Жұмабек Кенжалин атындағы дәрісхана

Қазақ баспасөзі мен руханиятында ерен еңбегімен аты қалған, жасаған ісі мен атқарған қызметі мемлекетшілдік һәм ұлттық сана тұрғысынан өрілген, жаратылысы мен болмысы бөлек, жаны ізгі Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Журналистика жампозының арамыздан кеткеніне екі жылдың жүзі болса да, тұғырлы тұлғаның аяулы бейнесі замандастарының, әріптестерінің жадынан өшпек емес. Десек те, келешек ұрпақ үшін Алаш жүректі қайраткер азаматтың тағылымды өмірін жан-жақты насихаттап, мәңгі есте қалдыру жолында алда атқарылар талай істер баршылық. Осындай ғибратты істі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қолға алып, жуырда Жұмабек Омарұлы білім нәрімен сусындаған журналистика факультетінде арнайы дәрісхана ашылды. Ресми айтар болсақ, аудитория «Жұмабек Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы» деп аталады. 

Жуырда осы шараның салтанат­ты түрде тұсаукесері өтіп, оған ардақ­ты азаматтың аяулы жары Әлима Әбдірахманқызы мен ұлдары, бір топ зиялы қауым өкілдері, журналистер, университет ұстаздары мен студенттер қатысты. Алдымен факультеттің 85 жылдығы мен тұлға өмірінен сыр шертетін фильм көрсетілді. Алқалы жиынды жүргізген журналистика факультетінің деканы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы бұл оқу-зерттеу шеберханасында Жұмабек Кенжалиннің ғұмырнамалық тарихы, туған ауылы мен өскен өлкесі, білім алған мектебі, универсиет қабырғасында оқыған жылдары, баспасөз саласында еңбек еткен кезеңдері көрініс тапқанын атап өтті. Студенттер үшін сабақ өтуге қолайлы болып жабдықталған аудиторияда дәстүрлі газет-журналдармен қатар заманауи компьютерлер орнатылған.
Алғашқы құттықтау сөзді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов айтып, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де, журналистика факультетінің де құрылғанына 85 жыл толып отырғанын атап өтті. Журналистика факультетінің түлектері арасында елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар аз емес екенін айтып, бұл ретте Жұмабек Кенжалинге ерекше тоқталып, жылы лебізін ортаға салды.
– Бүгін біз үлкен тұлға, ұстаз, ғалым, қайраткер, өз кәсібінің ал­дыңғы қатарындағы бірегей маманы болған Жұмабек Кенжалинге арнайы аудитория ашып отырмыз. Өкінішке қарай, арамыздан ерте кетті. Көп жоспарлары бар еді. Соңғы кезде менімен кездесіп, ғылымға көбірек көңіл бөлсем, журналистика ғылымын дамытсам деген ой-пікірлерін білдіріп, соған дайындықта жүретін. Аудиторияны ашу арқылы ол кісінің аяулы есімін мәңгілік етуге мүмкіндік жасаймыз. Университет қаншалықты өмір сүрсе, бұл аудитория да соншалықты өмір сүре береді. Болашақта осы аудиторияда Жүкең сияқты небір мықты түлектер тәрбиеленіп шығатынына кәміл сенемін, – деді Ғалымқайыр Мұтанов.

Осы орайда оқу орнының ректоры Ж.Омарұлына тәлім берген ардагер ұстаздарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Шара барысында Жұмабек Омарұлы жайында алдыңғы толқын ағалар, замандастары мен достары жарқын естеліктер, ғибратты әңгімелер айтты. Солардың бір парасына тоқталсақ, журналистиканың ардагері, қабырғалы қаламгер ­Сарбас Ақтаев: «Алаш арыстарының алтын тұяғы. Торғайдан шыққан тар­ланымыз» деп баға берсе, белгілі жазушы Сәбит Досанов қайраткер азаматтың адамгершілік пен кісілік қасиеттеріне ерекше тоқталып, баспасөз саласындағы кәсібилігін айрықша атады. «Жұмабек бас редактор болып барған басылымның мазмұны да өзгеріп, таралымы да бірден өсіп кететін. Мықты журналистігінен бөлек, ұйымдастырушылығы биік болатын. «Алланың адамға берген үлкен сыйы – оның соңында қалған жақсы аты, жақсы ізі» деп шығыс ойшылы Сағди айтқандай, осындай жақсы азаматтардың өнегелі өмірін кейінгі жастарға көбірек насихаттауымыз керек» деді.
Парламент депутаты, белгілі публицист Сауытбек Абдрахманов Жұмабек Кенжалин жайында жан тебірентерлік сөздерін айтты. Оның азаматтық қырларына, тектілік қасиеттеріне тоқталды. Әрдайым адал, сыпайы, бекзат, сырбаз, кіршіксіз қалпында жүретінін тілге тиек етті.

«Журналист қандай болады, адам қандай болады, жолдас қандай болады, бауыр қандай болады» десе, біздің Жұмабектей болады дегізетіндей азамат еді» десе, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай «Қазақ баспасөзінің үлкен көшбасшыларының бірі» деген баға берді.

Шара соңында мар­құмның зайыбы Әлима Әбдірахман­қызы университет басшы­лы­ғына, факультет ұжымына, барша жанашыр азаматтарға алғысын білдірді. Соңында журналистика факультетінде жемісті қызмет ат­қарып, бүгінде өмірден өткен ар­дақты тұлғалар мен «Қазақ газеттері» ЖШС-нің негізін қалап, ұзақ жылдар бойы басқарған, Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жұмабек Кенжалиннің рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды.

 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

«Ана тілі» газеті 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *