«Нурикамал» әнінің шығу тарихы туралы

Біздің қоғам қызық қоғам, бүк не шік дейді, орысша айтқанда «золотая середина» дегенді қабылдай алмайды. Мысалы, қазір не көп, жеңіл, ойсыз қазақша кино көп, әрине, сынауға болады, бірақ, бастысы аталған фильмдер уақыт өте келе саннан сапаға өтеді деп санаймын!
Екінші, «Нурикамал» фильміне жаңағы тұрғыдан қараймын, бір жағынан кейбір адамдар бұл не, қалай біреудің күйеуі өзге қызға қарайды деген сарында біржақты ойлайды. Өнер жолы тым ауыр және өнер адамдарын түсіну қиын. Сол үшін де олар шығармашылық адамдары.
Ол кісімен жеке танысып, көзін көрген соң Торғай қызы туралы мына материалды ұсынамын, мақала осыдан бірнеше жыл бұрын жазылып еді!

Енді, «Нурикамал» әнінің шығу тарихы туралы!
Қаз қалпында!
Нурикамал әнің шығуы туралы Нурикамал Сейітжанова ханымның өз ауызынан естіген әңгіме!
«Нурикамал» әнін естігенде толқымайтын қазақ жоқ шығар, осындай әсем ән кімге арналған және қашан туды десек, оның тарихы тереңде екенін көзі қарақты жұртшылық хабардар деп ойлаймын. Дегенмен, ән кейіпкерінен естіген жайтты баяндай кетсем.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Рашила Мұрсалиева апамыздың мерейтойына арналған Атырау сапарында Нурикамал Сейітжановамен танысудың сәті түсіп еді, екі күн қатар жүріп апайымыздың ой-өрісіне, оқыған-тоқығанына таң қалдым.
Мерейтой аясындағы сазды-музыкалық кеш барысында «Нурикамал» әні шырқалып, Атырау жұрты Нурикамал апайымызға жолығып, алғыстарын білдіріп жатты.
Қасиетті Торғайдың текті қызы Нурикамал Жаңадала, Жарқайың деген Торғайдың Ақмола облысына өткен жерінде туған екен.
Замандастарымен қатар өмірдің барлық ыстық-суығын көрген, кезінде келімсектер қаптаған заманда тырысып-тырмысып жүріп, көштен қалмайды.
Арман қуып жоғары оқу орнын бітіреді, сол бала күнгі армандарының орындалғанына өзі де куә.
Кәсіби маман ретінде өзін жақсы қырынан көрсеткен ол кеңес шаруашылығындағы қарапайым жұмысшыдан бастап, мемлекеттік қызметшінің барлық сатыларынан өтеді.
Торғай облысының Мәдениет басқармасын, Қазақстан халқы Шағын ассамблеясының Атқарушы хатшылығын, Ақмола облысының Мәдениет басқармасын басқарады және басқа да қызметтер атқарады.
Қазақ Кеңестік Үкіметі заманында Алматыға шақырылып, Нурикамал Сейітжановаға Оңтүстік Қазақстан облысына басшылық қызмет ұсынылады. Арқаның ерке қызы ерік бермегенмен, бұйрық талқылауға жатпайды, қызмет атқаруға қазағы қалың Оңтүстіктен бірақ шығады.
Әрине, басында «орыстанып кеткен» Нурикамалды кейбір азаматтар қабылдай алмайды, алайда қазақ тіліне, мәдениетіне, дәстүріне жетік, ұлттық менталитеттен ажырамаған ол өзінің қаншалықты мықты маман екенін дәлелей алады.
Оңтүстік Қазақстан облысында өтіп жатқан сондай жақсы күндердің бірінде жергілікті азаматтар Қозықұйрық мерекесін ұйымдастрып, табиғат аясына шығады.
Небір әзілдер айтылып, өлеңдер оқылады, күй тартылып, ән шырқалады. Нурикамал отырыстың сәні болады. Шашы екі иығына түскен, қас біткеннің сұлуына талай жігіттер тамсана қарайды.
Нурикамалға бір жігіт қарсы отырып қалады. Бұл Тұрдықылыш Ізтаев ағамыз болатын, кеш біткенше одан көзін алмаған Тұрджықылыш ағамыз үйге келген соң әрі-сәрі күйге түседі.
Пианиноға келіп, ішінен бір әнді ыңылдатып, таңды таңға атырады.
Бұны бағанағы табиғат аясындағы мерекеде бірге болған Тұрдықылыш Ізтаевтың жары Ханбибі де естиді, күйеуінің әсемдікке, әдемілікке ғашық болғанын сезеді, тыйым салмай, керісінше махаббат әнінің пайда болуына өз үлесін қосады.
Таңғы бестер шамасында әлі пианино алдында отырған сазгер ағамызға ақын апамыз келіп, бағанадан айта алмай отырған әннің өлеңін шығарып әкеп береді. Осылайша, өлең жолдарында «Нұрикамал, Камалым-ай, Күндей ашық жанарың-ай, Қолым жетпей, сөзім де өтпей, Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай» деген атақты жолдары бар, қазақ әнінің ішіндегі мықты әннің бірі – Нурикамал дүниеге келеді.
Ендігі мәселе оны Нурикамалға айту және оған лайықты әншіні табу.
Ән туғанмен Нурикамал қалай қабылдайды деген қауіп болады, оның үстіне жоғары лауазымдағы кісі.
Сонымен, оның да жолы табылады.
Күндердің бірінде қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова Нурикамалға телефон шалады: «осылай да осылай мен Шымкент шаһарына келіп қалдым, бүгін жолығайық, бәлен мекенжайға кел» дейді.
Межелі жерге айтылған уақытта Нурикамал да келіп жетеді, сөйтсе бұл Тұрдықылыш Ізтаев пен Ханбибі Есқарақызының үйі екен. Жақсы отырыс болып, алғаш рет жаңа ән шырқалады.
Фариза апай: «Бұны Кенжеғалиға беріңдер. Соған лайық» дейді. Сонда дастархан басындағы бір кісі «Мыржықпаевтың үш баласы бар ғой» деген екен, осындай да күлкілі жағдай орын алыпты. Нурикамалды күйеуге беру деп түсініп қалған ғой. Ал, әңгіме жаңа ән туралы әрине.
Сонымен, кейін бұл әнді Кенжеғали Мыржықпай ағамыз айтып жүрді, одан соң Жұбаныш Жексенұлы бұл әннің сәнін тіпті аша түсті. Бірақ, Нурикамал апайдың айтуынша аталған әнді ең жақсы айтушы менің нағашым Қонысбай Әбілевтің інісі Серікбай ағамыз екен.
Қалай десек те ән лайықты, күшті ән, оның тууына себеп болған жандар да осал емес екені түсінікті.
Міне, менің Нурикамал Сейітжанова апайымызың өз аузынан естігенім осы еді.
Суретте Қонысбай Әбілев ағамыздың оң жағында, яғни ортада отырған Нурикамал Сейітжанова апайымыз!
Сондай-ақ төмендегі сілтеме бойынша Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы «Нурикамал» әнін тыңдауға болады!
https://www.youtube.com/watch?v=gBs8Woc4I-4
Фото: Атыраудағы тойда түсірілген еді!
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын Нурикамал апай!

 

Материал авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Көшбасшы: Қостанай облысында жол-көлік оқиғаларының саны 150 пайызға көбейген

Қостанай облысы Қазақстандағы жол-көлік оқиғалары (ЖКО) санының өсімі бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...