Таспа

Митинг мәдениеті

(Жиыннан кейінгі ой)
Торғайлықтар митинг өткізді. Жалпы, Торғай жерін айтқанда, өңір тарихының айшықты тұстарына, ел азаттығы мен рухани озаттығы үшін жанын пида етіп, терін төккен тұлғаларына қарап, «киелі топырақ» деген теңеу қоса айтылуы бекер емес. Басқаны былай қойғанда, бұл теңеу сол топырақта туғандарға қосымша салмақ жүктеп, соған лайық болуға ұмтылдыратынын кешегі митинг те көрсетті.
Талай митингке барып, түрлі жайлардан жүрегі шайлығып қалған халық кешегі Торғай облысының ашылуы талап етіледі деген жиынға бір үміт, бір күдікпен барған болар-ақ. Ал сол іс-шарадан халықтың мерекеге барғандай көңіл-күймен қайтуы да – киелі топырақ ұл-қызының арқасы.
Ең бастысы – елге деген перзенттік жанашырлықтары терең, ауызбіршілігі мол, ұйымшыл екендерін танытты. Сахнаның безендірілуінен бастап, қолға ұстайтын плакаттардың дайындалуы да, сөз сөйлеген адамдардың іріктелуі де, сала-сала бойынша түзілген сарапшылық пікірлер де, жүргізушілердің көпшілікті басқаруы да іс-шараның ақылмен ойластырылғанының белгісі. Бұл ретте торғайлықтардың мәселені «Торғайды түлету» чаты арқылы ортаға салып, жастарға Атыраудан Рәшиля Мұрсалиева ақыл қосып, Анар Төлеухан Түркияда отырып үйлестіріп, Жомарт Түбекбаев мұхиттың ар жағынан бағыт бергені көп әсер еткені сөзсіз.
Жиналғандар жазушы Қайсар Әлімнің аруақтарды шақырғандай рухты сөзін, қаржыландыру мәселесі туралы Ғалым Байназаровтың, өңірдің кен өндіру әлеуеті туралы металлург-ғалым Серік Садықовтың, туризмді дамытудағы мүмкіндіктер жайлы Сапар Ысқақов пен Амандық Әмірхамзиннің сөздерін қоштап, қуаттап тұрды. Облыс аумағында аң, балық аулауды ұйымдастыру арқылы табыс келтіру жайын айтқан Батыр Сейкенов, ауылшаруашылығын дамыту мәселелерін қозғаған Мейрам Айдаболов, тағы басқалар сөз сөйлеп қана қоймай, нақты ұсыныстарын да айтуы – бұл әшейін бу шығаратын жиын еместігін сездіртті.
Халықтың сүйіктісі Саят, Тоба, Азамат сынды ақындар ел рухын көтеретін жырларын оқып, арасында көпшіліктің «Айналайын, торғайым!», «Атамекен», «Торғай қызы» әндерін шырқауы – іс-шараның бейбіт ниетін ғана емес, халықтың оянғанын көрсетіп, жұртының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргісі келетін Мемлекет басшысына жолдаған ұшбу сәлемі.
Біраз жайды: а) электр сымы күйіп кетіп, микрофон уақытша істемей қалғанда тәртіп сақшыларының біреуі өз рупорын әкеліп беруін;
ә) биліктің түрлі деңгейінде қызмет атқаратын адамдар, партиялар, қоғамдық бірлестіктер белсенділерінің келуін;
б) торғайлықтарды қолдап басқа өңірлер тумаларының жиналуын;
в) адамдардың митингке қатысамыз деп Алматы, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Арқалықтан арнайы келуін; г) әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жүргізіліп, мың-сан лайк жиналуын… жақсылыққа жорыдық. Яғни, қазақстандықтар Торғайды қолдайды!
Сырттан бақылаған жұрттың у-шусыз, дау-жанжалсыз өткен митинг туралы жылы пікірлеріне: «Әліппе» жазып, сауат ашуды бастаған, халықты қалың ұйқыдан оятуды бастаған торғайлықтар митинг мәдениетін қалыптастыруды да бастағаны деп қабылдаңыздар» деп ептеп мақтанып қойдық.
Бұл жай сөз емес, митингтен соң жиналғандар сенбілік өткізіп, ағаш екті. Бүр жарған ағаштармен бірге торғайлықтардың да үміттері жапырақ жайып, жайқалған орманға айналады — жырында Тоба бауырымыз айтқандай, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойында Торғай облысы ашылады деген сүйінші хабар естиміз деп сенеміз.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы 

Мынаны да қараңыз

Ахаңның Ақкөлі немесе ойдағы істер орындалса игі!

Біздің санамыздан талай жыл «алашордашылдар, «бай-құлақтар», «жапонның шпионы» және т.б. теңеулермен жазықсыз асып-атылған, жойылған интеллигенциямызды ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *