Қостанай облысы қарқынды дамып келеді

Архимед Мұхамбетов Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді 

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Аймақ басшысы брифинг барысында 2018 жылы өңірде барлығы 291 көлік экспортталса, жыл басынан бері 1 886 көлік сыртқа сатылғанын айтты.

«Капиталды көп қажет ететіндердің бірі — машина жасау саласындағы жобалар, — деді Архимед Мұхамбетов. — Өңірде осы сала қарқын алып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша мұндағы өндіріс көлемі 2 есе өсті. Машина жасауда автомобиль құрастыру жақсы дамып келеді. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жыл сайын өндіріс көлемін ұлғайтып, жыл басынан бері 19,6 мың автокөлік құрастырылды. Бұл өткен жылғы осыған ұқсас кезеңдегіден 2 есе артық әрі тұтастай 2018 жылғы көрсеткіштен 1,6 есе көп».

Оның айтуынша, кәсіпорын биыл 25 мың автокөлік құрастыруды көздеп отыр.

«Қазір Қытайдың СМС және JAC компанияларының Аллюр компаниялар тобы капиталына кіру жөніндегі мәміле аяқталып қалды. Таяудағы 10 жылда инвесторлар саланы дамытуға кезең-кезеңімен 1,1 млрд АҚШ долларын құюды жоспарлап отыр. Өндіріс көлемін жылына 80-100 мың автомобильге дейін ұлғайту, сондай-ақ жергіліктендіру деңгейін көтеру және автомобильдердің модельдік қатарын кеңейту күтілуде», — деді ол.

Әкімнің сөзіне сенсек, көліктердің модельдік қатарын кеңейтумен қатар, автокөліктерді экспорттық жеткізу көлемі де ұлғайып келеді. Егер 2018 жылы барлығы 291 көлік экспортталса, жыл басынан бері 1 886 көлік сыртқа сатылған.

Сондай-ақ Архимед Бегежанұлы машина жасау саласында кадр даярлау үшін Қостанай облысында Инжинирингтік орталық ашылатынын мәлімдеді.

«Қостанай қаласында қуаты 50 мың тонналық құйма автокомпоненттерін шығаратын шойын құймасы зауытының құрылысы туралы айтып өткім келеді. КамАЗ арнайы техникасының қозғалтқыш блоктары, редукторларына арналған корпустары және Қазақстан машина жасау кәсіпорындары үшін құйма элементтерінің өндірісі жолға қойылғалы отыр. Өндірілген өнімнің 60 пайызын экспортқа шығару жоспарда бар» деді ол.

Әкімнің айтуына қарағанда, машина жасау саласында кәсіпорын ашу ісі жоғары білікті кадрлардың қажеттілігін туғызады.

«Бұл проблеманы Инжиниринг орталығын ашу арқылы шешу жоспарланып отыр. Орталықтың базасында сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер жүргізу, сондай-ақ жаңа бұйымдар өндірісінің технологияларын әзірлеу және сүйемелдеу жөнінен инжинирингтік қызметтер көрсету көзделуде. Бұған қоса, Индустриалдық аймақ аумағында теміржол вагондары үшін ірі құйма өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жоба пысықталып жатыр. Мұндағы инвестор — «РегионТрансСервис» ЖШС. Инвестицияның болжамды сомасы – 47 млрд теңге» деді әкім.

Баспасөз мәслихаты барысында Қостанай облысының әкімі «ҚазАгро» холдингі қаржы институттары алдындағы міндеттемені 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік бергенін мәлім етті.

«Биыл жаздық егіс көлемі 4,7 млн га құрады. Дәнді дақылдармен — 4 млн га жуық, оның ішінде 3,3 млн га — бидай егістігімен қамтылған. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруды жалғастыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі 510 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша 3 млн тонна астық бастырылды. Жиналған астық көлемі шаруашылықтарға бірінші кезектегі қажеттілікті жабуға, мал қыстатуды жүргізуге, алдағы жылдың егіс жұмыстарына дайындалуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тұқым толық көлемде қамбаға құйып алынды» деді Архимед Мұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетілген.

«ҚазАгро» холдингі қаржы институттары алдындағы міндеттемелерді 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік берді. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге алынған кредиттер, техника лизингі, мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламалары бойынша төлемдерге жеңілдік жасалды. Облыстың 4 қаласы мен 6 ауданында тәулігіне — 22,4 тонна, айына — 673 тонна қалыптық нанды пісіруге арналған ұнға қажеттіліктің тәуліктік нормасымен 25 наубайхана қамтылды. Құрғақшылық аймағына кіретін қалалар мен аудандардың әкімдіктері нан бағасын ұстап тұру бойынша үшжақты меморандум жасасты. Құрғақшылыққа ұшырамаған аймақтардың әкімдіктері (8 аудан) наубайханалармен екіжақты меморандумға қол қойды» деді ол.

Сонымен қатар Архимед Мұхамбетов өңірде мемлекеттік тілде сабақ беретін мектептердің саны артып келе жатқанын да айтты.

«БАҚ беттерінде «Қостанайда жалғыз қазақ мектебі жабылғалы жатыр» деген ақпараттың шыққаны рас. Ол мәліметтің шындыққа жанаспайтынын жарияладық. Аталған 24-ші мектеп-гимназия өз қалпында, жабылған жоқ. Қазіргі таңда облыста 498 мектеп бар. Соның 120-сы мемлекеттік тілде сабақ берсе, 118 мектеп — аралас, қалғаны — орыс тілді мектептер. Мемлекеттік тілде сабақ беретін мектептердің санын көбейтіп жатырмыз. Мысалы, 1 қыркүйекте «Әуежай» шағын ауданында 900 орындық жаңа мектеп аштық. Бұрынғы колледждің ғимаратында да 900 орындық мектеп-гимназия жұмысын бастады. Қазір Аманқарағай ауылында жаңа мектеп салынып жатыр. Ол да тек мемлекеттік тілдегі мектеп болмақ. Қарасу аудан орталығында да мектеп ашылады. Бұл бағытта, әлбетте, жұмыс жүргіземіз. Бірақ, бәрі қажеттілікке байланысты» деді әкім.

Аймақ басшысы мәселе мектеп салумен шектелмейтінін, қажетті кадрлар керектігін де атап өтті.

Сондай-ақ облыс әкімі журналистерге Қостанай әуежайының терминалы 1975 жылдан бері жөндеу көрмегенін жеткізді.

«Осы жазда, 15 маусымнан бастап біз 40 жылға жуық жөнделмеген ұшу-қону жолағын қайта жаңарттық. Әрине, бұл жұмыстың тұрғындар мен қонақтар үшін қолайсыздық туғызғаны рас. Ал қазір ұшу-қону жолағының ашылғанына бір айдан асты. Біріншіден, жолақ ұзарып, кеңейе түсті. Бұрын оның ұзындығы — 2,5 шақырым болса, қазір — 2,8 шақырым. Ені де 45 метрден 60 метрге дейін ұзарды. Салмағы шамамен 200 тонналық ұшақты қабылдауға қауқарлы» деді облыс басшысы.

Архимед Мұхамбетов ендігі міндет — 1975 жылы салынған терминалдың өзін жаңғырту екенін мәлім етті.

«Оған да күрделі жөндеу жүргізілмеген. Бүгінде оның аумағы — шамамен 5 мың шаршы метр. Десе де, заман талабына жауап бермейді. Қазір біз жоба әзірлеп жатырмыз. Ол ақпан-наурыз айларында дайын болады. Осыдан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. Жоба құнын айта алмаймын. Себебі, құны жергілікті және республикалық бюджет есебінен анықталады. Ең маңызды міндет — жолаушылар ағымын арттыру. Қазір әуежайда сағатына 200 жолаушы ары-бері қатынаса, біз ең төменгі мөлшерді 250-300 адамға жеткізгіміз келеді» деді әкім.

Сонымен қатар аймақ басшысы қазіргі таңда әуежайдан Нұр-Сұлтан, Мәскеу, Алматы, тіпті Мысырға рейстер орындалып жатқанын жеткізді.

Архимед Мұхамбетов өңірдегі дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесін қалай шешіп жатқанын да айтып берді.

«Біз «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» дәрігерлерге 250 пәтер салу туралы келісімге қол қойдық. Өңірдегі проблеманың бірі — біздің облыста жоғары медициналық оқу орны жоқ. Бізге Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Нұр-Сұлтан қалалары мен көрші Ресейден дәрігерлер келеді. Біз оларға тұрғын үй беріп, көмек көрсетеміз. Бүгінге дейін шамамен 255 адамды тарттық. Әйткенмен әлі де 250-270 дәрігер жетіспейді. Бір-екі айдан кейін зейнетке шығатын дәрігерлер бар болғандықтан, бұл процесті тоқтату мүмкін емес» деді облыс басшысы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде облыста 6200 дәрігер мен 18 мыңға тарта медбике бар.

«Біз дәрігер ғана емес, медбике тапшылығын да шешіп, колледждерде жатақхана салып жатырмыз. Рудныйда Қостанай медициналық колледжінің филиалын ашамыз. Тапшылықты бір демде шешу мүмкін емес. Бірақ жыл сайын дәрігерлерді тарту бойынша жұмыс жүргізетін болсақ, онда 2021 жылға қарай кадр тапшылығынан құтыламыз» деді Архимед Мұхамбетов.

 

Әзірлеген Ғани ӘБІЛҚАЙЫР

 

 

Мынаны да қараңыз

Қапеш ӘЛИҰЛЫ. АҚСУАТ-9

Дәулеттібике Осыдан бұрын көптеген ғасырлар мен жылдар өтіп елде тоқтық, уайым-қайғысыз күндері өтіп жатты. Елдің ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *