Таспа

Торғайда отыз жетінің ойраны қалай басталды?

Бұрынғы Кеңес Одағы деп аталатын ұлы державаның ішінде Қазақстан, әсіресе, қазақ халқы оның таңдаулы өкілдері, ұлтымыздың мақтаныштары мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар сталиндік зұлматтың адам айтқысыз қасіретін басқа республикаларға қарағанда бірнеше еселенген қатыгездікпен басынан өткізді.
Оның ішінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының ошағы болған Торғай елінде 1937-1938 жылдардың зобалаңы мыңдаған адал адамның өмірін қиып жіберді. Сол бір сұрапыл жылдардың жазықсыз құрбандары «халық жауы» атанып, атылып кеткен әкелеріміз бен ағаларымыздың Ежов, Берия бастаған НКВД жендеттерінің қолынан қаза тапқандарын көз алдымызға елестеткенде, осыдан 60 жыл бұрынғы қазақ халқының басынан өткен қара құйын бір сәт сол баяғы қаз-қалпында алыста қалған өкініші де, өксігі де мол жастық өмірімізден елес береді. Әлі есімде, 1937 жылдың аяғы мен 1938 жылдардың басы, біздің 11-12 жасар балаң кезіміз. 1931-1932 жылдардың алапат аштығынан торғайдай тоз-тоз болып Ресейдің ішкі қалаларына – Челябі, Қорған, Магнитогорск жағына босып кеткен халықтың аштықтың тырнағынан аман қалғандардың елге орала бастаған, елдің көңіл-күйі көтеріңкі кезі.
Бүкіл елімізде сауатсыздыққа қарсы күрес жүріп жатқан кез. Шешелеріміз «Саужай» деп аталатын мектепте оқиды. Сабақ латын әрпінің негізінде жүргізіледі. Ғұмырында мектепті көрмеген шешелеріміз әріптердің атауын ұмытып қалып, «шотаяқ, тырнауыш, айыр, домалақ» деп айдар тағып алады. Алды 50-ден, арты 30-40-тан асқан адамға оқу оңай болып па? Әйтеуір бір әурешілік. Біздің кезімізде мектепке 7-8 жасында баратын балалар сирек кездеседі. 1931-1932 жылдардың аштық трагедиясы талай балғындардың өмірін қиып кетті. Одан кейін іле мектептер ашуға үкіметтің шамасы келмеді. Мектепте оқитын балалардың алды 16-17 жасар, арты 9-10-ға келгендер. Аштық пен жоқшылықтың ащы дәмін ерте тартқан біздердің ол кезде өмірге, оқуға деген құштарлығымызда шек жоқ еді.
Жасымыздан тағдырдың тақсіретін бастан өткізген біздің қатарларымыз ерте есейді. Білімнің нәріне сусындап, өмір ағымына ерте араластық. Қазіргі аға ұрпақ өкілдерінің бәрі де осылай өсіп-жетілді, білім алды, жұмыс істеді. Сөйтіп, өмірдегі еңбекке деген ләззатын таба білді. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде 17-18-ге толмаған жастар, өздері тіленіп, майданға кетіп, Отанын қорғады. Жасы жетпегендер тылда «Бәрі майдан үшін! Бәрі жеңіс үшін!» деп жан аямай еңбек етті.
1937 жылдың 12 желтоқсанында бірінші рет КСРО Жоғары Кеңесінің сайлауы өтті. Қазіргі Еңбек совхозының аумағында ол кезде бір жеті жылдық, бір бастауыш мектеп болды. Елде сауатты адамның мүлде жоқ кезі, менің бастауыш мектептің 4 класында оқитын кезім. Мектептердегі әр түрлі үйірмелерге белсене қатысамын, үздік оқушылардың бірімін.
Сайлауға әзірлік бүкіл халықтық іс болып жарияланды да, мектеп мұғалімдері мен озат оқушылардан сайлау материалдарын халыққа түсіндіру үшін үгітшілер тобы құрылды. Сол үгітшінің бірі – мен. Мектепте, сайлау учаскесінде концерттер қоямыз, 5-10 үйден бөліп алып, оларға сайлау ережелері мен депутаттардың өмірбаяндарын үйретеміз. «Ұлы көсем» Сталинді, оның нарком Ежов сияқты серіктерін мақтап, даусымыз қарлыққанша өлеңдер оқып, тақпақ айтамыз:
Олай жазсам ұнай ма?
Бұлай жазсам ұнай ма?
Теңеп айтсам қайтеді,
Көсемімді күн, айға?!
Күн менен ай дегенің,
Жоғары тұрған бір айна.
Айна қайдан тең болсын?
Көсемге біткен шырайға!
Туған айдай дер едім,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Жанған күндей дер едім,
Күндіз бар да, түнде жоқ! – деп әлемнің төрт бұрышынан, аспан мен жерден Сталинге, оның «данышпан» ақылына, әділдігіне тең келерлік ештеңе таба алмай, алысқа шауып, көмбеге жақындаған бәйге атындай танаурап, қара терге түскен жүйріктей зарығып, 90-дағы Жамбылдан 11-12 жасар бала біздерге дейін «теңеу таба алмай» шалдығып жүрген шақ. Сайлау уақыты да жақындап қалды, әрбір үгітшінің қарамағында 10 шақты үйден сайлаушыларымыз бар. Соларға сайлаудың ережесі мен депутаттардың өмірбаяндарын дауыстап оқып береміз. Үгітіміздің қаншалықты нәтиже бергенін білу үшін 1-2 күннен кейін әрбір сайлаушылардан пысықтап қайта сұраймыз. Ол кезде біз Қостанай облысына қараймыз (айта кететін бір жайт, Торғай ауданы 1936 жылға дейін Ақтөбе облысына бағынышты болып келді, ал 1937 жылдан бастап Торғай ауданын Қостанай облысына қаратты). Облыс бойынша Одақ және Ұлттар Кеңесіне Қостанай облысынан 2 депутат түсті. Оның бірі – сол кездегі Қостанай облысының бірінші хатшысы Петр Григорьевич Богданов деген кісі, екіншісі – Хасен Қарасаев деген азамат. Жер-жерлерде олардың өмірбаяндары басылған, ерекше әсем жазылған плакаттар ілулі тұрады. Газеттерде оларды мақтаған: «Халықтың қалаулы ұлдарына бір кісідей дауыс берейік! Сайлауға бәрің де толық қатысыңыздар!» – деген ұрандар анадайдан көз тартады. Ақындар депутаттарды мақтап, өлең де жазып үлгерді, арада өткен 60 жыл аз ғұмыр емес, өмір ұмыттырып та тастапты.
Халықтың дені сауатсыз, оның сыртында ғұмырында орыстың фамилиясын естімеген қазаққа, әсіресе, Богдановтың аты мен әкесінің атын жаттау қияметтің үлкені. Байғұстардың тілі де келмейді, оған қарап жататын уақыт жоқ, сайлау күні жақындап қалды. Бізге, үгітшілерге тапсырма: қарамағымыздағы сайлаушыларға депутаттың өмірі мен сайлау ережесін толық үйретіп шығаруымыз керек. Богдановқа келгенде өте қиналатын адамның бірі – Қотыр есімді ағамыз. Өмірі ешқайда шықпаған, малдан басқа ештеңе көрмеген, түрі ажарсыз, бетін қорасан дағы басқан, бұжыр, тапалтақ кісі еді. Осындай белгілеріне қарап жеңгелері атын «Қотыр» деп атап кетіпті. Ал шын атын Отан соғысына қатынасып, 12 мүшесі аман елге келгеннен кейін ғана білдік, есімі Әбдірахман екен. Міне, ағамызға сайлау ережелерін, депутаттардың аты-жөнін көбірек түсіндіреміз. Ақыл-есі кемістеу адам біздің айтқанымызды ұға бермейді. Бір айтқаныңды табанда ұмытып қала береді. Әсіресе, Богдановтың аты мен әкесінің атын атау бір қиямет-қайым.
– Қотыр аға, депутат Богдановтың аты мен әкесінің аты кім? – деп сұраймыз. «Ұмытып қалдым» деп басын шайқайды. «Жазған құлда жазық жоқ», Богдановтың аты мен әкесінің атын қайта-қайта айтып түсіндіреміз, «уһ» деп демімізді алып, ағамыздан қайта сұраймыз.
– Ал, аға, енді айта ғой, есіңе түсті ме? – деп сұраймыз. Ағамыз көп ойланады, ақырында үлкен бір жүктен құтылғандай, кеудесін кере дем алып:
– Иә, білдім, ол кісінің аты Петр күлдір көмеш қой, – дейді. Қотырдың сөзіне күлейін десең, үкіметтен қорқасың, күлмейін десең, ол байғұстың тілі келмейді. Депутаттың атын мазақ қылдың деп біреу-міреу НКВД-ға жеткізсе, келесі күні иманыңды айта бер. Сен жассың ба, кәрісің бе, НКВД жендеттері алады да кетеді. Жан, шіркін, тәтті! Ол кезде депутаттардың, «Ұлы көсем» Сталиннің суреті бар газеттерді жыртуға, оқушыларға кітап қылып қаптауға да қатаң тыйым салынған уақыт. Көрші колхоздан қартаң, бір момын шаруа адам Сталиннің суреті басылған газетті байқамай басып кетеді.
– Сен ұлы көсеміміз Сталинді аяғыңа бастың, – деп келесі күні әлгі бейшараны НКВД баскесерлері алып кетіпті, содан із-түзсіз жоқ. Бір ауылда шалдыр-шатпақ 1-2 ауыз өлең шығаратын «ақынсымақ» жігіт болады. Соның бір қылжақбас құрдасы жаңағы ақын досына:
– Сен ақынсың, Үкіметті, Сталинді мақтап 1-2 ауыз өлең шығаршы, – дейді. Ештеңеден хабары жоқ, жаңағы аңқау ақын өлеңнің ұйқасқан, ұйқаспағанына қарамай, әуелі Николай патшаны жамандап, артынан Кеңес үкіметін мақтайды ғой. Сондағы өлеңі мынау болса керек:
Атаңа нәлет, Николай,
Қант пен шайды ішкізді.
Етіме көйлек кигізді,
Айналайын, Советім,
Арқамды битке жегізді,
Көрмегенді көргізді… – деп тақпақтай жөнеліпті. Арада бір күн өткенде ауылдың милициясы «үкіметтің жауы» деп ауданға түрмеге апарып тастапты. Содан хабарсыз ол да кетіпті. Не деген қатігездік, не деген қиямет заман! Осыларды естігенде бала жүрек қан жылап, бір алапат қорқыныштың айдаһардай аузын ашып, жақындап келе жатқанын сезгендей болатынсың. Сонымен, не керек, көптен күткен сайлау да өтті. Сайлау өтіп болмай жатып қырағы нарком Ежов бастаған НКВД жендеттері халықтың қалаулы ұлдары деп күні кеше ғана дауыс берген депутаттар: П.Г.Богдановты, Х.Қарасаевтарды бір күнде «ойбай, олар халық жаулары, Жапонияның шпиондары» екен деп ұстап та үлгерді. Азғантай уақыттың ішінде дүние астан-кестен бір заман болды. Әкені баладан, баланы әкеден бездірді. Ол кездерде бүкіл аудан көлемінде не болып жатқанын білуге менің, жас баланың өресі жетпеді. Тек қана 30-40 үйлі «Қарабидайық» деп аталатын шағын колхоздан 1-2 айдың ішінде Нұрманның Айсасын, Өмірбектің Бәйтенін, Иманқұлдың Есенейін, Міржақыптың Нұрбайын, Түсіпназарды, т.б көптеген елдің маңдайына біткен арыстарын ұстап әкетті.
Әсіресе, бүкіл Торғай еліне мәлім белгілі су маманы, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары болыстық ревкомның төрағасы, аудандық әскери комиссар болған, ағыны асау Қабырға өзенін қолмен бөгеттірген, сол бөгетті салушы әрі ұйымдастырушысы, ел ардақтысы, халқының сүйіктісіне айналған Нұрманов Айсаның жөні ерекше болатын. Айса туралы, оның халқына сіңірген еңбегі жайлы бір әңгіме есіме түседі.
Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде облыстан 500 шақырым алыста, бір қиян түкпірде жатқан Торғай ауданын Дәбен Бөкешов деген кісі басқарды. Ол кісінің 4 жылға созылған соғыста аш-жалаңаш, егін салмайтын, тек малмен айналысатын Торғай халқын қалай аман сақтап қалғаны жайлы жылы лебіздер осы күнге дейін халық арасында сақталып келеді. Соның бірі – «халық жауы» Айса Нұрманов жайлы. Бірде ауылды аралап жүріп Бөкешов «Албарбөгет» бөгетіне соғады. Ағыны күшті өзенді қақ бөліп, табиғаттың осыншама дүлей күшіне қарсы тұрған қандай нәрсе екен (ол кездерде техника жоқ, бөгет ат-арбамен құм тасып бөгелген) деп бөгеттің үстінде ойға шомып тұрады да, бір кездерде жанындағы бірге еріп жүрген ауылдық Кеңес төрағасы Досымов Кенжеғара деген кісіден:
– Бұл бөгетті кім салдырды? Қазір ол адам бар ма?– деп сұрайды. Сонда жаңағы Кенжеғара деген кісі:
– Дәбе, бұл бөгетті салдырған кісі қазір жоқ, ол кісіні «халық жауы» деп ұстап әкеткен, – дейді. Манадан бөгеттің құрылысына көңілі толып, ашық-жарқын тұрған Бөкешов:
– Мынадай бөгетті салдырған адамды «халық жауы» деген адамның өзі халық жауы ғой, – дейді. Бұл 1944 жылдың мамыр айы болса керек. Ол кезде басын бәйгеге тігіп, үкіметке қарсы мұндай батыл сөздер айту екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екені белгілі.
Міне, біздің бір түкпірде жатқан Торғай еліне 1937-1938 жылдардың нәубеті осылай келді. Сталин мен оның қолшоқпарлары – қолдан жасалған ажал машинасы жазықсыз адамдарды, халықтың маңдайына біткен арыстарымыздың өмірлерін осылай тәрк етті. Тағдырдың тәлкегіне түскендер Ежов пен Берияның ар-ұяттан безген қаныпезер жендеттеріне лағынет айтып, аңырап ана, тірідей қара жамылып жар, ботадай боздап бала қалды…».
Қорған Әмірхамзаұлының «Елдің Қорғаны» кітабынан

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысындағы Ресеймен шектесетін аумақтарда шегіртке үйіріне мониторинг күшейтіледі

Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі орталық жедел штаб отырысында ...