Қостанайда қазақ өнері қансырап тұр!

Сероус

Тақырыпты бұлайша төтеннен қойсақ, ол бәле іздегендіктен емес. «Ауруын жасырған өледі» деген ғой, айтпасқа амал жоқ. Қостанай облысында соңғы жылдары қазақтың ұлттық өнері, мәдениеті  үнемі шетқақпай көріп келеді.  Сөзіміз дәйексіз болмас үшін неліктен бұлай дегенімізді тарқатып көрейік.

Теріскей шекараға таяу, халқының дені өзге тілде сөйлейтін, көп ұлысты облыста соңғы он жылдан бері ұлттық өнерді дәріптейтін республикалық, халықаралық деңгейдегі бірде бір іс-шара өткен емес. Өзге облыстарда күй жарысы, дәстүрлі ән байқауы, термешілер сайысы, тағы да басқа ұлттық сипаттағы тағылымды істердің ұйымдастырылып жатқанын жиі көреміз. Еске алсақ, әкімдік атсалысқан республикалық айтыс 2006 жылы өткен екен. Ол айтыс облыстың ашылғанына 70 жыл толғанына арналды. Ол кезде облыс басшысы С.Кулагин, Мәдениет басқармасының басшысы С.Бурбаева болатын (атасы Бөрібай ма, болмаса Борбай ма, анығын білмеген соң құжаттағыдай Бурбаева деп жазуға тура келді). Кулагин туралы айтпай-ақ та қоялық, тегіне тіліміз бұралған Бурбаева ханымның қазақшасы шамалы еді. Содан да болар, «той сылтауымен тоным бітті» қылып бір айтыс жасағанын місе тұтты ма, қайтып қазақ өнеріне бүйрегі бұрмады…

Хош, мәдениетті мандытпаған Бурбаева Білім саласына басшы болып кетті де, орнына Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары Марионелла Слесарь жайғасты. Қайран қазақтың ұлттық өнері Слесарьға мүлдем қажет болмаған сияқты, өйткені, есте қалар бір ісі жоқ. Есесіне, Халықаралық байқаудан бірнеше рет лауреат атанып оралған «Ақжелең» ұлт-аспаптары ансамбліне «қашанғы лауреат бола бересіңдер, неге орын алмайсыңдар!?» деп «ренжіген» сөзі қалды аңызға айналып. Шамасы, «лауреат» жеңімпаздарға берілетін мәртебе екенін Мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы парықтамаған тәрізді. Ал «Ақжелеңнің» талай жарыста топ жарғанынан көзіқарақты оқырман хабардар.

Кулагин Сенатқа «секіріп», орнын Сәдуақасов басқанда, мәдениетке Лариса Сероус есімді сұлу басшы келді. Сераус пен Нұралы әулиекөлдік, әуелден таныс жандар екені ешкімге жасырын емес-тін. Жалпы, облыс әкімі ауысса, мәдениет саласына келбетті келіншектердің «ере келуі» Қостанай өңірі үшін «бұлжымас дәстүр» ретінде қабылданатын тәрізді. Сол үшін де Нұралы «тақтан тайғанда» Сероус ханым да «ұшады» дескен еді көпшілік. Өйткені, Сероустың «қожанасырлығы» мен «жершілдігі» Слесарьдан да асып түсіп, мәдениет саласы қызметкерлерін мезі еткен болатын. Бірақ соңына сөз ерген Сероус ханым сол орнынан былқ етпеді.

Туған әкесі қарамағында жұмыс істейтін Сероустың заңды қаншалықты білетінін қайдам, алайда, қазақтың тұлғалары жайлы «түртпейтіні» рас. Арқалық қаласына барған сапарында  Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мұражайда қайраткердің бюстін көрсетіп: «бұл кім?» – деп сұраған адамнан не үміт, не қайыр?! Жәнібековтей ұлт жанашырын, кеше ғана өткен тұлғаны білмеген адам, арғы тарихыңды, өнеріңді қайтеді!? Сондай адам басшы болған аймақта қазақ мәдениеті қайдан дамиды?! Тіпті, Жәнібековті танымағанының өзі оның Мәдениет басқармасын басқаруға лайық еместігін дәлелдейтін нақты факты ғой!

Облыстағы мәдениет саласының деңгейін анықтайтын бірден бір шара – көркемөнерпаздар байқауы. Бұл сайыста әр аудан барын көрсетіп, жанын салып бағады. Әйтсе де, осы байқаудың әділ өтпейтіндігі өнерпаздарды әбден түңілдіріп бітті. Мысалы, Слесарь басшы болған жылдары Ұзынкөл ауданы «шаппай бәйге» алды. Ал Сероус келгелі Әулиекөл ауданының «бағы жанып» тұр. Белден басқан басшының арқасында аталған аудан бір жылы Бас жүлде алса, бір жылы І-орын алатын «ақжолтайға» айналды. Шын мәнінде бұл аудандарды бәлен орайтын мықты өнерпаздар құрамы жетеді аймақта. Атап айтсақ, Денисов, Меңдіқара, Алтынсарин аудандарында қазір қазақ өнері өркендеп келеді. Ол жерлердегі өнерпаздардың ізденісі Сероустың әкесі басқарған Әулиекөл ауданынан әлденеше есе артық десек, ол асыра айтқанға жатпас.

Содан соң, сайыс жүлдесі тек жеңімпаз командаға ғана беріледі. Ардагерлерді ардақтау, аталымдар бойынша үздіктерді анықтау, жеке орындаушыларға құрмет көрсету, оларды республикалық деңгейде өтетін байқауларға жіберу – Қостанайдың «қиялына кірмейтін» дүние. Байқауға өз күшімен барып, жүлдемен келіп жатқандардың да еленгені, құрметке бөленгені сирек.  Сондай-ақ көркемөнерпаздар байқауының қазылары да өзгеруі қажет. Өйткені, іс-шараны майшелпекке айналдырған бір топ бар. Бар шешім сол топтың «көңіл-күйіне» қарай «қабылданады». Ө.Шүкеевтің кезінде өмірге келген Меценаттар клубының сыйлығы да «бармақ басты, көз қыстымен» берілетін болғалы қашан. Ереже, талаптарын сақтап отырған ешкім жоқ. Бұл былыққа Мәдениет басқармасы көз жұма қарап, тыйым салған емес.

Мадениет

Сероустың тағы бір сорақысы, қазақ өнерінің жалғыз жоқтаушысы –Халық шығармашылығы орталығын қуғындауы. Орталықтың ғимаратын тартып алып, орыс қуыршақ театрына берді. Ол ұжым бұған дейін облыстық орыс драма театрының құрамында болатын. Ал ол ұжымның ғимараты ешкімнен кем емес, тап орталықта, күрделі жөндеуден өткен. Қостанайда қуыршақ театрына деген соншалықты сұраныс жоқ. Қазақ драма театры жанындағы жастар ұжымы балаларға арналған шығармаларды онсыз да екі тілде қояды. Ал жеке бөлініп шыққан қуыршақ театры қазақ тілінде мүлдем «қақпайды». Өзінің жеке ғимаратынан айырылған Халық шығармашылығы орталығы көрінген жерге «бас сауғалап», ғимарат жалдап жүр. «Қуыршақшыл» басшы былтыр күзде Халықаралық «Қуыршақтар театрын» өткізді. Оған 7-8 елден қатысушылар келді, қазылар бірнеше мемлекеттен шақырылды.

Сонда Қостанайда қуыршақтан өзге мәселе жоқ па?! Бұл туралы Халық шығармашылығы орталығы ұжымы облыс әкімдігіне шағымданғанымен, басшылық былқ етпеді. Сероустың «сауытының мықтылығынан» болар, сын өтпеді.

Қуыршаққа келгенде қолы ашық Лариса Сероус ханымның қазақ өнері десе жиырыла қалатыны қызық. Мысалы, облыста өтетін дәстүрлі «Жас тұлпар» оқушылар айтысына небәрі 150 мың теңге қаражат бөлінеді екен. Ал балаларға арналған «Алтын микрофон» Халықаралық ән байқауына 5 млн 910 мың теңге қарастырылған. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында сынға қалған облыстық жыр-термешілер байқауына Мәдениет басқармасынан көк тиын берілмесе, облыстық деген атаумен халықаралық деңгейде өткен «Қостанай аккорды» іс-шарасына қанша миллион қаражат бөлінгенін айта алмаймыз. Белгілісі, бұл думанға сол кездегі облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың өзі қатысып, ресейлік Митеев деген бард-жұлдызы шақырылды. «Мың теңге бермесең мысық та бетін көрсетпейтін» заманда Митеевтің тегін келмеген анық.  Ал Сәдуақасовтың облыстың мақтаны, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері, жасы 90-ға тақаған Қасымхан Алдабергенов ақсақал бастап, соңы мектеп оқушыларына дейін қатысқан жыршы-термешілер фестиваліне әкімдіктің ең төменгі маманын да жібермегенін елдің бәрі біледі. Міне, біздегі ұлт мәдениетіне деген көзқарас!

«Кінә ұйымдастырушы тараптан емес пе, бәлкім, қазақ өнерін жоқтайтын адам жоқ шығар?» деген ой да келуі мүмкін оқырман қауымға. Олай емес, ұлт өнеріне жанашыр азаматтар баршылық. Тек қолдау жоқ. Қостанайға Тәуелсіздік алған жылдары келіп, домбыра үнін жаңғыртқан – «Абай Әмірхамзин атындағы республикалық домбырашылар байқауын ұйымдастырамыз» деген ынталы топтың да Мәдениет басқармасы тарапынан маңдайы тасқа тиіп, тауы шағылған…

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған лайықты іс-шара өтпегеніне намыстанған жергілікті азаматтар ұйымдастырған Халықаралық айтысқа басқармадағылар тек «тыңшы» ретінде қатысты. Бұл сөз додасында Ыбырай, Шоқан, Ахмет, Міржақып, Бейімбет сынды ұлылар туған өлкеде мәдениеттің «шығармашылық кештің артынан шыға алмай тұрған» шындығы армансыз айтылды. Ақындардың ащы сықағы  Архимед мырзаның құлағына жетпеген болуы керек, Сероус ханым тағы да селт етпеді.

Мемлекет құраушы ұлттың өнерін алалап, бүйрегі бұрмайтын Лариса басшы өзіне келгенде «өгіз қара күші бар», бауырмал жан. Мысалы, өткен жылға дейін әкесі Александр Гартель Әуликөл аудандық Мәдениет үйінде директор болып істеді. Қазір зейнетте. Анасы Лидия Николаевна сол ұжымда  кадр бөлімінің басшысы, «қалған қызметкерлері ішінде құда-құдағи, ілік-жекжаты жетіп артылады» дейді білетіндер. Сөздің қысқасы, қазіргі Мәдениет басқармасының басшысы кадр таңдауда сұңғылалық көрсете алмады. Есесіне, қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытып, көзге түсіп жүргендерді елемей қоюға келгенде «аса дарынды» екенін талай рет дәлелдеді.

Айта берсе, арыз таусылмайды. Қостанайда тек басшылықтың қасақана назар аудармауы салдарынан қазақ өнері қансырап тұр. Әйтпесе, өңірде дарынды өнерпаздар жетерлік. Ұлт руханиятының ақсап жатқанын көріп, басқармадағыларды жөнге салатын облыста басшы да болған жоқ. Әкімді айтпағанда, әлеуметтік сала орынбасарлығына қазақша толық тіл білетін жібі түзу жан келген емес соңғы мүшел уақытта. Бұған дейін орынбасар болған С.Бектұрғанов «сәлеметсізбеден» артық жарытып айта алмаса, қазіргісі – М.Жүндібаевтың одан асып кетер жері шамалы. Тек қана мәдениет емес-ау, білім саласында да солай. Білім басқармасын басқарған Ә.Турткараеваның ана тілінде тұтықпай төрт сөз айта алатынына да көпшіліктің күмәні бар. Бұл – алаңдатарлық жағдай, азаттықпен бірге филармонияда ұлт аспаптары ансамблі жасақталып, 2000 жылдары қазақ театры ашылып, Шүкеев басқарған уақытта «тілі сына» бастаған Қостанай қайтадан «баяғы әніне басып» барады. Қазақ өнері көпе-көрінеу таяқ жеп жатыр.

Бұл жайды жазуға себеп, кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндама жасаған Архимед Мұхамбетовтың «қаржы үнемдеуді мәдениеттен бастаймыз» деген бір сөзі. Қала әкімінің орынбасары тапа-тал түсте 13 млн теңгені қолтығына қысып кете беретін Қостанайда қазақ даласында ең алғаш ашылған мектептің 150 жылдығы жетім қыздың тойындай болып еді. Биылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы да соның кебін кимесе екен. Архимед мырза өзі айтқандай «200 киіз үй тігіп, той жасамай-ақ қойсын», орыс тілді іс-шара мен қазақ тілді мерекеге бөлінер қаражатты теңестіріп, бетімен кеткен Сероусты жүгендеп, мәдениет пен білім саласына жөн білетін, ұлттың жайын ұғатын тұлғаны басшы қылып тағайындайды, «мақтаншақ, бекер мал шашпақ» іс-шара «Алтын микрофонды» шектейді, болмаса сонша көлемдегі қаржыны халық шығармашылығының бір реткі өткізілетін думанына бөледі» деген үмітіміз бар. Өйтпесе, алатын «алғысы», өзі айтқандай, «әлі күнге сыйласы, экс-әріптесінен» кем болмасы анық…

«Садвакасовқа» қарағанда, Архимед мырза қазақшаны ұға алады ғой. Мәдениет саласы мамандарының жанайқайын жерде қалдырмайды деген сенімдеміз!

Құрметпен, бір топ өнер жанашыры

Қостанай қаласы

 

Фото kagro.kz алынды

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты (ВИДЕО)

Қостанай қаласының іргесіндегі Мичурин ауылындағы аралас мектепте қазақ тіліне қарсы арандатушылар шықты. Олар бір топ ...

17 пікір

  1. Нағашыбай

    Мынауың сұмдық екен… Айтарға сөзім жоқ! Мұндай адам қалай мәдениет саласын басқарып отыр?! Құрту керек қой!

  2. Айдарбек

    Құс фабрикасына!!!

    • Еркегүл

      Дұрыс айтылған облыс әкімі бас көтеріп қозалмаса басқа кім көтерет бірақ мына жазылғанға қарасақ облыс әкімі соқыр емес шығар сероус ханымға әліге дейін басқартып отырғанына қарағанда облыс әкімнің өзніңде қазақ өнеріне жаны ашып тұрғаны шамалы көрінеді.қаншама қазағым деп жүрген өнерге жаны ашитын мықты азаматтар бар сол кісілердің біреуін Сероус ханымның орнына қойса қазақ өнері қансырамайтын еді.

    • Еркегүл

      Әрине облыс әкімі бас көтеріп қозалмаса басқа кім көтерет бірақ мына жазылғанға қарасақ облыс әкімі соқыр емес шығар сероус ханымға әліге дейін басқартып отырғанына қарағанда облыс әкімнің өзніңде қазақ өнеріне жаны ашып тұрғаны шамалы көрінеді.қаншама қазағым деп жүрген өнерге жаны ашитын мықты азаматтар бар сол кісілердің біреуін Сероус ханымның орнына қойса қазақ өнері қансырамайтын еді.

  3. «Кешегі Бейбарыстың ұрпақтарын, Сероусқа басқартып қоймаңыздар!». Дидар Қамиевтің Қостанайда өткен айтыста айтқаны (примерно осылай).

  4. Ащы шындык,кунде корiп сезiнiп журген тiрлiк.

  5. Салима апай

    Айтылган ангименин акикаты шындык! осыдан кейн онир басшыларынын ойлануы керек кой. Мадениет пен онерди корламауды тусину басты парыз деп ойлаймын!

  6. Нұрбол

    Мықты жазылған!

  7. Еркегүл

    Керемет жазылған.

  8. филармония

    жазылғаны, жазылғаны-ау! Нәтижесі көрінбейді?! мың адамның оқығанынан не пайда, мың бірінші адамға жетпей жатса?

  9. Мың бірінші адам дегенің кім сонда?

  10. филармония

    Мың бірінші адам дегенің облыс әкімі. Өзі басқарып отырған аймақтағы ахуалды түзету, басшыларды жөнге салу соның қолынан келеді. Халықпен есептессе, оны тез арада істеуі керек

  11. Торғайқызы

    Қостанайда қазақ өнері қансырап тұр ма әлде қаңсырап тұр ма?

  12. Торгайкызына!

    Торгайкызы, кансырап тур. Тубiрi — КАН.

  13. Дала баласы

    Айтқандай Сероус ханым қазір орнынан түсіп, облыстық мәдениет саласын басқа басшы басқарады, Лариса филармонияны басқаруға жіберілген еді!

  14. Ертуған

    Автордың айтып отырғаны ащы шындық ,жан айқайы,елдің басшылығына қазаққа жаны ашыйтын адам келмесе бұндай мәселелер ешқашан шешімін таппақ емес.Қостанай қаласында қазақ саны 50 пайыздан енді ғана асып отыр,сондықтан демографиялық жағдайды дұрысталуы үшін,Қостанайға ауылда отыра бермей көптеп қоныстануымыз керек. ҚАЗАҚТЫҢ санын солтүстік өңірлерде көбейту жөнінде үкіметтің арнайы бағдарламарыда бар.ҚАЗАҚТЫҢ жағдайы,шаруасы ҚАЗАҚҚА ғана керек.Кеше ғана президент урбанизацияландыру жөнінде тағыда айтып өтті,яғни халық қалаларға ,қалалардың төңірегіне топтасуымыз туралы.9 мамырда солтүстіктегі қалаларда ресейдің жалауларымен георгий лентасы қаптап кететіні,екінші дүние жүзілік соғыста шейт болған аруақтардың портретін ұстап көшеге шығу жағдайлары «орыс әлемі» саясаткерлерінің құйтырқы әрекеттері екені бесенеден белгілі жайт, бірақ құйтырқы әрекеттердің астарында нендей мақсат бар екенін біздің халық әлі түсінбей жатыр және соны қолдайтындарда жеткілікті. Жангелдин ауданының Қызбел ауылында ленин ескерткіші әлі тұр қолын созып ,аудан шекарасын көрсететін белгіде Жангелдинский емес, Д жангелдинский район делінген,қалаларда орыс тілділер балаларын қазақ мектептеріне бері жатса ,Торғайда жылына жеті сегіз бала ғана бітіретін орыс мектебін әлі ұстап отыр, көшесінде ұрандарын орыс тілінде жазып қойған,міне таза қазақ ауданы,неизведанный Тургай дегендіде көзіміз шалған, көш жүре түзеледі деген жігіттер кейіннен Торгай деп түзетті ау әйтеуір,біз Қостанайдың жартысы орыс, жергілікті қазағы орыстанған «сқладсқой»деген сөзіне ренжиміз. Рас біз патшалық советтік Ресейдің колониясы болдық,ол жөнінде кешегі сөзінде Президентте айтып өтті, біз қазір тәуелсіз елміз,құдайға шүкір тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толғалы отыр,біз ҚАЗАҚТАР мемлекет құраушы халықпыз, елімізде ҚАЗАҚ саны 70 пайызға жетті,ата бабаларымыз мұраға қалдырып кеткен өз жерімізде, өз елімізде отырмыз,колониялдық құлдық сана сезімнен, ақыл ойдан арылып, ұлттық сана сезімізді оятуымыз керек.Ұлы жерлесіміз Міржақып Оян Қазақ деп текке айтпаған.Тілімізді,дінімізді,ділімізді, мәдениетімізді,салт дәстүрімізді сақтау тек өз қолымызда.

  15. Сайттағы ең өткір мәселе осы екен. Әйтпесе аннан-мыннан көшіріп толтырып келесіздер ғой)

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *