Мемлекет басшысы озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорынға оң баға берді, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Бұдан соң зауытта еңбек ететін отандық жас инженерлермен әңгімелесті.
– Бүгінде біз жұмысшы мамандарды қолдап жатырмыз. Ол жөнінде Жолдауымда да айттым. Келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладық. Еңбек – қашан да құнды. Бұл жерде кіл жастар жұмыс істейді екен. Біз ірі және шағын кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарды, әсіресе, жастарды міндетті түрде қолдаймыз. Елімізде еңбек өтілі 100, 200 жылды құрайтын, тіпті одан да асатын жұмысшылар әулеті бар. Сондықтан біз осындай отбасыларға, әулеттерге құрмет көрсетеміз. Сіздер секілді жастардың өмір жолы енді басталып жатыр. Еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге инвестиция тарту жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, индустриялық сектордағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, металлургия, машина жасау және логистика салаларындағы жаңа жобалар туралы баяндады.
Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жоспар іске асырылған кезде, жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсіп, жыл сайынғы бюджет түсімі 75 миллиард теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ орташа жалақы мөлшері 1,5 есе артып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Фото: Ақорда