Таспа

Тосынқұм

Торғай жерінің бір пұшпағы — Тосынқұм туралы
Тосынқұм! Тосынқұм атауы есіме түскенде әуелі Тосынның Торғай жерінің батысындағы құмды-шөлейтті аймақ екенін және атақты тархан – Шақшақ Жәнібектің қонысы болғанын білетінмін. Алдыңғы жылы Шеген ауылы жағына өткен едім, бірақ Тосынқұмды бұрын естігенім болмаса, барып көрмеген жерім. Иә, қызық, бәлен жыл Торғайда тұрсам да Тосынқұмға жол түспеген еді. Осы жолы арнайы және сайланып келдік, бірақ, әдеттегідей уақытымыз тығыз болды. Сөйтіп, 2019 жылғы 7 шілде күні түстен кейін «Алтын Дала» резерватының «Тосынқұм» учаскесіне жол тарттық. Жалпы, сырттың адамы Торғай жерін көріп, бәрі бірдей боз дала деуі мүмкін, бірақ, мен мысалы, Ұлы Жыланшық жағының, Сарықопа бөлігінің, Тосынқұм жерінің айырмашылығын бірден байқадым. Қазақ даласының Торғай секілді ұланғайыр аймағының табиғаты әртүрлі болуы заңдылық қой. Ол әртүрлі жерлердің ішіне құмды-шөлді аумақтар да бар, мысалы, Аққұм, Қарақұм, Айырқұм, Қошалаққұм, Құмкешу т.б. Ал, Тосынқұмның жөні басқа. Иә, Тосынқұмның жері құмды, тіпті биіктігі 10 метрге дейін жететін құм жалдары да бар. Көлікпен келе жатып, өзіңізді тура Сахарада жүргендей сезінеді екенсіз! Расында ғажап өлке!
Бірақ, Тосынқұм туралы Торғайдың тума талант ақыны Кеңшілік Мырзабековтен артық ешкім жырламаған шығар: «Шалқардан Ырғыз арқылы, Торғайдан тартсаң — Нұрамен. Тосынның орғыл сар құмы, Томсарып жатқан бір әлем. Бір шеті — анау Ұлықұм, Бір шеті — мынау «Балақұм», Бір шеті айбын Ұлытау, Бір шеті — айдын Аралым. Жиектеп құмды қарт Торғай, Алқымы кеппей ағатын…». Не деген керемет теңеу! Тосынқұм жөнінде географиялық түсінік беретін болсақ, ол оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай Торғай өзенін бойлай 66 шақырымға созылып жатқан, ені шамамен 21 шақырымды құрайтын ен дала. Бұрын Қарақұдық, Түйемойнақ (білуімше, бұл ауылда бастауыш мектеп бар), Тоңқайма, Жыңғылды және Қарғалы, Иман атты ауыл-қыстақтар бар болатын, оның ішінде Қарақұдықты барып көрдік, қазір ол резерваттың «Тосынқұм» учаскесінің ішіндегі елсіз жұрт екен.
Жоғарыда аты аталған Кеңшілік Мырзабековтың «Жер аттары» атты мына өлең жолдарынан жергілікті жердің географиялық атауларын білуге болады: Қара Торғай – Сары Торғай, Қошалақ құм – Қарақұм. Сары Тосын – сары атандай Ботасындай – Балақұм. Түйемойнақ, Ақшығанақ – Қарт Торғайдың қанаты. Ешкіқырған – Қазасалған… Қандай-қандай жер аты! Кейде, біздің халқымыздың жерге ат қоюы шеберлігіне таң қаламын, шағын ғана аумақта қаншама жер атаулары бар және өзгеше, сирек кездесетін атаулар. Месқали деген де жер атын естіп едім. Тосынқұм демекші, оның батысына қарай, шамамен 15 шақырым жерде солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 3 шақырымға созылып жатқан, енді жері 1 шақырымды құрайтын Жақсы Қарабас деген тау бар. Торғайда тау да жетерлік, Қызбелтау, Жылантау, Шұбартау, Тасмола тау деп кете береді. Бірақ, ол туралы алдағы материалымызда баяндамақпын. Айтқандай, жер астынан су шығып жатқан, шағын көлшікті жерге де соқтық. Бұл жердің атын Қарақұдық дегенмен, кейін Ізбасты деп естідік. Су жылы, көміртек исі бар, емделушілер бар деп айтты, бірақ оның құрамы, пайдалылығы туралы әзір толық мәлімет жоқ. Бірақ, зияны жоғы нақты. Ауруларынан құлан таза емделгендер бар екен. Түбі бұл жерге (учаскенің шеткері жері) адамдардың денсаулығын түзету үшін курорт па әлде санаторий ма керек екені түсінікті.
Енді, азды-көпті «Алтын Дала» резерватының «Тосынқұм» учаскесі туралы мағұлмат бере кетейін. «Тосынқұм» учаскесінің жалпы аумағы — 95 981 га-ны құрайды, бұл учаскеге Тосын құм мен Торғай өзенінің сол жағалауы жатады. Резерваттың өзі 2012 жылы құрылған болатын және ол тиісінше үш учаскеден – Тосынқұм, Ұлы Жыланшық және Сарықопа учаскелерінен тұрды. «Тосынқұм» учаскесін құрудың мақсаты – ол киіктердің Бетпақдала популяциясын сақтау, дәл осы учаске арқылы олардың ішкі миграциясы жүреді. Әрине, жабайы жануалар дүниесі мол, Ұлы Жыланшық учаскесіндегідей, мұнда да мысық тұқымдас аң – сабаншы өмір сүреді. Жабайы шошқа, қарсақ-түлкі, қасқыр сияқты фауна өкілдері мұнда да кездеседі, естуімше, осыдан бірнеше жыл бұрын қасқырлардың біздің өңір үшін белгісіз бір түрі де резерват аймағынан байқалған, еліктер де бар екен. «Тосынқұм» учаскесінде сүт қоректілердің 29 түрі, құстардың 250 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 14 түрі, қосмекенділердің 4 түрі және балықтың 10 түрі кездеседі. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек және жойылып бара жатқан құстардың 32 түрі бар: қызғылт және бұйра бірқазан, қалбағай, қарабай, кішкентай аққұтан, қоқиқаз, кішкентай аққу, сұңқылдақ аққу, қызылтамақ қарашақаз, ақбас үйрек, ақтырна, көктырна, ақбас тырна, дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек, тарғақ, сүйріктұмсық шалшықшы, қарабас өгізшағала, қарабауыр және ақбауыр бұлдырық, қолаңтөс, лашын, ителгі, аққұйрық субүркіт және ақиық субүркіт, бүркіт, қарақұс, дала қыраны, жыланшы бүркіт, балықшы тұйғын, үкі.
Дегенмен, құстардың да әртүрлі далалық түрлері кездеседі екен, ал шөптердің түрлеріне қатысты айтатын болсақ, «Тосынқұм» учаскесінде 64 тұқымдастар мен 216 түрден тұратын ортақ саны 430 түрі бар флора өкілдері белгілі екен: аса ірісі жұлдызгүл тұқымдастар (64 түр) – мыңжапырақты түймешетен, бөрте жусан, көбенқұйрық, сортаңды шұбаршөб және басқалары; алабұта тұқымдастар (29 түр), қияқөлең тұқымдастар (24 түр). Жағалық-су өсімдіктерінен қамыс, қоға, түйнекқамыс, теңгебас, кербезгүл, оқжапырақ, су сарғалдағы, кірпібас, қырықбуын, мүк; нағыз су өсімдіктерінен – тұңғиық, балықот, шылаң, егеушөп, арамот, торсылдақ, мүйізжапырақ, харофиттердің 9 түрі және балдырлардың түрлері мен үлгілерінің 42 түрі кездеседі екен. Бір қызығы, мұнда жеуге болатын (тамаққа да пайдалануға болар) шөптер де өседі екен. Шөп жемекші, шөптің түрін, қандай болатынын, ерекшелігін Торғайдың тағы бір тумасы Сейіт Кенжеахметов ағамыздай білетін адам кемде кем еді! Көрдіңіз бе, қазақ даласының бір ғана кішкентай пұшпағының аң-құсы, жануалар мен өсімдіктер дүниесінің саны мен түрлері осындай! Дәл осы Тосынқұм жерінде Қазақстанның солтүстігінде тек Торғай жерінде өсетін тораңғы кездеседі. Бұл тораңғы – ақ тораңғы деп аталады екен. Жалпы, тораңғы өскен жерді не кей жерлерде жеке-дара тораңғы ағашы өсетін алқаптар «әулиелі жерлер» деп аталады. Мысалы, «Бес тораңғыл әулие», «Үштораңғы», «Желтораңғы» және т.б. жер атаулары соның айғағы деп айтуға болады. Халқымызда тораңғы ағашына қатысты көптеген сөз тіркестері кездеседі. Мысалы, «бүрі төгілген тораңғыдай», «тораңғыдай толықсып», «шөлге біткен қу тораңғыдай», «кәрі тораңғыдай» және т.б. Сонымен қатар көрнекті халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Бір түп тораңғы» атты повесіндегі басты кейіпкерді тораңғы ағашына теңеуінде де үлкен мән бар. Халқымыз тораңғы ағашының көлеңкесінде ұйықтап демалуға болмайды деп есептейді. Өлкемізде өсетін тораңғы ағаштары бұдан 2 миллион жылдан бері өсіп келе жатқан тарихи әрі табиғи ескерткіш деп атауға да болады. Оның тамыры тарамданып әрі торланып өсетіндіктен «тораңғы» деп аталған деген де пікірлер бар.
Қазақ халқы тораңғы ағашы топтанып өсетін алқапты «Тораңғыл» деп атайды. Балқаш маңында Тораңғылық деген жерді де білуші едім, табиғаты әсем, демалуға қолайлы. Ал, жалпы тораңғы ағашы туралы халық арасында аңыз-әңгімелер көптеп айтылады. Сондай аңыздың бірі тораңғы тоғайының түн қараңғысында сиқырлы ән салып тұруы періште қыздарының тораңғы тоғайының ішінде екенін білдіреді деп естіп едім. Тосынқұмның бойында жүйткіп келе жатып, тораңғы туралы, перінің қыздары туралы ойлап келе жатып, «Торғай қызы» деген әннің өлең жолдары есіме түскені. «Қызы ғой ол да Торғайдың. Жайнаған дала көктемдей, Шуағын жанға төккендей. Торғай қызы салған ән, Еркелеп маған жеткендей……». Торғай қызы демекші, Торғай топырағында Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова, Аққағаз Сағындыққызы Досжанова, Құралай Әлібиқызы Натуллаева сияқты қайсар қазақ қыздары дүниеге келген еді. Әсіресе, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш мәдениет қайраткері, педагог, жазушы, журналист-публицист, аудармашы – Нәзипа Құлжанова болатын болса, бүкіл Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі – Аққағаз Досжанованың есімі көмескі тарта береді.
Иә, бір әңгімеден екінші тақырыпқа ауып кетіпін-ау, дегенмен мына бір аңызға бергісіз оқиға Тосынқұмның қадірін одан сайын арттыра түскендей! Бір жолы Шақшақ Жәнібек адамдарымен қонысқа жер көріп жүргенінде қалмақтарға кездесіп қалып, жерді босатыңдар деген талап қояды. Олар қарсы дау айтады. «Онда берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алармын»,– дейді Жәнібек. Қалмақ жағы: – Соғысып адам шығындамайық, жекпе-жекке тұрайық. Кімнің батыры жеңсе, жерді соған қалдырайық, – дейді. Бәтуә осы болған соң, күн байласып, жекпе-жек өтетін орынды белгілеп, үш күнге пұрсат алысады. Содан Жәнібек жекпе-жекке Уақтың Жолмырза, Қарамырзаларына ат шаптыртып, Қазы Бармақ батырды қосар атпен алдыртады. Бармақ келіп жеткенде, – Жолсоқты болып келдің ғой, бүгін демал, ертең болсын жекпе-жек, – дейді. Бармақ, – Жоқ, неде болса осы келген бетімде көрейін, хабар бергізе беріңіз, – дейді. Қалмақ жағына жекпе-жекке әзірміз деген хабар жіберіледі. Ол жақтан Сәдірбала деген батыр шығады. Мұны қырғыз деп те айтады. Жәнібек: атың шаршап келген шығар, тың тұрған менің атымды мін, – дейді. Бармақ Жәнібектің атына мініп көріп: – Тақымым үйренген өз атым дұрыс болар, – деп өз атына мініп шығады. Жекпе-жекте Сәдірбаланы өлтіреді.
Содан қалмақ ауып, жерден көтеріледі. Көшерінде солар айтты деген мынадай бір сөз бар: – «Қара суы бал татыған, ақшабағы май татыған, Торғай-ай! Жігітінің беті қызыл болатын, атының құйрығы ұзын болатын, Тосын-ай!» – деп, жылап кетіскен екен дейді көне сөз. Суретте «Алтын Дала» резерваты «Тосынқұм» учаскесінің қызметкерлерімен бірге, фотоға түсірген Данил Потапов-Поличинский! Сондай-ақ, Интернеттен алынған сызбалар мен деректер! Айтқандай, қонақтарға ықылас білдіріп, резерват аумағына кіруміз үшін жағдай жасаған, қызметкерлердің бізді алып жүруі үшін мұрындық болған «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дүйсенғали Қалибекұлы Айтпаев мырзаға және резерваттың Табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің бастығы Серікболсын Қаржаубайұлы Құлжанов мырзаға, сонымен қоса, сапарымыздың сәтті өтуіне барлық жәрдемдерін жасаған, көлікпен көмектескен Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспанов мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қуанышбекұлы Торыбаев мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Серікұлы Бидашев мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Роза Өтелбайқызы Аққалиева ханымға және Жанкелдин ауданы Кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Сәуле Дүйсенова ханымға, «Торғай» мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Құлетқызы Сәрсекей ханымға алғыс білдіреміз!

Мынаны да қараңыз

«Құлагерді» өз мақамымен жырлаған

Қостанайда қазақтың жыршылық өнеріне үлкен үлес, жаңашыл леп әкелген композитор бар. Бірнеше мақамның авторы. Таңды ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *