Төртінші деңгейдегі бюджет: көш түзеле ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» дей келіп, жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыруды, бюджетаралық қатынастар жүйесін реформалауды тапсырды.
Көз – қорқақ, қол – батыр

«Аудандық, қалалық, ауыл­дық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс» деп көрсетті. Бұл орайда төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру, жергілікті өзін өзі басқару ісін нығайту бұрнағы жылдардан бері жалғасып келеді. Былтыр облыс­та кемінде 2000 тұрғыны бар 45 ауылдық округ төртінші дең­гей­дегі бюджетке көшкен еді. Олар енді ауылдағы қаржы талап ете­тін әлеуметтік мәселелердің ше­шімі үшін аудандық бюджетке қарап, ауыз ашып отырмай, мүмкіндігінше өз қотырын өзі қаси­тын болды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы. Бюджет­ке қаржы ті­келей түскен ауыл­дық округтерде алға тал­­пыну, салық жинауды ширату, ма­сыл­дық пиғылдан арылу,  талап­тар­ды түсіну секілді  жаңа леп бай­қа­лады.

Отауын оқшаулаған ауылдық округтер арасында қадамы алға басқандар Қарасу ауданында деу­ге болады. Істі игеру үшін алдымен жақсыны үйрену керек деген ұс­таныммен «Төртінші дең­гей­де­гі бюджет: ауылдық ок­ругтерді оң­тай­ландырудан бас­тап, бірінші бас­шылардың жауап­кер­шілігіне дейін» деген тақы­рыптағы дөңгелек үстел оты­рысы Қарасу ауданында өтті. Мұнда аудан халқы­ның 30 пайызы болатын, яғни 8 мыңнан аса тұр­ғыны бар «Қарасу», «Октябрь» және «Же­лезнодорожное» ауылдық округ­­тері бүгінде дербес бюджетпен жұмыс істейді.

Бір аудан­дағы осы үш ауыл­дық округ­тің екі жылға жуық уақытта­ғы жұмыс тә­жі­ри­бесі облыста­ғы төртінші деңгейдегі бюджет­ке көшкен әлгі 45 ауылдық ок­руг­терге де тән және олардың ара­сын­д­ағы ең озығы, үлгілісі де дер едік. Қарасу ауданындағы осы үш ауылдық округте барлығы 44,7 млн теңге салық түскен. Өн­ді­рісі жоқ, тек қана ауыл ша­руа­шылығымен, тұрғындары қо­ра­дағы малымен күн көретін аталған ауылдар үшін бұл жаман табыс емес. Алдағы жылы облыс­та тағы да 195 ауылдық округ төртінші деңгейлі бюджетке көшіріледі. Жергілікті бюджетті толтырып, өзінің дербестігін жүзеге асыру оңай шаруа емес. Қарасу ауданының әкімі Виктор Ионенко өздеріндегі тәжірибені ортаға салды.

– Ауылдық округтер әкім­дері жүргіз­ген жұмыстарға қа­ра­мастан төртінші сатыдағы бюд­жеттің толуына кедергі болар бірқатар проблема бар. Ең алдымен, бюджеттің үйлесімсіздігі дер едім. Жергілікті бюджетке түсетін қаржы негізінен са­лық­­тан тұрады. Ал бірқатар са­­лық мерзімі жылдың екін­ші жар­тысына қалдырылған. Мы­салы, жеке тұлғалардан алынатын көлік салығы жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Жеке тұлғалардың мүлік және жер салығының мерзімі 1 қазанға дейін белгіленген. Соның салдарынан жыл бастал­ғанда салық әзірге түсе қоймайды да, алғашқы тоқсанда бюджет қоржыны бос болады. Сондықтан жергілікті бюджет жоғары дең­гейдегі бюджетке қол жаяды, субвенцияға сүйенеді, – деді Виктор Николаевич.

Ауылдардағы коммуналдық мүлік­терге байланысты жұмыс­тардың жүйе­сіздігі төртінші дең­­гейдегі бюджетке қарсы тұ­рар екінші өзекті мәселе болып отыр. Оның мәнісі – иесіз қал­ған мүліктерге мониторинг жүр­гізіліп, оны әділет органдарына есепке қоймайды, сондықтан бағасы да анықталмайды. Жерге мемлекеттік акт, техникалық төлқұжат дайындалмайды, мү­лік­тер халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелмейді, коммуналдық меншік нысан­дарының әрі қарай пайдаланылуы да белгісіз қалады. Осын­­дай жүйе­сіздіктен кейін олар­дың құжаттары аукцион, тендер өткізуге дайындалмайды. Өйткені бұл – ұзақ уақытты талап ететін жұмыс. Ауылдық округтер бюджетінің толысуына үшінші кедергі – маман кадрлардың тапшылығы, лауазымды басшылар міндеттерінің дұрыс бөлінбеуі болып отыр. Екі жылға таяған уақыт тәжірибесі төртінші деңгейдегі бюджеттің қалыптасуына нақ осы маман тапшылығының басты кедергі екенін де көрсетіп берді. Өткен жылдан бері Қарасу ауданындағы аталған үш ауылдық округте кадр­лар жиі ауысқан, қазір 2 әкім, 5 бухгалтер, 2 маман жетіспейді. Маманның сапасы өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, осы үш ауылдық округтегі 19 бухгал­тер­дің үшеуінде ғана жо­ға­ры білім бар. Ал қазір цифр­ландыруға бай­ланысты бухгал­терлік жұмыс күрделі бағдар­ламалармен жұмыс істеуді талап ететіні белгілі. Об­лыс­тағы 45 ауылдық округте ма­манын күткен 27 бос орын тұр.

Қарасу ауданындағы үш ауыл­дық округтегі қиындықтар облыстағы өзге округтерге тән. Төртінші деңгейлі бюджетке көшіп жатқан кейбір ауылдық округтерді материалдық жабдық­таудың төмендігі де белге тебеді. Ауылдағы мамандар жұмысы кідіріссіз жүруі үшін ауылдық округ аппаратын компьютерлер­мен және жылдамдығы 512 Кбит/с кем емес интернетпен қам­тамасыз ету қажет. Тіпті, Әулие­көл, Қамысты аудандарына және Арқалық қаласына қарай­тын 4 ауыл әлі күнге дейін интернеттің не екенін білмейді. Өр­кениеттің бұл жетістігін жет­кілікті пайдаланбай, ауылдарда цифрландыру да әзірге сөз жүзінде қалады.

– Қандай қиындықтары бол­сын, ауылдардың төртінші дең­гейдегі бюджетке көшуі да­муы­мыздың шынайы тетігі екенін сеземін. Бұрын ауданға қарап аузымызды ашып отыратын едік. Ауылда қандай мәселе өзекті екенін сол ауылда тұрып жат­қан ауыл­дастардан ар­тық кім біледі? Қаржы да со­ған жұмсалуы тиіс. Мысалы, көк­темде ауылды қыс бойы үйілген қоқыстан тазалап алу – кезек күттірмейтін жұмыс. Оған едәуір қаржы керек. Енді аудандық бюджеттен келген 200-300 мың теңгеге қарап көзіміз талып отырмайды, өзіміздегі қаржыға қоқысты да шығарамыз, кө­гал­дандырамыз. Ауылда ауыз су жоқ. Алдағы уақытта өзі­міз­дің бюджет қор­жынындағы қаржыға ауыз су әкелуді бастасақ, ауда­н оған көмегін бермей отыра ал­­майды. Қаржының өзіміз­де қа­луы ауылдастардың белсен­ді­лігін арттырады, бұл ауылдың да­муына бастайды деп білемін, – дейді Жітіқара ауданындағы «При­городный» ауылдық окру­гінің қызметкері Наталья Золо­торева.

Ауылдағылардың тілегімен қатар, түсінігі осылай болса игі.

Оңтайландырмай – іс оңалмайды

Төртінші деңгейлі бюджет дегенде, әңгіме салық жи­науға тіреледі. Әңгіменің тоқ­етері осы. Салық жиналса, қаржы болады, қаржы болса ауылдағы әлеуметтік мәселелерді ауылдағылар қал-қадерінше өздері шешеді. Қара­пайым қа­зақы түсінікке салғанда да, ауыл­дық округте түтін саны көп бол­са, салық та көп жиналады. Алайда талап бір болғанымен, облыстың әр шалғайындағы ауылдық округтердің жағдайы әртүрлі. Шалғайдағы Наурызым ауданында бар-жоғы 10 мыңнан аса тұрғын бар. Ішкі көші-қон, адамдардың қоныс аударуы тоқтаған жоқ. Ауыл­дан көш­кендер мен қо­ныс аударып кел­ген­дердің айырмасы жер мен көктей болып тұр.

– Науырзым десе дегендей, таяқ тастам жерде қорығымыз бар, егіні көп аудан­дардай емес, жайылымы мол. Бірақ адамдардың қалаға көшуі тоқ­тар емес, ауыл­дық округтердегі салық жинауды бұл қиындатады, – дейді Қа­рамеңді ауылдық округінің әкімі Серік Байгелдинов. Ал облыс орта­лығына жақын ауылдық округтер бюджетінің әл-ауқаты жаман болмайтын түрі бар.

– Ауылдық округте 1750 адам тұрады, тағы бір ауыл жақында біздің округке қосылады. Біздің округ бюджетіне салық жинауда ешқандай қиындық, кедергі жоқ, тек жұмыс істесең болды, – дейді Қостанай ауданындағы Александров ауылдық округінің әкімі Абай Сейдахметов. Екі әкімнің әңгімесінен байқа­ғаны­мыздай, жергілікті бюджет қор­жынының толуы  ауылдың үлкен-кішілігіне, тұрғындар қатарының қалың-жұқалығына байланысты. Сондықтан, ауылдық округтерді елді мекендерді ірілендіру жолымен оңтайландыру әкімшілікке кететін қаржыны үнемдеумен бірге дербес жергілікті бюджет енгізуде де тиімділігін көрсе­тетін болады. Облыста бар­лығы 239 әкімшілік-аумақтық бір­лік бар, соның 148-і ауылдық окру­гтер, 91-і өз бетінше тұрған ауылдар, оның сыртында 5 кент бар. Барлығынан 54 ауылдық округпен дербес ауыл­дар оң­тайландырылады.Дербес тұрған ауылдар, әсіресе Арқалық қаласы маңайында, Қамысты, Жітіқара аудандарында көп кездеседі. Олардың арасында тұрғындары 500 адамға жетпейтін ауылдар саны 38, ал ауылдық округтердің 12-сінде осы сурет қайталанады. Ал­тын­сарин ауданындағы При­озерный ауылдық округіне қа­райтын екі ауылда 347 адам, Аман­гелді ауданындағы Қабырға ауылдық округіне қарасты екі ауыл­да 264 адам тұрады. Сонда 300 адам тұратын ауылдық округте қандай бюджет болмақ? Облыста тұрғындары азайып кеткен ауылдар мен бір ғана елді мекеннен тұратын ауылдық округтердің жалпы саны 125-ке жетеді. Ұзын­көл, Сарыкөл, Қарабалық, Денисов аудандарындағы адам­дарының саны 50-ге де жет­пейтін 27 ауылдың ертеңі тағы бұлыңғыр. Бұл жөнінен Қостанай Қазақстанның солтүстігіндегі өзге өңір­лерге қарағанда көш­тің алдын бермей тұр. Мыса­лы, Қарағанды облысында тұр­ғын­дарының аздығынан аңтары­лып отырған 75, Ақмолада – 58, Сол­түстік Қазақстанда 20 ауыл бар.

Тұрғындарға ауылдық округ­терді оңтайландырудың тиім­ділігін түсін­діру жұмыстары об­­лыстың Қарасу, Ұзын­көл, Бе­йімбет Майлин, Әулиекөл, Мең­­діғара, Қамысты аудандарында бас­та­лып та кетті. Ауыл­дық округтер қыс­қарған ауыл­дарда балабақша, мектеп, ФАП, клуб секілді әлеуметтік нысан­­дардың барлығы да бұрынғыша жұ­мыс істей береді. Егер ауыл арасы қашық болса, тиімділігіне, қажеттілігіне қарай біріккен ауыл­дық округтің бір қыз­меткері әкімшілігі қыс­қарған ауылда қалады. Алайда көптеген жерде адамдар ауылдық округ аппараты кетсе, өздері айдалада, мемлекет назарынан тыс қала­тындай сезінеді, дүрліге бастайды.

– Қарынсалды мен Тасты ауыл­­­да­­­­ры­ның аралығы 75 ша­қырым бо­лады, жол нашар. Жаң­бырдан кейін екі ауыл­дың арасына қатынау мүмкін емес. Сон­дық­тан тұрғындар бір округке қосыл­ғысы келмейді, «9 жыл электр жарығынсыз күн көр­генбіз, енді еліміз­дің экономи­касы дамығанда біздің округ­ті қысқартуы көңілден шық­­пайды» деген уәж айтады ауыл тұрғындары, – дейді Аман­гелді ауданындағы Қарын­салды ауылдық округінің әкімі Салтанат Ембергенова. Оның сөзін осы аудандағы Амантоғай ауылдық округінің әкімі Жұ­ма­нияз Ілиясов та қолдайды.

– Торғай мен Тобыл өңірінің эконо­микалық, географиялық ерекше­лікте­рін ескерген дұ­рыс. Торғай өңірі оңтай­ланды­рудың барлық сатысынан өткен. Біздің ауданда 7 ауылдық округ жабылды. Мысалы, Аман­тоғайға қосылған үш ауыл­дық округтегі ауылдардың тұр­­­ғын­­дары Ақмола облысына үде­ре көшіп кеткен. Енді біраз аман­гелділік жастар туған ауыл­­дарына қайтып жат­қанда, тағы да оңтайландыру болса, олар­дың рухы қайта басылып қалады-ау, – дейді Жұманияз Рахымбекұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов өңірлердің ерекшелігі мен ұсы­ныстар ес­керілмей қалмай­тынын айтады. Алайда облыстың, жалпы елдің қай өңірі де ауылдарды оңтайландырудың түпкі мақсатын түсінуі тиіс. Қазір бар­лық адамның көзі ашық, ақпарат күн сайын жетіп отыр, ешқандай істің жұмбағы жоқ. Ауылды дамыту үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді, жол да, әлеуметтік нысандар да жөнделеді. Оңтай­ландырудан ауылдың жағдайы оңалмаса, бүлінбейді. Басқару аппаратынан үнемделген қаржы әлеуметтік жағдайды түзеуге жұмсалатынын әр ауылдас түсін­се құба-құп.

Ал мемлекет қаржысы үнем­делгенде ғана оның тиімді­лігі артады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ

ҚОСТАНАЙ

egemen.kz

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай қаласының әкімдігіне хабарласып, «мұрным бет болды!» — журналист

Белгілі журналист Дәуренбек Әбдібек мемлекеттік тілді білмейтін әкімдік қызметкерлеріне ашуланды деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі пост ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *