Қаңтарда қарсы желге ұшқан — дауылпаз ақын Нұржан Наушабаев 1856 жылы бұрынғы Николаевск уезі (қазіргі Қостанай) ауданында туған. Руы — ұзынқыпшақтың ішінде құттық. Жасында мұсылманша оқып білім алған, кейіннен Троицкідегі медресені бітіріп шыққан, орысша-қазақша сауатты болған. Нұржан әнші, ақын, күйші, сері, палуан, яғни бір басына жетерлік «сегіз қырлы» өнері болған көрінеді.
Нұржанның басындағы осыншама өнерді ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ерекше бағалап, жан аямас дос болған. Бір жылы Ыбырай өзінің құдасы Қауменге барғанда қасына көп адам ертпей, тек Нұржан екеуі барған ғой. Қаумен атағы, дәрежесі, байлығы, адамшылығы бір басына жетерлік құдасы Ыбырайдың құдалыққа тек жалғыз Нұржанды әкелгеніне реніш білдіреді, бұл Ыбырайдың мені менсінбегені ғой — деп ойлайды.
Ыбырай:
— Құда, көп адаммен келмеді деп ренжіме!? Мен Нұржанның бір басындағы ақындығын, шешендігін, серілігін, тапқырлығын бағалап Нұржанды үш кісінің орнына бағалап алып келдім — депті.
Нұржан өлеңді термелеп, шығыс үлгісімен айтатын болған, оның «Манзумат қазақия» деген өлеңмен жазған шежіресі 1903 жылы, ал Сапарғалимен жұмбақ айтысы 1908 жылы Қазан қаласында басылып шыққан.
Нұржан көбінесе тақпақ, ғақлия, нақыл өсиет есебінде өлең шығарған. Нұржан дүние, замана туралы толғау термесінде:
Неше фасыл, неше бап,
Біздің сөздің бұтақтан,
Кетеді ұзап тарауы,
Жүйріктер мінген озбай ма,
Күйіне келсе жарауы,
Ақиық бүркіт мұзбалақ,
Қаңтарда қарсы желге ұшар,
Қабақтан түспей қырауы — деп жастарды келешекке, ерлікке, адамшылыққа үгіттейді.
Нұржанның ірі төкпе ақын екенін, Нұржан өлеңдерінің нәрлі де, тұнық екенін «Торғайдың Топжарғаны» атақты Нұрхан ақын былай бағалаған ғой:
Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен,
Селдетіп ән тұқымын сол еді сепкен.
Тобылдан төңкерілген бір зор айқай
Сібір мен Сыр суына балын төккен — деп бекер айтпаса керек.
Мақала әкем Қорған Әмірхамзаұлының «Қара Қыпшақ Қобыланды ұрпақтары» атты кітабынан алынды, 76-77 беттер.
ІлмектерНұржан Наушабайұлы Троицк
Мынаны да қараңыз
Дің немесе үйтас туралы
Жалпы, дің туралы айтқанда есімізге «Екідің» еске түседі. Екідің – VIII-IХ ғасырлардан сақталған сәулет өнері ...
Спандияр Көбеев «Орындалған арман» кітабында Нұржанды былайша суреттейді:«Бірақ жиын екі адамның аузына қарап отырған сияқты. Мұның бірі – орысша киінген, ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы адам. Бұл Ыбырай Алтынсарин екен. Екіншісі – дембелшелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақалды,басына тақия, үстіне мақпал бешпет киген адам. Бұл Нұржан Наушабаев екен.
Ал мына сурет ойдан шығарылған, Нұржанға еш ұқсастығы жоқ. Нұржан кезінде Алтынсаоринның қасында көп жүрген.Бәлкім. Троицк немесе басқа бір жерде түскен суреті келешекте табылып қалуы мүмкін.
Бұл суретті Қостанайдағы бір орыс суретшісіне салдырған екен.Ол Аманкелді батырды салған Әбілхан Қастеев секілді щаруа жасамаған,ешқандай зерттеу жүргізбеген, туыстарымен де сөйлеспеген,өз қиялымен сала салған. Мұндай суретті көпке Нұржанның портреті деп ұсыну тарихқа қиянат болады.
Менде Құттық руынанмын