Асан Қайғы жырау

Шығысында Алтай таулары мен батысындағы Балқан түбегі арасындағы кең байтақ Ұлы Даланы жайлаған түркі халықтарының тарихи жадында Асан Қайғы – елшілдік мұратты байрақ еткен даңқты тұлға. Аңыздық тұлғаның туған, қайтқан жылдары, қай рудан тарайтындығы белгісіз. Халық жыр-аңыздарында Асанның әкесі саятшы Сәбит, шешесі Салиха, әйелінің аты Күлжазира, баласы Абат батыр деген баяндаулар кездеседі. Асан Қайғының туған жері — Алтын Орданың орталығы, кейін Ноғайлы Ордасының өзегі болған Еділ мен Жайық өңірі. Ал қайтқан жері ретінде қазақ даласының әртүрлі өңірлері аталады. Мұның себебі Асан Қайғының көшпелі халықтарға Жерұйық іздеп Ұлы Даланы шарлаған жиһангерлік бейнесінен туындағаны анық.

Асан Қайғы өмір сүрген дәуір мен оның шығармашылығы туралы сөз қозғағанда, «Ноғайлы кезеңі» компонентін немесе Әз-Жәнібек ханды аттап өту немесе бұра тартып бұрылып кету мүмкін емес. Оның өмір сүрген уақыты- халық жадында «Ноғайлы» деген ұғыммен сақталған тарихи кезең. Ноғайлы кезеңі – Алтын Орданың құрамында бірге болған қазақ пен ноғайдың бір-бірінен этникалық тұрғыдан тура ара-жігі ажырап бөлініп, жеке ұлт болып қалыптаса қоймаған тарихи дәуір. Қазақ арасындағы жыр аңыздар, тарихи өлеңдер, бір алуан эпостық және лиро-эпикалық жырлар «Ноғайлы кезеңі» деп аталатын сол кезеңде туып қалыптасты. Қазақ жыр-аңыздары Әз-Жәнібекті қазақ пен ноғайды тең билеген хан деп белгілейді және оның билік құрған кезеңін «алтын ғасыр» деп дәріптейді [Халид Құрбанғали Тауарих хамса (Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. -Алматы: Қазақстан, 1992. (165 б.) ].

Асан Қайғы — ноғайлының, көшпелілердің ұлы ойшылы, философы (Ш.Уәлиханов),  Орта Азия халықтарына да танымал тұлға [Валиханов Ч.Ч. Записки о киргизах// Соб. соч. 5-ти т. т. 2. А., 1985. (7-81 с.)]. Ұлы Далаға мұндай аса танымалдылық Асанның ел-жұрт мүддесін жақтаған қайраткерлік қарымынан туындаса керек. Оның есімі түркі тектес халықтарының далалық тарихи жадында (ДАТ) үлкен қасіретті оқиға деп сақталған Он сан ноғай бүлгенде// Орманбет би өлгенде// Орманбет би өлгенде// Ор орманы күйгенде, — деп келетін тарихи жырмен байланыстырылады айтылады.

Қазақ пен ноғай түбі бір, қойы қоралас, төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас ел. Қос елдің қонысының екі бағытқа айырылуы – ХҮІ ғасырдың соңы мен ХҮІІ ғасырдың басында орын алды. Ноғайлылардың соңғы атақты биі, Едіге тұқымы Орманбет би ішкі алауыздықтың құрбаны болады. Орманбет би өлген соң Ноғайлы Ордасы Үлкен және Кіші Орда болып екіге бөлінеді. Сол кезеңдерде, яғни 1627 жылы тайшы Хо-Урлук бастаған қалмақтың торғауыт тайпасы Еділ мен Жайық арасындағы қонысты ноғай-қазақтан тартып алды.

Ерте замандардан жеткен сан қатпарлы рухани көмбеде Асан болашақты болжаған сәуегей, көріпкел, Әз-Жәнібек ханның жөнсіз істеріне сын айтып, оған өкпелеп, елге жайлы, жаудан тыныш қоныс іздеген, қала салып, отырықшы болуды жақтырмай, көшпелі тұрмысты қолдаған, қуаттаған кісі болып суреттеледі. Жыр-аңыздар шоғырындағы мазмұнда Асан Қайғының Әз-Жәнібек жанында атқарған қызметтеріне болашақты болжағыш сәуегейлік, ақыл айтатын кеңесшілік, елге жайлы қоныс іздеуші жиһангерлік жатса, ал оның тарапынан сыналған ханның ақылсыз. орынсыз істері мынадай:

  1. Ханның құладынға қу ілдіргені;
  2. Қарадан қатын алғаны;
  3. Бекініс салдырып, отырықшылдықты орнатпақ болғаны.

Құладың құстың құлы еді…

Құсбегілік саятшылығы бар Әз-Жәнібек ханның құладын құсты баптап, оған құс төресі аққуды ілдіруі Асан Қайғы тарапынан сынға ұшырайды. «Құс патшасы аққуды құладын ілген заман болса, енді ханнан құлы күшті болатын күн туады», «Құладын аққу алғаны – жұртыңды бір жұрт алады» немесе «Құладын құстың құлы еді, аққу құстың төресі еді. Енді мұнан кейінгі заманда ханның басын қара алады екен» деп налиды. Антитезиялық ұғымдарды шендестіріп отырған аққу мен құладын бірі төре тұқымының (ақсүйектің), екіншісі тексіз кісінің (қара сүйектің), сондай-ақ сырттан келген жаудың образы ретінде тұспалданып отыр.

Өмірде болмайтын бір-біріне қарама-қарсы жағдайды құсбегілік қабілеті арқылы шынайы тірлікте жүзеге асырған Әз-Жәнібек ханның тірлігі ырымға жаман. «Құстың құлы құладынған құс төресі аққуды ілдіру» —  Шыңғыс заманынан келе жатқан төре тұқымының билігі әлсіреп қарадан шыққан кісілер ел билейтіндігін, не болмаса билігі азған елді сырттан келген жау басып алады деген қауіптің белгісі. Асан осыған қайғырады. Ақыры Асанның айтқан қауіпі Алтын Орданы, кейін Қазақ ордасының тарихи әлеуметтік шындығында орын алады. Дабыр-даңқы алысқа тараған Ұлы Ордалар көрші елдің отарына айналады.

Қатын алдың қарадан,

айырылдың хандық жорадан…

Әз-Жәнібекке Асан Қайғының қоятын үлкен «өкпесінің» бірі – ханның қарадан әйел алуы. Ол ханға:«Алтын сүйегіңді мырышқа айырбастадың. Төренің ақыры осы. Сен Қарагөзді (кейде Қарашаш- автор) алғаннан ілгері болады: енді мұнан былай төре деген зат болмайды. Сенен ілгері төре туады демеймін. Әз-Жәнібек қараның қызын алған соң, қалған төре бәрі қараның қызын алады. Асыл заты қараға араласқан соң, төрелік зат қалмайды; «Күңді ханым қылдың – жұрағатың хандықтан түсіп, оны біреу алады»; «Шым ақсүйек төре едің, ол (алған әйелі – автор) қара еді –тұқымыңды аздырдың, сұңқарды қарғаға айырбастадың», — деп өкпелейді.

Асанның алаңдауы, өкпе-реніші — Алтын Орда хандығының күйреп, оның орнында пайда болған ордаларға қарадан шыққан билердің билік құруына қарсы айтылған пікір, халықтың қоғамдық саяси-әлеуметтік өзгерістерге берген бағасы. Тарихтан белгілі, Алтын Орда билігі таққа таласқан төре (Шыңғыс) тұқымдарының өзара жауластығынан ыдырап, Еділ-Жайық бойында маңғыт руының көсемі Едіге бидің балалары билік құрады. Аталас кісілердің балалары билік құрған Ноғай Ордасы көп ұзамай әбден күйрейді.

Алтын Орда мен Ноғай Ордасында орын алған тарихи оқиғалар ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласында қайталанып, Шыңғыс тұқымы билеген хандық жүйе сыртқы және ішкі берекетсіздік салдарынан әлсірей бастайды. ХІХ ғасырда патшалық Ресей қазақ даласына әкімшілік реформаларды жүргізуді кезең-кезеңімен қолға ала бастайды. Алдымен, хандық жүйені жойып, сұлтандық билікті енгізеді. Сұлтандыққа Шыңғыс тұқымдары ғана емес, ру-тайпа көсемдері де сайлана алатын ереже енгізеді. Осы уақытта қазақ арасынан «Қарадан шығып хан атанған» Құнанбай сынды билер аға сұлтандық билік құрады. Қазақ жұрты хандық билік тұсындағы мемлекеттілігінен айырылады.

Қайырсыз қоныстан көшу

Асан Қайғы туралы аңыздардың басты өзегі – қорған салып, отырықшылыққа бет қойған ханның саясатына келіспей, қазақ жұртына жағалаған жаудан алыс, айналасы тыныш жайлы қоныс іздеу. Асанның қоныс іздеуінің сыры қала салынған жер орыстың қолына түсіп, қайырсыз қонысқа айналады, ал одан құтылу жолы —  басқа құтты қонысқа көшу.

Аңыздағы Асанның бүгінгі Қазақ даласының шарламаған жері жоқ. Қай жерге бас бұрса да, ол алдымен жердің  мал мен егінге жайлылығы мен жайсыздығына сын айтады және оның маңайдағы жаудан туатын қауып-қатерді де ескертіп отырады. Мысалы, Тарбағатай тауын айналып шыққан Асан: «Мына жерге қонып, түстеніп жатар жер екен, бірақ біздің халық ие болмас, есіл елдің екі жағы шулап жатқан мал екен. Оның түстік жағы Қытай алар, солтүстік жағын орыс алар», — дейді. Ал ұзын аққан Ертіс өзеніне барғанда «Мына, шіркіннің, баласы тойдым деп қарап отырмаса, қарным ашты деп жылап отырмас. Кәпірдің құлағы шығып, сиырдың мүйізі шығып тұрған жер екен, күнінде баласы кәпірден жылайды-ау,- десе, сол Ертіс бойындағы Керекуге: «Мына жер жесір қатын ұл табатын жер екен, жетім бала мың болатын жер екен. Бірақ жерінен сарыбаланың иісі шығып тұр». Еділ мен Жайықты тастап кетуін «Осы Еділ мен Жайық арасын үш қиянға бөлінеді. Сонау Нарын құм – Майлы қиян, Оралды – қанды қиян депті. Сонау орда Жәнібектен бергі-шаңды қиян екен. Мен кетемін, кетемін. Қабыршақты қара су, Еділ-Жайық екі су, бәрін де орыс басып алады. Қазаққа қысым болады екен»,- деп қауып айтса, Сарыарқаны құтсыз қонысқа балап: «Сарыарқаны орыс алады, орыс бармайтұғын жерге барам деп Жиделі Байсынға ауып кетеді».

Асанның Жәнібек ханға айтқан толғаулары аңыздар мазмұнымен сарындас болып келеді. «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» деп басталатын атақты толғауының мазмұны ханның құладынға қу ілдірген, қарадан қатын алған, елге қорған салдырған іс-әрекеттерін сынауға құрылып, қайырсыз қонысты тастап көшуге үгіттеген насихатқа құрылған. Сонымен қатар оның толғауларында көшпелі тұрмысты аңсаған сарындар кездеседі:

Көшіп-қонып көрмеген,

Жер қадірін не білсін!

Көшсе, қона білмеген,

Қонса, көше білмеген,

Ақылыңа көнбеген,

Жұрт қадірін не білсін!

«Көшпелілер философы» Асан Қайғы – отырықшы тұрмысты тәркі етіп, көшпелі тұрмысты қалаған тұлға. Оның қазақ жұртына кұтты қоныс іздеп Ұлы Даланы шарлап шарқ ұрған әрекеті – алды Алтын Орданы, соңы Қазақ Ордасын мекен еткен көшпелі жұрттың қонысы көрші елдің әскери бекіністер мен бекеттер арқылы жүргізілген шекаралық сызықтар арқылы тарылып, мысықтанбандап кірген жау жағадан алғанда, ішкі берекесіздік бөрі болып етектен тартқан зар заман кезеңдегі шарасыздықтан шаршаған елдің жайлы, тыныш, берекелі қонысты армандаған тілегі еді.

Асан Қайғының аңыздық бейнесі ел болашағы үшін қайғы жеген тұлға, қазақ жұртына жайлы құтты қоныс іздеген қамқоршы, замана сазы мен тыныс-тіршілігіне мазасызданып, насихат пен нақылға толы жыр-толғаулар толғаған кемеңгер, ойшыл жырау ретінде халық танымына берік орныққан.

 

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы

Мынаны да қараңыз

Архимед Мұхамбетов Тобыл-Торғай жұртына үндеу жолдады

Құрметті қостанайлықтар!      Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының  жаңа COVID-19 коронавирус пандемиясын жариялауына байланысты және азаматтардың ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *