Кәлен (қилы заман оқиғасы)


Кәлен орта дәулетті отбасында дүниеге келді, әкесі көзі қарақты кісі еді.
Баласын ауыл молдасынан оқытқаннан кейін Байту оны кезінде Торғайдағы Ы.Алтынсарин негізін қалап кеткен мектепке берді. Бұл мектепті тәмамдағандардың бәрі сауатты, білімді болды. Кейін Кәлен Торғайдағы Иванов мектебін аяқтап, оқуын жетілдіріп шықты.
Енді Байту Кәленге: «балам осы алған білімің жетер, ауылға келіп маған қолғабыс ет, біліміңді де пайдалан» деп елге шақырды. Бұл білім-ілім жолына түскен Кәленге онша ұнай қоймады, ауылға қайтпаса әкесі ренжиді, бірақ Кәленнің ойы қазақ зиялыларының ортасы — Троицк қаласына кету еді.
Ақыры оның амалы да табылды. Кәлен Байтуға: «әке мен шамалы бала оқытып, білімімді сынап көрейін» деп ішкері (ішкері деп Торғай жұрты Қостанай, одан әрмен төңіректі айтатын) жаққа, дұрысы Троицкіге кетті.
Кәлен мұнда білімін толықтырып жатқан уақытта Ресей империясындағы, қазақ даласындағы аласапыран басталып кетті. Сөйтіп, Кәлен амалсыз елге қайтуға мәжбүр болды.
Түк түсініп болмайсың, біресе ақтар, біресе қызылдар, басқалары тағы бар. Не керек Кәлен Алашорда Үкіметіне қызмет қылуға ниет етті.
Алмағайып заманда ақыры Алашорда Үкіметі В.Ленин билігін мойындап, Ресей құрамындағы автономияға рұқсат алды.
Ендігі кезекте Кәлен жаңа билікті түсінуге, ұлтына, халқына адал болуға ант етті.
Ел арасында адалдығымен, абыройлығымен беделі артып, аздаған уақытта басшылық қызметке тағайындалды.
Дегенмен, біреулердің көрсетуімен оған «жапонның тыңшысы, Алашорда сілімтігі» деген жала жабылып, қудалауға түсті.
Кәленді Қостанайдың Ақ түрмесіне жауып, 9 ай бойы қинады, ұрды, тамақ бермеді.
Алайда, Кәлен орган қызметкерлеріне өзінің еш кінәсі жоқ екенін дәлелдеумен болды.
Бірақ, барған сайын үміт үзіле берді, себебі күнде біреуді атып тастап жатты.
Тағдырдың жазғанына не шара!
Сонымен, Кәлен өз үкімін күтіп жатты,
Күндердің бір күні Кәленді 25 жылға итжеккенге айдап жіберді,Торғай-Қостанай қайда, Чукотка қайда?
Ей Алла-ай, итжеккенде ит өмір басталды, бұны адам басына бермесін!
Адамдар шыбын құрлы болмайды екен, күн сайын ондаған-жүзеген адам көз жұмып жатыр, оған ешкім қарап жатқан да жоқ.
Әуелі Кәлендер жол салды, кейін Чукотка мен Якутияның шекарасында кемемен балық аулады.
Осылай заман өтіп жатты, 25 жыл арқалап жүру оңай емес әрине, бірақ қолдан келер не қайран бар?!
Осындай күндердің бірінде ашық теңізге шығып, балық аулауға кірісіп кетеді.
Алапат жел тұрып, кеме су түсіне батып кетті.
Айқай, шу, жанталас, өлім мен өмірдің арпалысы.
Кәлен тілін кәлимаға келтіріп, өмірден күдер үзді, көз алдында барлық өткен өмірі таспадай өте шықты.
Міне, туған ауылы, бұл Торғай жері, әне Қостанай, ал бұл Троицк, ал міне қарғыс атқыр итжеккен елі, бала күнінде үлкендерден көп еститін Итжеккен жұрты, өз түсінігінде аңыз сияқты еді, енді сол қарғыс атқыр Ит елінде жүр.
Сөйткенше болған жоқ, мұхиттың мұздай суы санасын бір сергіткендей болғанымен, көзі жұмылып кетті, суға тұншығып, «біткен жерім осы болды деген» ой келді.
Иә, бұл алыс Ібір-Сібір жұртындағы Кәленнің басынан кешен оқиғаларының бірі еді.
Қанша жатқанын кім білсін, денесі ауыр тартады, қозғалуға дәрмен жоқ, тура бетіне анталап Ит елінің иті қарап тұр.
Құдай-ау, біреу бірдеңе деп ымдаған болды, бірақ Кәлен талықсып, қайта есінен танып қалды.
Ал, бұл мезетте Солтүстік Мұзды мұхиттың Чукоткамен іргелес Якутия жерінің жағалауында жатқанын Кәлен білмеп еді.
Кәленді тауып алған якут шалы оны қосқа алып келді, небір шөптермен емдеп, аяққа тұрғызды.
Ептеп тамақ ішіп, кіріп-шығуға жарап қалды, дегенмен елі ойынан кетер емес, жан жары Бәтима мен сүйікті ұлы Жүсіп не істеп жүр екен? Күндері не болады?
Бұлардың (якуттардың) тілдері қазақшаға келеді екен, былай да түсінісе береді, үш ай шамалы уақытта якут тілін еркін меңгеріп алды.
Боотур, Байанай, қапсағай, алғыс сияқты сөздері қазақ тіліндегі мағынасын береді.
Арбай ақсақал Кәленді аң аулауға, бұғы бағуға, дәрілік шөптер теруге үйретті.
Кәленді Арбай ақсақалдың кемпірі Айына тіпті жақсы көріп кетті, ал Арбай мен Айынаның жалғыз қызы Айта бет біткеннің сұлуы, өзі Кәленге көзінің астымен ұрлана қарап қояды.
Бәрі жақсы-ау, бірақ күндердің күнінде еш құжаты жоқ, қайдан келгені белгісіз қашқынды Үкіметке біреулердің ұстап бермесіне кім кепіл, бұл өмірі осылай Саха жұртында жалғаса бере ме?
Әдеттегідей аңшылықтан келген соң Арбай ақсақал өзгеше мінез танытып, бірден төсек тартып жатып қалды.
Арбай Кәленге «бері кел» деген ишара білдіріп, шақырды.
«Кәлен, сен осы үйдің бір баласындай болып кеттің, құдайдың өзі бізге жіберген жансың ғой, менің сенен бір өтінішім бар, жалғыз қызым Айтаны саған сеніп тапсырдым, екеуің бақытты болыңдар, Айта да қарсы болмас» деді.
Ұзамай Кәлен мен Айта үйлі-баранды болды, тоғыз айдан кейін шекесі торсықтай ұл дүниеге келді, атын – Тимир (Темір) деп қойды.
Уақыт осылай зымырап жатты, бірақ Кәлен елін аңсаумен болды әрі қашқынның күнімен қалай күн көрмек, бір күні жағдайы белгілі болады ғой.
Айтаның Тимирдің дүниеге келуімен Кәлен елін ұмытар, назары балаға ауар деген ойы болғаны шын, дегенмен әйел жүрегі бәрін сезіп қалады емес пе?
Солтүстіктің ұзақты түндерінің бірінде Кәлен: «Айта, саған рахмет, маған ұл сыйладың, Арбай атама рахмет мені о дүниеден тірілтіп алды, алайда менің өз елім бар, елімді, жұртымды сағындым, бір мауқымды басып келмесем болмас» деген тілегін білдірді.
Айта не айтсын, күйеуін жібермесе Кәлен құсалықтан өледі, жіберсе қайтып келуі неғайбыл!
Әрі-сәрі күйдегі Айта Кәленге «өзің біл» деп билікті оған берді.
Ендігі Кәленнің мақсаты туған жерге тезірек жету.
Сарыарқа қайда, Саха қайда?
«Арқа еті арша, борбай еті борша болып», қаншама жерлерді-жұрттарды басып өткенін бір Алла білер, қазақ еліне де табан тіреді-ау.
«Темір таяғы тебендей, темір етігі теңгедей» болып туған Торғайына да жетті-ау!
Ауылдың тек жұрты қалған, ашаршылықта адам да қалмаған, туған-туысқанның тоз-тозы шыққан, аштықта ондаған, жүздеген туысқандарымен бірге әйелі Бәтима мен баласы Жүсіп те көз жұмған.
Енді Сахаға қайтып кете ме, әлде Қазақстанда қала ма?
Әрі ойлап, бері ойлап тағы да азын-аулақ азығын алып «Алматы қайдасың» деп жолға шықты. Алматыда Торғайдан шыққан бір жерлесі бар, естуінше жоғары қызмет істейді, соған жолығу әрі Алматы түбіндегі босып кеткен Торғай жұртына барып, тірі қалған туыстарын тауып алу керек.
Сұрай сұрай Әліби Жангелдинді де тапты, ал өзінің тірі қалған, босып кеткен елі Алматы түбінде екі колхоз болып ұжымдасқан екен, ел арасына кірді, бірлі-жарым туған-туысқанын көріп көзайым болып қалды.
Ақсақалдар жиналып кеңес құрды: «Қарағым Кәлен, туған ағаң Кәменнің әйелі Сұлубикені әменгерлікпен алғаның жөн болар, онсыз да аз жұртпыз ғой» деді.
Бәтима мен Жүсіптен өлідей айырылды, енді Тимир мен Айтаден тірідей айырмақшы ма?
«Не де болса, тағдырдың жазғанын көрейін» деп Кәлен жеңгесі Сұлубикені әмеңгерлік жолымен алды, баяғы ескі жара ұмытылуға айналды, шарапатты жандардың көмегімен құжаттарын жасатып, ел қатарлы, біреуден ілгері, біреуден кеш тіршілік ете бастады, сөйтіп жүргенде 1953 жылы В.Сталин қайтыс болды.
Кейін кезінде таңылған жаланың бәрі алынды, алайда Тимир мен Айтаға сол қалпы жете алмады, ал Сұлубике Кәленге алты баланы дүниеге алып келді.
Сұлубике-Кәлен бақытты ғұмыр кешіп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.
Міне, осындай қилы заманның бір оқиғасын кеше бір отырыста естіп едім.

 

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...