Қазақстанда еңбек даулары қалай шешіледі?

Елімізде еңбек дауына қатысты мәселелер қалай шешіледі? Жұмыс беруші мен жұмысшының қандай құқығы бар? Tengrinews.kz тілшісі Әділет министрлігінің сайтында жарияланған материалдарға сүйене отырып, еңбек дауын қалай шешуге болатыны, қызметкердің құқығы бұзылған жағдайда жұмыс берушіге шағымдану үшін қайда жүгінуге болатыны және жұмыстан айырылған жағдайдағы өтемақы төлемдері жайлы материал ұсынады. Кәсіпорын қызметкерінің құқығын бұзған жұмыс берушіге шағымдану үшін қайда жүгінуге болады? Министрліктегілердің мәліметінше, қызметте еңбек дауы шыққан жағдайда немесе кәсіпорын қызметкерінің құқығы бұзылған жағдайда қызметкер Мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады екен. Мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметкерлері өз кезегінде жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау және қорғау, заңдылық, объективтілік, тәуелсіздік және жариялылық қағидаттары негізінде жұмыс істейді. Ал инспекцияның міндеті жайлы айтатын болсақ, олар — ҚР еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, жұмыскерлердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуын және қорғалуын қамтамасыз ету; жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарау.
Жеке еңбек дауларын қарау тәртібі қандай?
Қазіргі уақытта жеке еңбек дауларын шешумен келісу комиссиялары айналысады. Ал келісу комиссиясы шешім шығармаған жағдайда ол даумен сот айналысады екен.
Сондай-ақ, комиисияға келіп түскен өтінішті комиссия берілген күні міндетті түрде тіркеуге тиіс екені айтылады. Бірақ қандай жағдай болсын, еңбек дауын мұнда өтініш берушінің қатысуымен қаралуы керек. Ведомство мәліметінше, келісу комиссиясының өкілдері келіп түскен өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін оны қабылдаған күннен бастап 3 күн мерзімде беруге міндетті.
Мұнымен қоса, комиссия шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, жұмыскердің немесе жұмыс берушінің сотқа жүгінуге құқы бар екені айтылады. Сондай-ақ, министрліктегілер жеке еңбек дауларын қарау бойынша белгілі бір мерзімдердің болатынын айтады. Мысалы, жұмысқа қайта алу туралы даулар туған жағдайда — жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай ішінде қаралуы тиіс. Ал қалған басқа еңбек даулары бойынша жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс күннен бастап бір жыл ішінде шағымдана алады.
Жұмыстан айырылған жағдайдағы өтемақы төлемдері қандай?
Қызметкер жұмыстан айырылған жағдайда өтемақы төлемдері мынандай жағдайларға байланысты беріледі екен. Бірінші жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде, екіншісі жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде қызметкерге міндетті түрде өтемақы төленеді. Ал үшінші жағдайда жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін ала алады. Сондай-ақ, еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін екені айтылады.

Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасу талаптары, беру талаптары және рұқсат беру ұзақтығы қандай? Елімізде өз бетінше жұмысқа орналасқысы шетелдіктерге еңбек жөніндегі уәкілетті органның квотасы шегінде үш жылға дейінгі уақыт беріледі немесе ұзартылады екен. Шетелдік қызметкер не ол уәкілеттік берген адам жұмысқа орналасуға арналған рұқсатты алу немесе ұзарту үшін еңбек қызметін жүзеге асыратын жеріндегі уәкілетті органға құжаттарды қоса бере отырып, өтініш беруі тиіс. Ал шетелдікті жұмысқа алу немесе жұмысқа орналастыруға рұқсатты уәкілетті орган құжаттарды қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылдайды Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға арналған рұқсатты беру немесе ұзарту не беруден немесе ұзартудан бас тарту туралы шешімді уәкілетті орган құжаттарды қабылдаған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қабылдайды. Ал уәкілетті орган өз кезегінде шетелдік қызметкерге қабылданан шешім туралы ол қабылданған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлауы керек.

tengrinews.kz

Мынаны да қараңыз

«Нұрлы жер» бағдарламасы үйі бар адамдарға арналған

Қазақстанда баспана — басты мәселенің бірі болғандықтан, үй жайын талқыламайтындар сирек. Бұл мәселеге қатысты ҚР ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *