Ұлы Абай – би әрі дала заңгері

Кез келген халықта рухани және өнегелік ұстындары болады. Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы қазақ халқының ой-санасындағы осындай іргелі ұстындардың бірі болып табылады. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ақын мұрасының өзектілігін нақты атап өтті. Ғалым-заңгер ретінде мен оның құқықтық идеяларына тоқталғым келеді.

Абайдың 15 жасынан бастап сот талқылауларына қатыса бастағаны мәлім. 20 жасында от ауызды, орақ тілді шешен және дала әдет-ғұрыптарын жетік білетін ділмар атанады. Кейіннен көп жылдар бойы би болып, болыс қызметін атқарды.

1903 жылдың 25 тамызында Семей облысының әскери губернаторы атына генерал-майор Галкин қол қойған баянатта мынадай деректер келтіріледі: «Ибрагим Құнанбаев 60 жаста, 3 әйелден  20-ға жуық баласы бар, 1000 жылқы, 2000 қойы бар, кемел әрі дана кісі, үш жылдан екі мәрте би және үш жылдан үш рет Шыңғыс болысының басқарушысы қызметтерін, сондай-ақ 1 рет өкіметтің 3 жылға тағайындауымен Мұқыр болысының басқарушысы қызметін атқарды. Құнанбаевтың қызметі салиқалы басқарушылығымен және жігерлілігімен, өкіметке адалдығымен және бірбеткейлігімен ерекшеленді». Жасырын. І.І.М. Семей Уезінің Бастығы 1903 ж. 25 тамыз күні № 48. Семипалатинск қ. Мырза Семей облысының Әскери Губернаторына. Уездік басқарушы Навроцкийдің баянаты. Генерал-майор Галкин қол қойды // Абай және мұрағат. Алматы: «Ғылым», 1995. 133-б. Түпнұсқаның ерекшеліктері сақталған.

Абайдың бірнеше рет уездердің өкілдері арасында делдал-бітімгер, яғни Төбе би болып сайлануы – оның беделді би болғандығының бірден-бір дәлелі.

Би ретінде істі қарау кезінде Абайдың әдет-ғұрып құқығын жетік білетіні танылды, ол істі егжей-тегжейлі қарауға және оған әділ төрелік айтуға тырысты. Сонымен қатар Абай шын мәніндегі айыптыларды анықтауға бекінді, ол әрекеті қайбір кісілерге, әсіресе, өзінің атағына немесе дәулетіне арқа сүйеп, жас бидің тарапынан жылы қабақ дәметкен бай-шонжарларға аса ұнай қоймады. «Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, – деп жазды Ә.Бөкейханов, – артистер мен жазушылардың даңқы сияқты атақты би атанар еді. Ислам дінінің далаға орнығуының пайда-зиянына орай жаңа заманның талабымен Абай білімге ден қойып, араб, парсы, түркі тілдерін кітап арқылы үйренеді. Табандылығы мен бейімділігінің нәтижесінде өз бетімен араб, парсы тілдерін еркін меңгеріп, қасиетті біліммен сусындады». Қара: Ә.Бөкейханов Абай (Ибрагим) Құнанбаев (Қазанама) // Абай және мұрағат / Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы мұрағаттар мен құжаттамалар Бас басқармасы / Жауапты редактор Н. Шәкеев. Құрастырушы С. Байжанов. Алматы: «Ғылым», 1995. 139-б.

Абай өз заманында заң шығарушы ретінде де танымал болды. Демократ, жаңашыл ақын әдет-ғұрып құқығы реформасының жобасын ұсынды. Оны Орта жүздің барлық ру басылары қолдады. Сол уақытта халық арасында айтыс-тартыс жиілеп кеткен болатын, сондықтан Ресей империясының заңдарына және билер сотының жұмысына қайшы келмейтін нормаларды қабылдау өзекті болды. Осыған орай, патшалық биліктің өкілдері билер съездеріңде көпшілік дауыспен Ережелер қабылдатқызып, оларды дала құқығының бір қайнар көзі болып табылуына әсер етті. Қазақ құқығының патриархы академик С.З.Зиманов жетекшілік еткен зерттеу жобасының орындаушылары бір ғана қазақ және орыс тілдерінде жазба мәтінде Ережені тапты.

Ол 1885 жылы Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде өткен төтенше билер съезінде бірауыздан қабылданды («Шар ережесі» аталу себебі осыдан). Бұл құжаттың екінші атауы – Қарамола жарғысы («Қарамола ережесі»), сондай-ақ, кейбір орыстілді басылымдарда ол қарапайым қазақтарға арналған Кодекс ретінде келтіріледі. Құқық тарихын белгілі зерттеуші Ш.Андабеков архивтен алынған мәтінге сүйеніп, бұл құқық ескерткішін «Қарамола Ережесі» деп атауды жөн көреді.

Қарамола Ережесінің әзірлеушілердің бірі Абай Құнанбаев екенін белгілі ғылым Қ.Дәуітәлиев жан-жақты қарастырып дәлелдеген.

Құжаттың түпнұсқасы 1886 жылы Семей әскери губернаторының бұйрығы бойынша Императорлық Қазан университетінің баспаханасында араб жазуымен басып шығарылған және Қазан мемлекеттік университетінің Н.И. Лобачевский атындағы кітапханасында сақталған.

Қазақстандағы мұрағаттарда да, кітапханаларда да бұл құжат ешқашан сақталмаған. Абай мұражайының қорында 1959 жылы ҚазССР Ғылым академиясының қызметкері жасаған кириллицадағы, машинамен терілген көшірме ғана болған.

Абай құрастырған Ереже 74 баптан тұрады (1993 жылда «Абай» журналының №1 санында басылған нұсқасында 73 бап), ол қазақ халқының арасындағы қылмысты болдырмауға бағытталған.

Бұл әдет-ғұрып құқығы ескерткіші егжей-тегжейлі талдау жасауды қажет етеді. Әйтсе де оның бірқатар маңызды тұстарына тоқталуға болады. Жетінші бапта дауды қарау орнын белгілеуді келісу үшін екі басқа уездерге тиесілі әдет-ғұрып құқығы бойынша тараптардың құқығы танылды. Әдет-ғұрып құқығының бұл Ережесі XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы мемлекеттік сотқа қарағанда, даудың қаралатын жері туралы және тіпті дау негізге алына отырып қаралатын құқық туралы тараптардың келісу мүмкіндігін көздейтін қазіргі заманғы аралық соттар мен халықаралық төрелік қағидаттарына жақын.

Куәлардың айғақтарын тыңдаумен қатар, билер соты, бірқатар баптардың ережелеріне сәйкес ант беру сияқты дәлелдеулерге де жол берді. 14-бапта: «Күмән жауапкердің елінің болыстық молдасының қатысуымен Құранмен кесім айтылады», деп жазылған. 17-бапта «Күмәннің уақыты сол уағдалы күннің күн батуына дейін» деп белгіленген. Билер ант беру үшін кім сайланғанын, жалған ант берген жағдайда қанша мал немесе мүлік төлеу қажет болатынын белгіледі.

27-бапқа сәйкес, «Ойланып жүріп өлтірілген ердің құны жүз түйе болады. Мұның 25-і тайлақ, 25-і құнан атан, 25-і дөнен атан, 25-і бесті атан және ойланбай басқа себеппен өлтірілсе, оған 50 түйе құн. Мұның 25-і құнан атан, 25-і бесті атан. Әйелдің құны – ер құнының жартысы, қателікпен, оқыстан өлтірілген кісіге құн жоқ және ері әйелін өлтірсе яки әйелі ерін өлтірсе, оған құн жоқ».

31-бапқа сәйкес  күйеуі бар әйелді біреу алып қашса яки өзі ойнасымен бірге қашса, ондай әйел өз елінің съезд билеріне тура қайтарылады және сол сот іс бойынша шешім шығарады. Егер күйеуі әйелдің өзін алса, ал алып қашушы жігіттен 1 тоғыздан 3 тоғызға дейін айып алынады (түрлі малдың белгілі бір саны). Егер күйеуі әйелін алмаймын десе, әйел ойнасында қалады, бірақ алып қашушы әйелдің күйеуі төлеген толық қалыңмалын қайтарып береді, ал әйел жасаусыз қалады. Ерекше нормалар құда түсіп қойған қалыңдықты алып қашуға қатысты.

Ойнас қылғаны үшін еркекке де, әйелге де дүре соғу жазасы көзделген (30-бап). Төбелестер, тәртіпсіздіктер, жергілікті билік өкілдеріне бағынбау айыппұлдар салумен, соның ішінде ақшалай айыппұлдармен жазаланды. Кейбір жағдайларда басқарушының үкімі бойынша қамауға да алынған.

Ұрлық үшін (немере яки жиен ағасынан немесе атасынан мал алып қашуынан басқа) мүліктік жауапкершілік, сондай-ақ 60 шыбыққа дейін дүре және бір айға дейін абақты қолданылады. Сонымен қатар, билер бұл жазаны хүкім айтқанда бұйырмаққа міндетті. Өз туысқандарының малына қайта ұрлық жасаған адамдар жәбірленушінің талап етуі бойынша жазалануы мүмкін.

Ережеде былай деп жазылған: «күйеуі өлген жесір әйелі сүйсе, күйеуінің бір туысқан бауырына (әмеңгер) яки ағайынына тиеді (әдет-ғұрып құқығы бойынша), егер де сүймесе, ықтияры өзінде».

Абай заңдарының гуманистік сипаты бірқатар мақалаларда көрініс тапқан. Ереже халықты тәрбиелеуге және оның өзара көмек көрсетуін, қиын жағдайға тап болғанда, қол ұшын созуға ынталандыруға бағытталған. Мәселен, 35-бапқа сәйкес, суға батып бара жатқандарға, боран һәм суықта сол сияқты жағдайларда болысып, көмек етпегендер «бас тоғызбен» айыпталады. Ереженің бірқатар баптарында оның жалпы әлеуметтік бағыты да көрініс тапқан. Мысалы, 36-бапта мал өлімін тоқтатпақ үшін жасалған хүкімдер бойынша жахат қылмағандарға, арық бұзғандарға, көпір, құдық бұзғандарға және басқа да қоғамдық қажетті құрылыстарды бүлдіргені үшін жауапкершілік қаралды.

Бұл нормативтік құжатта қазақ халқын патша әкімшілігінің қысымшылығынан қорғауы керек болған – өз соттары, өз заңдары, делдалдар және ант берушілер ретінде молдаларды тарту, «қырғызша» метрикалық кітаптар жүргізу, сотта кәсіби адвокаттардың билерін мойындамау, ал сенімді тұлғалар ретінде – орыс және татарларды болдырмау (сол уезден сенімді қазақтарға рұқсат етілген) және т. б. ережелер көзделген.

Жалпы, Абай әзірлеген құқықтық құжаттың келтірілген және басқа да көптеген ережелері қоғамдық қатынастарды реттеу, әдет-ғұрып құқығы мен Ресей заңнамасының жекелеген нормаларын синтездеу бойынша кешенді міндеттерді шешуге, сондай-ақ халықтың әділеттілігі туралы адамгершілік нормалар мен түсініктердің әлеуетін құқықтық реттеуге тартуға ықпал етті.

Құқық философиясында Абай өзіндік ерекшелігі бар ойшыл, алайда солай бола тұра, құқық пен адамгершілік синтезі дәстүріне жатады, ол құқықтық ой тарихында, мысалы, Ежелгі Қытайдағы Конфуций көзқарасынан, Абайға дейінгі жарты ғасыр бұрын Германиядағы И.Канттың ілімдерінен байқалады. Бұл үрдістің алуан түрлі көріністері құқық заңнамаға қарағанда едәуір кең құбылыс ретінде түсіндірілуінде. Абай үшін құқық құрылымында, заңнамалардан басқа, ең алдымен, әдет-ғұрып құқығы мен адамгершілік, әділеттілік туралы түсінік жетекші элементтер болып табылады. Бұл ретте, Абай – әдет-ғұрып құқығының негізінде, заңнама мен әдет-ғұрып құқығын белсенді қосуды жақтаушы. Мұндай амал және құқық нысандарының үйлесімі, оның пікірінше, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы үшін едәуір қолайлы болып көрінген сыңайлы. Тағы да бір маңызды тұсы, Абай да жататын, құқықтық ойдың, жалпы дәстүрі үшін, адамды адамгершілік тұрғыдан жетілдіру, тәрбиелеу, соның ішінде ағартушылық пен білім беру арқылы дамыту бағдары мәнге ие болды. Мұндай ұстаным Абайдың шығармашылығы мен қызметінің ағартушылыққа бағыттылығымен тығыз байланысты болды.

Абайдың сол заманда қолданыста болған заңдарды зерделеуі және оның шығармаларындағы ол жөніндегі сыни көзқарасы, сол тұстағы істің жағдайын өзгерту туралы ұсыныстарымен ұштасып жатыр. Далада өшпенділік пен озбырлықты болдырмау үшін, ол болыстық билеушілерге орысша білім алған адамдарды тағайындауды, ал егер ондай жоқ болса, онда уездік басшылық пен әскери губернатордың таңдауы бойынша тағайындауды ұсынды. Бұл, оның пікірінше, білім алуға ынталандырады және болыстық билеушілерді жергілікті ақсүйектердің ықпалынан шығарады.

Сонымен қатар Абай кез келген адам би бола алмайтынын ескере келе, билерді қысқа мерзімге сайлаудан бас тартуды ұсынды. Абай әр болыстан «білімді және парасаттылар» ішінен үш биден таңдауды, бұл ретте «олардың мансапта болу мерзімін белгілемей, өздерін жағымсыз істерімен танытқандарды ғана шығаруды» ұсынды. Сондай-ақ, би лауазымдарына білімді, дайындалған және адал билер бекітілуі үшін, осы мансапқа пайдакүнем және біліксіз бәсекелестердің келуіне жол бермейтін сот жүйесін қалыптастыру керек деп пайымдады. Ол сондай-ақ бұл билерді ұсақ істермен және аралық билер шешуі мүмкін істермен көміп тастамау керек деп пайымдайды, дауларды алдымен аралық би шешуі тиістігін ескере отырып, егер оған қанағаттанбаса ғана, дауласушылар сайланған үш тұрақты бидің біріне жүгінуге құқылы болуы керек деп санайды. Абай билердің істі қарауды созуына қарсы болды.

Осылайша, Абай өзінің қызметімен ұлттық саяси және құқықтық мәдениетті одан әрі дамытудың көптеген идеяларын ұсына білді.

Абайдың әділдік төрелігін орнатуды кек алуға емес, ең алдымен  келтірілген шығынды өтеуге негізделген құқықтық ұстанымдары, сондай-ақ билерді іріктеу, сот жүйесін қалыптастыру, ұсақ істерді бастапқыда аралық соттарда қарау, сот істерін қарау мерзімін қысқарту жөніндегі ұсыныстары Мемлекет басшысының сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі ұстанымдары аясында өзекті болып табылады.

Осыған орай, жоғарыда аталған мұраны әлі де тереңдей зерттеп, мәніне бойлау қажет деп ойлаймын. Сондықтан Мемлекет басшысының мақаласы аталған мәселені зерделеуге зор септігін тигізеді.

 

Нұрлан БИЕКЕНОВ,

ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы

Қостанай академиясының бастығы,

полиция полковнигі,

заң ғылымдарының докторы, доцент

 

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *