Торғайдан ұшқан тарланбоз

Қарапайым ауыл баласының академик, мемлекет және қоғам қайраткерлігіне дейінгі жолды жүріп өткен ұстаздарымыздың бірегейі – даңқы дүниежүзіне мәлім абзал азамат Кенжеғали Сағадиев ағамыз мерейлі 80 жасқа толып отыр.
Алып адамның бүкіл сексен жылдық ғұмырын қысқаша көктей шолып шықсақ, ол былай шығар еді: орта мектепті бітірген соң, Алматыға жетіп, сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің ректоры Асқар Закаринге кіріп, жағдайды түсіндіреді. Мектепті күміс ме­даль­ға бітіргенін айтып, Эконо­мика-философия факультетіне емти­хансыз қабылданады.

Үшін­ші курста екінің бірінің қолы жете бермейтін Ленин сти­пендиясына ілігеді. Универ­ситетті бітірген соң, осы оқу орнына са­бақ бе­руге қал­дырылады. Бірнеше жыл­­­дан соң, Мәскеудегі А.Пле­ха­нов атындағы Халық шаруа­шы­лығы институ­тында аспиран­тура­да білімімін шыңдайды. Кейін док­­торлық дис­сертациясын да Мәс­­кеуде қор­ғайды. Алма­ты­дағы «Нар­хозда», кейінгі Т.Рыс­құлов атын­­­дағы Қазақ эко­но­микалық уни­верситетінде он жыл бойы бірін­­ші проректор қыз­метін атқа­рады. Одан кейін екі рет респуб­ли­камыздағы инс­титутқа басшы­лыққа шақырады, алайда өзі ыңғай бере қоймайды. Содан, үшінші рет Қазақстан компартиясы орталық коми­тетіне тағы да шақы­рып алып, «Це­линоградтағы ауыл­шаруа­шы­лық институтына бара­сыз» дей­ді. Сөйтіп, Целиноградқа кел­ген Саға­диевтің бастамасымен сексе­нінші жылдары Кеңес Ода­ғы бо­йынша ашылған алты биотехни­ка­лық орталықтың бірі 1985 жылы осы Целиноград ауыл шаруа­шылы­ғы институтында құрылады. Бүкіл­одақтық ауыс­палы Қызыл Туды кеңестік Қа­зақстан тарихында же­ңіп алған екі институт қана болса, соның бірі – Кенжеғали Әбенұлы бас­қарған Целиноград ауыл ша­руашылығы институты болады. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жыл­да­рында Алматыдағы Жоғары эконо­мика мектебінің негізінде елімізде жаңа дами бастаған биз­нестің ма­ман­дарын даярлау үшін Халық­аралық бизнес уни­версите­тін құ­ра­ды. 2001 жылы осы Халық­ара­лық бизнес универ­ситетіне пре­зидент болып сайлан­ғанға дейін, бұрынғы Қазақ мемлекеттік ауыл­шаруа­шылық және Алматы зоо­техни­калық-малдәрігерлік инсти­туттары бірі­гіп, Қазақ мемлекеттік аграр­лық университеті болып қайта құ­рыл­­ғанында, соған ректор бола­ды. Осы іргелі екі жоғары оқу орын­­дарын бірегей білім ордасына айнал­дырып, оқу үрдісін түбегейлі заманға сай жаңартады. Кем­бридж өмірбаяндық орталығы­ның «Жыл адамы – 1992» атағын алады. Ұлт­тық ғылым академия­сының пре­зи­денті болып қызмет атқарады. Пар­ламент Мәжілісінің екі мәрте депутаты болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы халық­аралық деңгейдегі университет құру туралы жоба­сына бастамашылық етіп, соған орай Астана қаласында 2010 жылы Назарбаев университеті ашылады. Назарбаев универ­сите­тінде жасалған алғашқы қа­дамдар мен ғылыми ізденістер болашақта бұл оқу орнының да атағы мен абыройының дүние­жүзіне жайы­ларына сендіреді. 2012 жылы Кен­же­ғали Сағадиев Ұлттық техно­логиялық даму агенттігінің ди­рек­торлар ке­ңесінің төрағасы қыз­метіне шақы­рылды. Бұл агент­тіктің негізгі қызметі – ел экономи­касының жаңа салаларын инно­вациялық жолдармен күшейте отырып, оның шикізатқа байла­нысын азайта түсу және индус­триялды мемлекет құру жолын­дағы осыған байланысты мәсе­лелерді шешу. Кенжеғали Әбенұлы бұл қызметте де аянбай еңбек етіп, отан­дық ғылыми-техникалық да­муға үлкен үлес қосты.
Кенжеғали Сағадиев – эко­номика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасы ұлттық ғылым академия­сының және Пәкістан ғылым академиясының академигі, АҚШ-тың Нью-Йорк академия­сы­ның мү­шесі және Халықаралық жоғары мектеп академиясының толық мү­шесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және тех­ника қай­раткері. Қазақстан Рес­публикасы үшінші және төртін­ші шақырылған Парла­менті Мәжі­лісінің депутат­тығына сайланды, оның Қаржы және бюд­жет комитетінің төрағасы болды.
Кенжеғали Әбенұлы мұндай биік деңгейге өзінің кейінгі талай ұрпаққа өнеге боларлық сирек та­ланты мен тынымсыз ең­бек­қорлы­ғының, энциклопе­дия­лық білімі­нің, ерекше ақыл-парасаты мен іс­керлігінің арқасында қол жеткізді. Ол кісінің еңбек жолы мен шығар­машылық қызметі талай рет бұқаралық ақпарат құралдарында, энциклопедиялық анықтама­лық­тарда және биогра­фиялық очерк­терде жарияланды. Ғалым-ұстаздың ерен еңбектері дер кезінде ескеріліп, жоғары баға­ланды. КСРО Жоғары Кеңесі президиумы жарлығымен 1971 жылы 15 наурызда «Еңбек Қы­зыл Ту» орденімен, 1987 жылы 7 мау­сымда «Халықтар достығы» ор­де­німен марапатталды. Сондықтан біз бүгін ғалымның егемен елі­міз­дің жаңа тұрпатты экономи­касы­ның дамуына қосқан өлшеусіз үле­сі, экономика сала­сындағы елеу­лі еңбектері туралы кеңірек айтуды жөн көрдік.
Кенжеғали Сағадиев еліміздің Жоғары заң шығарушы органы – Парламент Мәжілісінің депутаты болып екі мәрте сайланды. Осы кезеңде ғалым бюджет жүйесін өр­кендету және оның тұрақты­лығын дамыту мақсатында көп еңбек етті.
Экономика ғылымының сар­дары деген атқа әбден лайық Кен­жеғали Әбенұлы елімізде ал­ғаш­қылардың бірі болып Қазақ­стан­ның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі­нің тиімділігі мен көлеңкелі жақ­тарына жүр­гізген сарапта­масымен баспасөз бет­терінде сөз алды. Ол өз мақалала­рында Дүниежүзілік сауда ұйымы тәртібі бойынша сауда режимін ырықтандыру елімізге, әсі­ресе ауылдық тауар шығару­шылар үшін қауіпті екенін ескертті. Сонымен қатар Қазақ­станның Дү­ниежүзілік сауда ұйымы сияқты беделді халық­аралық ұйымға енуін қолдап, рес­публиканың дүние­жүзілік сауда ұйымына кіруінің үкіметтік да­йындық шараларын талқы­лауға, басқа елдермен келіс­сөздер жүр­гізуге қатысты.
Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мәселесіне елімізде алғашқылардың бірі болып көңіл аударып, оның өсу фактор­ларын, өнеркәсіптік, ғылыми-тех­никалық, экономи­калық, тіпті бәсекеге қабілеттілік­тің әлеуметтік және адамгершілік жақтарын дә­лелдеп, осы тақы­рыпқа отыздан астам зерттеу жұмыстарын арнаған ғалым – тағы да біздің ұстазымыз Кенжеға­ли Сағадиев екенін біз мақта­ныш­­пен айтамыз. Қазақстан эко­но­микасын жаңғыртудағы өткір мәселелерді зерттеудегі жүйелі де ұзақ еңбегі оны үздік ғалым-ре­фор­маторлар қатарына шығарды. Академиктің билік орындарына жіберген хаттары мен солар бо­йынша ресми Халықаралық бизнес универ­ситеті – еліміздегі дамып келе жатқан бизнеске мамандар даяр­лау үшін құрылған жеке­меншік жоғары оқу орны. Оның клас­сикалық университеттерден ерек­шелігі – экономикалық тәжіри­бемен тығыз байланыс, нарық сұ­ра­нысына жедел көңіл бөлу, эко­номика реформала­рының құбылы­сына сай оқу жоспарла­рының икемділігі. Университет қабыр­ғасынан шетел тәжірибе­сімен жақ­сы таныс, өз ісін, өз кә­сібін жүргі­зуге қабілетті, ком­па­ния, фирма және басқа жеке жобаларды басқара алатын ме­неджер-мамандар шыға бастады. Университет түлектерін көптеген фирмалар мен компания­лар қуана жұмысқа алып жатыр. Білім ордасында мамандық иелерін шетелдік университеттер­мен қа­рым-қатынас жасай отырып оқы­тады, бакалавриат, магис­тратура және философия док­торларының (PhD) бағдарла­маларын табысты іске асыруда.
Кенжеғали Әбенұлы 2009 жыл­дан бері Елбасының тап­сыр­масы бойынша индус­триял­ды-ин­новациялық Қа­зақстанды қалып­тастыру мақ­­­сатында құрылған Халық­ара­лық ақ­параттық техно­логиялар уни­верситетінің қалып­тасып, да­муына да басшылық етіп келеді. Халықаралық ақпараттық техно­логиялар университеті – еліміз­дегі дамып келе жатқан ақпа­раттық технологиялар саласында білікті мамандар даярлау үшін құрылған жоғары оқу орны. Бұл университет – шетелдерде тағ­лым­дамадан, яғни Германияның ASIIN аккредитиялық агентті­гінің Инсти­туциялық аккреди­та­циясынан өткен Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз білім ордасы. Мұнда өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті және өз саласында жеке жобаларын жүзеге асыра алатын мамандар даяр­лайды. ХАТУ студенттері әлем­дік стандарттарға сай шетелдік әдістемемен оқиды. Олар – ком­пьютерлік техноло­гияларды жетік меңгерген алдың­ғы қатарлы, озық ойлы жастардың өкілі, егемен еліміздің таңдаулы зияткерлері. Студенттерге қатаң сынақтан өткен және Carnegie Mellon университе­тінен сертифи­кат алған, білікті ұстаздар дәріс береді. ХАТУ wiki порталын қа­зақ­стандық мазмұнмен толтыруға белсенді қатысты. «Каз­Контент» АҚ және WikiBilim қоғам­дық қорымен бірге қазақ тілінде 125 мыңға жуық мақала салынды. Мы­салы, білім ордасында бака­лаврлар, магис­транттар және докторант­тарды ағылшын тілінде даярлау бағдар­ламалары, қос дипломдық, бака­лаврлар және магистрлар даярлау іске асыры­лып, АҚШ-тың Carnegie Mellon университетінің білім берудің ең үздік бағдарла­малары мен әлемдік тәжірибесі бар IСarnegie-мен тығыз ынтымақтас­тықта еңбек етіп келеді. Универ­ситеттің серік­тестері: Малайзияның жетекші IT университеттері – University Kuala Lumpur, Limkokwing university, University Tenaga national, University Technology Mara, MMU және әлемнің тағы басқа да универ­ситеттерімен келісілген бағдар­ламалар іске асырылуда.
Кенжеғали Әбенұлы 2012 жылы Ұлттық технологиялық даму агенттігінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне шақырылды. Бұл агенттіктің негізгі қызметі – ел экономи­касының жаңа салаларын инно­вациялық жолдармен күшейте отырып, оның шикізатқа байла­нысын азайта түсу және индус­триялды мемлекет құру жолын­дағы осыған байланысты мәселелерді шешу. Кенжеғали Әбенұлы бұл қыз­метте де аянбай еңбек етіп, отандық ғылыми-техникалық дамуға үлкен үлес қосуда. Эконо­мист реформатор ғалымның Тә­уелсіз Қазақстан эко­номи­касының дамуына қосқан теориялық-практикалық үлесін Елбасы жоғары бағалап, «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапат­тады.
Академик Кенжеғали Саға­диев – экономика ғылымда­рының 33 докторы мен 44 канди­датын тәрбиелеген кемел ғалым. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстан мен шет елдерде т­бысты еңбек етуде. Сол шәкірт­терінің бірі ретінде Кенжеғали Әбенұлын рухани әке тұтсам, ал ол мені туған баласынан кем көрмейді. Ылғи да маған ұстаздық һәм әкелік ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. «Болмасаң да ұқсап бақ бір ғалым­ды көрсеңіз» деп хакім Абай айт­пақ­шы, өмірде де, ғылымда да сол кісіден көп тәлім-тәрбие алып келемін. Басқарушылық, ұйым­дасты­рушылық қабілет-қасиеттерді де сол кісіден үйрендім. Нағытай анамыздың қолынан дәм татып, Нұрлан, Ерлан, Ерболдармен тай құлындай тебісіп бірге өстік, білім нәрімен қатар сусындадық. Қазір туған бауырлардай араласып тұрамыз. Нұрлан да, Ерлан да әке жолын қуып, ғылым жолына түсті. Ерлан – Білім және ғылым ми­нистрі. Екеуінің де есімдері елге белгілі. Ербол жеке кәсіпкер­лікпен айналысады. «Немере балдан тәтті» демекші, Кенжеғали Әбенұлы мен Нағы­тай анамыз қазір он­шақты немере мен шөбере сүйіп отыр. Берекелі шаңырақ, мерейлі отбасы деп осындай әулетті айтса керек.

Тарихы тереңдегі көне Торғай елінің тумасы, оқымысты, ой­шыл, кемел  тұлғалы  азамат   Кен­жеғали Сағадиев  – сол  өңірден шыққан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған текті тарлан­дардың  заңды жалғасы.  Ата тегі­нен тамыр тартсақ,  Алаш қайрат­кері,  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның те­гімен жал­ғасып жатыр.  Бала  кезін­де «Ахаң  деген  ол кім, әке?»  деп сұра­ға­нында,  «Жарықтық  Ахаң,  бүкіл қазақтың, бүкіл Алаш­тың Ахаңы ғой! Балам-ау, мен білетін арғы-бергі   қазақта   Ахаңнан  артық  кім  дүниеден өтті екен?! Заман түзе­лер, уақыты да келер әлі! Сен де өсер­сің! Ахаңның қандай адам болғанын  толық білерсің әлі! Ұлым, сен осы Ахмет атаңдай бол­­саң, арманым  болмас еді»  де­­ген екен әкесі Сағади.  Кенжеға­ли Саға­диев­тің   әлем таныған  білік­ті  ғалым  әрі қайраткер болып қа­лып­тасуы – сол аңызға айналған абыз тұлға Ахмет Байтұрсын­ұлындай болсын деген дуалы ауыз әкенің кіршіксіз тіле­гі­нің айдай  қабыл болғаны емес пе?!

Дамир Шыныбеков,
Халықаралық ақпараттық технологиялар 

университетінің ректоры, 

экономика ғылымдарының докторы

aikyn.kz

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

2 пікір

  1. Кенжеғали ағамыз жасай берсін!

  2. Жасұлан Қостанай

    Кенжеғали Әбенұлы, мерейлі 80 жасыңыз құтты болсын! Ауырмаңыз,еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіз!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *