Қостанайдағы қазақ мектебі шалғайға көшірілмейді

Abai.kz порталы жазған қала орталығындағы тар ғимаратқа орналасқан №24 бастауыш мектепті қойма-қопсысы көп, күйі қашқан «Строитель» ауданындағы кең ғимаратқа көшіру туралы қала әкімінің бастамасы қостанайлық ата-аналар тарапынан қолдау таппағаннан кейін, шешім кейін қайтарылды. Биліктің жұртшылық пікіріне құлақ асуы – құптарлық көрініс. Бірақ бізде билік алдымен шешім қабылдап, сосын жұрт шуласа, шегіне бастайтын әдет қалыптасып келеді.

Бұл орайда билік жүйесінде қалыптасқан шешім қабылдаудың кеңестік дәуірдегі қасаңдық көзқарасы баяу өзгеріп, ал қоғамда саналық өзгерістер тез жүріп жатқанын айта кетуіміз керек. Соған байланысты мұндай даулар әлі де туындары сөзсіз. Ал мектепті көшіруден туындаған даудың астарында әлеумет көрігінде күрделеніп қалған түйіткілді себептер бар сынды.

Біріншіден, тыныс-тіршілікте халықтың жады, есі деген ұғымдар бар. Көшірілмек болған мектептің қостанайлық жұртшылықтың, елдің жадында сақталған өзіндік тарихы бар. № 24 бастауыш мектеп — 90 -жылдары қала ақсақалдары мен қоғам белсенділері билікпен жағаласып жүріп, күреспен зорға ашқан білім ордасы. Тәуелсіздікпен бірге келген күрес. Тәуелсіздік бізге бейбіт түрде келді. Бірақ оны жариялағаннан кейін талай істер атқарылды, елдің болашағы мен дамуы үшін күрес жүргізілді. Аталмыш мектеп — соның рәмізі. Оны мына өмірдің сөресінен сүріп тастай алмайсың.

Бұл Қостанайдың өз басындағы тарихы. Ал Қазақстанды тұтас алатын болсақ (әрбір қазақ қалыптасқан ментальдік ерекшелік бойынша өзін тұтас қазақтың бір бөлшегімін деп санайды), ұлан-байтақ жердің иесі қазақ жұртының өзіне тән тарихи жады бар. Ол жад мынаған саяды: ел иесі, жер иесі деген жұрттың несібесін қағу, кемісіту, шеттету, қиын-қыстау, аласапыран заманды қолмен орнату сынды қиянатты көрген халық жер бетінде екеу десек, соның бірі — қазақ. Мұны елдің есінен ұмыттыра алмайсың. Қазақтың кешегі кеңес заманында есесі кеткен. Енді егемендік кезінде ол оны қайталағысы келмейді. Тарих осылай қалыптасты, қазақтың санасы осылай бекемделді.

Халықтың сана-сезіміндегі мұндай көзге көрінбейтін әлеуметтік құбылыстармен санаспаса болмайды. Айтпақшы, мектеп көшеді деген «Строитель» ауданы кеңес дәуірінде, кешегі 90-жылдардағы құлдырау кезеңінде халықтың жадында криминалды, наркомандар мен алқаштар тұратын, азып-тозған, ескерусіз қалған қала бөлігі деген жад қалыптасқан. Оны халықтың жадынан бір-екі құрылыс пен екі көшеге асфальт салу арқылы өшіріп тастай алмаймыз.

Екіншіден, Қостанай облысы – демографиялық өсім жағынан кері, теріс сан көрсетіп отырған аймақ. Кері сан — орыс тілділердің еншісінде. Қазақ тілділер күрт өсіп келеді. Сондықтан аталмыш ғимарат мектепке тар болып қалды. Балабақшаға лайық сынды. Бірақ ғимарат тар болса, қазақ мектебіне орталықтағы орыс мектептерінің бірін беруге кім кедергі жасайды? Себебі алдағы уақытта, шамамен 4-5 жылда  орыс мектептеріндегі балалар саны  күрт азаяды. Оған себеп орыстілді ағайындардың ортасынан ойып тұрып орын алып отырған демографиялық һәм миграциялық фактор. Орыс тілділерде өсім жоқ, ал миграция, тіпті, жойқын. Ал Қостанайда қазақ саны артып келеді. Төрт-бес жылда жағдай әлі де күрт өзгереді: демографиялық өсім өз жемісін береді, оңтүстіктен қазақ жұртының миграциясы көбейеді. Біздер қалайық, қаламайық, қалыптасқан жағдай осындай!. Бұл, әрине, табалау емес, бөлу немесе шетке тебу емес, қалыптасқан шындық солай. «Шындықпен санаспасаң, сағың сынады» деген қазақ халқы. Жұрт осы тенденцияны көріп-біліп отыр, сондықтан биліктен тиісті қадамдарды күтеді. Ол қадам билік тарапынан жасалмаса, жұрттың көңіліне үлкен күмән туындайды. Ал күмән — қарсылыққа бастайтын төте жол.

Үшіншіден, қала орталығына заманға сай жаңа қазақ мектебін салу — маңызды мәселе. Тәуелсіздік алғаннан бері Қостанай қаласында жаңадан бір-екі ғана мектеп қана салынды. Тіпті, қала орталығында жаңа салынған «Жаңа қала» шағын ауданында бір де бір жаңа балабақша немесе мектеп салынбаған. Рас, орталықта бос жер телімдері жоқ, болса да қымбат. Оның қымбат болуы да биліктің орашолақтығынан. Егер қала сыртынан тұрғындарға заңда көрсетілген 10 сотық жерді жаппай беретін болса, орталықтағы жер телімдерінің бағасы шайқалып, пәтерлер бағасының өсуі тежелер ме еді?

Баға түссе, қаланың орталығын «орыстың үлкен деревнясы немесе қазақтың жалпақ ауылы» етпей, әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын жүргізуге зор мүмкіндік ашылары анық. Миграциялық үрдістің көрігі қызып, демогафиялық өсім кері кетіп тұрғанда, «қолдан шарықтатып отырған нарықтық бағаларға» осындай тәсілмен соққы беру билікке аса қиын емес. Халық мұны да түсінеді, сезеді. Сондықтан оның билікке қоятын талабы да арта түседі.

Соңғы мәселе, биліктің әлеуметтік мәселеге қатысты көзқарасы турасында болмақ. Билік бұл тұста әлеуметтік маңызы аса зор инфрақұрылымдарды жаңадан қалыптастырудың орнына ескі ғимараттарды қайта жөндеп, сылап-сипауға қаржы шығындауды жөн санап отыр. Әлеуметтік салада ескі-құсқыны жамап-жақсайтын «кеңестік кедейшілік психологиясынан» бас тарту маңызды. Кеңестік дәуірден қалған ескі ғимараттарды қайта жөндеуге кетер шығынды жаңа ғимаратқа салғанның перспективалық пайдасы мол. Мектепті ескі ғимаратқа көшіріп, оған жөндеу жұмысы жүргізіледі деген ақпаратты естігенде еске оралған ой осы болатын.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

Қостанай қаласы

abai.kz

Мынаны да қараңыз

Әсия БЕРКЕНОВА, ақын: Қостанайда қазақ тілінде білім беретін 16 мектеп бар (Видео)

«Қостанайдағы жалғыз қазақ мектебін жабайын деп жатыр» деген дақпыртқа өз пікірімді қоспақпын. Өтіріктен бастау алған ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *