— Масқара болдым, зәрем зәр түбіне кетіп отыр…
— Не болды соншалықты?
— Айтары жоқ, құрыдым, біттім!
— Ау, енді қалтырай бермей айтсаңшы не болғанын!?
— Анау арыз-шағым жазумен атағы жер жарған «Қызылкөз» мені сотқа беріпті.
— Астапыралла, не дейді! Немене, «бірдеңе» жеп қойып па едің?
— Немді жеуші едім, жейтін не бар мен байғұста?.. Өткенде бір үлкен тойға мен асаба болдым ғой. Сорымның түрткені ме, қайдам, сонда әлгі қызылкөзге 9-шы кезекте сөз берудің орнына шатысып, 10-шы кезекте беріп қойыппын…
— Иә, содан…
— Содан не болсын, маған сөзді өз кезегімде бермеді деп мені сотқа беріп отыр.
— Бар болғаны сол ма, сол үшін сотқа беріп пе? ..
— Сөзінің түрін қара, «бар болғаны сол ма» дейді. Немене, бұл аз ба? Тойда сөз сөйлеу, әсіресе, байлардың аяғын жерге тигізбей аспандатып сөйлеу, кісінетіп сөйлеу, шұбыртып сөйлеу, құбылтып сөйлеу, есілтіп сөйлеу, есіртіп сөйлеу, көсілтіп сөйлеу бүгінгі күннің ең маңызды, ең басты мәселесіне айналғаны қашан. Тойда кім кімнен бұрын сөйлейді, кім кімнен кейін сөйлейді, кім қалай сөйлейді, міне, мұның бәрі — үлкен саясат. Тіліңнен «қаймақ» ағызып, бал тамызып сөйлесең, байекеңнің саған жылқы атай салуы ғажап емес. Қазір мырзалар көбейіп жатыр ғой. Өткенде бір тойда бір ақынның бай досына арнап:
Құтты болсын бүгін толған 70-ің,
70-іңнің көрме ешқандай тепкісін.
70-іңде күндіз ғана желігіп,
Кемпіріңнің қасында отыр кешкісін,
Қуып кетпе біреулердің «ешкісін», — деп әзілге сайып, мақтап, мадақтап, бір жылқыға ие болғанын өз көзімізбен көрдік. Әнеки, көрдің бе, қызыл тілдің құдіретін, сөздің құдіретін. Сөз құдіретті болмаса, кезегінде бермегенім үшін мені сотқа бере ме? Құрыдым енді, біттім…
— Қойшы, түймедейді түйедей ғып.
— Түймедей дейсің, ә. Бұл — сенің ақымақтығың, надандығың!
— Сонда қалай, сөзді кешіктіріп бергеннің «статьясы» бар ма екен?
— Бар екен ғой. «Қызылкөз» оны да тауып алыпты. Ол таяуда ғана телефоныма СМС жіберіпті. «Қисық, біттің. Енді көз жасыңды көлдетсең де, сотқа берген арызымды қайтып алмаймын. Сен ар-ожданды қорлау статьясымен сотталасың. Менің бақталасыма менен бұрын сөз беріп, мені әбден қорладың, жер қылдың, ит қылдың, абыройымды айрандай төктің. Бұл — барып тұрған сұмдық! Бақталасымнан кейін мен қақалып-шашалып, түшкіріп-пысқырып, ыңыранып-іңіреніп сөйлей алмай қалдым. Сөйтіп, масқара болдым. Сен, жөлік, мұны әдейі істедің. Енді мен ағайын-туыстардың, ел-жұрттың бетіне қалай қараймын, қалай жер басып жүремін? Бұдан өткен қорлық бар ма, бұдан өткен сұмдық бар ма? Енді сенің көзіңді түрмеде ағартамын, сені түрмеге тықпай жаным жай таппайды. Сол жақта асаба болып, «жарапазаныңды» айтып жүрерсің».
— Әнеки, «Қызылкөз» осылай деп жазыпты. Енді қайттім? Масқара болдым, зәрем зәр түбіне кетіп жүр. Кетпей қайтеді, сотталатын болсам. Ерінбесеңіздер, менің сотыма келіңіздер, ағайын. Ара түсіңіздер.
Дамир ӘБІШ
Қостанай
фото — super-positive.ru