«Оян, қазақ!..» деп жар салған

Міржақып есімінің білім ордасына берілуі құптарлық

Ақиқаттың жүзіне тура қарар болсақ, соңғы жылдары елорда көшелерінің басым көпшілігі қазақша атауға ие болды, бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарға халқымыздың көрнекті ұл-қыздарының есімдері берілді. Тіпті Қазақстан картасындағы қалалар мен аудан аттарын да, жер-су атауларын да елорда аумағынан кездестіресіз.
Жақында ғана Астана қаласында Есілдің сол жағалауындағы бір көшеге белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың есімі берілгенін ақпарат құралдары жарыса жазды. Осындай жақсы үрдіс жалғасын тауып жатыр. Енді, міне, таяу уақыттарда Астананың Көктал кентіндегі №68 мектеп Міржақып Дулатов есімін иеленбек.
Бұл туралы мектептің бұрынғы директоры, бүгінде зейнеткерлікке шықса да мектептен қол үзе қоймаған Шәріпхан Жәкенбаев қуана жеткізді.

– 2011 жылы 2 қыркүйекте ­Астана қаласы әкімдігінің «№68 орта ­мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылған соң, оқу-тәрбие үрдісі қызу басталды. Менің алдымда мектептің алғашқы директоры ретінде жаңа мектеп ұжымының мақсат-міндеттерін айқындау, педа­гогтар қауымдастығын, оқу­шылар ұжымын қалыптастыру, ата-аналармен тығыз байланыс орнату жұмыстары тұрды. Мектеп директорының орынбасарларын іріктеп, тағайындаған соң, мұғалімдермен жеке, ұжымдық кездесу, жиналыстар өткізіп, жос­парларыммен бөлістім, оларды тыңдап, пікір-ұсыныстарын назарға алдым. Нәтижесінде мектепте «Тәрбие – ұлттық, білім – жаһандық» ұстанымы қолдау тапты. Еліміздің барлық өңірінен келген балаларды елордалық мектеп ұжымы ретінде қалыптастыру үшін халқымыздың тілін, ділін, салт-дәстүрін, ұлы қазақ даласының хан-батырларының, билері мен ақын-жырауларының, Алаш арыстарының өмір жолдарын, ел алдындағы еңбегін дәріптеуді таңдадық, – дейді ол.
Расында, осыдан бес-алты жыл бұрын Көктал тұрғындары қазаққа қайта оралған Алаш арыстарының бірі – Міржақып Дулатұлының есімін мектепке беруді ұсынған болатын. Оқу орнының педагогикалық кеңесі 2013-2014 оқу жылынан бастап мектепте «Алаш жолы» тәжірибелік алаңын ашуды Астана қаласы Білім басқармасының қарауына енгізді, ұсыныс қолдау тауып, үш жылға бағдарлама жасалып, жүзеге асырыла бастады. Ақберен ақындар Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров, «тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп өткен Әлихан Бөкейханов, «Оян, қазақ!» деп ел санасын тебірентіп-толқытқан арыстан жүректі Міржақып Дулатұлы, ақыл-парасатымен, бүкіл ізгі ғұмырымен туған халқына қыз­мет ету үлгісін көрсеткен Ахмет Байтұрсынұлы, басқа да шоқтығы биік Алаш қайраткерлерінің өмір жолы, рухани ұстанымы шәкірттерге үлкен ой салды, көптеген ғылыми жобалар дүниеге келді. Тарихи семинарлар, сынып сағаттары мен кездесулер өткенге салауаттылықпен қарап, ана тілімізге, ұлттық болмысымызға деген оқушылар құрметін күшейтуге жол ашты. Осыдан кейінгі үш оқу жылында «Алаш жолы» тәжірибелік алаңы аясында көптеген оқу-тәрбиелік іс-шаралар өткізіліп, жұмыс ­қо­рытындысы ретінде 2016 жылдың 10-желтоқсанында «Міржақып және Тәуелсіздік идеясы» тақырыбында бірінші қалалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, мектепте Міржақып мұражайының негізі қаланды.
Бүгінде сол мұражайдан ­Міржа­қып Дулатұлы туралы көптеген мағлұ­маттар алуға болады. Оқушы­ларды ұлтын сүйген ұлы тұлға арқылы тәрбиелеудің тамаша дәстүрі қалыптасты. Мәселен, мұражайдан жас жеткіншек Міржақып туралы мынадай деректерді таба алады.
«Ол Әлихан мен Ахметтен ұлт­тық-демократиялық қозғалыстың сабақтарын алады, өзінің өршіл ойын мақалалар арқылы білдіреді. 1907 жылы Петерборда шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңін ­бастырады, осы газеттің шықпай қалған екінші нөміріне «Біздің мақсатымыз» деген бас мақала әзірлейді. 1909 жылы Уфа қаласындағы баспадан «Оян, қазақ!» деген атпен өлеңдері, ой-пікірлері кітап болып басылып шығады. Қазақ халқының рухани азығы болған бұл кітап, ел арасына тез тарап, халыққа ой салғандықтан, патша өкіметінің тарапынан қуғындалып, тәркіленеді».
Немесе мынадай мәліметтер шәкірттер санасына ұялап, елім, жерім деп басын бәйгеге тіккен өр азамат болмысынан хабар береді.
«1922-1926 жылдары Міржақып Орынбордағы қазақтың халыққа білім беру институтында жұмыс істейді, онан соң «Еңбекші қазақ» газетінде жауапты қызметте болады. Осы жылдары еңбегі жемісті болып, «Есеп құралы» оқулығын толықтырып, баспаға береді. «Қирағат кітабын» қайта бастырып шығарады. Көптеген оқу құралдарын қазақ тіліне аударып, елдегі мәдениет революциясына белсене араласып жүргенде ол ­Сталин мен Голощекиннің қармағына ілінеді, 1928 жылы желтоқсанда бір топ қазақ зиялыларымен бірге қамауға алынады. 1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімімен ату жазасына кесіледі, кейін бұл үкім10 жыл абақты қамауына ауыс­тырылып, Міржақып Карелияның Сосновец станциясының маңындағы Соловки лагеріне жіберіледі».
Мұндай қысқа да нұсқа мұражай деректері түрлі тарихи суреттермен толықтырылып, балалардың жүрегіне от жағатын тәрбиелік мәнімен есте қалады.Көктал тұрғындарының қалауын осылай өздері жүзеге асыра бастаған №68 мектеп ұжымының игілікті ісі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Олардың Міржақып атын оқу орнына беру туралы ұсынысын Астана қаласы Білім басқармасы мен Астана қаласы Тілдерді ­дамыту басқармасы қолдады. Сөйтіп, ол Астана қаласының ­ономастика комис­сиясының 2016 жылғы 7 қыркүйек­тегі ­отырысында қа­нағат­­­тан­­дырылды. Қазақстан ­Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыз­дағы №281 қаулысына сәйкес, Астана қаласының әкімдігі қаулы етіп, Астана қаласының мәсли­хаты шешімімен ­Астана қаласы әкімдігінің «№68 орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Міржақып Дулатұлы есімін беру туралы ұсынысы қолдау тапты. Одан әрі ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметі жанын­дағы Республикалық ономастика ко­миссиясының қарауына енгізілген болатын.
Бүгінде мектеп басшылығы тізгініне ие Күнімбала Баяхметбаева осы ұсыныстың оң шешілетініне педагогикалық ұжым мен Көктал тұрғындары үмітпен қарайтынын жеткізді.
Айта кету керек, 2017 жылдың 7 желтоқсанында Мәңгілік ел идея­сымен сабақтасып жатқан, ­Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай мектепте «Рухани жаңғыру және Алаш қозғалысы» тақырыбына әдеби-сазды кеш өткізілген. Сонда Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдері оқылды, Ахаңның Фай­зол­лаға жазған соңғы хаты жинал­ғандарды ерекше тебірентті.
«Онда Алаш арыстары туралы ойлар түйінделіп, ең алдымен, олардың елдің басты қазынасы – жер мәселесін көтеріп, шешкені, халыққа, ұрпаққа үлгі-өнеге болар саналы өмірі, дүние танымы, алға қойған мақсаттарына жету жолындағы қажымас ерік-жігері, қайсар мінезі, биік рухы, ұстанған тұтастық пен бірлік идеясы – ширек ғасырда болашағына үлкен қадам жасаған бүгінгі Қазақстанның экономикасына рухани байлығы сай мемлекетке айналуына негіз болып отырғаны тілге тиек етілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» делінген. Осы орайда, рухани жаңғыру кезеңінде де Алаш мұрасы ел тәуелсіздігін нығайтатын құнды қазына болып қала бермек» дейді мектеп басшысы.
Ал Шәріпхан Жәкенбаев былтыр қараша айында №68 орта мектептің мұғалімдері Амантай Искаков, Серік Рахметовтермен бірге «Бидайық» ­ауылына сапар жасағанын да айта кетті.
Жолы қиындау «Қызбел» өңірі бұларды қарлы жаңбырмен қарсы алғанымен, ағайындардың ақ пейілі, Міржақып секілді нар тұлғаға, оның рухына деген құрметі бас игізді. «Оян, қазақ!» өлеңінің шумақтары ойып жазылған қара мәрмәр таспен көмкерілген Міржақып кесенесі бүкіл ғұмырын халқына арнаған есіл ердің рухын биіктете түскендей.
Қатаң тәртіпте, жантүршігерлік жағдайда, бұрын монастырь болған тас үйлерде көптеген саяси тұт­қындармен бірге жазықсыз жапа шеккен Міржақып Дулатұлы ауыр нау­қасқа ұшырап, 1935 жылы 5 қа­занда Сосновец станциясындағы лагерьдің лазаретінде дүниеден өтті. 1988 жылы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы сотының коллегиясының үкімімен, қылмыс құрамы болмаған­дықтан ақталды.
Иә, ақ пен қараны айыратын күн туды. Ақиқат алмас кездік сияқты, қын түбінде жатпайды, жарқ етіп, жарып шығады. 1992 жылдың күзінде белгілі ғалым Марат Әбсеметовтың ұсынысымен жасақталған арнайы топтың Міржақып Дулатұлының мүрдесін Карелия жерінен туған топырағына әкеліп жерлеуі,1995 жылдың 8 қазанында 110 жылдығы аталып, асыл ерге кесене тұрғызылып, мұражайдың ашылуы, елордадағы №68 мектеп ұжымының қайраткер есімін ту етіп ұстануы халықтың ерекше құрметінің белгісін паш ете түседі.
Тек енді Ономастикалық комиссия ел тілегін жерге қаратпаса болғаны.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ
АСТАНА

anatili.kazgazeta.kz

Мынаны да қараңыз

Торғайым — текті тамырым, Атырау — алтын діңгегім

Өткен аптада Атырау қаласында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Рашила Қабиқызы Мұрсалиеваның 70 жылдық мерейтойы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *