Қазақстанның әр жерінде әкені «тәте» дейді екен. Мысалы, Жамбыл Жабаевты балалары «тәте» дегенін оқығаным бар. Бәлкім, бұл бұрынғы заманнан қалған атау ма екен? Олай дейтінім, украин халқында да әкесін «тато» деп айтады. Әкемізді «тәте» дейтінбіз, әрине, оқырмандарға түсінікті болу үшін әке деп алып отырмын, әйтпесе «әке» деп айту біртүрлі екен, негізі мен үшін үш-ақ «тәте» бар, біріншісі – әкем Қорған, екіншісі — Гүлжан тәтем, үшіншісі – Қалжан тәтем. Соңғы екеуі Сейдағали көкемнің қыздары. Бірақ бүгінгі әңгіме әкем – Қорған туралы болмақ.
Менің әкем – Қорған Әмірхамзаұлы 1927 жылғы 5 қазанда қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы (бұрынғы Торғай уезі Қарақоға болысының төртінші ауылы) Албарбөгет селолық округінің («Еңбек» кеңшары) «Жуалы түбек» атты жерінде туған. Есімі белгілі диқаншы, арғы бабамыз Қыпшақ Сейітқұл Маманұлы («Қыпшақ Сейітқұл» туралы Ыбырай Алтынсариннің әңгімесі де бар) кезінде салған Қорған қамалы ескерткішіндей болсын деді ме екен, әлде құдайдан бір, адамнан екі рет сұрап алған жалғыз ұлын Әмірхамза атам халқына қорған болсын деді ме екен, Қорған деп қойыпты.
5 жасында әкесі ашаршылықтың салдарынан «цинга» (С дәруменінің жетіпеушілігі) атты ауруға ұшырап, ақыры соның кесірінен қайтыс болады. Қорған әкемнің айтуы бойынша, Әмірхамза атамыз: «шіркін, Жуалы түбектің жуасына бір жетсем, ауруымнан тез жазылып кетер едім», — деп отырады екен. Қорған әкем 18 жасында шешесі Шынардан айырылып, жетім қалады.
Әкеміз бүкіл Қазақстанда орын алған ашаршылық салдарынан көптеген туысқанынан айырылады, бір атаның өзінен ғана 35-40 туысқанын жоғалтады, сол ашаршылық заманында туғандарынан бірнеше еркек кіндік қана тірі қалған екен.
Зағила атты жалғыз апасы болды. Ол сот саласында ұзақ уақыт қызмет еткен, ел халқына «Байпақсот» атымен белгілі Ғапбас Саламатовқа тұрмысқа шыққан.
Әкем нағашысы Батырғалидың қарауында болып, Қорған Әмірхамзаұлы, Сабыр Батырғалиұлы және Ипан Молдағалиұлы бірге өседі, әкем нағашысы жиенін қатты жақсы көргенін, тіпті өз балаларынан артық қарайтынын жыр қылып айтып отыратын еді. Қара нанды қаққа бөліп, үстіне шамалы май жаққанда, әркімге бөлінген үлес бәріне бірдей болады екен.
Кейінірек туған әкесіндей болған немере әкесі Смағұлұлы Сейдағалидан Қорғанды өз баласынан артық көрмесе кем көрген жоқ. Есейіп, басқа ауылға жұмысқа ауысатын болған Қорған әкеме Смағұл атам туған баласы Сейдағалидың соғыс уақытында әскерден киіп келген жалғыз тонын «Қорған тоңбасын» деп үстінен шешіп алып берген екен. Не деген бауырмалдық десеңізші, әке тілін тыңдайтын бала қандай, бұйрығын бұлжытпай орындататын әке қандай?
Сонымен, 1932 жылғы аштықты бастан өткеріп, 1937-1938 жылдарғы нәубеттің куәсі болады. 1941 жылы Албарбөгет орта мектебінің 7 сыныбын тәмамдап, кейін Торғай қазақ орта мектебін сырттай оқып (экстернмен), табысты бітірген. Ұлы Отан соғысы кезінде тылда жұмыс істеп, колхозда қара жұмысшы болып, күн-түн демей еңбек етті. Кейінірек Торғай қаласы мен ауыл арасында пошта тасушы болды. Өзінің айтуынша майдан даласынан жақсы хабар келсе, қуанышы қойныма сыймайды, ал «қара қағазды» жалғыз баласынан айырылған аңаға жеткізу жасөспірімге оңай болмаса керек…
Ол замандағы ауыл баласының ерте есеюін, тағдырдың ауыр тауқыметін қатар өскен Байдос, Белгібай, Ғазиз Әмірханов сияқты әкелеріміз, Кәкімжан, Есқали атты ағаларымыз жақсы біледі.
Осындай қиыншылықтарды бастан өткізіп, 1948-1949 жылдары Қостанай облысындағы белгілі Меңдіқара педагогикалық училищесінде оқыған. Бұл оқу ордасының білімі Қазақстанның солтүстік өңірлерінде, әсіресе, біздің «ішкі жақ» деп аталатын Қостанай өңірінде қатты бағаланатын еді, ол оқу орнында оқығандарға кезінде қазақ зиялылары сабақ берген, білім дәрежесі жөнінен институт білімінен әсте кем түспейтін. Мұнда белгілі тұлға, досы Сейітбек Нұрхановпен бірге оқып, кейін елге оралды.
Қорған әкеміз 1958 жылға дейін Қаратүбек орта мектебінде кітапханашы болып жұмыс істейді. 1958 жылдардан бастап, «Қызбел», «Еңбек», «Ақкөл», «Южный» кеңшарлары аумағында сатушы, қойма меңгеушісі және сауда меңгерушісі болып жұмыс атқарған. Кейін «Еңбек» совхозы машина-трактор шеберханасының есепшісі (нормировщик), директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 1987 жылы зейнеткерлікке шыққан болатын. Ұзақ уақыт «Еңбек» кеңшары жолдастық сотының төрағасы болды.
Әкем өз бетімен көп ізденетін еді.
Кеңес дәуірінің өзінде ел аузынан ертеде өткен билердің шешендік сөздерін жазып алып отыратын. 1960 жылдардан бастап мерзімді баспасөздерде кең тақырыптарды қамтыған мақалалары жарық көріп тұрды.
«Халық жауы» деген жаланың құрбаны болған, еліне еңбегі сіңген қадірлі жерлестеріміз А.Нұрманов, О.Дауылбаев, Б.Өмірбековтің архивтердегі сақталған істерін қарап, кейін оларды ақтап алған. Қазақтан өзге көптеген түркі халықтарының негізін құраған Дешті қыпшақ тарихын ұзақ уақыт зерттеп, 2007 жылы «Қара Қыпшақ Қобыланды ұрпақтары» деген кітабы жарық көрді.
Аталған кітабында Досбол датқа, Нияз би, Балғожа би, Шәкір батыр, Ыбырай Алтынсарин, Қажымұқан Мұңайтпасов, Әбдіғапар хан, Амангелді батыр, Кейкі батыр, Иман батыр, Иманжүсіп сияқты көптеген батыр-билеріміз бен ақын-жырауларымыз сияқты тарихи тұлғаларымыз туралы құнды да сирек материалдар бар.
2013 жылы Кеңес Үкіметінің алғашқы кезеңінен бастап, Торғайдағы өзі куә болып, басынан өткерген ашаршылықты, Сталиндік зұлматты, соғыс уақытындағы тылдағы ауыртпалықты, кеңшарлар құрылғанға дейінгі колхоздардың ауыр тіршілігін арқау ете отырып, жастарға тәлім-тәрбие болсын деген ниетпен «Тарих, тағдыр, тағылым» деген екінші кітабын жазып шығарды.
Астанаға келіп, зиялы қауым ортасына түсіп, Ақселеу Сейдімбек, Сейіт Кенжеахметов, Кеңес Әубәкіров, Серік Тұрғынбеков, Кәрім Мусин, Кәрімжан Бекболатов, Жүрсін Ерман, Тоқтар Қадамбаев сияқты ағаларымызбен аралас-құралас, достық қарым-қатынаста болды.
Жалпы, бір сөзбен айтсақ, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан болатын.
Әлі есімде, мектеп қабырғасында оқып жүргенде сурет пәнінен тапсырма беріліп, сонда әкемнен ақыл сұрағанда, салған суреттерін көріп таңғалып едім, суреттері сондай көркем әрі белгілі бір пропорцияларға сай салынған еді. Сол суреттер қазіргі күнге дейін әлі көз алдымда тұр.

Тағы бір ғана мысал келтіре кетейін, тетелес інілері Төлен Әбдік пен Қойшығара Салғара ағаларымыз «егер Қорған Алматыға келіп, зиялы ортаға түссе, нағыз заңғар жазушы болар еді» дегендері бар еді, шынында да жазушылыққа да бір кісідей бейімі де қарымы бар болатын, бірақ атадан жалғаз болған соң ұрпақ жалғастыруды мақсат етіп қойды ма, балаларына көп уақытын бөлетін, балаларын қатты жақсы көретін, қанаттыға қақтырмайтын, тұмсықтыға шоқтырмайтын. Бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасады.
Дәл осы ретте мына бір оқиға тағы да есіме түсіп отыр.
1990 жылы ауылдағы Албарбөгет орта мектебін аяқтаған мен албырт жастықпен Мәскеудің М.Ломоносов атындағы университетіне түсуге бел байлаған кезімде, әкем «заман өзгеруде, әсілі Қазақстандағы екі университеттің бірін таңдағаның дұрыс болар еді» дегені бар. Сөйтіп, Алматыдағы КазГУ-ды алысырақ көріп, Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университетке жол тартып, сәтін салып оқуға түсіп кеткен жайым бар. Бұл 90-жылдардағы қиын уақыттардың бірі еді.
Ол кездері қолында кенжесі Жәнібегі қалып, қалғандары оқу, жұмыспен сырта жүрген еді. Сонда бір жақын ағайынымыз: «Қорған-ау, балалардың бәрін оқытып қайтесің, бір-екеуін қалдырып, ауылдағы қара жұмысқа, шаруашылыққа салмайсың ба?» — дегені бар еді, сонда әкем «қай бала болса да оқысын, маған ештеңені бөліп бергені қажет емес, ертеңгі күні жоғары білім алып, өз күнін өзі көргені де жетеді» деп айтқаны әлі есімде. Егер әкем: «Оқуды қайтесің, ауылда қалып қой бақ», — десе, әке сөзінен асып қайда барар едім?! Cол үшін де әкеме ризамын!
Бір ғана танысқан кісімен бірден сөз тауып, бұрыннан білетін адам сияқты сөзі жарасып отыратын, әр нәрсеге мән беріп, жадына тоқығаны көп еді.
Дегенмен, біреуге жағымпаздануды, өтірік айтуды жақсы көрмейтін, көбіне шындық үшін, әділдік үшін бәзбіреулермен сөзге де келіп қалатын, ондай жандарға есесін де жібермейді, бірақ адам баласына зияны тигені не зәбір көрсеткені тағы жоқ еді.
Қалаға барса, жолға қажет заттарын салып алып, нағыз ақсүйектер сияқты жүретін, өзі бір кірпияз да жан еді.
Үйден кісі де үзілмейтін, ол, әрине, анамның еңбегі шығар, бірақ үйінде құс сүтінен басқасының бәрі болған соң ағайын-туыс пен көрші-көлем де көп келетін. Дастарханымыз әрқашан молшылыққа жайылып, берекелі болатын.
Бәлкім, уақытына сай туса қазақтың нағыз кәсіпкері шығар ма еді?! Бірақ қолындағысын кісіден аямайтын, тағы сол 90-жылдары қиын-қыстау заманда ел кебек тартып, нан жеп отырған уақытта екі қап ұны болса, бірін жамағайын туысқанымызға бергізгеніне өзге де, өзім де куә!
Тағы бір қыры — көзге «ақ» түссе, үшкіріп беретін, талай жанның алғысына бөленіп, науқастардың көздері жазылып та кеткен еді. Бұл сонау бір ықылым заманнан бері келе жатқан қазақтың тәуіптік ырымының бір түрі, оған ешқандай емшілік, бақсылықтың керегі жоқ.
Кейбір шалдар сияқты анадан-мынадан ұрлап жазбай, әр нәрсені талдап, анық-қанығын біліп, бірнеше дерек көздерін салыстырып жазатын еді.
Әсілі, айта берсе әлі де талай қасиеттерін ашып-таратып жазуға болар еді, ал менің мақсатым оны тек таныстыру болғандықтан, осымен сөзімді аяқтасам деймін!
«Жақсы әке жаман балаға 40 жыл азық» дейді ғой баба қазақ, әрине, осындай кісіден туған мен де жаман болуым мүмкін емес, бірақ оның бізге берген білімі, тәлімі, өнегесі мен тәрбиесі талай қиыншылықтардан алып шығатыны аян, «ата көрген оқ жонар» демекші, оның жазушылығы мен қара қылды қақ жарған әділдігі маған бұйырғандай көрініп тұрады. Қалғанын уақыт көрсетеді.
Әкеміздің елге сыйлы азамат екенінің бір белгісіндей кешегі күні Астанадағы жаназасына 700-800 адам келіп, ине шаншар жер болмады, «Әзірет Сұлтан» мешітінің мейрамханасында берілген асына тағы 700-800 шамасындағы туыс-туғандары, құда-жекжаттары, жерлестері келді. Қонысбай нағышымыз айтпақшы «Қазақтың басы жиналатыны қуанышты той мен торқалы өлім» ғой, расында жиналған қауым әкемізді білетін, сыйлайтын болғандықтан келді деп ойлаймын.
Әкемнің өз аманаты бойынша туған жері – Торғайдың Көкалат ауылына, Шәкіртам қорымына апарып арулап жерлеп, әке алдындағы парызымызды атқарып қайттық. Сол жерде де алды Астана, Қостанай мен Арқалық, Амангелді мен Торғай қалалары мен қалған басқа да елді мекендерден 350-400 қаралы жан жиналды. Бұл да болса әкеміздің абыройы деп білемін.
Қайран әкем-ау! Жатқан жерің жайлы болсын, топырағың торқа болсын!
Тоқсанға келсең де бала үшін әкенің орны бөлек қой!
Сенің бейнең менің көз алдымда мәңгі қалады!
Қош бол, әке!

Ұлың — Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ. Қаратаудың қара бекетіндегі қыс

(әңгіме) Бұл – 1917 жылдан кейін болған оқиға. Қаратаудың солтүстігіндегі Бетпақдаланың арғы бетіндегі көтерілістің у-шуы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *