Торғайдың дәстүрлі қылқобыз орындаушылары туралы

Қазақтың ұлттық аспаптарының ішінде көнеден жеткен қобыз аспабы киелі саналады. Қоңыр дауысты, тембрі бай, мұңлы-зарлы үні бар қобызды екінің бірі ойнай бермеген. Көп жағдайда жыраулар мен абыздар, бақсылар қолданған қобыз әдеттегі саз аспабы емес, бақсы-шамандардың құралы деген де пікірлер қалыптасқан. Қазақ арасындағы аңызда қобызды ойлап тауып, алғаш тартқан адам Қорқыт деп айтылады. Осы Қорқыттан қалған қобызшылық өнер Торғай өңірінде де кеңінен таралған.

Өңірімізде ерте күнде елге аты танылған қобызшы, күйшілер ретінде Тілеп Аспантайұлы, Баубек Ескергепұлы, Әлмағамбет (Арық бақсы), Зәкәрия Кәрібаев, Хамидолла Шәбкенов, Қазбек Әбеновтерді атауға болады.

Торғай өңірінде қобызшылардың ішінде ертеректе өмір сүргені Аспантайұлы Тілеп. Ол 1758 жылы Жыланшық өзенінің бойында дүниеге келіп, 1820 жылдардың шамасында Сазанбай атты мекенде дүниеден өткен. Халық арасында Тілеп бақсыға қатысты аңыз, әңгімелер көп таралған. Бұл аңыздарда Тілептің атақты Қойлыбай бақсының батасын алған шәкірті екендігі де айтылады. Қазіргі уақытта белгілі меценат Сапар Ысқақовтың демеушілігімен Аспантайұлына қатысты игі шаралар ұйымдастырылып, Тілеп бақсыға тиесілі деген он шақты күй «Тілеп сарыны» деген атпен жинақталып, жарық көрді. Бұл күйлер шынымен Тілеп бақсының туындылары ма, әлде кейінгі буын өкілдерінің қоспасы ма, оны арнайы музыкатанушы мамандардың терең зерттеулерінен кейін ғана айтуға болады. Дегенмен Тілептің «Алламжар» деген күйі болғандығы туралы деректер сақталған. Тілептен кейін оның қобызын ұстаған баласы Байтөлес Тобыл бойындағы «Бағыланды» атты жәрмеңкеде күй тартысқа түсіп, осы «Алламжар» күйін орындап, байрақты бәйгесін жеңіп алған. Байтөлестен кейін қобызды Тілептің інісі Байғабылдан (Аспантай – Байғабыл – Сырымбай – Төлебай – Құсайын – Райымбек) тараған Райымбек бақсы ұстаған. Райымбек өмірден өткен соң ағасы Халық қобызды жасырып тастаған. Кейін қобызды осы әулеттің жиеншары Жұбатқан алған (Тілеп – Байтөлес – Мыңжасар – Тоқбала қыз. Тоқбаладан Әбіш деген бала туады. Жұбатқан Әбіштің ұлы). Осы Жұбатқанның 1953-54 жылдардың шамасында:

Аллаһ, Аллаһ! Аллаһ хаһ!

Лә иләләһа иллаллаһ,

Мухамадур расулаллаһ!

Түркістанда қожа Ахмет!

Маңғыстауда пір Бекет!

Бағаналы Барлыбай,

Бұлтың қыпшақ Қойлыбай!

Торы қыпшақ ер Тілеп!

Аруақтары қолдай гөр!

Тарыққанды демей гөр!

Тілділердің қырсығы,

Тіл-көзінен аулақ ет! – деп зікір салып, бақсылық жасағанын көргенін Төлеу Нәрікбайұлы өзінің «Қарамойын-лақ» кітабында атап көрсетеді. Тегінде Қойлыбай, Тілеп есімдері Торғай өңіріндегі бақсылардың көмек, жәрдем сұрап атайтын піріне айналса керек. Бұған тағы бір мысал ретінде Әлмұхамед Сейдалиннің ХІХ ғасырда Торғай уезі, Шұбалаң болысы, №1 ауылдағы Меңсебай бақсыдан жазып алған бақсы сарынын айтуға болады. Онда мынадай жолдар кездеседі:

…Және бірден сыйынсам,

Сазанбайдың қасында,

Сексеуілі басында,

Тілеп ата, қолдай гөр!

…Және бірден сыйынсам,

Жыланшықтың басында,

Шығырлының қасында,

Мыңбұлақтың төсінде,

Төртқұдықтың ылдиында,

Қара бір судың бойында,

Қойлыбай ата, қолдай гөр!…

(ОҒК: Қ-1081).

Қазір Тілептен қалған қобыз Жұбатқан әулетінде сақтаулы тұр.

Ел ішінде Баубек бақсы атымен танылған Баубек Ескергепұлы Жыланшық өзенінің бойындағы Майдамтал атты қоныста дүниеге келген. Өзі Төре әулетіне шыққан Баубек отыз үйлі ауылдың бас көтерер азаматтарының бірі болған. Әдетте қобыз тартқан адамды тылсым әлемнен хабары бар жан көретін халық Баубекті бақсы атандырған. Бірақ Баубек тұлғасы бізге бақсылық, шамандыққа қарағанда Ислам дінінің қолдаушысы ретінде белгілі. Баубекке қатысты қызықты деректердің бірі Көлбай Адырбекұлының «Түркістан» газетінде жариялаған «Бұдан жүз жыл бұрында» атты мақалада берілген.

1902 жылы белгілі дін қайраткері Қажымұратұлы Бөлтай сопы өзінің баласы Қойтастың Ташкенттен діни оқу бітіріп келуіне байланысты той жасап, қазақтың бір топ жақсы-жайсаңдарын Түркістанға жинайды. Жиынға 13 қадірменді ақсақал, 40-қа жуық дін қайраткері, 11 би, 9 болыс, 4 бақсы, 40 сал-сері қатысқан екен. Қазақ даласына христиан миссионерлерінің келіп, халықты өз діндеріне күшпен кіргізе бастаған кездегі бұл жиынның негізгі мақсаты Қойтас молданың оқу бітіргенін тойлау емес, христиан миссионерлеріне қарсы қозғалыс ұйымдастыру болған. Осыған байланысты Түркістанға шақырылып, жиналған өнерпаздардың ішінде Сыр бойынан Ақбала күйші, Тұрмағамбет шайыр, Бөкей ордасынан әнші Мұхит Мералыұлы мен күйші Әлікей, Жетісудан Жамбыл ақын, Қаратаудан күйші Сүгірмен бірге Арқадан барған Баубектің де есімі аталады. Бұл Баубек Ескергепұлының қайраткерлігін танытатын үлкен дерек.

1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Амангелдінің тубегі болған Тәукеұлы Шыңғыс пен Есенгелдіұлы Саржанда осы Баубектің жақын туысқандары. Аталған көтеріліс пен азамат соғысы жылдарындағы дүрбелең, одан кейінгі «Тас мешін», «Ала тауық» жұттары қатты тиген өз ауылын Баубек 1922 жылдың көктемінде Қаратауға көшіріп апарып, сондағы туысқан ағайындарын сағалайды. Өзі сол Қаратау бойында 1923-24 жылдардың шамасында өмірден өткен.

Баубектен жеткен мұралар ретінде аталатын туындылар «Сарын», «Аққу» және «Қоңыржай» күйі.

Әдетте ертеден жеткен сарын деп аталатын туындылар бақсы сарындары, жай сарындар және ақындық болып жүйеленеді. Қобызда орындалатын бақсы сарындар көп жағдайда қысқа көлемді болады. Бұл бақсының қобызда ойнауымен қатар арнайы сөз айтуымен байланысты. Әртүрлі өлшемде жүріп отыратын Баубек сарыны болса күй формасында шығарылған. Бұл оның бақсылыққа қарағанда күйшілікке жақын өнерпаздық тұлғасын айқындай түседі. Баубектің күйлерін жеткізуші оның шәкірті Қазбек Әбенов екені белгілі. Қазбектің бел баласы, өзі де музыка маманы Бораш ағамызбен сөйлескенімізде Баубектің сарынын Қазбектің дамытып тартып, толық күй формасына жеткізгенін айтқан еді. Бораш ағамыз әкесінің Баубек күйі деп «Қоңыржайды» ғана орындап, кей ретте Баубектің күйі деп орындалып жүрген «Аққу» күйін Қазбек мұрасының қатарында атаған болатын. Бір қызығы осы «Қоңыржай» мен «Аққу» күйлерінің орындалу машығы ұқсас келеді. Күй басталғанда бастапқы позициямен басталып, ортасында төменгі регистрге түсіп, күй аяқталғанда бастапқы позицияға қайта оралады, яғни, екі регистрде жүріп отырады. Өнертану ғылымдарының магистрі Мақпал Манасбаева өзінің «Дәстүрлі қылқобыз орындаушыларының стильдік ерекшеліктері» (Қазбек Әбенов, Сағынтай Елепанов, Нышан Шәменұлы, Мұсабек Жарқынбеков шығармашылығының негізінде) диссертациясында осы күйлердің Қазбек Әбеновтің орындаушылық ерекшелігі болып келетінін атап көрсеткен. Екі күйдің ұқсас келуі бір өнерпаздың қолынан шыққандығы ма әлде шәкірт Қазбектің ұстаз Баубектің күйшілік дәстүрін дамытқандығы ма оны арнайы музыкалық сауаты бар зерттеуші ғалымдар анықтап айта жатар (бәлкім шартты түрде Баубек-Қазбек күйлері деуге болар) , біздің білеріміз Баубек атына телініп орындалатын бұл күйлер Тобыл-Торғай топырағында ғана емес, жалпы қазақ даласында туған қобыз күйлерінің көрнектілерінің санатынан екені анық.

А. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында өзіне Орынборда жолыққан қобызшы Зәкария Кәрібаевтың өнеріне жоғары баға бергендігі мәлім. Ол сол жолы Зәкариядан «Қазақтың әскери маршы», «Итерме», «Қазақтың жеңіс әні», «Сары бақсы»», «Ащыкөл» күйлерін нотаға түсіріп, өз кітабына енгізген.

Зәкария Қанапияұлы 1900 жылы Торғай уезі, Шұбалаң болысында дүниеге келген. Жасынан қобызшылығымен, бақсылығымен танылған Зәкария емшілік қызметін 14 жасынан бастаған. Зәкарияның інісі Хамитбектен тараған Амантаев Мақсаттың бізге берген деректеріне сүйенсек Зәкария кеңестік дәуірде Торғай уездік атқару комитетінің сауда бөлімін басқарып, қызмет істеп жүрген кезінде бақсылықпен айналысқаны үшін қамауға алынған. Бірақ ол отырған камераның құлпы өзінен-өзі алынып, есік ашылып Зәкария емін-еркін кіріп шығады екен. Оны күзеттегілердің бірде-бірі көрмеген. Заң орындары Зәкарияның туған-туыстарына қыспақ жасалады деп қысымға алып барып, бақсылық қоюға мәжбүр еткен. Кейін түрмеден шығарып, партия қатарына енгізсе керек. Осыдан кейін өзінің серігі болған қылқобызын елден шетке апарып, сенімді жерге тапсырған. Қобызды тапсырып елге келгеннен кейін, келесі күні қобызы өз үйінің босағасында сүйеулі тұрыпты. Мұны бақсылықты тастама деп әкелген қызмет ететін жындары істеген екен. Зәкария қобызын екінші рет тағы да апарып тапсырады. Сол сапардан оралғаннан кейін ауыр науқастанып, 1937 жылы өмірден өткен. Дүниеден өтерден бірнеше күн бұрын әкесін шақыртып, өзінің үш күндік ғұмыры ғана қалғанын ескертіп айтқан екен дейді ұрпақтары. Бұл әңгімелердің қаншалық шындық екеніндігіне сенуді айтушы мен естушінің өзіне қалдыралық. Бір анығы Зәкарияның көнеден жеткен қобызшылық өнерді терең меңгерген өнерпаз болғандығы күмәнсіз ақиқат. Мәселен Зәкария тартқан «Сары бақсы» күйі Алтын Орда дәуірінен қалған музыкалық мұралардың бірі. Алтын Орда ханы Берке Ислам дінін қабылдағаннан кейін, ел ішіндегі бақсылар қудалауға ұшырап, жазалана бастайды. Сол заманда өмір сүрген атақты бақсылардың бірі Салтық Сары халық арасында жасырынып жүріп, түрлі кереметтер көрсетіп, емшілікте жасаған. Зәкария тартқан «Сары бақсы» осы Салтық Сарыға тиесілі күй. Затаевич өз жинағында Кәрібаевтің тартқан күйлерінің қазақ-қалмақ соғысы кезеңінде туған күйлер екендігін атап көрсеткен. Бұл «Қазақтың жеңіс әні», «Қазақтың әскери маршы» күйлеріне қатысты болса керек. Қазақ-қалмақ соғысы тұсындағы ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама дәуірінен қалған аңыз-әфсаналар мен әңгімелерде «ит ішпестің алакөлі», «ит ішпестің ащыкөлі» деген тіркестер кездеседі. Осыған қарағанда Зәкария тартқан «Ащыкөл» күйі де сол заманнан бастау алады деп болжам жасауға болады.

Кейінгі дәуірде Торғай өңірінде қобызшылық дәстүрді сақтап, оны дамыта түскен өнерпаз Қазбек Әбенов (1914-1995) еді. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын алып, талай шығармашылық байқауларда жүлделі орынды иеленген Қазбектің шығармашылық тұлғасы жергілікті аймақта ғана, бүкіл Қазақстандағы қобызшы өнерпаздарға аян. Біз осы себепті Қазбектің өмір жолына тоқталып айтып жатпадық (Қазбек Әбенов жайлы біршама толық деректерді Бөгетбай Әлмағамбетовтің «Торғай әуендері» кітабынан оқуға болады).

Қазбек өзінің ұстазы Баубек күйлерін жеткізген орындаушы ғана емес, өзі де күй шығарған шебер қобызшы. Оның қобызға арналған «Сыбызғы», «Қоштасу», «Торғай толғауы», домбыраға арналған «Жорға», «Сахара», «Жайлау» атты күйлері бар.

Қазбектің «Қоштасуы» Амангелді ауданы өнерпаздарының Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын сахналаған кезде шығарған күйі. Драмадағы Ақтотының қасірет шегіп, қайғылы халге түскен шағын музыка тілінде жеткізу үшін шыққан туынды ел көңілінен орын алған күй болды.

«Торғай толғауы» Торғай облысы құрылғаннан кейінгі уақытта, облыс өнерпаздарының Алматы қаласында есеп беруі есепті болған концертке арнап шығарылған күй.

Ерте заманда Ұлытау мен Торғай аймағына аты жайылған Жаңқа сал, Тайлақбай секілді сыбызғышылар «Досымжан», «Бозінген», «»Айрауықтың ащы күйі», «Алқакөл сұлама» т.б. сыбызғы күйлерін ел арасына таратқанымен біздің заманымызға жетпеген. Осы орайда Қазбек тартқан «Сыбызғы» күйі Торғай өңірінде қобыз бен домбыра ғана емес, сыбызғышылық дәстүрдің болғандығының айғағы болатын күй. Күйдің шығуына белгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың елге келген сапары себепші болған. Ол осы сапарында сыбызғы тартатын адам іздеп, оның музыкалық аспап ретіндегі ролін анықтамақ екендігін айтады. Сыбызғышылар табылмаған. Ертеде сыбызғы күйлерін естіген Қазбек, өзі естігенін жаңғыртып сыбызғы әуенін қобыз әуезіне келтіріп «Сыбызғы» күйін тартып береді. Сыбызғыдай сызылған әуезді дыбысты шығару екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Бұл күйдің тыңдаушыға ерекше әсер беретіні де содан болар.

Қазбектің домбырада орындалатын «Жорға», «Сахара», «Жайлау» күйлері сақталмаған және жыршылықтыда жақсы меңгерген өнерпаздың орындауындағы «Көрұғлы», «Көрұғлы мен Безерген», «Қобыланды», «Алпамыс» (Бораш Қазбекұлы әкесінің «Алпамыс» жырының екі нұсқасын жырлағанын айтады) жырларының жазып алынбауы да өкініш тудырады. Ал қобызшы ретіндегі Қазбек Әбенов шығармашылығы өнертану ғылымдарының магистрі Мақпал Манасбаева өзінің «Дәстүрлі қылқобыз орындаушыларының стильдік ерекшеліктері» диссертациясында жан-жақты қарастырылған.

Жоғарыда аталған тұлғалардан кейінгі кездегі Тобыл-Торғай өңіріндегі қобызшылық дәстүрді жалғастырушылар ретінде Сапар Әбенов, Бораш Әбенов, Қалибек Деріпсалдин, Зоя Сейілова, Батырбек Байназаровтарды атауға болады. Дегенмен бұлардың көпшілігі сазгер ретінде танылса да, дәстүрлі қылқобызда орындаушы болып қана қалып отыр.

Батырлан САҒЫНТАЕВ,
Дала өлкесі тарихы облыстық
мұражайының ғылыми қызметкері;
Әділ АҚАНОВ,
Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің оқытушысы
Арқалық қаласы

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *