Іргемізді бекітпесек болмайды немесе естір құлақ болса, бізден де бір кеңес

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан халқының саны 17 млн-ға тақау болыпты (1991 жылы). Қазіргі деректерге қарасақ еліміздегі халық саны 18,5 млн-ға жуықтап қалыпты. Яғни, өсіміміз бар болғаны 1,5 млн. болып тұр ғой, бұл дегеніңіз өте аз сан. Әрине, табиғи өсім болды, дегенмен тарихи отанына кеткен жұрттардың саны да едәуір еді. Мысалы, СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар, ШҚО және Қарағанды облыстарының 30 жыл бойы халқының азаю динамикасына қарайық. Олар әр облыс бойынша 20 проценттен 45 процентке кеміген, бұл үрдіс әлі де жалғаса береді деп ойлаймын. Не істемек керек? Әрине, оның екі жолы бар. Бірінші, оңтүстік пен батыстағы ағайындарды көшіру, дегенмен бір пәтерден екінші пәтерге көшу оңай емес, оның қасында жылы орнын кім ауыстырғысы келеді және барған жерінде жұмыс дайын тұр ма, жағдай жасалған ба? Жалаң ұранмен алысқа бара алмаймыз! Кеңес Үкіметін жан-тәніммен жек көргеніммен, одан, оның жүйесінен алатын бір нәрсе бар. Ол — Қазақстанды, тың және тыңайған жерлерді қалай игерді? Есімізде шығар! Сол тәсілді қазақ үкіметі қолдану керек, жаңадан велосипедті ойлап табудың керегі не? Екінші, бәлкім, облыстарды біріктіру қажет шығар. Мысалы, Семей мен Өскеменге қараған аумақтар бір облыс болып тұр, мәселен, Семейдің халқы Өскемен халқынан да көп, бірақ, қазіргі күні Өскеменнің де өңі кіріп қалды, яғни қазақыланды. Мәселен, осы қаладағы қандастар саны 25 жыл ішінде 4 есе өскен. Тамаша емес пе?! Әрине, солтүстік пен шығыстағы әр облыс бойынша сол жерлердегі халықтың санының азаюына әртүрлі факторлар әсер еткен және проценттік саны да әрқилы. Халқының 45 процентін жоғалтып, алғашқы орында Солтүстік Қазақстан облысы тұр екен. 450 000 адамға азайған, тиісінше, біздің Қостанай облысы 350 000 адамын жоғалтқан. Ақмола облысы болса 300 000 адамға азайған, сонда бұл екі облыс халқы әрбірі 28 проценттен азайған. Шығыс Қазақстан облысында да осындай жағдай, шамамен 400 000 азайған және ол 22 процентті құрайды. Ал, Қарағанды және Павлодар облыстары тиісінше 370 000 және 200 000 адамға кеміген (яғни, тиісінше 21 және 20 процент). Сондықтан, мүмкін Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын біріктіріп, Шығыс Қазақстан облысы сияқты бір облыс жасау керек болар. Орталығы Қызылжар болса, тіпті күшті болар еді. Қанша дегенмен Ресеймен көрші облыс, шекаралас облыс. Шетімізді қымтып отыру да керек. Оған тағы кешегі күні Петр мен Павлдың ізбасаларының «қала күнін тойлап» атойлап жүргенін қосыңыз! Осылайша, үш мәселе өзінен өзі шешілер еді. Бірінші, халық саны артады, екінші, батыс пен оңтүстіктегі ағайынға қозғау болады, үшінші, Қызылжар Өскемен сияқты іргелі облыс орталығы болып кетер еді.

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...